Қытай инвестиция салуға құмар: Бұл не қылған батпан құйрық?..

0
1409

Қытайлар айтқан алғы шарт

Жақында Қытай парламентінің спикері Ли Чжаньшу сенат спикері Дариға Назарбаева мен мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллинмен кездесуде Қазақ-Қытай арасындағы инвестицияны қорғау, кедендік рәсімдеу және жұмыс істеуге рұқсат беру, қолайлы инвестицияға мүмкіндік жасау туралы келісімдерінің жаңарған нұсқасын тез арада ратификациялау керегін айтқан. Бұл туралы 25 қыркүйекте «Xinhua» жаңалықтар агенттігіне» сілтеме жасап, «Азаттық радиосы» жарияланған-ды. Дегенмен, өзге қазақтілді БАҚ-тар арасында «үн қосқандар» көп болған жоқ. Тек қана Нұрлан Нығматуллин мен өткен кездесу туралы хабарлай келіп, «тараптар заңнамалық, әсіресе, реформалар мен инновациялық дамуды құқықтық қамтамасыз ету бағытында тәжірибе алмасуға келісті» дегеннен арыға барған жоқ. Бұл кездесу туралы арнайы мақала жазған авторлар, «Қытай спикерінің ұсынысында яғни «инвестицияны қорғау» деген сөздің астарында салмақты дүниелер жатыр» деген пікірге тоқталған екен.
Ли Чжаньшу ─ қазіргі ҚХР-дағы мемлекет басшысынан кейінгі маңызды лауазымда тұрған санаулы саясаткерлердің бірі. Оның нақты қызметі ─ Қытайдағы халық өкілдері құрылтайы комитетінің төрағасы. Аталмыш мекеме ҚХР-дағы ең жоғары билік органы болып табылатындығын ескерсек, Ли Чжаньшуды «елдегі екінші адам» деуге де негіз бар.
Оқырманға ой салған «инвестицияны қорғау» сөзін, қытай басылымдары «ҚХР-дың шетелдердегі инвестициялық мүдделерін қорғау» деп жазыпты. Ол өз ішіне «инвестордың мүддесі, қауіпсіздігі, келісімдегі шарттардың толығымен орындалуын қамтамасыз ету» сынды мазмұндарды қамтыған. Біз бұл тақырыптың, Қытай қоғамында талқыланып келе жатқанына да біраз жыл болғандығын байқадық. Қытай саясаткерлері аталмыш мәселенің күнтәртібіне көтерілуіне, Қытайдың жыл өткен сайын әлем елдерімен болған ынтымақтастығы, дүниенің түкпір-түкпіріне салып жатқан инвестициясының барған сайын артып, әлемдік рейтингте АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілгендігін алғы шарт ете отырып түсіндірген. Әрине, бұл сөздердің негізі жоқ деуге келмейді. БҰҰ-ның 2019 жылы маусымда таратқан «2019 жылғы әлемдік инвестиция туралы мәліметке» негізделгенде, «шетел инвестициясын тарту және әлем елдеріне инвестиция салу» жағындағы Қытайдың үлесі жоғары бағаланыпты. Қытайда шығатын «Халықаралық экономикалық ынтымақтастық» журналының 2017 жылғы 8 санында Хан Бинь атты ғалымның «Шетелдердегі инвестициялық мүдделерді қорғау» атты сараптамасын жарияланған. Мақала авторы Қытай Гуманитарлық ғылымдар академиясына қарасты Әлемдік экономика және саясат институтының Халықаралық инвестицияны зерттеу кафедрасының қызметкері екен. Автор өз сөзін «Инвестицияларды қорғау туралы екіжақты келісімдердің» маңыздылығын түсіндіруден бастаған.
«Инвестицияларды қорғау туралы екіжақты келісімдер, Қытайдың шетелдердегі инвестициялық мүдделерін қорғау механизмінің негізі және мазмұны болып табылады. Қазіргі уақыттағы қолданыста жүрген Қытай мен өзге елдер арасындағы келісімдердің басым бөлігіне 1980 және 1990 жылдары қол қойылған. Бұл кездері Қытай инвестицияны қабылдаушы ел тұрғысынан келісімге отырғандықтан, инвестицияның қорғалуын қамтамасыз ету дәрежесі салыстырмалы түрде төмен болды», ─ дейді. Яғни ҚХР-да нарықтық экономика жолға қойылып, шетел инвестициясын тарта бастаған тұста, шетел қаржысына, технологиясы мен озық басқару әдістеріне мұқтаж болып отырған өтпелі кезеңде жасалған келісімдердің ендігі жерде қытайдың мүддесіне «келіңкіремейтін» тұстарын өзгертуді қолға алуды көздеп отыр деп түсінген жөн.
Мақала авторы мұндай қажеттіліктің күнтәртібіне көтерілуіне бірнеше себепті алға тартады. Оның негізгілері жаһандық экономикалық дағдарыс, экстремизм, терроризм, сепаратизм және саяси тұрақсыздық, жұртты жаңсақ пікірге жетелеп отырған «Қытай қаупі» мәселесінің де айтарлықтай ықпалы бар екендігін жасырмапты.
«Әлемде терроризм қаупінің жалғасып келе жатуы, Еуропада босқындар мен экстремалды саяси күштердің көбеюі, Азиядағы геосаяси күрестің бәрі әлемдік тәртіптің көптеген сынақтарға ұшырап жатқандығын көрсетеді. Сонымен бірге, 2008 жылғы халықаралық қаржылық дағдарыстың ұзаққа созылуы ─ әлемдік экономиканың баяу және әлсіз өсімін келтіріп шығаруда. Осыған байланысты Қытайлық кәсіпорындар инвестицияны қабылдаушы елдер мен «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына қатысушы елдермен болатын ынтымақтастықта, саяси, экономикалық және құқықтық қатерлердің алдын алуға көп көңіл бөлуі керек» деген автор, әлемдегі тұрақсыздықтың басым бөлігі «Қытай тарапы ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» жобасына кіретін елдердің аумағында орын алып жатқандығын айтыпты. Алайда инвестиция салуда қауіптер бар.

