Курортты аймақ марал пантасымен толықты

0
982

Курортты өңір Бурабайға жақын – табиғаты әсем Жөкей көлінің жағасы, қарағай, қайың аралас орманды Бүркітті тауының баурайында «Көктал Town» отбасылық демалыс сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты болды. Рәсімге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мен Денсаулық сақтау вице- министрі Олжас Әбішев, Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов қатысты.
Салтанатқа қатысушыларды жергілікті «Арай» бишілер тобы, «Көкек» фольклорлық ансамблі қарсы алып, өнер туындыларынан тамаша тарту тартты. Шарада, облысының әкімі Е.Маржықпаевтың атынан, бірінші кезекте құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова:
— Ақмола облысы туризмнің қай түрінде әлеуеті зор. Облыста тамылжыған әсем табиғатты, қойнауы тарихқа толы, ата бабалардан мұра болып қалған киелі орындар Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Ерейментау, Біржан сал аудандары аумағында анықталып, төрт базалық аумақ, 80 туристік орын әр түрлі бағытта жұмыс жасауда. Өңірге туристер тарту қарқын алып, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 1 миллиард теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға артық. 2023 жылы өңірге 3 миллион турист келіп, демалуға мүмкіндік ашылады. Осы, мүмкіндікті толықтыру үшін,шипажай, демалыс орындары көптеп ашылып жатыр. Міне бүгін өздеріңіз қатысып отырған «Көктал Town» отбасылық демалыс сауықтыру кешенінің ашылуы соның бір айғағы. Демалушылары көп, ауасымен дәрісі шипа, шипажай болсын, — деп құттықтауын аяқтады.

Келесі кезекте сөз алған Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев: — Заман талабына сай сауықтыру кешендерінің көптеп салынып, жатқаны қуанарлық. Бұл туризмнің дамуы – экономикамыздың өсуіне зор үлес болады. «Жасыл әлем» туризмнің дамуына да зор ықпал етуі тиіс. Себебі «Жасыл әлем» таза ауа, таза қала, елді мекен, тұмса табиғат. Бұл туризмге таптырмайтын құнды дүние. Сондықтан, әрбір азамат өз мекенінде табиғаты ыңғайлы мекенде кәсібін, нәсіп еткені жөн деп лебізін білдірді. Лента қиылып, шашу шашылған соң, жиналған жұрт сауықтыру кешенді аралап көрді. Сөз арасында аудан әкімі Ермек Нұғымановтан елді мекеннің табиғаты жайлы сұрап білдік. Әкімнің айтуынша, «Көктал таун» кешенінің ашылуы ауданға жақсы жағдай жасамақ. Аудан бюджеті толығады, жұмыс орны ашылады. Бұрын пайдаланбай келген балалар демалыс орны, енді пайдаға асып, ел қажетіне жарайды. Жылдың кез келген мезгілінде денсаулығыңды түзеп, жақсы дем алуға болады. Жөкей көлі шомылуға ыңғайлы. Орман тоғай арасы жеміс жидекке толы. Кешенде, мейрамхана, монша, сауна, бассейн, спорттық жаттығу залы, бильярд, би алаңы бар. Қысқасы келіңіздер, емделесіздер, тынығасыздар, зерікпейсіздер, – дейді.
«Көктал Town» сауықтыру кешенінің бас дәргері Білімжан Дюсембаев қонақтарға, демалушыларға көрсетілетін даяшылық, ем шара жайында кеңінен таныстырды.
— Демалушылар бос уақытын спорт залда немесе таза ауада өткізе алады. Мұнда атқа мініп, велосипед тебуге болады. Сондай-ақ, кешен мал шаруашылығымен және бұғы бағумен де айналысады. Демалушыларға саумал, май мен қаймақ ұсынылады. Балалар үшін ойын алаңы ұйымдастырылған. Кешенге келген әр адам қан қысымы, өкпе, жүйке, простатит, қан тамырының ұлғаюы, тері ауруларынан емделе алады.
Бізде бұл өңірде бұрын көп таралмаған емдеу әдісі пайдаға келді. Ол, Пантамен емдеу – ерте қартаюдың алдын алу, иммундық жүйені нығайту, күйзелісті жою және жүйке жүйесін қалпына келтіру, ағзадан улы заттарды шығару, сондай-ақ құяң – тұз жиналу, қан тамырларының бітелуі, қозғалыс қиындығы және жыныстық әлсіздік, жүрек ауруына қарсы күресте тиімділігі жоғары табиғи құралмен емдеу әдісі.
Панта – жас марал мүйізінің жұмсақ затынан алынған жоғары биологиялық белсенді табиғи өнім, 2000 жылдан бері әлемге танымал және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде халық медицинасында қолданылады. Бұл табиғи ем дәрілер. Пантаның пайдалы қасиеттері өте көп.
Шаршағанды басады, ұйқыны қалыпқа келтіреді, ойлау қабілетін және ауыр науқастанудан кейін, сондай-ақ қатты арықтау кезінде еңбекке қабілеттілікті жоғарылатады, қартаюды баяулатады,қан тамырларының бітелуі, жүрекке қан келмеу ауруы, шеткі қан айналымының бұзылуы, ауруларға және салқын тию ауруларына қарсы белсенді етеді, теріні жұмсартып, жыныстық қызметті жақсартады, жүйке ауруларына таптырмайтын дәрі, біз оны панталы ванналар арқылы емдейміз деп, жұртты біраз қызықтырды.
Сөз соңында бас дәрігер, панталы ванналар жайлы төмендегі мәліметтерді ұсынды. Емдеу әдісі панталы ваннамен сауна екен. Кәдімгі бір адам сиярлық ағаш бөшкелер. Панталы ванналар – бұл сауықтыру SPA-емшарасы, пантаға жиналған барлық пайдалы заттар ванна арқылы адамның денесіне енеді. Нәтижесінде иммунитет жоғарылап, күйзеліске қарсы тұрушылық пайда болады, еңбекке қабілеттілік жоғарылайды, зат алмасу қалпына келеді, қартаю баяулайды, жыныс жүйесінің бұзылыстары емделеді, буын аурулары жоғалады, ағза қалпына келіп, жасарады, созылмалы шаршау белгілері жойылады. Дені саудың, жаны сау , — дейді бас дәрігер мырза.

Дахан Шөкшир.
Ақмола облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.