Қазақстан — 2050: «Ауыл — ел бесігі»

0
958

 «Ауыл — ел бесігі» атты «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен экспедициясы «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы аясында сапарға шығады

«Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Үкіметке «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Қаржының қандай мақсатқа жұмсалатыны барлық мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болуы тиіс».

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауынан)

Біз бәріміз бірлесіп ауылға нақты, батыл қадам жасамасақ, немқұрай-лылықтан арылмасақ, тек ауыл ғана емес, бүкіл ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр болып, берекесіздік етек алатыны сөзсіз. Елбасымыздың «Қазақстан — 2050: Мәңгілік ел» стратегиясында «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деген алға қойған жарқын мақсат пен міндет тұр. Қалай жаңғыртамыз, оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Осы үндеу аясында сіздерге ой тастау мақсатында бірнеше қағидаттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1. «Оян, қазақ!» демекші, алдымен өзіңіз, ауылдың әрбір азаматы оянып, дүр сілкініп «Бұл — тек менің ауылым! Осы туған ауылыма не істей аламын?» деген көзқарасты, жаңашылдықты сенімді, жауапкершілікті жүрегімізге ұялатайық.
2. Ауыл ажары алдымен сіздің үйден басталуы тиіс. Үйіңіздің сыртқы келбетіне көз жүгіртіңіз. Ағаш, гүл егілген бе? Тазалық қалай? Қақпа, дуал, қоршаулары қалай?
3. Көшеңіз қалай? Асфальттанған ба? Шашылып жатқан күл-қоқыстар жоқ па? Су құбыры, газ тартылған ба?
4. 98-қадамдағы Өзін-өзі басқару жүйесін жүзеге асыру өзіңнің қолыңда, қадірлі ауылдас. Қашанда ауылда белсенді азаматтар мен азаматшалар болған, әлі де бар деп білеміз. Тек белсенді ғана емес, қолынан іс келетін, адал, тәртіпті, ойын ашық айта білетін азаматтар бас қосып, Өзін-өзі басқару тобын құрған жөн. Бұл қоғамдық топ әкіммен біте қайнасып жұмыс істеуі тиіс.
5. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған салт-дәстүрлеріміздің айнасы осы ауыл. Бұл құнды мәселе шынында да ауылдан бастау алуы керек. «Жастар жылына» орай жастарымызды салт-дәстүрлерімізбен сусындатып, дінімізбен нұрландырып, тіліменен байытып, Отанымен мақтаныш тұтқыза білсек. Арақ-шарапты жолатпай, салауатты өмірге үйренсек, ауылға береке келеді.
6. Мектеп түлектері қашанда ауылымыздың жарқын болашағы. Осы алтын бесігімізде тәрбиеленген ұрпағымыздың өз ауылына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту — басты парызымыз. Осы тұрғыда тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына орай ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп бәйге жарияладық. Бұл бәйгенің басты мақсаттарының бірі — ауылдың жарқын болашағын жасау. Ұстаздарымыз осы бәйгеге жаппай қатысады деп сенеміз.
7. Ауылдың әрбір тұрғыны, отбасысы — ең үлкен байлығымыз. Аз қамтылған отбасыларға ауыл болып көмектесу, қасіретке ұшырағандарға демеушілік жасау — әрбіріміздің парызымыз. Өйткені береке-бірлік те, бақ пен рух та отбасынан, балабақша мен мектептен басталады. Енді тағы бір айтатын мәселе туған ауылынан сыртқары жүрген азаматтармен де құрылған топ байланысты үзбей, олардың демеушілігіне жүгіну қажет.

Қадірлі ауылдастар! Біздің ауылымыз мемлекетіміздің іргетасы іспеттес. Әрбіріміз ауылымызды көтеруге, оның шаңырағының биік болуына үлес қосуға міндеттіміз. Сонда ғана ауыл өмірі көңілді, ондағы әрбір отбасы да нұрлана түспек. Кәнеки, осы айтылғандарды, көтерілген көкейтесті мәселелерді жерге қалдырмай, іліп әкетейік. Ауылымыздың шаңырағы биіктеп, мәртебесі ассын!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.