Арыс. Ақиқат пен қауесет

0
2261

  Арыстағы қазіргі жағдай, ондағы қалпына келтіру құрылыс жұмыстары туралы мәліметтер, пікірлер әралуан. Күн сайын соңғы мәліметтерді ұсынып отырған Түркістан облысының атқарушы билік өкілдері құрылыс жұмыстарының 99 пайызға орындалғанын алға тартады. Мұны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі де растайды. Ал, әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан мәліметтер басқаша. Желі белсенділерінің уәжіне сенсек, Арыста үйі жөнделіп бітпек түгілі құрылысы да басталмаған баспаналар барға ұқсайды. Кейбіреулерінің апаттық жағдайдағы үйлері айра-жайра болған күйі жатыр екен. Ал, қылышын сүйреткен қыс болса күннен-күнге жақындап келеді.

Міне, бізді, яғни Халықаралық «Қазақстан дәуірі» басылымының бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен осы жолдардың авторын Арысқа жетелеп барған осындай бір-біріне кереғар мәліметтер, «құлақпен естіген жалған, көзбен көрген рас» деген принцип болды. Шынайы мәліметке қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы биліктің өкілін ертпей, Арыс қаласын алдымен өзіміз аралап көрдік. Алғашқы бағытымыз – әскери бөлімге ең жақын орналасқан, яғни ең көп зардап шеккен мөлтекаудандардың бірі – «Көктем-2» болды.

             «Психологтың көмегі керек»

  — Біздің үй 1-секторға қарасты, жөндеу жұмыстарымен Павлодар облысы айналысты. Алып-қоспай нақтысын айтар болсақ, көпқабатты үйіміздің сыртын ғана істеп берді. Ішіне деп азын-аулақ водоэмульсия берді, әрі қарай өзіміз жөндеп алдық. Сынған есік-терезелерді қалпына келтіру үшін үйді бір айға босатқанбыз. Жөндеу жұмыстарын жүргізгенде линолиумдардың барлығын бүлдіріп кетіпті. Есіктердің де астыңғы жағы үлкен ашық болып қалған. Ашып-жапқан сайын қатты сақырлайды. Әкімшілікке барып айтып едік, істемейді деп жауап берді. Үйдің ішіндегі тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық техникалар жарамсыз болып, жиһаздарға зақым келген. Отбасындағы әр адамға деп мемлекеттің берген 100 мың теңгесіне ең қажетті деген техникаларды сатып алдық. Жетпегенін несиеге алдық. Әрине, бұл жарылысқа кінәлі адамдар бар шығар, бірақ ешкім де әдейі істемегені анық. Жалпы алғанда, бүгінгі жағдайымыз жаман емес. Қиналған сәтте ел азаматтары да, мемлекет те қолынан келгенше жәрдем берді. Оларға деген алғысымыз шексіз, — дейді өзін Жадыра Асылбекова деп таныстырған жергілікті тұрғын.

Келесі кейіпкеріміз Эльмира Мырзахметова 6 баланың анасы екен. Бір қызы мүгедек. «Жарылыс жойқын болды ғой. Жаяулатып қашқанымыз өмір бойы есімізден кетпейтін шығар. Балалар да, үлкендер де қатты қорықтық. Сол қорқыныштан әлі де толық арыла алмай отырмыз. Кішкене қаттырақ дауыс шықса, төбеден түтін көрінсе болды балалар үрейге бой алдырады. Мектепке баруға да қорқады, — дейді Э.Мырзахметова. – Өзім балабақшада жұмыс істеймін. Осы оқиғадан кейін балалардың арасында тұтығып сөйлейтіндер көбейген секілді. Өзімнің де бір ұлым мен бір қызым тұтығатын болды. Мұның зардабын жоймаса болмайды. Ол үшін балабақшалар мен мектептерде психолог, логопед мамандарды көбейту қажет. Ал мүгедек балаларды арнайы санаторийлерге апарып, жүйке жүйесін емдейтін мамандардың емін қабылдатып, демалдырып келсе екен деген тілегіміз бар. Қандай жағдай болмасын осы жерден кеткіміз келмейді. Балалардың барлығы осында дүниеге келді, көршілер де ағайынымыздай болып кеткен».

