Ауылшаруашылығын дағдарыстан қалай шығарамыз?

0
619
Екі сиырмен отбасын асырай аламыз ба?

Ауылшаруашылығы министрлігінен тәжірибелі де батыл екі кадрдың—Ө.Шөкеев пен А.Евниевтің кетуінен соң  менің «дағдарысты саланы түзей аламыз» – деген сенімім пәс тартып, тауаным қайтып қалған еді. «Qazaqstan dauiri» газетіндегі «Екі сиыр айран емес, ойран болып тұр» «Н.Қабылбек, №34(1267) 29 тамыз 2019 жыл) деген мақала мені серпілтіп жіберді. Мақалада «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің отырысында экс–президент  Н.Назарбаевтың жұмыссыздарға «алақан жайып» көмек сұрай бермей, микрокредитке екі сиыр сатыр алып күнелтуге кеңес беруі, оқыс айтылған басқа сөздердің әлеуметтік желіде де, ел ішінде де қатты сынға ұшырағаны айтылған екен. «—Бұқараның саяси көзқарасы мықты ма, жоқ әлде нарық заманы екі бүйірден қысып жіберді ме, қарапайым ағайынның қабағы қатулы. Ойлары да түйдек-түйдек, сөздері де мірдің оғындай! Бұл пайымға Назарбаевтың мәлімдемелері қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікірлер туғызып  жатқаны айқын дәлел. «Нұр Отан» партиясы басшысының елді дүрліктірген бұл сөздері қаншалықты қисынды? Қандай негізге сүйенген? Мемлекет шынымен қаржылық қиындықты бастан кешіп жатыр ма? Әлде кедейленген әлеумет шектен шығып кетті ме? Ең қызығы, екі сиыр сатып алып, шиеттей бала-шағаны асырау мүмкін бе? Сұрақ өте көп.

 

…Экс-президенттің сөздерін тігісін жатқызып, түсіндіріп көрейік. Экс-президент дұрыс айтып отыр. Малға сүйену керек. Малдың сүмесіне сүйену керек деп отыр. Біз «Мерседес», «Тойота» шығарып әлемді таңқалдыра алмаймыз–деп, қолдан келетін ауылшаруашылығын меңзеп отыр.

Газет көтерген 6 мақалаға билік неге назар аудармады?

Бірақ, «әттеген-айы»–әрбір мемлекет ауыл шаруашылығын өзінің жергілікті, табиғатына орайластырып ұйымдастырады. Ал біз ауыл шаруашылығында «мемлекеттік» деген ештеңе қалмауы керек–деп «қабырғамызбен кеңесіп» емес, «қабырғамызбен егесіп» дағдарысқа ұшыраттық. Уақыттан ұтылып, ауыл шаруашылығының негізін құлаттық. Табиғатпен есептеспедік, «Сарыарқа көшіп жатыр»–деп жазды осы газет. Себебі не? Біз осындай жағдайға бір күнде келдік пе? Жоқ. Мен ыңғайсыздау болса да, тәжірибелі ауыл шаруашылығы маманы екенімді» агроном әрі зоотехник), жасымның 81-де екенін қайталап жазып келемін. Жасамыс ауыл тұрғыны болғандықтан ауыл шаруашылығының дағдарысқа тірелгені туралы дабыл қағып, 2015 жылы «Жас Алаш» газетіне «Аспаннан шұға жауса да…» деген мақала жазған едім. Баспады. Жағдайдың жылдан жылға ауырлағанына шыдамай 2017-2018 жылдары ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару туралы осы «Қазақстан дәуірі» аталған газетте 6 үлкен мақала жарияладым. Алғашқы 3 мақала шыққан соң («Ауылды кешенді түрде жаңғыртуымыз керек», «Ауылға мемлекеттің қамқорлығы ауадай қажет», «Ауыл халқы мал азығын қайдан және кімнен алуы керек?»). Президенттен бастап, 29 адам қол қойып, лауазымды тұлғаларға, Парламент депутаттарына 4 хат (жеті мекенжайға) және 36 газет жолдаған едік. Оның ішінде Президент Н.Ә.Назарбаевқа арнайы хат және 3 газет, Парламент мәжілісінің төрағасы Н.Нығматуллинге, Премьер-министр Б.Сағынтаевқа, Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке бір хат 3 мекенжайға және 9 газет, парламент депуттарына (Н.Сабильянов, Н.Дулатбековтер арқылы) арнайы хат және 18 газет, соңына облыс әкімі Ж.Қожанов пен Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы С.Апақашовқа 1 хат 2 мекенжайға және 6 газет жолданды. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігімен  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан келген жауаптарға қанағаттана алмадық. Себебі ауылдардағы нақты жағдайдан алшақ еді.

