«СЕРПІН» – ТЫҢ жобаға СЕРПІН БЕРЕ АЛМАЙ ЖАТЫР

0
1467

Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің орынбасары
Б. М. Сапарбаевқа Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшелері К. Мұсырман, Н. Сабильянов, З. Аманжолова біріккен депутаттық сауал жолдады. Сауалда «Серпін» жобасы тың бастамаға серпін бере алмай жатқандығы айтылды.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» – «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасының мақсаты ішкі көші-қонды реттеу арқылы жұмыс күші тапшы, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарындағы студенттер саны аз өңірлер мен артық жұмыс күші бар, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында орын жетіспейтін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздікті болдырмау болып табылады. Бұл бағдарлама өңірлердің ынтымақтастығын, олардың тұрғындарының өзара қарым-қатынасын күшейтіп, тұтастай алғанда, халқымыздың бірлігін нығайтуға да оң ықпалын тигізіп отырғандығы анық.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев үстіміздегі жылғы 17 мамырда өткізген еңбек және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жиында атап көрсеткеніндей, «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру да алдағы міндеттердің бірі.
Осы жайттарды сөз еткен депуттаттар осы бағдарламаны іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 9,5 миллиард теңге қаржының жұмсалу тиімділігі ешқандай сын көтермейтінін алға тартты. Себебі «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тәмамдаған түлектердің өздері білім алған өңірлерде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай емес екен. 2018 жылы жоғары оқу орындарын бітірген алғашқы түлектердің 23 пайызы ғана оқыған өңірлерінде жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, колледждерді тәмамдаған серпіндік түлектердің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған. Мәселен, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2018 жылы бітірген 145 түлектің 24-і ғана облыс аумағындағы білім беру ұйымдарында жұмыс істеуде, яғни 16,5 пайызы ғана. Сол жылы колледж бітірген 113 түлектің ішінде 6 түлек қана Жайық өңірінде қалған, яғни 5 пайызы ғана. Осы орайда «Серпін» әлеуметтік жобасы мен жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасының мақсаты біреу болғанымен, олардың арасында сәйкессіздік барлығына назар аударғымыз келеді дейді депутаттар.
«Атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары мектептерінің түлектерін басқа 9 облыста оқыту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша аталған облыстардан қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы мәз емес 4 облыс айқындалған. Осы ретте «Serpin.KZ» сайтындағы ақпаратты сөзбе-сөз келтірсек, «бүгінгі күні бұл жобаның дамуына кейбір аймақтардан қатысуға қарсылық білдірулері кедергі жасап жатқанын да айта кету керек».
«Біздіңше, жұмыс күші жеткілікті, демографиялық жағдайы жаман емес өңірлердің «Серпін» әлеуметтік жобасына онша ықылас танытпауын түсінуге болады. Өйткені, олар, ең алдымен, жергілікті мектептердің түлектерінің өңірлік университеттер мен колледждерге түсіп, мамандық алуларына және кейін жұмысқа орналасуына мүдделі. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін таппай отыр .
Мысалы, 2018-2019 оқу жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті оңтүстік өңірлерден келген 260 студентке жатақханада орын болмағандықтан, олар үшін Петропавл қаласындағы жеке пәтерлерді жалдауға мәжбүр болған. Сол үшін университеттің өз қаражаты есебінен серпіндіктердің әрқайсысына ай сайын 15 мың теңгеден (ай сайынғы жалпы сомасы 3,9 миллион теңге) өтемақы төлеуге тура келген. Осыған орай, Сіздің қарауыңызға мынадай ұсыныстарды енгіземіз:
1. «Серпін» әлеуметтік жобасын жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару қарастырылған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен сәйкестендіру қажет. Атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасына қатысатын облыстардың санын қысқартып, тек жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын қоныс аудару көзделген жұмыс күші тапшы 4 өңірді – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын ғана қалдырған жөн деп ойлаймыз;
2. Қоныс аударушылардың отбасыларындағы мектеп бітіруші түлектерге «Серпін» әлеуметтік жобасына бірінші кезекте қатысу құқығын берген жөн. Бұл осындай балалары бар қоныс аударушы отбасылардың барған өңірлерінде тұрақтап қалуына оң әсерін тигізетін қосымша әлеуметтік қолдау болар еді.
3. «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға түсушілерді қабылдайтын университеттер мен колледждердің студенттік жатақханаларындағы орын жетіспеушілігі проблемасын арнайы қарастырып, оны шешу үшін қажетті шараларды қолдану қажет. Бұл проблеманы оқу орындары мен жергілікті студенттердің мүдделерін ескере отырып, оларға теріс әсерін тигізбейтіндей етіп шешкен жөн». Депутаттар осылай деп халықтың талап-арызын үкіметке жеткізуге күш салуда.
Бір кезде елдің көңілінен шыққан «Серпін» жобасының осыншалықты кіріптарлық күй кешуі – билікке сын! Өйткені мемлекеттік идеологияның кең етек жайуына «Серпін» кең ауқымда серпін беретіні айдан анық еді. Енді оның да шатқаяқтай бастауы көңілге күдік ұялатады…

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.