Алматыда республикалық жастар форумы өтті

0
1296

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумы өтті
Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Жандану әлемі» қоры, «Zhas Otan» жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар одағы, әл- Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырды.
Форум ҚазҰУ қабырғасында 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайынғы республикалық шара аясында «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэзиялық шығармалар және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы өтеді. Жастар жылында форум қоржынына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығына арналған қайырымдылық қағидаларын ілгерілету және үздік шығармашылық туындылар сияқты жаңа байқаулар қосылды.
Жастар жылы ─ жастар бастамаларын ынталандыруға және қолдауға жаңаша серпін берді. Форум қоржынына парасаттылық қағидаттарын студенттік ортада ілгерілету бойынша жобалар, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар өкілдерінің идеялары қосылды. «Биыл ұйымдастыру алқасына байқауға қатысу үшін еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Беделді сарапшылардан, қоғам қайраткерлерінен, мемлекеттік құрылым, БАҚ пен бизнес өкілдерінен, ғалымдар, дін, мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстар ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды», ─ деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын иегерлеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты беріледі, үміткерлердің шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарық көреді. Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне Вице-премьер Б.М. Сапарбаев. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О. Бектенов, ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаров, әл-Фараби ҚазҰУ ректоры академик Ғ.М. Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінен келген жастар қатысты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.