Біз тоқтаған үйдің қарама-қарсы бетінде мектеп бар екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша ең көп зардап шеккен білім ұяларының бірі осы болған. Бірақ бүгінгі келбетіне қарап олай деп ойлай алмайсың. Жаңадан пайдалануға берілген ғимарат секілді жарқырап тұр. Ал мектептің іші қандай екен? Оған да көз жеткізгіміз келді. Аулада Арыс қаласынан шыққан 6 Кеңес Одағы батырларының бірі – Иван Журбаның бюсті тұр. Мектеп те осы батырдың атымен аталады. Мектеп табалдырығын аттап, ішке ішке аяқ басқанымызда алдымыздан директордың өзі шыға келді. Өзін Әбдісаттар Жүніс деп таныстырды. 613 жыл педагогикалық еңбек өтілі бар әулеттің ұрпағы екен.

– Мектептің тарихы 1965 жылдан басталады. Мына 300 балаға арналған ғимаратқа 2013 жылы жайғасқанбыз. Қазір екі ауысымда 706 бала оқиды. Оларға 72 мұғалім дәріс береді, — деді директор. – Маусымның 23-іне ҰБТ-ны абыроймен аяқтап, еңбек демалысымның басталған алғашқы күнінде жарылыс болып, демалыс жайына қалды. Жарылыс болған кезде үйде едім. Немерелерді алып, қаладан әрең ұзап шықтық. Әупірімдеп Шымкентке жетіп жығылдық. Ертеңіне таң азанымен жолға шығып, Арысты бетке алдым. Бірақ, қалаға ешкімді кіргізбей тұр екен. Жолсыздармен жүріп, амалдап қалаға кірдім. Алғаш үйге келдім. Терезелер сынған, үйдің ішіне кірсем, бөлмелердің төбесі опырылып құлапты. Үйден шығып, мектепке келдім. Мектептің бір сау терезесі жоқ, кіре беріс жер құлап жатыр. Тура спорт алаңына снаряд түсіп, өртеніпті. Шатырдың бір бұрышына снаряд тиген екен, опырылып кетіпті. Ішкі есіктердің қалай ұшып кеткенін көріп таңқалдым. Компьютерлердің барлығы қирап, интерактивті тақта құлап жатыр. Жарамай қалған. Бір сөзбен айтқанда сау-тамтығы қалмаған.

Дәл сол сәтте жаңа оқу жылын енді қалай бастаймыз, бастай аламыз ба деп уайымдадым. Құдайға шүкір, 1- қыркүйекте Арыстағы барлық мектептерде алғашқы қоңырау соғылды. Әлеуметтік-мемлекеттік мекеме ғимараттарының барлығын «Самұрық-Қазына» ӘҚҚ жөндеді. Ал біздің мектепті қалпына келтіруге кәсіпкерлер Тимур Құлыбаев пен Бауыржан Боранбаев екеуі өз қаражаттары есебінен 500 миллион теңгеден 1 миллиард теңге жәрдем берді. Осы қаражатқа біздің мектебіміз бен «Алтын тұмар» балабашасы жөнделді. Жөндеуден кейінгі мектептің жағдайы жарылысқа дейінгі ахуалынан әлдеқайда жақсарды. Материалдық-техникалық база түгелдей жаңарып, білім саласына енгізіп жатқан жаңа технологиялармен қамтылды. Робототехника, IT сыныптарға қажетті құрылғылардың ең соңғы үлгісі орнатылды. Дәліздер Еуропалық үлгіде безендірілді, жиһаздар қойылды. Қазір соңғы нүкте – спортзалды істеп жатыр. Кешігу себебі – компания қызметкерлері құрылысқа қажетті материалдарды, жиһаздарды осында жинап, тарқатып отырды. Мектеп автономды жылытылады, қысқа дайын.

