Еліміздің экспорттық өңдеу секторының үлесін арттыру қажет

0
445

«Халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет.   

Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды» 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

 

Елбасы Нрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін арттыру бойынша міндеттерін орындау және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел өңірлерінде жұмыс сапарлары кезінде экономиканы әртараптандыру бойынша берілген тапсырмаларын іске асыру аясында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселелері Үкіметте де пысықталған болатын.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр: «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында бизнестің жобасын қаржыландыру 2025-ші жылға қарай 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке 1,1 трлн теңге салық түсімдерін қамтамасыз етуге, «қарапайым заттар экономикасы» өнімдері импортының үлесін 59 проценттен 37 процентке дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бағдарламаларды іске асырудың ел экономикасына қосар үлесі 2025 жылға дейін 2,4 процентті құрайды. Бүгінде бағдарламаға екінші деңгейлі 5 банк қатысуда. Бағдарламаны іске асырған сәттен (ағымдағы жылғы ақпанның басынан бастап) бастап жалпы сомасы 35 млрд теңгенің 30-дан аса өтінімі түсті»,- деген еді.
Алайда, Қарағандыда өткен еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экономика құрылымында түбегейлі өзгеріс байқалмайды. 10 жылдан астам уақыт бойы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыздың айналасында. 2015-2018 жылдар аралығында еңбек өнімділігінің өсімі жоспарланған 12 пайыздың орнына 4 пайызға ғана жетті»,— деп ел экономикасын жандандыруға тиіс отандық өндірістің бүгінгі жай-күйін сынға алды
Сонымен қатар, Президент ішкі нарықты нығайту үшін Үкімет пен әкімдіктер шешуі тиіс бірқатар міндеттерді атап өтті. Бірінші бағыт – дайын өнім экспортын белсенді дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 3 жыл ішінде экспорттың жалпы құрылымында өңдеу секторының үлесі 34 пайыздан 8 пайызға, яғни 2016-2018 жылдары 26 пайызға дейін төмендегенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің 180-ге жуық тауар түрлерін экспорттайды. Бұл көрсеткіш Ресейде – 358, Беларусьте – 690, Қытайда – 1400, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа көрсеткіш – 1950. Сондықтан, Мемлекет басшысы отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына серпін беретін бірқатар нақты шараларды ұсынды. Оның айтуынша, перспективті экспорт нарықтарына талдау жасау, осы нарықтарға шығу үшін кедендік салықтарды, тарифтік және басқа да талаптарды зерттеу, тиімді көлік-логистикалық шешімдерді анықтау қажет.
Назар аударатын тағы бір маңызды сала – сапалы маркетинг. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жалпымемлекеттік бренд, ал оның базасында инвестициялық, туристік және салалық брендтер қалыптастыру жөніндегі тапсырма әлі орындалмаған. Президенттің айтуынша, мұндай ахуал отандық өнім үшін шатырлы брендтерді қалыптастыруда да байқалады. Мемлекет басшысы Үкіметке бренд қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды аяқтауға екі ай уақыт берді.

«Қарапайым заттар экономикасына» бөлінген қаржы қайда?

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр: «Екі жылға арналған бағдарламаны іске асыру шеңберінде банктер тарапынан 62 млрд теңгеге 150 жоба мақұлданды. Екінші деңгейдегі банктер мен Аграрлық несие корпорациясы 275 млрд теңгенің 210 жобасын қолға алмақшы. Бағдарламаға барлық қажетті өзгерістер енгізілді. Соңғы мөлшерлеме төмендетіліп, басым жобалардың тізбесі кеңейтілді. Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыруға кірісті. Бөлінген 600 млрд теңгенің жыл соңына дейін игереміз. Ал қалғаны келесі жылы толық игеріледі»,- деген болатын. Ал ресми ақпарат көздері аталған қаражаттың 100 млрд теңгесі ауылшаруашылық өнімдері қайта өңдеуге, 100 млрд теңге өндірістегі «қарапайым заттар» үлесін арттыруға, қалған 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтерге бағытталған дейді.
Бірақ, ішкі нарықты нығайтуға бағытталған «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселесінде бірқатар түйінді проблемалар туындап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде біз мақтан тұтатын көптеген тауар өндірістері бар. Алайда өндірушілерді қолдауға бөлінген мақсатты 600 миллиард теңге бюрократиялық проблемаларға байланысты тиісті адресатына жетпеген. Маған баяндалғандай, 16 тамыздағы жағдай бойынша жалпы құны 62,3 миллиард теңгені құрайтын 148 жоба ғана мақұлданған»,- деді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекет реттейтін сатып алулардың жағдайын сынға алып, жыл сайын мұның көлемі 10 триллион теңгеден асатынын атап өтті. «Жаңа экономиканы құру базалық салаларды инновациялық және ғылыми-техникалық тұрғыдан ілгерілетуге, сондай-ақ «болашақ экономикасының» салаларын дамытуға негізделуге тиіс»,— деді Мемлекет басшысы.
Алда елімізді индустрияландырудың үшінші бесжылдығының жобасын жетілдіру бойынша жұмыс жанданатын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертпелері мен жиынға қатысушылардың ұсыныстары аталмыш бесжылдық жобасында ескерілмек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.