Соңғы жылдары жолға қойылып жатқан, «Бір белдеу, бір жол» жобасындағы ауқымды инвестициялардың қауіпсіздігі маңызды мәселеге айналды, оны әрі қарай зерттеу қажет. Қытайдың шетелдік инвестицияларының қарқынды өсуімен Қытайлық компаниялар соңғы жылдары төңкерістерден, толқулардан, экспроприациядан, валюталық тұрақсыздықтан, экологиялық апаттардан және басқа «дәстүрлі емес саяси қауіптерден» зардап шекті. 2017 жылы Дүниежүзілік банк жариялаған «бизнеске қолайлы аймақтар» рейтингісіне негізделе отырып «Бір белдеу, бір жол» жобасына кіретін елдердің инвестициялық ортасын шамамен үш санатқа бөлуге болады. Біріншісі ─ Сингапур сияқты жақсы бизнес ортасы бар ел, екіншісі ─ Қазақстан сияқты қалыпты бизнес ортасы бар ел. Үшіншісі ─ Мьянма сияқты іскерлік ортасы салыстырмалы түрде нашар ел.» Осылайша көптеген маңызды себептерді алға тартқан автор мұндай қажеттіліктің қатарына «валюталық тәуекелдің зияны» деген мазмұнды да қосыпты. Оның ішінде инфляция, девальвация, ішкі нарықтағы зат бағасының тұрақсыздығы секілді себептердің де маңызды екендігін алға тартады. «Мәселен, соңғы екі жылда Латын Америкасы мен Орталық Азиядағы жоғары инфляция деңгейі валютаның ұзақ мерзімді құнсыздануымен, сондай-ақ осы екі аймақтағы қытайлық инвесторлар ұшыраған «энергетикалық ұлтшылдық» және «Қытай қатерімен» өте тығыз байланысты. Африканың кейбір елдеріндегі қытайлық компаниялардың инвестицияларын қорғау туралы екіжақты келісімдері «тиімді қорғауды қамтамасыз ете алмайтындығын көрсетті». Яғни осындай қиындықтар салдарынан зиян шегіп отырған Қытайдың Ұлттық компаниялары мен кәсіпкерлердің қиындығын шешудің маңызды тетігі ретінде «Инвестицияны қорғау туралы екі жақтылы келісімдерді» жаңартып отырудың қажет екендігін алға тартқан.
Қытай басылымдары «инвестициялық мүдделерді қорғаудың қажеттілігін» өте көп мысалдармен келтірген. Әрине, бұл жерде «екі жаққа да экономикалық тиімділік жасау, ортақ даму, өзгелерге қол ұшын беру» секілді «ыстық ықыластарын» да бүкпесіз жеткізе біліпті. Біз солардың арасынан көзге шалынған маңызды дегендерін ғана қаперге алғанымызды ескертеміз.

Қолданар шара қайсы?