Ендігі басты мақсатымыз – балалармен, ата-аналармен психологиялық жұмысты күшейту. Өйткені, оқушылар түгілі ересек адамдардың да жүрегі шайлығып қалды. Қаттырақ дауыс естілсе, тіпті, салют атылса да қорқатын болдық. Өткен аптада мектептің алдынан өрт сөндірушілердің көлігі өтіп еді, балалар қорқып, мектептен атып-атып шықты. Адамдар енді-енді өз-өздеріне келіп жатыр. Үрейден толық арылу үшін біраз уақыт керек. Мектебімізде қазір екі психолог жұмыс істейді. Оларға әрбір баламен, сынып жетекшілері сынып оқушыларымен, ата-аналармен тығыз жұмыс істеу жөнінде тапсырма бердім. Сынып жетекшілеріне әлеуметтік жағдайы төмен әрбір баланың үй жағдайымен танысу міндеттелді.

Жалпы, Арыстың жағдайы бұрынғысынан да жақсарды. Темір жол вокзалының ғимараты 1904 жылы салынған, соның тарихи қалпын бұзбай жөндеп шықты. Бүгінде ол адам демалатын жерге айналды. Көшелердің барлығы жөнделуде, тіпті, тастақ көшелерге де асфальт, жаяу жүргіншілер жолы төселіп жатыр. Бір жамандықтың бір жақсылығы болады деген осы шығар.

 

Мектептің іші-сырты ғана емес, ауласы да ғажайып жаңа кейіпке еніпті. Спорт алаңшалары керемет жасалған. Осы көріністерді көріп, көңіл марқайып, сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Осы тұста арамызға «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев қосылды. Бірақ, бағытымыз ол кісінің айтуымен емес, өз қалауымызбен айқындалып отырды.

«Күрделі жөндеу керек емес, жаңасын салып берсін…»

Түстеніп отырғанымызда сол тамақтандыру орнында клиенттерге қызмет көрсетіп жүрген бір азаматша өздерінің тұрып жатқан үйлерінің құлағалы тұрғанын, ешкім де көмек көрсетпегенін айтып шағымданды. Мекен жайын сұрап алдық. Соның айтуынша Бірлік көшесі, 7- үйге табан тіредік. Үй егесінің аты-жөні  Назира Пайызханова екен. «Үй қираған, сынған, шатыр көтерілген. Шатырын жауып, сылап-сипап береміз дейді, мен оған көнбедім. Өйткені, қабырғаны қанша сыласа да шатырды ашқаннан кейін ол құлайды. Үйді жөндемей жатқаннан кейін әкімшілікке бардым. Әкім менен екі аттам жерде тұр, бірақ мені оған жақындатпады. Амалым қалмағандықтан «өзіме бензин құйып өртеймін» дедім. Әкімнің орынбасарлары қолымды қайырып алып кетті. Сектор басшысына барсақ, қуып жібереді. Көршілердің барлығының үйін жөндеп, кейбіреулерін жаңадан салып жатыр, мен-ақ қалдым. 4 бала-шағам бар, барлығы да мектеп жасында. Өзім жұмыс істемеймін, күйеуім жоқ, алимент алмаймын»,— деді жалғызбасты ана.

Шыны керек, шағын ғана қоржын тамның жарылысқа дейін-ақ өте ескі жағдайда болғаны көрер көзге көрініп тұр. Қабырғалары зәктеніп, мүжіліп жатыр. Шатыры қырық жамау. Терезелерінің ағаштары мен әйнектерінің сынғаны болмаса, жарылыстан қатты зардап шекпеген секілді. Дегенмен, бұл біздің пайымдауымыз. Ал мамандардың пікірі қандай? Оларды үйдің егесімен бетпе-бет кездестіру және мән-жайдың анық-қанығын білу үшін 15 сектордың жауапты мамандарын шақырттық.

— Бұл кісілер «күрделі жөндеуге келіспеймін, үйімді «сносқа» жіберулеріңізді сұраймын» деп арыз жазып берген. Бірақ, жарылыстан келген зардап анықтала келе бұл үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қорытындысы берілген. Шынын айтқанда, бұл үй өте ескі және тұрақты ешкім тұрмайды. Өзінің арызына байланысты бұл үйдің мәселесі 15-сектордан алынып, Арыс қаласы әкімдігінің құзырына өткізілді. Өйткені, уақыт тапшы. Ендігі мәселемен Арыс қаласы айналысады. Осы секілді 19 үй қалалық әкімдікке өткізілді, — деді 15 секторға бекітілген Алматы облысы әкімдігі штабының жауапты азаматы Ғани Әбдіханов.