Екі сиырмен отбасын асырау мүмкін емес!

Енді осы мақалаға себеп болған «екі сиыр» мәселесін талдап көрейік. Екі сиырмен  отбасын асырау мүмкін емес. Мен микрокредиттің пайызына сенбегендіктен, қаладан ауылға шақырған, ішінде механизаторы бар жас отбасыларға  тікелей қаржыға 5 сиыр сатып әперіп «малдандыру» мәселесін көтерген едім. (Ұсыныс аталған мақалалардың үшіншісінде  айтылған). Расында да, орташа деңгейде күнелтіп, бала-шаға өсіру үшін қанша мал ұстау керек? Бұл туралы лауазымды тұлғаларда түсінік аз. «Екі сиыр» сөз етуге келмейді. Сондықтан Үкімет ауылға көшіп келген жас отбасыға 5 сиыр «сатып әперген» жағдайды талдайық. Бірінші жылы бес бұзау енесімен бірге қыстап шығады. Келесі жылғы күзде 1,5жасар  тайынша болады. Бірақ оларды жылма-жыл қабылдайтын шаруашылықтар (қазірде кооператив деп атап жүр ғой) барлық жерде бірдей ұйымдастырылмаған. Етке өткізсе, кір баспайды. Біреуін соғымға сойса–жетпейді.  Және тайыншаның етінен қуатты сорпа шықпайды. Түн асқан сорпа ертеңінде – «желе» (холодец) болып тұратынын әйелдер жақсы біледі. Еріксіз 5 тайынша тағы бір қыстап шығады. Биылғы туған 5 бұзауын қосқанда 15 бас болады. Екі қыстап шыққан соң 2-2,5 жасар бойдақ етке өткізуге, соғымға союға келеді. Бірақ олардың ішінен келешекте аналық болатын бір-екеуін алып қалады. Сонда қалған 3 бойдақ бір үйдің соғымына , үш жылдан бергі қордаланған қажеттілігіне  жете ме? Жетпейді. Сондықтан бұл отбасы қосымша 3-4 бие, 10 шақты қой-ешкі ұстауы керек. Сонда ғана мал басы айналымға келеді. Бұл есеп экс-министр Ө.Шөкеевтің ауыл шаруашылығын дамыту үшін 2017-2021 жылдарға жасаған жоспарына сәйкес келіп тұр. Дәлірек айтсақ, Шөкеевтің жоспары осы айтылған есепке сәйкес келеді. Міне, экс министрдің 100 мың отбасылық ферма құру туралы сөзі қайдан шыққан? Және қазіргі ауылдардағы жағдайға сәйкес дұрыс шешім.

Малдың басы Кеңес үкіметі кезіндегі межеге жетпесе де, халықтың тұрмысының жақсаруына, демографиялық өсімге жеткілікті болуы керек. Бірақ әр отбасындағы  сонша малды екі қыстатып шығаратын шөп қайда? Қайдан алуы керек? Міне, тақырып аяқтап келгенде ұсыныс-реформаға, қажет еткен өңірлерде халыққа жем-шөп өндіріп сататын «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құруға келіп тіреледі. Бірақ бұл жерде аттап өтуге келмейтін сұрақ бар. Ол-Жер мәселесі. Осының басын ашып алу керек.

Жерді сатсаң ұрпағың құл болады

Құрмақшы болып отырған шаруашылық мемлекеттік болғандықтан, жері де мемлекеттік болуы керек. Ал арыдан қозғасақ, жердің иесі – Құдай. Құдай оны тіршілік үшін жаратқан. Адамзат, жан-жануарлар дүниесі, өсімдік үшін. Бәріне ортақ! Сондықтан жер тек шетелдіктерге ғана емес, ешкімге де сатылмауы тиіс! Жер С.Кулагин, С.Терещенко, В.Школьник сияқты тағы басқа да алпауыттарға сатылып кеткен деп жүр. Бос сөз. Бұл-парламенттің батылы жетпеген, жете талданылмаған мәселе. Жерге баға жоқ! Олар мемлекетке жүздеген тонна алтын төлеп пе? Төлеудің де қажеті жоқ. Жерді жекешелендіріп алдық-деп, қағазбен бұрмалап меншіктеніп жүр. Жерді құдайға «көмектесіп» жаратпағандарын біледі. Сондықтан Парламентте өздерін  қатыстыра  отырып  талқылап, жерді «меншік», «сатып алған» деген сөздерді «жалға алған» деп қайыра рәсімдеу керек. Ел басына күн туса, өкімет олардан жерді қайтарып ала алмай масқара болады. Жер туралы заңға түбегейлі өзгерістер енгізу қажет.

