Адамзаттың Айтматовының құпия әлемі

Адамзаттың Айтматовының құпия әлемі

Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесінде: «Тентек күнде туады, кемеңгер мың жылда бір туа ма, жоқ па, туа қалса, өңшең қылышқа жақын қыршаңқысы көп қырсық ел оған тізігінін бере ме, жоқ па?..» – деген сөзі көп шуылдақтың ит ырылжыңы арасында беймәлім әлемдегі кемеңгердің ғұмыры мынау Шекспир жазған алатағанақ, сортаң, шоқалақ жерге жарамалғандай іспетті. Кемеңгер туса, ол жер жаһанды билеген әзәзілден қашып, Құдаймен мәжілістес болуға тумысынан тырмысады-ақ. Ықылым заманнан бір сүйекке таласып, мұжыған адамның мазмұнсыз өміріне данышпанның тууы Андерсонның таңғажайып ертегісіндей қызық. Сондай кемеңгердің бірегейі сүйегі әр жерде жиюсыз қалып, тұқым-тебері ұсақталған қазақ халқымен тағдырлас қырғыз халқының ұмыт қалған Ана-бейіттің тарихын тірілтіп, боркемік болған халқының рухын оятқан жазушы – Шыңғыс Айтматов.

 

Әжесі мен айыл ақсақалдарының аңыз әңгімелеріне ұйыған бала арманы

«Ленинчил жаш» газетінің 1935 ж. 5 маусымындағы санында «Шыңғыс шопыр болғысы келеді» деген тақырыппен сатирик-ақын Райхан Шүкірбековтің Ош балабақшасындағы бүлдіршіндерден алған сұхбаты басылып шығады. Сұхбатта жеті жасар Шыңғыстың өскенде шопыр болғысы келетіндігі, әмбе ойыншық машинадан гөрі болашақта абажадай үлкен көлік айдағысы келетіндігі жазылған (А. Ақматқалиев «Ш. Айтматов: Өмірі және шығармашылығы», 1991 жыл). Көрбалалық кезіндегі Шыңғыстың арманы орындалып шопыр болмаса да, адамзаттың бар қайғысын, мұңын, адамның жанын бір көлікке қыздың жиған жүгіндей қылып жинап, шашпай-төкпей оқырманға жеткізген сөз өнерінің падишасы болды.

Жазушы Шыңғыс Айтматов он жасында, 1935 жылы Мәскеуге оқуға кетіп, сол бойы оралмаған әкесі Төреғұл Айтматовтан айырылып, бозбала шағы анасы Нағима Айтматова және үш бауырымен бірге кеңестің «бәрі майдан үшін» деген бебеулеген ұраны арасында өтті. Келбеті, мінезі әм жаны бір-бірімен келісті болған әжесі Айымхан Сатанқызы, апасы (әкесінің қарындасы) Қарағыздың және айыл ақсақалдарының аңыз-әңгімесін тыңдап өскен Шыңғыс: «Адамның бала кезі тай-құлындай тебісіп ойнайтын шағы емес, балалық – адамның тұлға болуындағы ядро іспетті. Мен алыстан келген жирен сақалды, үстіне былғарыдан тігілген күртешесі бар орыс ер адамның сөзін, бір ауыз орысша білмейтін қырғыз айыл адамдарына аударып, балбырап піскен етті қолыма ең алғаш гонорар ретінде ұстатқанда бақандай бес жаста едім», – деген жазушының 1973 ж. жазған «Өзім туралы заметка» мақаласынан өмірдің поэтикалық сәулесін танып, сөз өнеріне құйтымдай кезінен ықыласты болғанын байқаймыз.

Шекер айыл мектебінде оқып жүріп-ақ жазушы ана тілімен қоса орыс тілін қатар меңгеріп, әдеби кітаптарды құныға оқып, Жамбыл зоотехникалық училищесінің қабырғасында жүріп, қазір сақталмаған алғашқы жыр шумақтарын жазған жас Шыңғыстың әдебиетке ең алғаш тәй-тәй басқан қадамы болатын. Кемеңгердің нағыз өнерге 1956 ж. КСРО Жазушылар одағына қарасты Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтының екі жылдық Жоғары әдеби курсына тыңдаушы болып қабылданған кезден басталғанын: «Егер мен Мәскеуге оқуға бармасам, повестерімде ешқашан жазбас едім», – деген сөзі дәйек бола алады.