Осы жерде әңгімеге Түркістан облысы әкімінің 15-секторға жауапты азаматы Бақытжан Әшірбаев араласты.

— Әуел баста секторымызға қарасты 68 үй жөндеу жұмыстарына қарсылық білдірген. Алматы, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, «Нұр Отан» партиясының жауапты адамдары әрбір үйдің егелеріне бірнеше рет барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, келісімге шақырдық. Нәтижесінде көпшілігі келісімін беріп, үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келіспегендердің үйлері Арыс қаласына өткізілді. Жалпы, 15-сектордағы жөнделуі керек 854 үйдің 800-ден астамы толық жөнделіп бітті. 17 үй қайта соғылып жатыр,— деді ол.

— Бұл кісілер ендігі жерде не істеуі керек? – деп сұрадық біз.

— Енді мәселесін Арыс қаласының әкімі арқылы шешу керек. Қала әкімі жаңағы айтылған 19 үйді қабылдап алды. Өздері комиссия құрып, шешім шығаруы керек. Әлі де жөндетіп алуға мүмкіндіктері бар.

14-секторға қарасты Асан Қожа көшесі, №1 үйдің жөнделмей қалып қойғаны жайында біз әлеуметтік желі арқылы біліп қалдық. Ол үйге де арнайылап ат басын бұрдық. Үйде баспананың егесі Өмірзақ Әміреевтің қызы Гүлжан бар екен.

— Әкем үйдің төбесін көремін дегенде құлап, қолын сындырып алды. Қазір ауруханада жатыр. Осы жағдайға байланысты менің Атыраудан келгеніме он шақты күн болды,— дейді Гүлжан Әміре.— Мен келгелі ешқандай да жұмыс жүрген жоқ. Мән-жайды қысқаша түсіндіріп өтер болсам, үйімізге ақау актісі бойынша күрделі жөндеу жүргізілетін болып шешілген. Біз оған қарсы болмадық. Алайда, жөндеу жұмыстары басталып, терезелері мен шатыры ауыстырылып, қабырғаның сылағын түсірген кезде жұдырық сыйып кететіндей үлкен жарық шықты. Біз құрылысшы емеспіз, бірақ мынадай жарықтан қабырғаның құлайтыны айтпаса да түсінікті. Басында жөндеп берсе болды, ешқандай шағымымыз жоқ деп отырғанбыз. Мына жарықтан кейін үйді бұзып, шағын болса да жаңасын тұрғызып беруді талап етіп отырмыз. Үйімізді жаңа еді деп айта алмаймын, тұрғызылғанына 50 жыл болған. Дегенмен, мына жарық жарылыстың салдарынан болып отыр.

Әңгімеге тағы да Б.Әшірбаев араласты. «Үйдің егесі күрделі жөндеу жұмыстарына келіспейтін болғандықтан, маған «снос» керек деген өтінішті Алматы қаласына берген екен. Ақау актісінде экспертизаның қорытындысы бар. Соған сәйкес жарылған жерді темірмен қысып, сейсмопоис құйып, бекітіп бермек болған. Дәл осылай бірнеше үйлер істелді. Бірақ, бұл кісілер ондай жөндеуге келісімдерін бермей отыр. Сол себепті жұмыс тоқтап қалған.

— Ақау актісінде жұдырық сиятын мына үлкен жарықты 7-8 миллиметр деп көрсеткен, – деп сөзге араласты Гүлжан.

— Сол ақау актісі бар ма қолыңызда?, —деп сұрадық.