«Жер мәселесінде дағдарып қалдық «деп» (Оралхан Дәуіт, «Жас Алаш» №34 (16428) 19 ақпан 2019 жыл) экс ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков шындықты жайып салды. Азамат бес жыл қатарынан министр портфелін арқалаған. Қателесіп тырған жоқ. Ауылшаруашылығына жарамды, малға ашық суы бар жерді 20 мың (кейінде 40 мың деп жүр) шаруа қожалықтары бөліп алған. Енді жаңадан  «Шаруа қожалығын» құрамын деген адамға бөліп беретін жер жоқ. Ал республика жерінің 74 пайызы шөл және шөлейт аймақтар. Өзінің қазіргі халқына жетпей отырғанда аз ғана жерді қалай жекеменшікке сату керек? Сонда халық саны қалай өспек керек? Ұрпақ құл болу үшін туа ма?Сондықтан жаңа парламенттің батыл кірісіп, басын ашып алатын мәселесі осы. Жер туралы мәселеге соңғы, дұрыс нүкте қойлмайынша, халықтың күпті көңілі, наразылық басылмайды. Басқа да әлеуметтік мәселелермен қосылып асқына береді. Ал асқынудың арты төңкеріс. Бірақ одан халық та, мемлекет те ұтпайды. Негізі, «Жер сату» деген сөз қайдан шыққан? Бұл–амалсыздан, жиі қарыз сұрап  барған  экс-президент Н.Назарбаевтың жер сатуды «қатты қолқалаған» қытай басшысының алдында айтып қалған сөзі болса керек. Бірақ өте сақ саясаткер «жер сату» туралы мәселеге бас жылға мораторий жариялап, сытылып кетті. Асылы, Ақтөбеде, Исатай-Махамбет алаңында жер сатуға қарсы шыққан, 4,5 мың адам қатысқан митинг дүмпуге Президент Н.Назарбаевтың «іштей қуанғанына» бәс тігуге болады. «Жер комиссиясы» жұмысын бастағанда  әркім әртүрлі ой айтты. Біреулері «қытаймен шекарадағы 3 шақырым жерді мемлекет меншігінде қалсын», – деді. Ал «Нұр Отан» партиясының хатшысы Мұхтар Құл-Мұхамед ұсынысты кесек тастады. «Екі аудан жері Шығыс Қазақстан облысынан, үш аудан жері Алматы облысынан мемлекет меншігінде қалсын»,– деді. Аңдаған адамға, Нұрсұлтан ӘБішұлы емеурін етпесе Мұхтар Құл-Мұхамед олай деп айта алмайды. Экс-президент ата-бабаның  қанымен келген жерді  халықтың сатқызбайтынын, өзінің де дәті бармайтынын білген…

Жерді жекеменшікке шетелдер де сатпайтынын, егер жерді жалға алған адам өзі игере алмаса, басқа адамға оны пайдалану құқығын ғана сататынын экс ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков жоғарыда айтылған  мақалада «тайға таңба басқандай» етіп айтып берді емес пе?

7 хатпен бірге сең қозғалды

Республиканың  ауыл шаруашлығын дағдарыстан шығару туралы жазылған «Айсбергті айналып өткісі келмеген кеме суға кетеді» деген жетінші мақалам шыққан соң «Қазақстан дәуірі, № 14 (1247) 2019 жыл) жаңа президент  Қ.Тоқаевтың атына арнайы хат жазып, газеттің екі данасын жолдадым. Аппарат бермей қалар ма-деп, интаграмдағы мекенжайына да жаздым. Президен әкімшілігі ол хатты ауылшаруашылығы  министрлігіне жолдаған екн. Министрлік өз жұмысынан көптеген мағлұматтар мен цифрларды келтіріп жауап берді. Менің ұсыныстарыма қатысты арнайы тақырыпшасын келтіремін.

