Рухтары  ынтымаққа ,  бірлікке шақырады.

0
1402

Жақсыны ардақтау, оған қарап бой түзеу, кісілік қалыптастыру— күн тәртібінен түспейтін қоғамдық дәстүр талабы. Адамның  өнегелі ісі сөз болғанда ең алдымен ол адамның  белгілі әлеуметтік ортаның өкілі ретінде, ел жұрттың бір бөлшегі ретінде айғақталады. Жеке бас қасиеті ел-жұрт мүддесімен ұштасып жатса оны  азамат деп атайды.  Азамат атану қазақ қоғамында ең мәртебелі атақ,  абырой болып есептелетін. Заманының азаматы, жетісулық тарихи  тұлға  Ер Шағаман батыр  Еламанұлының  орны ерекше деуге болады.  Батырдың тұлғалық рөлін білу үшін,алдымен батыр өмір сүрген заманды, қазақ жерінде болған тарихи жағдайларға   қанық болуымыз  керек.  Бұл заман халқымыз үшін елдіктен айырылу,  қазақ мемлекеттілігі үшін құлдырау,  орыс патшасының отаршылдық  саясатының күннен-күнге өрлеу үстінде болғанын,  көрші екі мемлекеттің  қазақ халқы мен  жоңғар қалмақтарын біріне-бірін айдап салып,  қазақтың мемлекеттілік  нышанын қалдырмау үшін жасаған кезеңі  еді. 

Тарихта ХІІІ ғасырда бүкіл Деш­ті Қыпшақ – Жошы ұлы­сы атала басталады. М. Х. Дулати «Тарихи и Рашиди» еңбе­гін­де: «..Деш­ті Қыпшақты Әбіл­қайыр билейтін еді. Ол Жошыдан тара­­ған сұл­тан­дарға тыныштық бермеді. Жәнібек пен Керей одан Мо­ғол­станға қашты. Есен­бұ­ға оларды бауырына тартып,  Шу мен Қозыбасыдан жер бө­ліп берді, бұл Моғолстанның батыс аймағы еді», —деп жазған. Ұлы Орда, Маңғыт ұлысы, Сі­бір хандығы мен Моғол­стан ше­гін­дегі рулар бірігіп, ХVІ ға­сыр­дың бас кезінде Қазақ Ордасы хал­қы­ саны миллион – ға же­тті. Бұ­рын­нан этникалық бір­лік енді саяси тұрғыдан көрі­ніс тапты.

Тәуке ханнан соң жер-жерде беделділер өздерін хан деп жариялады. Кіші жүз­де – Әбілқайыр, Ұлы жүзде, Тәш­кенде ­– Жолбарыс, Түр­кі­стан­да – Сәмеке, одан кейін Әбіл­мәмбет Орта жүздің ру-тайпаларына билік етті. ХVІІІ ға­сыр­дың 20-40  жылдары Қазақ мемлекеті орнындағы үш саяси құрылымның ішкі жағ­дайы бе­рік болмады. Со­ның салдарынан 1635 жылы құ­рыл­ған Жоң­ғария мемлекеті мал ба­ғу­ға жайылым іздеп Батыр хонтайшы тұсында қазақ-жоң­ғар арасында 1635, 1643, 1652 ж.ж.  ірі соғыс болады. Сенгеден кейін, Г. Бошокту Шы­ғыс Түркістан­ды ба­ғын­дырады, 1680–83 ж.ж. Сайрам қаласы, Ош пен Ән­ді­жан өңірлерін тонайды. 1697 жылы С. Рабтан тонауды бас­қын­шы­лық сипатқа ауыс­тырып, 1698, 1711-1712, 1714, 1715 жылдары ірі жорық­тар жа­са­ған.  1723–25 жылдарды қа­зақ хал­қы «Ақтабан шұбырын­ды, ал­қакөл сұлама» деп ата­ған.

Бірлік бар жерде алынбайтын қа­мал болмайды. Қа­зақ­тың сол тұстағы барлық батырлары мен билері белсене араласып, 1726-1727 жылы Сарысу сағасы Бұланты өзе­ні бойы Қа­ра­сиырда үш жүз­дің жа­сақ­тары жоңғарларды же­ңе­ді. Бұл жер «Қалмақ қырылған» деп аталған.  Ертіс пен Есіл  бойында  жоң­ғар­  шап­қын­шы­лық­тары 1739 жылы күзде басталып, 1740 жылдың қысына дейін жал­ғасады. 1741 жылы  30 мың жоңғар әс­ке­рі мен ноян Септен қон­тай­шы ұлы Лама-Доржы Тобыл, Есіл өзе­ні­не дейін барады. Орта жүз сұл­та­ны Абылай  (1742-1743 ж) жоң­ғар­лар­ға тұт­қын­ға алынады. Ба­рақ сұл­тан­ның жаса- ғы жеңі­ліс­ке ұшы­рай­ды. Атақ­ты батырлары тұт­қын­ға түсе­ді, ұрыс үстін­де қа­за табады. Ел қат­ты күйзеліске ұшы­рай­ды. 1723–1745 ж.ж.  сардар Қо­жа­бер­ген мен Асқап ордабасы­ басшылығы мен Шортанды мен Түмен арасын­да­ғы, Аман­қа­ра­ғай мен Үш­бұ­лақ, қа­зір­гі Омбы мен Новосібір облысымен шектесетін жеріндегі қо­ныс­тар­ды басқыншы­лар­дан 1745 жыл­дың жазының бас ке­зін­де то­лық тазар­тқаны бел­гі­лі.

