Ұлттық сенім кеңесі: Тоқаевтың ниеті дұрыс, бірақ…

0
1223

Газетіміз өткен аптада бірінші рет бас қосқан ұлттық сенім кеңесі жайлы саясаткерлерден, зиялы қауым өкілдерінен пікірлерін сұраған еді:
Ақылжан Қарақойшин, “САМҒАУ” Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық орталығының директоры, тарихшы:

Cенім кеңесі – келісіммен жасалған транзиттік кеңес

Жақында құрылған еліміздегі Қоғамдық кеңес ол өзінің функциясын толық атқара алады дегенге сенімім аз. Жалпы халық пен билік арасы алшақтаған өзара диалог болмаған жағдайда қажеттіліктен құрылған кеңес деп айтуға болады.Себебі қазіргі халық қалаулылары билік пен бұқара арасында дәнекер бола алмады.Соның себебінен мемлекетімізде әлеуметтік мәселелер шиеленісе түсті.Қазіргі жаһандану және ақпараттың ағыны ашық уақытта халықты ескіше әдіспен басқару жүйесінің мүмкін емес екендігін билік түсінді.Ел ашық алаңға Конституциялық талабын қойып шығуы ол-заңдылық.Менің пайымдауым бойынша бұл Қоғамдық кеңес өзінің функционалдық міндетін толық орындай алмайды.Себебі құрамында халықтың мұң-мұқтажын ашық жеткізе алатын елге танымал тұлғалар болуы қажет еді және халықтың өзі таңдауы дұрыс болар еді.Сонда ғана халық пен билік арасында байланыс дұрыс орнап,өзекті мәселелер көтеріліп шешімін табар еді.Меніңше қазіргі біздің Қоғамдық кеңес өтпелі кезеңде уақыт ұтып тұру үшін Парламент сайлауына дейін келісіммен жасақталған транзиттік кеңес.

Қуандық Шамахай, халықаралық журналист:

Тоқаевтың ниеті дұрыс, бірақ…

Бізде жай бір қоғамдық сенім кеңесі тұрмақ Конституциялық кеңестің өзінің құзіреті қаншалықты дегенге алдымен көз жүгіртуіміз керек шығар. Шын мәнінде, тәуелсіздіктің отыз жылында дара биліктің үстемдігін ғана көріп келеміз ғой. Ешбір кеңестің қоғамды дүр сілкіндіріп, «тау қопарғанын» көрмеппіз.
Бұдан бұрын да қоғамдық-саяси жүйені реформалаймыз деп тағы бір кеңес құрылған болатын. Қазір оның аты да, заты ұмытылды. Атқарған ештеңесі болмады. 2016 жылғы жер дауынан кейін де комиссия құрылып біраз шер тарқатып, мәселені мароториймен ғана алдарқатқан болды. Өзгерген не бар? Президент Қ.Тоқаевтың ниеті дұрыс-ақ, қоғаммен диалог құрайын, билік пен халық арасы тым алшақтап кетті, жақындатайын, қордаланған күрделі мәселелерді бірге талқылап, ортақ мүддеге сай лайықтайын дегені. Бірақ, халықтың көкейіндегі күрделі проблемаларды тамызда жасақталған қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері шешпек тұрмақ дұрыстап талқылай да алмайды. Бұлар демократиялық реформаны косметикалық бояулар арқылы ғана әрлеп қоя салмақшы. Онымен іс бітпейді, қоғамды одан ары ашындырып, қапаландырғаннан өзге ештеңе тындыра алмайды.

Ерлан Декелбаев, «Желтоқсан» көтерілісінің қаһарманы, «Аллажар 2» деректі фильмінің продюсері, қоюшы-режиссері:

Коммунистерді кеңеске тартқаны қателік

«Ұлттық кеңестен» басқа «Нұр-Отан», «Халықтар ассамблеясы» «Сенат депутаттары» «Мәжіліс депутаттары», «Жер комиссиясы» «Ақ жол» партиясы, санап тауысып бітпейтін неше түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Әлеуметтік мәселе одан сайын өрши түссе, «Ұлттық кеңес» өз міндетін атқаруға қауқарсыз болуына байланысты біз одан басқа «Халық кеңесін» құруымызға мәжбүрміз деп айтпасына кім кепіл? Жер дауына байланысты комиссия құрылды. Одан не ұттық? Үкімет бәрібір өз дегенін жасап отыр емес пе?
1. Ұлттық кеңеске коммунистерді бекіткені үлкен қателік болды. Алдағы уақытта үлкен айқай шу болатын түрі бар. Себебі коммунистер Кеңестер одағының сойылын соғып, біраз ұлтшылдардың ауыздарына қақпақ болып, Ресейдегі әріптестеріне қарап ұлитынына еш күмәнданбаймын.
2. Желтоқсандық болған соң, «Саяси құқылық мәртебеге» байланысты бір-екі ауыз сөзімді айтуым міндет деп ойлаймын. 17-18 желтоқсан 1986 жылы желтоқсан көтерілісі, көптеген посткеңестік одақтарға Тәуелсіздік алуына өзінің үлкен септігін тигізді. 1991 жылдың 16 – желтоқсанында Тәуелсіздігімізді жарияладық. «Ұлттық кеңес» Желтоқсан көтерілісіне қатысқан бір азаматтың болмауы қарын аштырады.
3. Қазіргі таңда мерекелердің ішіндегі ең қауіптісі 9 Мамыр екенін мойындайтын кез келді. Бұл Мәскеудің әлемдік деңгейдегі шовинистік жобасы. 9 мамыр Жеңіс күні емес, Ресейдің ұлы шовинистік мерекесіне айналып кеткенін көріп жүрміз. Бұл мерекенің форматын өзгертіп «Жеңіс күні» емес, «еске алу күні деп белгілеу керек. «Ұлттық кеңестің» осы мәселені көтеруі міндетті деп санаймын.


Досай Кенжетай, теолог:

Әлеуметтік инженерия ғана…

Менің пікірім өте қысқа болмақ. Айтарым: Бұл кеңестің ешқандай саяси құқықтық негізі жоқ. Қоғамдық кеңес қоғамда бас алған наразылық дүмпудің алдын алады деген соц инженерия ғой. Нәтиже болар деп ойлаймын.

 

 

 

 

Серік Нұркенов, ғалым, Халықаралық жасыл технологиялар орталығы коммерциализациялау департаменті басшысының орынбасары:

Халық пен билік арасында диалог орнатуы тиіс

– Президент жанынан құрылып жатқан Ұлттық кеңес ең алдымен міндетті түрде әлеуметтік мәселелердің ушығып кетпеуінің алдын алуы керек. Халықтың қалауын ескере отырып жұмыс істеуі, әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көп балалы отбасыларын, мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту мәселесіне, сонымен қатар оларды жұмыспен қамту проблемаларын шешу тұрғысында нақты жұмыстар атқарса екен деген тілегім бар. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде тексеріс пен бақылау шараларын күшейту қажет. Сонымен қатар, бүгінгі күні қоғамда тағы бір асқынып бара жатқан азғындық мәселесі – педофилдерге қатаң жаза қолдану жөнінде арнайы Заң қабылданса деген тілегім бар.
Халық пен билік арасында конструктивті диолог орнатуы тиіс. Мен Ұлттық кеңес нақты дер шағында, керек кезінде жасақталды деп ойлаймын. Ұлттық кеңес нақты нәтижелерге қол жеткізеді, қоғамдағы қордаланған проблемалардың шешімін табуға қызмет етеді дегенге сенімім кәміл.

Нағашыбай қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.