—Соның қазір қайда екенін білмей тұрмын. Әкем ауруханадан келсе тауып беруге болады…

— 15-секторға қарасты 854 үй бар. Алғашында соның 100-ге жуығын бұзып, қайта салу керек делінген. Алайда, мамандардың түсіндіру жұмыстарынан кейін көпшілігі күрделі жөндеуге келісімін беріп, жарамай қалған 17 ғана үй бұзылды. Шындығын айтқанда, бұл сектордағы үйлердің басым бөлігі өте ескі, сонау 1933 жылдары салынған. Ал, бөлініп жатқан қаржы жарылыстан зардап шеккен үйлерге ғана жұмсалуы тиіс. Егер таза заңмен сөйлесер болсақ, саманнан соғылған үйдің өмір сүру уақыты 25-ақ жыл. 25 жылдан кейін ол үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де, қаражат жұмсауға да болмайды. Дегенмен, жарылыстың зардабын жою үшін ескі үйлерге де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп сөзге араласты Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, 15-сектордың тазалық жұмыстарына жауапты Бағдатбек Жанғазиев.

Б.Әшірбаевтың түсіндіруінше, үй егелері ендігі жерде баспана жағдайын қайта экспертизаға беруге құқылы екен. Ол үшін қайта өтініш жазу қажет. Мән-жайға қаныққан Гүлжан Әміре ата-анасымен ақылдасып, ертерек шешім қабылдайтындарын айтты.

Әрине, халық арасында дәлелсіз, жел сөздің көп айтылып жатқанын сапар барысында анық аңғардық. Бірі «ақша бергендердің ғана үйлерін істеп беріп жатыр, ақша бермеген біздің үйімізді жөндемеді», «Алғаш үйі бұзылып, қайта салынатын болып, кейін күрделі жөндеуге келіскендердің дені мемлекеттік қызметте істейтіндер екен, оларға қысым көрсетіліпті» деген секілді қаңқу сөздерді бірнеше рет құлағымыз шалды. Осындай қауесет, қаңқу сөздерді айтқан тұрғындардың бұл әрекеттерінің дұрыс еместігін түсіндірген Сәуле Мешітбайқызы не айтса да дәлелмен сөйлеу қажеттігін ескертті. «Мен биліктің адамы емеспін, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір қызметін атқарушымын. Мен өзім көзбен не көрдім, жүрекпен не сезіндім, соны жазу үшін, оқырмандарға жеткізу үшін келдім. Айналайындарым, Арыстағы төтенше жағдай барлығымыздың жүрегімізді ауыртты. Дегенмен, халық өте мейірімді, алғашқы сәттен бастап жанын салып көмектесті. Мемлекет те қарап қалған жоқ. Жылдам іске кірісті. Қиын жағдайға қалдырмай, барынша көмек беруге бар күш-жігерін салып жатыр. Осындай қиын кезеңде өсекке еріп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшыларға кедергі келтіруге болмайды. Байқаймын, халық арасында негізсіз, дәлелсіз сөйлей беруге дағдыланып алған аз емес секілді. Рас, жұмыс болған жерде кемшілік кездеседі. Оны келісіп шешуге болатынын байқадым. Ал қасақана көмектеспей, жәбірленушінің құқын таптайтындар болса, нақты дәлелдеріңізді келтіріңіздер. Ондайларға аяушылық болмауы тиіс. Халықтың құқын таптағысы келгендермен мен де аянбай күресуге дайынмын. Бірақ, барлық жағдайдың алдымен анық-қанығына көз жеткізіп алу керек», — деді Сәуле Мешітбайқызы.

  60 мың адамнан екі тұрғын, екі солдат қайтыс болды.

Ал 5 мың сиырдың 30-ы, 15 мың қойдың 250-і өлді»  

  Арыстық тұрғындармен жүздескенімізде ел арасында бір түсініспеушіліктің бары сезілді. Ол қандай түсініспеушілік, не үшін алып отыр? Осы сауалдың түйінін жарылыс орын алған бастап Арыс қаласында жүрген Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов төмендегідей тарқатып берді.

