Әсет Бейсеуовті одаққа З.Нұрқаділов кіргізген еді

0
497

  Өткен 2018 жылда композитор Әсет Бейсеуовтің 80 жылдық тойын елеусіз ғана атап өтті. Әсет ағаның өмірі мен шығармашылығы толығымен зерттелмеген сияқты. Әркім Әсет аға туралы білгендерін, естеліктерін жазып, өзінің туған жері Ұзынағашта кездесулер, жарыстар өткізіпті. Жылдың соңында қазақ концерт залында шығармашылық концертін берді. Ағаш та, өсімдік те тамырынан өседі, тіптен үй екеш үй де ірге тасынан қаланады. Әсет Бейсеуовтің де өскен ортасы, балалық шағы, өмірі бар. Әсет ағамыздың туған жері, туыстары, балалары, достары бар емес пе? Солардан бастап қазақ теледидары неге бір хабар ұйымдастырмады? Неге көрермен халықтың есіне салмады? Қазіргі жастардан Әсет Бейсеуов кім, білесіңдер ме? — деп сұрасаң, білмейтіндерін айтады. Өйткені олар қаптап кеткен «саңырауқұлақтар» сияқты қазіргі әншілерді ғана біледі.
Талдықорған қаласындағы мұражайға Әсет Бейсеуовтен қалған әндермен ноталарды, өкіл баласы болған, фото-журналист Рахымбай Ханалының түсірген бір топ фото суреттерін, сазгер, «Бұлбұл» балалар ансамблінің жетекшісі, татар әншісі Ғалымжан Тамендаров Гиряевичтің мұрағатында сақталынған таспалар, кітаптар, пластинкалар, фотосуреттер, Орал өңіріне жол жүріп бара жатқандағы жазылған «Ағаларым» әнінің нотасы тағы басқа Әсеттен қалған заттарды тапсырмақшымыз. Сонымен қатар Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қанипа Бұғыбаеваның «Ән Әсет» өлеңін тақырыпқа ала отырып, баласы Талап Қараштың Қазақстан телерадио мұрағатынан жинаған деректі фильмді де апарып бермекші. Әсет Бейсеуов 1938 жылы 13 қазанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. Азан шақырылып қойған аты — Әлімқұл. Әсет өмірге келгенде әкесі Көпбай Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыстан қайтпай, қаралы қағаз келген соң, шешесі Рахима Павлодардағы төркініне кетеді. Әсетті әкесінің ағасы Қожамқұл алып қалады. Сөйтіп сол бір сұрапыл, зобалаң жылдарда Әсеттің әкесіз, анасыз өмірі басталады. Өмірінің қиын-қыстау кезін басынан өткерген Әсет кішкентайынан әнге құмар болады. Қарғалыдағы жеті жылдық мектептен соң 1951 жылы Алматыдағы №12 мектеп-интернатқа ауысады. Интернаттағы ұстазы, балалар композиторы Ибрагим Нүсіпбаевтың тәрбиесінде болады. Балалар хорына қатынасып, ән айтады. Өздігінен ән жаза бастайды. 9-шы сыныпта жүргенде «Алмалы Алматым» әні дүниеге келіпті. Осыдан кейін Әсет Көппайұлы бірінен кейін бірі ән шығара бастапты. 1956 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Текелідегі музыка мектебіне сабақ беруден бастайды. Жамбыл ауданында тұңғыш ашылған музыка мектебінің директорлығына бекітіліп, кейін мәдениет бөлімінің меңгерушісі болады. «Үңгір тас» мектеп интернатында ән-хор үйірмесін басқарады.