Біз «Қытайдың инвестициялық мүддесіне тиімсіздік туылса, оның салдары қандай болмақшы?» деген сұраққа да жауап іздеп көрдік. Көзге шалынған көп дүниелердің ішінен 2018 жылғы 11-12 мамыр аралығында Цзянсу провинциясының Чанчжоу қаласында өткен «Батыс Тайху (тайху көлі). Әлемдік компаниялардың дамуы форумында» ортаға тасталған пікірлер болды. Аталмыш форумда қарастырылған мәселелердің негізгілерінің бірі ─ Қытайдың шетелдердегі инвестициялық мүддерелін қорғау тақырыбында болған. Баяндамашылардың бірі Мэй Цзяньмин профессор (ШЫҰ-ның Қытайдағы кеңсесіне қарасты Халықаралық сот және әріптестік орталығының жетекшісі, Шаңхай саяси-заң институтының оқытушысы) өз ойын бүкпесіз жеткізген. Өзге баяндамашылармен салыстырғанда Мэй Цзяньмин профессор, Қытай инвестициясының экономикалық мүддесінен гөрі, қауіпсіздік жағына алаңдаушылық білдірген екен.«Бір белдеу, бір жол» жоспары ұсынылған кезде «инвестициялық мүдделерді қорғау және қауіпсіздік» жақтары ескерілмегендігін мойындауымыз керек. Осы тұрғыда, қауіпсіздікке қатер төндіредіретін мәселелер төңірегінде біраз зерттеулер жасадық. Мэриленд университетінде жаһандық терроризм туралы мәліметтер базасы бар. Біз 2000-2014 жылдар аралығындағы әлемде болған террорлық шабуылдардың санын талдадай отырып мынадай деректерді таптық. 2000 жылдан бастап 2014 жылға дейінгі 15 жылдың ішінде әлемде лаңкестік әрекеттерден қаза тапқандардың 65 пайыздан астамы қазіргі «Бір белдеу бір жол» бойындағы елдерде орын алған екен. Сондықтан Қытай тарапы ортаға қойып отырған бұл жобаға қарата лаңкестік шабуылдардың зияны тимейді деуге келмейтін секілді. Мысалы, Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізін алайық. Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізінің бағыты, шығыс немесе батыс сызығы болсын, қауіп-қатерге толы аймақ екенін түсінуіміз керек. Ішнара статистикалық деректерге сүйенсек, Қытай азаматтары Пәкістанда 20 рет террористік шабуылға ұшырап, 45 адам қаза тауып, кем дегенде 21 адамды жарақаттаған. 2015 жылы Қытай темір жол құрылысының басшысы Малиде атылған. Қытай азаматы Фан Цзиньху 2015 жылы «Ислам мемлекеті» содырларына қолды болған… Соңғы онжылдықта Қытай үкіметіде бірқатар шараларды қабылдады. Орталықтағы кейбір ведомстволарға осы мәселені шешу үшін тиісті тапсырмалар берілді. Мәселен, Сыртқы істер министрлігі мен Қоғам қауіпсіздік министрлігі бірлесе отырып мемлекеттік институт құрды. Қазір назар аударғым келетін нәрсе ─ Қытайдың шетелдегі мүдделерін қорғау. Қытайдың шетелдегі қауіпсіздік қызметі өте маңызды болғанымен, олар әлі де көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Солардың бірі ─ халықаралық қауымдастықта, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен бейбіт даму туралы ортаға қойып отырған стратегиялық жоспарларына күмәнмен қарайтындар бар. Кейбіреулер «Қытай қаупі теориясы» дегенді ашық айтып жатыр. Мұндай жағдайда, Қытай мүддесін қорғау туралы айтылымдар мен қолданатын шараларды қалай үйлестіруге болды? Бұл ойланатын мәселе… Екіншіден, қазіргі таңда Қытайдың ішкі ортасында ұлтшылдық тенденциясы үстемдік құрып келе жатыр. Ұлтшылдық ─ жаман нәрсе емес. Дегенмен асқына берсе тежеуге келмей қалатынын да қаперде ұстаған жөн. Қытай ұлтшылдығы бақылаудан кетер болса, шетелдердегі Қытай мүддесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Үшіншіден, біз Қытайдың заңды құқықтары мен мүдделерін конституция негізінде қорғауды жақтаймыз.
Профессор сөзінің қорытындысы ретінде «Қытайдың шетелдердегі мүдделерін және қауіпсіздігін қорғау» мәселесінде басты назарға ұстауға тиісті екенін былай жеткізіпті.
Біріншіден, жалпы ұлттық дүниетанымды басшылыққа алып, Қытайдың сыртқы мүдделерін қорғауды және шетелдегі қауіпсіздік жұмыстарын жүйелі түрде жоспарлауы керек. Сарапшылар мұны өте жақсы атап өтті, бұл үлкен идея ешқандай қиындық тудырмайды. Екіншіден, Қытайдың шетелдегі мүдделерін қорғау және қауіпсіздік жөніндегі жұмыста ұстануға тиісті негізгі қағидаларды белгілеңіз. Бірнеше принциптер бар. Біріншісі ─ заңды сақтау қағидаты. Біз елде қолданатын кейбір қытай әдістерін шетелде мүдделерімізді қорғауға пайдалана алмайтынымызды ұмытпауымыз керк. Екіншісі ─ халықаралық ынтымақтастық қағидаты. Шетелдерде орын алған мәселелерді шешу үшін, Қытай армиясын, Қытай полициясын шетелге жіберудің орнына, жергілікті ресурстарға сенім артуымыз керек. Қытайда «қанатты айдаһар жердегі жыланды жеңе алмайды» деген сөз бар. Демек шетелдегі қауіпсіздік жұмыстарында жергілікті ресурстарды пайдалану керек. Үшіншісі – мемлекет пен жеке меншік арасындағы ынтымақтастық қағидасы. Төртіншісі ─ ыңғайлы тәсілдерді қолдану. Бұл тек әскери мүмкіншіліктерді ғана емес, сонымен бірге мәдени тетіктерді, құқықтық негіздерді қолдана отырып шешу сынды кешенді шараларға жүгіну. Соңғысы – әскери күш қолдану. Алайда бұл мәселеге өте абай болу керек. Бұл жерде көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Мен бұл туралы көп айтпаймын. 2015 жылы шетелдерде барымтаға алынғандар саны бойынша Қытай 2-орынды иеледі. Неге? Әрине, біз қауіпсіздік шараларын ұтымды түрде ойластырып, қауіп-қатерлерді жою, экстремизм мен терроризм болғызбау үшін дипломатиялық, әскери, құқық қорғау және басқада «жұмсақ құралдарды» қолдана аламыз». Осылайша қауіп-қатерлерді шешу турасында ойларын айтқан профессор сөзінің соңында «күш қолдану» деген сөзді де пайдаланған. Алайда онысын майдалап жеткізуге тырысыпты. Яғни, «қажет болса…» деген батыл ойы да байқалып қалатындай…

