Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауы тиіс

0
1283

Алматының даму мәселелерін талқылау үшін екі күндік жұмыс сапарымен оңтүстік астанаға келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сапар барысында ол «Жаңа Алматы» бағдарламасының тұсаукесерімен танысып, «Балалар үйінің» баспана кезегінде тұрған 12 тәрбиеленушісіне пәтер кілтін табыс етті.

Сонымен қатар Тоқаев «Tech Garden» инновация-лық кластерінің жұмысымен, Инвестиция үйінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сосын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне барып, онда оқу корпусы мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында болды. Артынан Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңеске қатысты. Жұмыс сапарының екінші күнінде Алматыдағы резиденциясында бірқатар кездесулер өткізді.
Алқалы кеңесте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына «Алматы – 2050» даму стратегиясының жобасын таныстырды. Кеңесте Алматы қаласын дамытуға қатысты көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, соларды атаған Қ.Тоқаев: «Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен… Қала бүгінде білім, ғылым, мәдениет және іскерлік орталығы ретінде дамып келе жатыр. Ірі экономикалық орталық және республикалық бюджеттің доноры. Еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен бірі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Қала инвесторлар үшін қолайлы ірі өңірлік орталыққа айналды. Қаланы әрі қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту – күн тәртібінен түспейтін міндет. Бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының жоғары өсімін қамтамасыз етудің маңыздылығы — басты міндет. Қаланың индустриялық аймағында 33 компания тіркелген және 156 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Қала әкіміне индустриялық аймаққа, әсіресе, жоғары технологиялық және экспортқа бейімделген жаңа жобалар тартуға, Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін пайдалануды тапсырамын. Еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыру үшін, шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен тез арада құтылуымыз керек. Бұл — үлкен сыбайлас жемқорлықтың қайнар көзі әрі елдің және Алматының беделіне әсер етеді. Қонақтардың шекаралық бақылаудан өткендігінің өзі — тіркеу. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, экологияны қорғау әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіш. ШОБ-қа жан-жақты қолдау көрсету, түрлі кедергілерді алып тастау міндеті қала әкімдігінің мойнында қала береді. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауы тиіс», – деп, нан мен ет өнімдерінің қымбаттауына жол бермеу керектігін қадап айтты. Қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыссыздық проблемасын шешу, медициналық қызмет көрсету ісін жақсарту, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын тез арада жою қажеттігін тапсырды. «Қаладағы кептелістерді жоюды автожолдарды қайта салу және кеңейту арқылы ғана емес, метро желілерінің санын арттыру және қаламен іргелес аудандарды қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы шешу қажет. Сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете отырып, «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер салу жұмысын бастау қажет. Қаланың экологиялық ахуалы мен ауаның сапасы мәз емес. Әкімдікке қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық түрлеріне көшіру ісін аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды жүзеге асыруды, ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, сондай-ақ, қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды тапсырамын. «Көк жайлау» тау шаңғысы курортын салу мәселесіне қайта-қайта оралмау үшін мен осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Қалада қылмыс деңгейі жоғары. Бұл жерде ұсақ құқық бұзушылықтар – ұрлық пен бұзақылықтың үлесі басым. Алматы қауіпсіз қала болуы керек. Жол қозғалысының мәдениетін көтеру үшін заңнамаға жазаны қатаңдату нормалары енгізілуі тиіс. Мемлекеттік басқару жүйесі ашық әрі қолжетімді болуы қажет. Жақсы, пайдалы заттарды қолдану керек, ескіргенін шығару қажет. Алматы әкімдігінен үлгі көрсетуін күтемін, әкім – үкіметті басқарған тәжірибелі басқарушы, оның қолынан келеді»,— деп сенім білдіріп, маңызды жобалардың іске асырылуына бақылауды босаңсытқан қала әкімінің бірінші орынбасары Ержан Қожағопановқа сөгіс жариялады.

Ермек Сахариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.