Салықтық рақымшылық бизнеске серпін бере ала ма?

0
607

«Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.
Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

Елбасы Н. Назарбаев Жолдауын «Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек…» дей келе, Үкіметке 2019 жылдан бастап отандық бизнес үшін салық рақымшылығын жасауды тапсырған болатын.
Осы орайда отандық кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бизнес өкілдері негізгі салықты төлеген жағдайда, өсімпұл мен айыппұлдарды кешіру жөнінде салықтық рақымшылықты өткізу қағидалары Заң шеңберінде бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Атап айтар болсақ, салықтық рақымшылық – бұл кәсіпкерлерді салықтық міндеттеме жүгінен құтқару. Негізгі мақсат – бюджетті толтыру емес, бизнесті құқықтық алаңға қайтару, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда жұмыс орнын сақтау, отандық шағын және орта бизнес саласындағы экономиканы сауықтыру болып табылады.
Мамандар отандық шағын және орта бизнестің дамуына дем беретін мұндай тәжірибе біздің елімізде бұрыннан бар екенін айтады. Яғни, Тәуелсіз Қазақстан тарихында өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жасау үш рет – 1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылдары жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер жинақталған қарыздан құтылып, коммерциялық қызметін заңды түрде жалғастыруға мүмкіндік алған.
«Қазіргі таңда ішкі жалпы өнімнің 28 пайыз үлесі елдегі 830 мыңға тарта шағын және орта бизнеске тиесілі. Соңғы 10 жылда олардың 143,7 миллиард теңгелік өсімпұлы мен айыппұлы кешірілген»,— дейді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің директоры Жандос Дүйсенбиев.

Жарты жылда 3,6 пайызы ғана негізгі салық берешегі өтелді

Ал биылғы салықтық рақымшылық акциясы бойынша Жандос Дүйсембиевтің айтуынша, 14 тамызға дейін 40 391 кәсіпкер қатысып. жалпы сомасы 7,8 миллиард теңгелік негізгі қарызды өтеген және олардың 2,3 миллиард теңгелік өсімпұлы мен 181 миллион теңгелік айыппұлы кешірілген.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев: – «2019 жылдың 1 қаңтарынан желтоқсан айына дейін жүргізілетін салықтық рақымшылыққа 90 000-ға жуық шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Олардың жалпы қарызы 340 миллиард теңге. Соның ішінде негізгі қарыздың сомасы – 210 миллиард теңге. Егер осы негізгі қарыз төленсе, мемлекет салық төлеушілердің 122 миллиард теңге өсімпұлы мен 7,3 миллиард теңге айыппұлын кешіреді. Сөйтіп, кәсіпкерлер Үкіметке 130 миллиард теңге төлеуден босатылады»,- деді.
Алайда салықтық рақымшылыққа бизнес өкілдерінің қатысу белсенділігі әлі де болса төмен. Яғни, салықтық рақымшылық бойынша өтелуге тиіс негізгі 210 миллиард теңге қарыздың бірінші жарты жылдықта 7,8 миллиард теңгесі ғана төленген. Жандос Дүйсенбиевтің айтуынша, бұл барлық негізгі қарыздың 3,6 пайызы ғана.

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.