Қытай әскері  «шекара  аттады ма?»...

2017 жылы 11 тамызда, әлемдік БАҚ-та Қытайдың Джибути республикасында салған базасына әскер аттандырғаны туралы жазылып жатты. Бұл хабарды Қытайдың СІМ де ресми түрде растады. Алайда «бұл әскери база» емес, тек қана Джибутидің қауіпсіздігін сақтау қызметіне көмекші қызметкерлер ретінде жұмыс атқарды. Бұл екі мемлекеттің басшыларының көп реткі талқылауынан кейін ғана жүзеге асқан жұмыс» деп сипатталды. «Қытай қарулы күштері шетелге аяқ басты» деп алаңдаушылық танытқан журналистерге қарата СІМ-нің өкілдері «АҚШ-тың шетелдерде құрған неше жүздеген әскери базалары бар екенін» еске салуды ұмытқан жоқ. Осы жаңалықтардан кейін «Қытай ендігі кезекте Пәкістанда әскери база тұрғызуы мүмкін» деген болжамдар да айтылған еді. Әлемдік сарапшылар Қытайдың әскери қуатын жоғары бағалап, олардың «әскери державаға айналғысы келетін ниеті бар екендігін» де жасырмайды. Алайда Қытай билігі өздерінің «әскери күшті, бейбітшілікті сақтау жолына ғана пайдаланатындықтарын» дәріптеумен келе жатыр.

PS:
Мұның барлығы да болашақтың еншісінде деген сөз. Дейтұрғанмен, «Қытай мүддесі», «Қытайдың шетелдердегі инвестициялық мүддесін қорғау» туралы сөздер мемлекеттік деңгейде дәріптеліп жатқандығы тағы бар. Жоғарыда айтылғандардың кейбіреулері ғылыми басылымдарда жарияланған салмақты материалдар екендігін, кейбірінің ғалымдардың ортаға салған пікірлері екендігін ескерсек, оның көп ұзамай мемлекеттік саясаттың тәжірибиесінде қолданыла бастайтындығын да ұмытпаған жөн дейміз.

Ерқазы Сейтқали

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.