Байқоңырда жер — қазақтікі болғанмен, билік — орыста

0
1263

Соңғы кездері БАҚ-тарда Байқоңыр ғарыш айлағының тағдырына алаңдаушылық білдіретін азаматтардың дауыстары жиі естіле бастады. Ол негізсіз де емес, өйткені, жер қазақтікі болғанмен, ондағы билік солтүстіктегі көршіміз Ресей жағының қолында. Себебі, орыстар айлақты 2050 жылға дейін жалға алған.  Қазір Байқоңыр қаласында 75 мың халық тұрады. Оның 47 мыңы — Қазақстан азаматтары. Сондай-ақ, Байқоңырдың іргесінде тұрған Төретамда 12 мың, Ақай елді мекенінде 5 мың халық тұрады. Демек, 64 мың Қазақстан Республикасының азаматтары аумағы шағын бір ауылдық елді мекенге тиесілі, яғни 6300 гектары ғана, солардың өзі Ресейдің уақытша меншігіндегі жерде тұрып жатыр. Жалға алған жердің иесі Ресей болғандықтан, аталған аймақта егін егіп, бау-бақша салуға, иә мал бағуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Күнкөріс көзінің шектеулілігі өз алдына, жердің негізгі қожайыны жергілікті қазақ халқы осы ғарыш айлағында орныққан Ресей елінің заңы аясында өмір сүруге міндетті. Ресей жағы жалға алған жерге ақша төлеп отырғандықтан, «музыканы» да өз қалауынша қояды.Ең бастысы аталған елді мекендердің тұрғындарына кәсіппен айналысуға мүмкіндік жоқ. Осындай мақсатқа жергілікті халыққа 11 мың гектар жер телімін алып беру мәселесі екі мемлекет арасындағы «Үкіметаралық комиссия» отырысының шешіміне байланысты болмақ, өкінішке орай бұл процесс баяу жүруде. Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан тағы бір өзекті мәселе — байырғы ұлт өкілдерінің жылжымайтын мүліктерін банкке кепілдікке қойып, несие ала алмайтындығы. Өйткені өңірдегі жер телімдері Ресей мемлекетінде жалға берілген. Байқоңыр қаласында жаңадан кәсіп ашқысы келетін кәсіпкерлердің банктерге қоятын кепілдік мүлкі иә  үйлері жоқ. Қалада 347 көп қабатты тұрғын үйде 20700 пәтер бар. Олардың бірде-біреуі жекешелендірілмеген, өйткені ол үйлердің иесі Ресей жағы. Ең сорақысы, Байқоңыр қаласында тұратын азаматтардың бір бөлігі тұрақты, екінші бір бөлігі уақытша тіркеуде тұрады. Уақытша тіркеуде тұратындар — Ресей мекемесінде жұмыс атқаратын азаматтар мен азаматшалар, оларға зейнетақы қоры жинақталмайды, берілетін әр түрлі жәрдемақылар төленбейді. Қала бойынша коммуналдық қызмет бағасы өте қымбат. Мысалы, Байқоңыр қаласындағы ыстық судың 1 адамға шаққандағы құны 1640, суық судікі  918 теңгені құраса, бір газ балоны 6 мың теңге.  Соңғы жиырма жыл көлемінде қаладағы инфрақұрылымға қаржы бөлінбегендіктен, олардың барлығының тозығы жетіп қаусап тұр. Геосаяси тұрғысынан алсақ, «Байқоңыр» Қазақстан территориясына кіреді. Ал оны жалға алып отырған Ресей болғандықтан, «Байқоңырда» ҚР Заңы жүрмейді, ондағы жұрт Ресей рублімен сауда жасайды, қалада қазақ мектептерінің саны аз. Тіпті, базбір мектептердің директоры — орыс, ұстаздары — қазақ деген де қауесет бар. Рас, кезінде Қызылорда обысының әкімі Қ.Көшербаев 6 мектепті ҚР БжҒМ бағдарламасымен оқытатын етіп қайтқан, оған да шүкіршілік деу керек сынды.

