Жастар бойында антиэкстремистік сананы қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
828

Алматы Менеджмент Университетінде  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизмнің алдын алу мәселелеріндегі жастардың рөлі» екі күндік оқыту семинары өтіп жатыр.    Шараның негізгі  мақсаты – жастардың бойында антиэкстремистік сананы қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру,  жастар арасында  радикалды және деструктивті діни идеялардың таралуына  жол бермеу. Спикерлер ретінде “Дінтанушылар конгресі” қоғамдық ұйымының сарапшысы Мейрам Иманбаев пен белгілі блогер, медиатренер  Яков Федоров дәріс беруде.

Дінтанушылар конгресінің сарапшысы Мейрам Иманбаевтың айтуынша,  мұндай шараларды Дін істері комитеті жиі ұйымдастырып келеді.  “QAZAQSTAN WITHOUT EXTREMISM!” жобасы бойынша семинар Қазақстанның бірқатар өңірінде  өткізілмек.  “Қараша айының соңына таман біздің семинарымызға қатысқан жастар бұл тақырыпты қалай түсінеді және қалай қабылдайды деген мәселе бойынша шығармашылық әлеуетін қоса отырып, ақпарат құралдарында мақала немесе әлеуметтік желіде жазба қалдыра алады. Сондай-ақ, бейнеролик түсіру арқылы өңір жастары ұсыныстарын жіберуіне болады. Яғни, жастар антиэкстремистік қозғалысы көшбасшыларының арасында “Әлеуметтік желілердегі үздік пост-жарияланым”, “Діни экстремизмге қарсы әрекет бойынша үздік креативті акция”, “Еріктілер қозғалысының үздік ұйымдастырушысы” аталымдары бойынша байқау жарияланды. Біз соның ішінде іріктеу жүргізу арқылы қараша айының аяғында жобаны қорытындылаймыз”, – деді сарапшы Мейрам Иманбаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің зайырлы мемлекет екендігі, біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір ұстанымдар мен нормаларды түрлі жолдармен тықпалайтын әрекеттерге жол берілмейтіндігі атап көрсетілген болатын.  Сарапшы Марат Иманбаевтың  пікірінше,  діни радикализм мен экстремизмге қарсы ақпараттық тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жастардың мемлекеттің зайырлы қағидатына деген құрметін күшейтуге болады.

“Дін саласындағы радикализм мен экстремизм жайында айтқанда көп жағдайда мемлекеттік органдардың тиісті атқаратын функциясы бар. Ал Дін істері комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың негізгі жұмысы – халықтың, әсіресе жастардың бойында діни радикализмге қарсы тұруды ақпараттық тұрғыдан түсіндіру керек. Осы арқылы біріншіден, мемлекеттің зайырлы қағидатына деген құрмет күшейеді,  екіншіден, дәстүрлі дініміз бен тарихымызды ұлықтаймыз, үшіншіден, құндылықтарды нығайта отырып, қоғамда дінді біржақты түсінетін көріністерге тойтарыс бере аламыз”, – дейді М. Иманбаев.

Семинардың екінші бөлімінде  медиатренер  Яков Федоров   «Әлеуметтік желілердің экстремизмге қарсы әрекет ету жұмысындағы әлеуметтік коммуникация мен ақпараттық алмасудың тиімді құралы ретіндегі рөлі» лекциясы аясында әлеуметтік желі психологиясы жайлы сөз қозғады.  Блогер  қоғамдық пікірді қалыптастыру немесе сананы манипуляциялау құралы ретінде жаңа медиа түрлерін таныстырып, нақты мысалдармен түсіндірді.   Радикалды көзқарастарға қарсы әрекет ету жөніндегі жұмыс стратегиясы айтылды,  әлеуметтік желілердегі волонтерлік ұйымдардың жұмысы да сөз болды.  Дәріс соңына қарай  Яков Федоров әлеуметтік желілер арқылы студенттердің өздері секілді жастармен тікелей диалогты қалай құру керектігін көрсетіп, сапалы контент жасауға ат салысуға шақырды.

Qazdauiri.kz 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.