Жоңғар қалмақтары қа­зақ­тан жаулап алған жерлер­де қо­ныс­та­нып қалып отыр­ған. Солар тұр­ған, не өлген жерлер әлі күн­ге Тастақ, Қастек, Боралдай, Баян­қол, Шамалған, Қас­ке­лең атымен аталуда. Оларды басып ал­ған жерден қуып шы­ғу оңай­ға түс­кен жоқ. Тұт­қын­дар ішін­де­гі қыз­дар­ға қа­зақ жі­гіт­тері үйле­ніп, қа­зақ-қал­мақ құдандалы туыс­тық жолымен қатар өмір сү­ріп жат­қан жерлер де бол­ған. Сон­дай қал­мақ­тың бірі – На­сыр­қал­ша. Ол қазіргі Шелек ауылы тұр­ған Қоянды деген жерде бе­кі­ніс салып, сыртынан айналдыра терең ор қа­зып, оған су жіберіп, қорған жа­са­ған. 6 мың­дай серігі бол­ған. Сол өңір­де­гі жер­гілікті қа­зақ­тар­ға  На­сыр­қал­шаның тізесі әб­ден батады. Халық­ты жылан­дай сорып, аяусыз қа­нап, са­лық­тың тү­рін кө­бейтіп, малын, ас­ты­ғын күш­пен тартып алып, ойына келгенін істе­ген. Көзіне кө­рін­ген жылқы­ның тұлпары, әйел баланың әде­мі­сін тартып алып отырған. Қал­мақ­тың қара бұжыры, қара қүш ие­сі На­сыр­қал­ша­мен Еламан­ұлы Ша­ға­ман жекпе-жекке шы­ғып, қа­зақ батыры бұжырдың басын ке­сіп алған. Жетекші­сі­нен айы­рыл­ған қалмақтар келесі күні елден қа­шып, шығысқа кетуге мәжбүр болады.

Шағаман батыр тұлғалы, ірі де­не­лі, сөзге сараң, кең­пейіл бол­ған. Кенже інісі Найманбайды жақсы көріп бірге ер­тіп жүр­ген. Қалмақ баты­ры­ның басы салынған атдорбаны ауыл ақсақалдарының алдына әкеліп тастағанда үлкен­дер: «Айналайын, батыр Ша­ға­ман! Ен­ді тілегіңді айт» дегенде, Ша­ғ­аман жақсы көре­тін іні­сі – Найманбайға бата бе­руін сұ­рап­ты.  Ауыл ақ­са­қал­да­ры­нан ақ бата алған Най­ман­бай ұр­па­ғы­нан кейін атақ­ты адамдар, бай, батыр да көп шық­қан.  Шағаман атамыз ат құлағында ойнаған, жылдам  қимылдай тын, епті болған екен. Бірде  Ойрантөбеде қалмақтармен соғыста астындағы аты жараланып,  жығылып қалғанда, жанына жетіп келген қалмақтың атына секіріп мініп қалмақты қанжармен бауыздап аттан лақтырғанын аталарымыз аңыз қылып айтып отыратын. Күресте жамбасы жерге тимеген.