– Маусымның 24-інен бастап 2,5 айдың ішінде 7300 жеке меншік үйлердің ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарын түгел жасадық. Түсінбеушіліктің туындауының себебі мынада деп ойлаймын. Алғашында тұрғындар қалаға кірген кезде көпшілігі үйлерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына келісім берді. Біздің, яғни Түркістан облысына бекітілген 7-сектор қоймаға жақын орналасқандықтан үйлер қатты зақымдалған. Сол себепті бүлінген шатырларды, сынған әйнектерді толығымен ауыстырып, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарын түгелдей атқарып бердік. Кейбір өңірлерден келген құрылысшылар тұрғындардан қанша шифер, әйнек сынса соларды ғана ауыстырып, қабырғалардың бүлінген жерлерін ғана сылап беруге келісімін алған. Сол адамдар бүгін келіп олардан «бізге де Түркістан облысыныкі секілді істеп беріңдер» деп талап етеді. Ал оған енді мүмкіншілік жоқ. Өйткені, ол үшін басында ақша сұралған жоқ. Біз 1 миллиард теңгедей ақша алсақ, 100 миллион теңге алған өңірлер де болды. Олар сол ақшаға сай ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бітірді. Түсініспеушіліктің басты себебі осы болып жатыр.

Арыстағы жойқын жарылысты, үрейлі дүйсенбіні бүгінде ешкім де еске алғысы келмейді. Дегенмен, сол күні не болғанын Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек әңгімелеп берді.

— Дүйсенбі күні болатын. Таңертеңгілік аппарат жиналысын өткізіп жатқанмын. Жарылыстың қатты даусы естілді. Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін атқарушы залда отырды. «Сендерде не болып жатыр, мынау не» деп сұрадым. Ол ешқандай хабарлама түспегенін, қазір сұрап білетінін айтты. Мен бірден гарнизон басшысына телефон соқтым. Телефонның арғы жағында жарылыстың даусы естіліп жатты. Ол «халықты эвакуация жасаңыз» деді де телефонды өшіріп тастады. Жағдайдың қиын екенін бірден түсіндім. Жиналыста білім бөлімінің басшысы да отырған, одан «оқушылар бар ма еді?» деп сұрадым. «Қазір каникул ғой, ешкім жоқ» деді ол. «Онда сендер мұғалімдерді алыңдар да тез арада балабақшаларға барыңдар. Бірінші кезекте «Алтын тұмардың» балаларын алып кетіңдер» дедім. Өйткені, ол тура әскери бөлімнің түбінде тұр, ара қашықтығы 700 метрдей-ақ. Өрт сөндіру бөлімінің басшысы да жиналысқа қатысып отырған, одан неше көлік барын сұрадым. 7-8-і бар екен. «Соларды ал да жарылыс болып жатқан жаққа барыңдар, дереу дабыл белгісін қосыңдар» деп тапсырдым. Арыста жолаушы тасымалымен айналысатын бір-ақ компания бар, соның басшысынан қанша көлігі барын сұрадым. «Жүз шақты көлік бар» деді ол. «Барлығына жылдам хабар беріп, халықты қаланың сыртына қарай тасысын» дедім. Осы кезде терезелер сына бастады. Әкімдіктің алдына шығып едім, халық көшемен шұбырып кетіп барады екен. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына телефон шалып, жағдайды баяндадым. Ол кісі бірден «қанша автобус керек» деп сұрады. «Мың автобус» дедім. Ол «дүрліктіріп тұрған жоқсың ба» деді. Мен «жоқ, шынымен қатты жарылыс болып жатыр» дедім. Дереу Сарыағаш, Шардара, Отырар, Ордабасы аудандарынан көмекке автобус, адам тасуға жарайтын жүк көліктерін жұмылдыруға кірісті. Өрт сөндіретін көлік пен Жедел жәрдемнің де дайын тұруын тапсырды.