Айлақ өңіріндегі ғана емес, күллі ел жұртшылығын алаңдататын ең өзекті мәселе — Ресей зымырандарының қазақ жеріне құлап, экологиямызға қыруар зор зиян келтіріп жатқандығы. Күні кешеге дейін қазақ жеріне 600 тонналық гептилмен ұшатын 32  «Протон» зымыраны құлаған екен. Ресей жағы бұлталаққа салып, экологияға келген залалдың өтемақысын төлемеді. Өйткені, орыс ғалымдары: «Құлаған зымыраннан қазақ даласына да, оның азаматтарына да зор зиян келген жоқ»,— деп, ауыздарын құр шөппен сүртсе, біздің шенеуніктердің көпшілігі де солардың уәжін қолдап: «қоршаған ортаға да, азаматтарға да төнген қауіп жоқ»,— деумен шектелді. Сірә, олар: «Байқоңырдан ресейліктер кетсе, оның жұмысы тоқтап, біз табыстан қағыламыз»,— деген қарақан бастың қамынан аса алмаса керек. Басы ашық шындық — Қазақтың кең даласының Ресейдің үлкен полигон алаңына айналып отырғандығы. Бүгінде Қазақстанның 11 миллион гектар жері Ресейдің әскери полигондары үшін жалға берілген, бұл Қазақстанның тұтастай екі облысын қамтитын жер. Әлгі әскери полигондарда Қазақстанның үкімі жүрмейді. Еліміздегі 7 бірдей әскери нысан арнайы келісімшарт негізінде Ресей Федерациясына жалға берілген. Қазір 11 млн. гектар аумақты алып жатқан сол жеті база Ресей Қорғаныс Министрлігінің иелігінде. Ол әскери базалары Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Орталық Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай секілді еліміздің ірі 8 облысы аумағында орналасқан.

Осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірген белгілі саясаткер Расул Жұмалы: «Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға беру — өкінішті хабар.  Олай дейтініміз,  біріншіден бұл қазақтың жеріндегі жалға алынып отырған нысан ғана емес, Ресейге қарасты аймақтар.  Оның қатарына  6 мың шаршы аумақты алып жатқан Байқоңырдан басқа  Ресейдің біздің жердегі 4-5 әскери полигондары да жатады.  Олар Сарыөзек, Ембі – 1, Ембі – 2 сияқты үлкен аумақты алып жатқан жерлер. Бұл жерлерде толықтай Ресей үкімі жүріп тұр. Сол себептен де, бір мемлекеттің ішінде, екінші мемлекеттің осындай аумақтары болуы, ол жерлерде екінші бір мемлекеттің заңдары жүретіні қауіпті. Екіншіден, Байқоңырдан ұшқан Ресей зымырандары жиі құлап жатыр. Олар экологиямызға орасан зор қауіп төндіріп отыр. Пратон зымырандарының зардаптарын Ресей күні бүгінге дейін өтеген жоқ. Мынау гептил дегеніңіз ең улы қалдық. Зияны шаш етектен. Ал, біздің жауапты органдар осы орасан зор апаттың өтемақысына болмашы тиын-тебен алып қана отыр. Үшінші мәселе, осы Байқоңырдан басқа мемлекеттердің зымырандарын ұшыру арқылы Ресей жыл сайын өте зор пайда табуда.  Ал Қазақстан өз мемлекетінде орналасқан ғарыш айлағы үшін қандай да бір ақы, өтемақы көріп отырған жоқ. Біздің жыл сайынғы алатын ақымыз, келісімшарт бойынша 115 миллион доллар. Бұл — жылына алатынымыз. Бұл —  түкке тұрмайтын сома. Кезінде Қырғызстанның Манас әуежайының бір ғана бөлігін НАТО әскерлері Ауған операциясына байланысты жалдап тұрды. Соған жылына 150 миллион доллар төлеп тұрды. Ал, біздің алатынымыз —115 миллион доллар. Салыстырып көріңізші. Оның өзін Ресей ақшалай төлеп отырған жоқ, қалған-құтқан ескі темір-терсектерін беріп отыр. Меніңше, бұл жерде Ресейге тәуелді болып, қарап отырудың қажеті жоқ. Басқа мемлекеттер келсін. АҚШ, Еуропа елдерімен ынтымақтастық жасауға болады ғой. Бұл да жақсы балама. Кез келген жерде бәсекелестік болатын болса, сол бәсекелестікті ұйымдастырып отырған Қазақстаның өз таңдау құқығы болуы керек»,— дейді. Несі бар, миға қонатын уәж..

Дайындаған — Ермек Сахариев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.