Мал азығы шаруашылықтарын құруға қатысты

… Соңғы 5 жылда жемдік дақылдарды себу көлемі тек 333,2 мың гектарға өсті. АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2021 жылға қарай мал азығы дақылдарының егіс алқаптарын, оларды тыңайған және құнарсыз жерлерді игеру арқылы түбегейлі жақсарту жерлерінде орналастыруды ескере отырып, 4.4 миллион гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл ретте бір жылдық шөптер алқаптарын 1,0 миллион гектарға дейін, көпжылдық шөптер – 3,1 миллион гектарға дейін, сүрлемдік дақылдарды–244 мың гектарға дейін кеңейту жоспарлануда.

…Сонымен қатар, министрлік қажетті есептерді енгізген жағдайда мемлекеттік мал азығы бойынша шаруашылықтарды құру тұжырымдамасын қарастыруға дайын»,–дейді.

Бәрекелді! Ақырында, қайыра түсіндіре алдым-ау деп кеудемді кере дем алдым. Бірақ жалғыз адам ұсыныс реформаның  авторы) мұндай ауқымды шаруаның қажетті «есеп-қисабын» қалай жасай алады? Ол үшін алдымен бағдарлама үкіметте қаралып, бекітілуі керек емес пе? Аяқтап келгеде бұл жұмыс қаржыға келіп тіреледі.Түптің түбінде оған біреулер жауап береді ғой. Одан соң, «есеп-жоспарлау» бригадасы құрылуы керек. Ол бригада есепті жоғарыда, Астанада отырып емес, төменде, шашылып қалған ауылдық округте, тұрғындар көшіп жатқан жерде жасауы тиіс. Мақсат–елден көшіп жатқандарды тоқтату, амалсыз қалаға кеткен, отбасын асырай алмай жүрген  жастарды елге тартып, мал өсіруге жағдай туғызу. Аталған «есеп жоспарлау» бригадасының құрамына бүгінгі көзі тірі байырғы мамандар (агроном, инженер, экономист) да тартылуы керек.

Енді осы тәжірибелік алғашқы шаруашылықтарды құруды қай өңірден бастау керек деген сұрақ туаады. Мен (автор) 10 тәжірибелік шаруашылық, оның ішінде алғашқы төртеуін өзім жете зерттеп біліп отырған бұрынғы Қазыбек би ауданы жерінде  ұйымдастыруды ұсынған едім. Оған басы артық шығын шығармай, қажетті толықтырулар мен ауылдық округтің штатын пайдалануға болады. Атап айтқанда:

  1. Арқалық шаруашылығы. Орталығы Арқалық елді-мекені. Көрші Айрық ауылдық округінде бригадасын ұстаса жеткілікті.
  2. Н.Нұрмақов атындағы шаруашылық. Орталығы – Өсібай елді мекені. Көрші Абай ауылдық округінде бригадасын ұстау керек.
  3. Қаракөл шаруашылығы. Орталығы Қаракөл елді мекені. Көрші балқантау ауылдық округінің бос жатқан жерлерін қосуға болады.
  4. Қоянды шаруашылығы. Орталығы Қоянды елді мекені. Келешекте шабындыққа аса бай, малға ашық суы мол өңірді мал бордақылау шаруашылығына айналдыруға болады.
  5. Барлық жағдай да да айта кететін бір мәселе– «жекеге» үйреніп қалған адамдар жалға алған егістік танаптарын (ұқсата алмай отырса да) Үкіметке қайтаруға қарсы болуы мүмкін. Сондықтан түсінік жұмыстарын жүргізу керек.Олар балаларының мұндай өнімсіз ұсақ шаруашылықпен айналысып, өмірлерін өткізгісі келмей  қалаға кетіп жатқандарын біліп отыр.

24 мамыр 2019 жылы Парламент отырысында  (Тенгриньюз.кз) мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин республиканың ауыл шаруашылығындағы біраз кемшіліктерге тоқталды. «Біз статистикадан жылдан жылға ет және ет тағамдары импортының көбейгенін көріп отырмыз. Құс етінің 51 пайызын сырттан әкелеміз.Өткен жылы бұл көрсеткіш 191 мың тоннадан асты. Тіпті жылқы етінің импорты 2016 жылы 900 тонна болса, 2018 жылы 2,5 есе көбейіп, 2000 тоннаға жеткен,–деді. Барлық жағдай бола тұра, ірі экспортер болудың  орнына осылай импортқа тәуелдіміз»,–деді. Бұл жерде сиыр еті туралы айтпаса да түсінікті еді. Әрі қарай:

