МӘЖІЛІС СПИКЕРІ НЕГЕ АШУЛАНДЫ? НЕМЕСЕ, МИНИСТРЛЕРДІҢ БОС БЕЛБЕУЛІГІНЕ КІМ КІНӘЛІ?

0
1219

 Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин ел үміт артқан министрлерді сұрақтың астына алып, олардың жұмыстарындағы көзге шыққан сүйелдей көрініп тұратын кемшіліктерін айтудай – ақ айтып келеді. Бірақ «Баяғы жартас – бір жартас» демекші, Парламентке дайындықсыз келу, ел бюджетінің дұрыс қаралмауы, өзге де толып жатқан әттеген – айлар алдымыздан шығуын қояр емес. Көпке топырақ шашқымыз келмейді. Шенеуніктердің бәріне бірдей күйеде жағуда ойымызда жоқ. Алайда дүйім жұрт сенім артқан дөкейлердің тегіс жерде сүрініп жатуы – әбестік екені даусыз.

Жуырда   Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин палатаның пленарлық отырысында бюджет қаражатының дұрыс игерілмеуіне байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қатаң сынға алды.

«Бақсам, бақа екен» демекші, бақсақ сумен жабдықтау және гидротехникалық ғимараттар құрылысы мен қайта құру бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі елеулі қысқарыпты. Барлық салалар мен көптеген нысандар бойынша 19,4 млрд теңгеден 10,1 млрд теңгеге дейін төмендеген көрінеді. Бұл жайлы депутат  Сергей Симонов құлағдар етпегенде, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалар ма еді. Ең әбестігі,  бюджетке түзетулер енгізу кезінде мұндай өзгерістер қарастырылмағандығы.

Депутатқа кезек берелік. «Сонда 2019 жылға арналған бюджетті игеру бойынша үкімет есебінде 99,99 пайыз көрсету үшін аталған түзетулер жасалатын болып тұр ғой. Барлығы әдемі көрінеді, бірақ нәтиже жоқ. Қорыта келе, біз Елбасының 2020 жылға қарай елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша бағдарламасын жүзеге асырып жатқан жоқпыз. Аталған мәселе бойынша бөлінген қаражаттың 50%-ы игерілмеуі немен байланысты? Бұл бюджетті жоспарлаудағы шала жұмыс па әлде сапасыз орындаудың нәтижесі ме? Бұған кім жауапкершілік алады?», – деді ашынған Сергей мырза.

Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі бұл жағдайдың жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз жасалуынан туындағанын жеткізіп, аталған мәселені бақылауда ұстауға сөз беріп құтылып кеткісі келіп – ақ еді. Осы сәтте бәрін жіті бақылап отырған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин министрдің бұл мәселені «бақылауда ұстамай», іске асыруға тиіс екенін атап көрсетті.

«Бұл мәселе біздің «бақылауымызда болады». Ал сіз оны іске асыруға тиіссіз. Сіздің жауабыңыз жөнсіз. Сіз депутаттың айтқанын қайталап отырсыз. Айналшықтамай себебін айтыңыз. Министрлікте тендер өткізесіздер ме, жоқ па? Депутаттың атап көрсеткен сандарын қараңыз. Жоспарланған қаражаттың 50 пайызы игерілмеген. Бұл қалай болғаны?

Менің ойымша, бұл министрдің аталған жұмысты қалай ұйымдастыру керек екенін түсінбеуінің нәтижесі. Бұл іспен кәсіби түрде айналысу керек», – деп министрді тығырыққа тіреді. «Аузынан сөзі, қолтығынан бөзі» түскен шенеунік барлық мәселені оңтайлы шешуге уәде беріп құтылды.

Тап осы күні Мәжілістің жалпы отырысында төраға Нұрлан Нығматулин Елбасының берген тапсырмасын уақытында орындамаған білім және ғылым министрінде аямады.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар талқыланды. Отырыста депуттардың бірі колледждер мен университеттерді ең танымал мамандықтар бойынша модернизациялауға және оқытудың халықаралық тәжірибесін енгізуге бағытталған «Жас маман» жобасының іске асуына байланысты әңгіме қозғады. Сөйтсек, бұл жобаға бөлінетін қаражатты азайту жоспарланған екен, өйткені оны жүзеге асыру тәртібін анықтайтын ережелер уақытылы бекітілмеген болып шықты.

«Әріптестер, бәріміздің есімізде шығар 23 қаңтарда Елбасы жастар жылын салтанатты түрде ашты. Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке «100/200» қағидаты негізінде «Жас маман» бағдарламасын қабылдауды тапсырған болатын. Қаңтардан бері 9 ай өтті. Білім және ғылым министрлігі әлі жұмысқа кіріскен жоқ. Мұның себебі тіпті күлкілі. Былайша айтқанда «банальная волокита», – деді Нығматулин.

«Сондағы қаулы 1,5 беттік қағаз. Соны 4 ай бойы жазып шығыпты. Арада бір жарым ай өткенде министрлік ережесін бекітті. Сосын тағы 2 ай өткенде үш министрлікпен келісімге келеді. Әйтеуір қыркүйекте әділет министрлігі бұл бұйрықты тіркеген», – деді күйінген спикер.

«Бір құжатты қабылдау үшін 9 айға жуық уақыт өтті. Мұндай уақытта әйелдер босанып, баласын да туып үлгереді. Ал сіз болсаңыз бір бұйрықты орындай алмай отырсыздар. Бұл еліміздегі бюрократияның жарқын үлгісі деп айта аламын. Осындай жастарды қызығушылығын оятқан маңызды бағдарламаны созып жүрсіздер. «Жастар жылы» аяқталып келеді, ал сіздер енді оянып жатырсыздар», – деді Нұрлан Нығматулин қату қабақпен.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»,  «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдауда, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен бюджет қаражатын дұрыс жоспарламаған министрлердің сөз естімегені аз. Спикердің «соққысы» мәдениет министріне де дөп тиді. Министрлік тарихи-мәдени мұраларды қалпына келтіру, ескерткіштер орнату жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 100 млн теңге сұраймын деп басы бәлеге қалды. Өйткені мәдениет министрлігі бұл шаруаны бәзбіреулерге жүктеп, сол арқылы мақсатқа жетуді көздепті.

Министрлерді әбден сынаған депутаттар бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға, дұрыс жоспарламауға жол бермеу үшін Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізуді ұсынды. Ендеше қазына қаржысын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапты басшыларға айыппұл салу да заң аясында шешімін табар күн тақау.

Қаншама сын тезіне салынғанымен парламентке келген заң жобасын депутаттар қолдап жіберді.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.