Шағаман орта жүзде  бол­ған үл­кен шай­қас­та қаза болып, сүйе­гі сол өңірге жерленген екен. Қа­ра­ған­ды облысы  Нұ­ра ауданы «Ша­ға­ман» ауылы ке­ңес­тік ке­зең­де      «1 Май» атанған, ел тәуел­сіз­ді­гі­нен кейін ел­ді–мекеннің атауы қай­та жаңғырады. Батыр – бә­рі­не ортақ. Жергілікті жұрт Ша­ға­ман рухын қадірлеп, қас­тер­леп, киелі деп санап келеді. 2005 жылы шілденің  14-і күні  Ар­ғын руының   Құлымбет тарма­ғы­нан тарайтын Шора Бекенов қа­рия: «Біздің елде Шағаман ба­тыр­дың есімі ерекше ардақталады. Оның Ұлы жүз Үйсін руынан шық­қа­нын білетінбіз. Шаға­ман баба секілді батырлар бай­тақ қа­зақ жерін қорғаған. Ел басына күн туғанда алты Алаш­тың баласы осылай тізе қос­па­са, мына өл­ке ұрпаққа мұра болып қа­лар ма еді?! Бабалардың ірі­лі­гі, намыстылығы, бауыр­мал­ды­ғы бү­гінгі ұрпаққа үл­гі бо­лу­ға тиіс. Бөлінбей Қа­зақ­стан деген бір тілеумен өмір сү­ре­тін ке­зең қай­та басталды»- деген еді. Алматы облысындағы Ша­ға­ман батыр ұрпақтары, ел қор­ғау жолында туған жерден шалғай барып, мәңгілік қонысын тап­қан баба басына жергілікті тұр­ғын­дар­дың көмегімен ескерткіш қой­ды. Үш ғасырдан кейін тарих қой­на­уы­нан орта мызға орал­ған батыр бейнесі ұрпақ­та­ры­на үл­гі, мақтаныш болды.

2019 жылы шілденің 14 күні  Қарағанды облысына жол түсіп  Жетісудан  40 адам  , Шағаман Еламанұлының 315 жылдығына байланысты, баба  ұрпақтары  ата басына барып, бата қылып, дастархан жайып,  Шағаман ауылының тұрғындары мен қауышып, бабаны  еске алып барып қайтты. Аста  сөйлеген  адамдар: «Шағаман Еламанұлына аталарымыз тарапынан құрметтің өзі сонау 18 ғасырда  батырдың  денесінің биік дөңес жерге қойылуынан басталғанын ескертті. Бүгінде бабаның басына келіп ауру адамдар тәу етіп қонып кетеді. Жергілікті тұрғындар қорғаныш және мақтаныш тұтады. Ұрпақтарының алыс жерден келіп, басына аят оқытуы бабаларға деген құрмет, ел қорғауды халқымыздың бірінші мәселе етіп қойғанын, қасиетті қазақ жерін қорғау- әр азаматтың міндеті екенін  атап өтті. Зор ризашылықтарын білдірді!»—дейді батыр ұрпағы Елубай  Байқалықұлы.

Бұл – елдігіміздің бел­гі­сі. Жы­рақ­та жатқан ба­ба­ның орнын тауып, белгі орнату батыры бар қазаққа ор­тақ еке­нін білдіреді және қа­зақ же­рі­нің біртұтас екенін дә­лел­дей­ді. Бұған тағы дәлел, Есім, Жәңгір хандар се­рі­гі бол­ған Ағынтай батыр  Орбұлақ шай­қа­сына жетісулық Қарасай, Сар­бұ­қа батырлармен бірге қа­ты­сып, Жәңгір ханды қал­мақ тұт­қы­нынан бо­сат­қан. Ағын­тай мен Қа­ра­сай батыр­лар­дың сүйек­те­рі Сол­түс­тік Қа­зақ­стан облысы, Айыртаудағы Құл­шынбай тө­бе­сінде жерленген. Батыр Баян  Ер­тіс жа­ға­лауын­да, Қалба, Тар­ба­ға­тай ете­гін­де Шор­ға шай­қа­сы­на, Аягөз жанында Ақ­шәу­лі ұры­сына, Қытай әскерін Шы­ғыс Түр­кістанға шегіндірген ұрыс­қа қа­тыс­қан. Бейіті Қа­ра­ған­ды облысы, Қарқаралы ау­да­нын­да­ғы  Шекелек зиратында. Қарағанды облысы жерінде  ұрыста қалмақтардың қолынан қаза болған теріскейлік Мықтыбай Бекайдары қоныс тапқан. Абылай хан­ның серігі  Құ­ле­ке ба­тыр­ сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленген.

Бүгінде Шағаман батыр Еламанұлын  еске алғанда , «Алашпыз!» деп ел­дің әр ай­ма­ғы­нан атқа қонып, Отанын шап­қын­шы­лықтан қор­ға­ған батыр бабала рымыз тұлғалары көз алдымызда елестеп өткендей болады.  Қазақ халқы ел басына күн ту­ғанда бірігіп қиын­шы­лық­тар­ды жеңіп, үш ғасырдан  (1453-1781ж.ж.) астам өз мемлекеттігін, ұлан-ғайыр жеріне көз тіккен жаулардан сол батырлар­дың күшімен қор­ғап қалды. Ел тарихында тұлға­лар отар­шыл­дық­қа қарсы ұлт-азат­тық күрес­ті, жер тұтастығы мен ел азаттығы үшін күрес ті де ұйымдастырып, басшылық жасады.

Тарих, оны жасаған тұлғалардың рухы бір­лік­ке, ынтымаққа, бір жа­ға­дан бас, бір жеңнен қол шы­ға­ру­ға шақыруда.

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.