Әсет шәкірттерінің салған әндері теледидардан түспейтін. Оның музыкалық шығармасы әртүрлі тақырыпты қамтыды. Ел арасында көп тараған «Алтыным», «Гүлдер», «Ақ гүлім», «Сырласу вальсі», «Шақырады көктем», әндері махаббат жайлы болса, жастарды туған жерін, өз Отанын сүюге баулитын «Қызыл сұңқарлар», «Солдат сағынышы», «Соғыстың соңғы әні», «Қазақстан Гүлстан» «Қарғалым», «Аралым ожданым», «Ғарышқа ұшты қазағым» әндерін Қазақстанның халық әртістері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағлановалар орындап бастап, қазіргі жас әншілер де шырқайды. Балаларға арнап «Томпағым», «Күшігім», «Ақ мамам» сияқты әндері бар. 1971 жылы «Гүлдер» ән жинағы үшін мемлекеттік сыйлық иесі атанды. Атақты «Гүлдер» ансамбілінің аты да осы «Гүлдер» әнімен аталған. Жамбыл ауданының «Құлан саз» ансамбілінің көркемдік жетекшісі болып, оны республикаға танымал етті. Қарағанды облысындағы Шет ауданына қарасты «Ақсу Аюлы», Ақтоғай ауданындағы «Тоқырауын толқыны» ансамбілдеріне жетекшілік жасады. 1993 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алды. Балаларға арналған мультфильмдерге арнап ән жазды. Операға дейін құлаш сермеді. «Батыр Бауыржан» атты операсы күні бүгінге дейін жарыққа шықпай жатыр.
Кинофильмдер мен драмалық шығармаларға дейін музыка жазды. М.Әуезов атындағы драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған, С.Шаймерденовтың «Дөкей келе жатыр», Ә.Тарази мен Қ.Ысқақовтың «Апа, апатай», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Ш.Құмарованың «Кімнің тойы», А.Шамкеновтің «Сен жалғыз емессің» спектакілдеріне жазған музыкасы көрерменнің көңілінен шыққан. Қазақ эстрадасының ән жанрын қалыптастырған. Өмірінің соңына дейін ақын Серік Тұрғынбеков пен Заманбек Нұрқаділовтың отбасымен жақсы араласты. Заманбек ағамыздың Әсетке қалай Композиторлар одағының мүшесі атағын алып берген естелігі бар. Мүшелікті алу үшін жоғары музыкалық білім болу керек екен. Ондай білім Әсетте жоқ. Жеке концертін беру үшін, жарнамасына, «Композиторлар одағының мүшесі деп жазайын десем, мүше емеспін» деген Әсеттің сөзі жанына батқан Зәкең құжаттардың барлығын толтырып, сол кездегі Композиторлар одағының төрағасы Базарбай Жұманиязовты кабинетке мөрімен шақырып алып, дайын бұйрыққа мөр басып, құжатты даярлап береді. Сөйтіп Әсеттің кешінде шешімді Базарбай Жұманиязовтың өзі оқып береді. «Бүгіннен бастап Әсет — Қазақстан композиторлар одағының мүшесі» деп жариялайды. Мен бюрократтық заңдылықтарды бұзып, бар болғаны Шәмші мен Әсетке өздеріне тиісті құжаттарын алуға көмектестім» деп ағынан жарылады Зәкең. Әсет аға Зәмзәгүл тәте қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай 1996 жылы бұл пәниден өтті. Гоголь көшесіндегі тұрған үйіне тақта қойылды. 1999 жылы Қарғалыдағы №3 мектепке Әсет Бейсеуовтің атын беріп, мектеп ішінен музей ашылды. Бұл шараларға әнші Нұрғали Нүсіпжанов пен Әсет ағаның баласы Данияр көмек жасайды. Заманбек Нұрқаділов пен Нұрғали Нүсіпжановтың жинақтауымен «Әсеттің 500 әні» атты ән жинағы жарық көрді. Әсет Бейсеуовтің қасында жүріп, бірге бір пәтерде тұрған, өкіл баласы саналған Рахымбай Ханалының қырық шақты фотосуреті «Фотоөнер» қоғамдық бірлестіктің төрағасы журналист Асылхан Әбдірайымовтың қолдауымен мұражайға тапсырылмақ.

Дайындаған Априза Айтбаева,
ҚР журналистер Одағының мүшесі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.