—Біз, еттің 33, сүттің 31 пайызын ғана өңдей алып отырмыз. Бұл өнімдермен өңдеуші кәсіпорындарды жүктеуіміз–60 пайыз төңірегінде, Ал Ресей мен Белорусияда бұл көрсеткіш 80 пайыздан жоғары. Осының дәлеліндей, бұл елдерден 6 мың тоннадан аса сары май, 22 мың тонна көлемінде сыр мен ірімшік, 6 мың тоннадан аса ет консервілерін жыл сайын 45 миллиард теңгеге сатып алып отырмыз. Өңдеуші кәсіпорындарға 76 миллиард теңге субсидия бере отырып, нарықта 45 миллиард теңгеге ұтылудамыз»–деді.  Мал шаруашылығы өнімдердің бұлайша азаюы–басты проблема жем-шөп базасының нашарлығынан, жайылымдарды дұрыс сақтап, пайдалана алмауымыздан екенін жеткізді.  «181 миллион гектар жайылымның 73 миллионы азып кеткен. Бұл–жалпы көлемнің 40 пайызы. Оның ішінде 27 миллион гектары толық жарамсыздыққа ұшыраған. Ауысымсыз, толассыз мал жайғандықтан елді мекендердің айналасындағы жерлер шөп көктемейтін тулаққа айналған…» «—Біз, жиынға қатысып отырған үкімет мүшелері мен парламент, осы проблемаларды шешудің жолын бірігіп іздейік»,–деп үндеу тастады. Көкейімде жүрген мұндай сөздерді Өкімет жиындарынан тікелей естімегендіктен спикерге риза болғанымды жасыра алмаймын. Ауылшаруашылығы министрлігіне С.Омаровтың Парламенттен барғанын еске алып, ауыл шаруашылығында бір сілкініс болар деп үміттендім. Азаматтар осылай төтенше  бас қосып шешпесе, ауылдар бұдан әрі азып, көшіп бітеді. Далада ел қалмайды. Үкімет қазірде ауылдарға барып, мал өсіре бастаған байларды медет тұтып отыр. Ал олар бұқараны ығыстырып барады. Малды түстеп танитын бірлі-жарым адамдарды ғана жұмысқа алып, еңбекақы талап етпейтін, тамақ үшін ғана жүрген қалғандарын вокзалдан, қиын балалар үйінен жинайды. Мал азығы мәселесін шешіп, жастарды елге шақырып, жағдай туғызса мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мәселесі өздігінен шешіледі.

 

«Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құруды ұйымдастыратын комиссия жасақталмас бұрын, Ауылшаруашылығы министрлігі осы тұрғыда дайындық жұмыстарын жүргізу  керек деп есептеймін. Біздің осы тақырыпта, Президенттерден бастап, лауазымды тұлғаларға арнаған барлық ұжымдық хаттарымыз бен менің сегіз мақаламды кішкентай кітапша етіп бастырып, таратуы керек. Онсыз бірер жиын-жиналыста бәріне ауызша түсіндіру және реформаның негізіне сендіру мүмкін емес. Бұл шаруаны қажетті қаржысын  беріп, «Қазақстан дәуірі» газетінің ұжымына жүктесе, олардың тыңғылықты орындайтынына сенуге болады. Ел аралап, байырғы тәжірибелі мамандармен кездесіп, бұл реформаға себепші болып жүрген олардың өздеріне де ғанибетті, қызықты болары даусыз.

Әрине «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құруға мүдделі өңірлер тек қана қана Қарағанды облысында ғана емес, басқа облыстарда да бар. Сондықтан оларға да ой салып, топшылауы үшін, айтылған кітапшаны бәріне де тарату керек деп есептеймін.

«Жекешелендіреміз» деп алғашқы қателікке ұрынарда (бір үйдің екі баласына  тегін екі отар қой берген де жағдайлар болған) атауы басқа болғанмен  «Нұр Отан» партиясы да ішінде жүрді. Сондықтан бұл партия ауыл шаруашылығын түзетіп ауылды қайта жаңарту шарасына белсене атсалысады деп ойлаймын. Ал енді ауылды апатты жағдайдан алып шығу шарасының тізгініне кім ие болу керек? –деген сұрақ туады. Ол –жоғары лауазымды, жігерлі, тегеурінді тұлға болуы тиіс. Бұл жауапты тізгінге, комиссия төрағалығына Парламент мәжілісінің төрағасы Н.З.Нығматулин лайықты деп есептеймін. Және елдің жағдайы екіталай болып тұрғанда тартынбайды деп сенемін. Бұған қазір көп түйткілдерді, көкейкесті мәселелерді шешуге … салып жүрген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев назарын аударса нұр үстіне нұр болар еді.

Қайыр Рахметуллин

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.