БЕС ПРЕЗИДЕНТКЕ СЫЙҒА БЕРІЛГЕН   «ЖАҺАН НАМА» КІТАБЫ

0
1267

Осыдан сегіз ғасыр бұрын жазылған әлемнің алғашқы географиялық кітабының үш тілдегі (қазақша, орысша және ағылшынша) аудармасы 2018-жылы тамыз айының 12-күні Ақтауда өткен «Каспий саммиті» қонақтарына – Каспий теңізі жағалауындағы бес ел президентеріне – сыйға беріліпті. Құнды жәдігер «Жаһан нама»  кітабын он жылдай жұмыстанып екі тілге (қазақ тілі мен ағылшын тілдеріне) аударған жерлесіміз Нияз Тобыш Қартбайұлы Иран Ислам Республикасының Гонбед Каус қаласында 1957 жылы дүниеге келген. 1975-1979 жылдары Тегеран Университетінде оқып ағылшын тілі факультетін бітірген.

Нияз университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Иран елінде тұратын қазақ жастарының көптеген іс-шараларына ұйтқы болды, әсіресе 1988 жылы Иран Ислам Республикасының он жылдық мерекелік шараларында қазақ жастарының басын қосып, өнер тобын құрып, республикалық сахнаға шығарды. 1991 жылы Тегеранда жыл сайын өтетін “Фәжр” музыкалық фестивалына осы топты әзірлеп, қатысуымен қатар сыйлық-дипломмен елге оралуына мұрындық болды.

Ол өз қандастарының ата мекендегі ағайындарымен байланыс жасауына, сол жақтағы белгілі ақындардың еңбектерін Қазақстанда жарық көруіне көмек жасады. Қалың парсы ішіндегі аз ғана қазақтың салт-дәстүрлерінің жоғалмауы үшін елден барған кітап-газеттерді оқып беріп, оқылуын үйретіп, туған топырақтың қадірін дәріптеумен қатар ел арасында насихат жұмыстарын жүргізеді.   Еңбек жолын Иран Ислам Республикасы Мазандаран облысындағы туған қаласы – Гонбед Каустың  орта мектептерінің бірінде  ағылшын тілін парсы тілінде сабақ бере бастаған.

Қазақстан елшілігі жүргізген Иран қазақтарын тарихи туған Отанына оралту барысындағы жұмыстарына белсене кірісіп, ұйымдастыру істеріне құлшына араласқан. 1995 жылы тарихи Ата Отаны Қазақстанға көшемін деп жұмыстан шығып сол жылы қазан айында Маңғыстауға көшіп келді. 1995 жылынан бастап Ақтау қаласының орта мектептерінде ағылшын тілінің оқытушысы болып қызмет атқарады. 2001-2002 оқу жылынан бастап қазірге дейін Ш. Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік Технологиялар және Инжиниринг Университетінде ағылшын тілінің аға  оқытушысы, магистр болып қызмет атқаруда.

2010 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы Бас Консудығының тікелей қатысуымен Ш.Есенов университетінде  “Парсы тілі кабинеті” ашылды. Негізі мақсат «Халықаралық қатынастар» саласындағы студенттерге парсы тілін үйрету. Өйткені Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган теміржолын іске қосумен ондаған сауда орталықтары ашылып, парсы тілінде кадр қажет болады. Нияз Тобыш аталмыш кабинеттің меңгерушісі, магистр, ағылшын тілі мен қатар парсы тілінен сабақ береді.

Жазылғанынан сегіз ғасыр өтсе де ешбір тілге аударылмаған құнды дүние «Жаһан нама» кітабы, 362 әулиелі киелі Маңғыстауда тарихта бірінші рет аударылып басылыпты.  Одан бері іздеушінің жоқтығынан, демеушінің табылмауынан асыл қазынамыз сырын ішіне бүгіп жатыр.     Құндылығымызды арттыратын, ел беделін көтеретін мұндай дүниенің еленбей қалауы ұлт руханияты үшінде үлкен сын болғалы тұр. Қазақтың атын айға бір-ақ шығаратын асыл мұра қалың оқырманның қолына жету үшін, ұлтжанды демеушісін күтуде.

Сол үшін де редакция атынан осы «Жаһан нама» кітабына жарнама жасап отырмыз. Ондағы мақсат – шыққан тегімізбен, ұлан байтақ жеріміздің, ата-баба еріміздің түп-тарихын келешек ұрпақ білсе деген ізгі ниет. Сөзіміздің соңында  Маңғыстау облысы әкімі   С. Трұмов бастаған намысты, табысты азаматтар  құнды кітапты қайта жаңартып басып, ел игілігіне  айналдыруға күш салады деп сенеміз.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.