Жақын болғандықтан Ордабасы ауданының автобустары жылдам жетіп, адам таси бастады. Әкімдік қызметкерлерін автобустарға бір-біреуден отырғызып, бір адамды да қалдырмай сыртқа тасуға жұмсадық. Жұмыспен қамту бөлімінің басшысынан мүгедектердің тізімі мен мекен жайын сұратып, барлығының да үйіне барып алып шығуды тапсырдым. Жартысын туысқандары алып кеткен екен, қалғандарын алып шықтық. Осы кезде аурухана есіме түсті. Реанимацияда ес-түссіз жатқандар бар ғой. Жедел жәрдемге барып, барлық көлікті ауруханаға жібердік. Олар реанимациядағы науқастарды көтеріп көлікке салып, алып кете берді. Ол жерден көлікпен шығып, «Алтын тұмар» балабақшасына барсам, былай болып жатыр екен: мәселен, бір ата-ана баласын алып кетуге келгенде оның көлігіне сыйғанынша бала салып жіберіп жатыр. Осылайша балаларды тез тасып әкетті. Арада екі сағат өткенде қалада адам қалмады.

Негізі бір Құдай сақтады. Бірінші жарылыста снарядтар қатты ұшып, қаланың сыртына түсіп жатты. Бұл кезде адамдар қаланың ішінде келе жатқан. Кейін адамдар снаряд жарылып жатқан жерден өтіп кетті. Қаланың ішіне снарядтар екінші қатты жарылыста жаппай түсе бастады. Енді мына дерекке көз салып көріңіздер. Қалада жалпы 43 мың тұрғын бар, жақын маңдағы ауылдық округтермен қосқанда қауіпті аймақта 60 мың адам болды. Соның ішінде біреуіне де снаряд тікелей тиген жоқ. Эвакуация жасап, қаланың сыртына шыққанда 60 шақты адамға жарықшақтары тиген. Оның ішінде біреуі, кейін тағы біреуі ауруханада қайтыс болған. Екі солдат ішінде қайтыс болған. Ал қаланың ішінде ит-мысықты есептемегенде 5 мыңдай сиыр бар, соның 30 шақтысына, 15 мыңдай қойдың 250-іне снаряд тиіп өлген. Адамдарға тимеген. Таңқалатын жағдай. Сол адамдардың ішінде әкімдік қызметкерлерінің барлығы жүрді. Осындай жанқиярлықпен жүрген адамдардың еңбегін қалай жоққа шығаруға болады? Кейбір адамдар әлеуметтік желіде осының барлығын жоққа шығаратын әңгіме өрбітіп, әкімдік қызметкерлерін айыптап жүр.

Жалпы алғанда, Арыстың қазіргі жағдайы шағымданатындай емес. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі, тіпті, қазіргі Арыс жарылысқа дейінгі Арыстан әлдеқайда көрікті, таза кейіпке енгенін айтады. Дегенмен, үйін әлі де жөндей алмай, қалалық әкімдік пен секторға жауапты лауазым иелерімен дауласып жүргендер де жоқ емес. Олардың арасында ортақ тіл табысу болмай жүргенге ұқсайды. Мәселен, үйдің егесі күрделі жөндеуді місе тұтпай, сырып тастап, орнына жаңасын салуды талап етеді. Ал құрылысшылар алдымен бар мүмкіндікті пайдаланып, үйді жан-жақты құрсаулап, мызғымастай етіп жөндеп бере алатындарын айтады. Ал егер шатырын алғанда қабырғалары құлап қалатын болса, амал жоқ түгелдей сырып тастап, жаңадан үй салуға дайын екенін алға тартады. Бұған, әрине, үй егелері сенгісі келмейді. Қалай болғанда да олар ортақ келісімге келмесе болмайды. Өйткені, осылай дауласып жүргенде жаз бітіп, қоңыр күз келді. Енді қылышын сүйретіп қыс та келеді. Өзі де ескіріп, тозығы жеткен үйдің орнына жаңасын тұрғызамын деп әлек болып жүргенде қақаған қыста далада қалу қаупі бар. Оның үстіне екі жарым айдан бері отбасыларынан жырақта жүрген секторға жауапты мамандар, құрылысшылар Арыста қыстамайтыны түсінікті. Олардың барлығы өз үйі – өлең төсектеріне қайтып жатыр.

  Біздің Арыста болып, көрген-білгенімізден көкейге түйгеніміз осы болды. Лайым, мұндай төтенше жағдай қайталанбасын деп тілейік.

  Сәуле Мешітбайқызы,

  Шадияр Молдабек,

 Түркістан облысы, Арыс қаласы.   

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.