Жазушының сөзінің жаны бар... Өйткені өзіңе дейін әдебиетті көзбен оқу бір бөлек, мәтіннің ішінен мәтін, жасырын ой іздеп оқу бір бөлек. Әдебиеттің теориясын, тарихын, мәтіннің текстологиясын меңгермей, композиция, экспозиция, кульминация т.б. секілді жазушының шеберлігін шыңдайтын суреттеулерге түсінік бермей жазушы болу мүмкін емес. Сократтың: «Өзі жазып жүрген дүниесіне түсінік бере алмаған ақын, тек дарыны мен өлеңнің ұйқасына сеніп жүреді», – деп айтып кеткен сөзі ең алғаш сөз өнеріне айтылған «сын» деуге болады.

1998 жылы Ш. Айтматов «Әлем ғылымына, мәдениетіне және өнеріне қосқан үлесі үшін» А. Эйнштейн атындағы Алтын медальмен марапатталады. Кемеңгер жазушының мұндай атақ алуға елшілік қызметінен бұрын, оның жалпы көрнекі өнерге, адамның беймаза өміріне бойкүйездік танытпай, адамзаттың ақиқатын, әуелгі Құдай жаратқан асқақ адами болмыс-бітімге оралу керектігін қаламұшынан тамған ойы үшін берілгені ақиқат.

Тарихи контекстке қарай өзгеріске ұшырап отырған апостол Иоанның ғаріпінде: «Әуелде Сөз болды, Сөз Құдаймен бірге болды, кейін Сөз Құдайға айналды» деген өсиеті қазіргі болмыс-бітімінен ажыраған жермешел адамның әуелде Құдай сияқты жасампаз жаратушы бола алғандығының белгісі емес пе?

 

Сынған айнадағы адамзат бейнесі

Ш.Айтматовтың     В.Левченкомен,         Анастасьевамен, М. Шахановпен,   Ришинамен, В. Кобышпен, Д. Шостаковичпен, өзіме ерекше  әсер еткен философ    М.П. Капустинмен т.б. осы тақылеттес философ, журналист, жазушылармен диалог құрған, бүгінде бөлек том болып басылып шыққан кітаптарда жазған шығармаларын, адамның әлеуметтік-психологиялық мінезін кеңінен талқылайды. Платонның «Мемлекет» еңбегіндегі Сократ пен Фрасимахтың сөйлесуі секілді, жазушының абстрактылы сұрақтарға реалист ойшыл ретінде жауап іздейтіні байқалады. Сол диалогтың бірінде «Адамзаттың Айтматовы»: «Әдебиет дегеніміз – адамның адам туралы әңгімесі», – деген бір ауыз сөзі оның көп туындысына түсінік береді. Ойшылдың шығармасында совет өнері де, интернационализм сарыны да, тіпті қырғыз-қазақ халқының қайғысынан бөлек, тұтас адамзаттың сынған айнадағы бейнесі суреттеледі.

Ш.Айтматовтың туындысын соғысқа дейін, соғыс ішінде, соғыстан кейін деп бөліп талдауға болады. Жалпы жазушының шығармасын талдамас бұрын, оның балалық кезіне үңіліп көрелік. Соғысты көрген балалардың сол дәуірдегі ересек адамға қарағанда психологиясының құбылуы оның алғашқы жазған шығармасынан байқауға болады. Яғни олар адамның әр кезде сатылап өсуі үдерісін соғыс басталғанда бір-ақ сәтте кешкен секілді. Орта ғасырда шіркеудің ықпалымен бала Иисустың бейнесін сүдінсіз, кеспірсіз етіп, әбден қалжыраған, аңылжыған ересек адамға ұқсатып салған секілді, Ш. Айтматовтың шығармасындағы бірден есейіп туған гомункул («кішкентай адам») баланың әрекеті оқып отырған адамды бей-жай қалдырмайды. Оның «Жәмилә», «Алғашқы ұстаз» сынды повестерінде бір жақты баяндау көбінесе жасөспірім баланың көңіл күйінен тарқайды. Жазушының алғашқы «Бетпе-бет» повесінде де майданнан қашып келген Ысмайылды үңгірге жасырмақшы болған Сейденің пұшайман болған әрекеті суреттеледі. Ысмайыл соғыстан не үшін қашты? Өйткені ол адамзаттың қайғысына субъект ретінде жауапкершілікті арқалағысы келмейді. Ысмайыл жаман да, жақсы да кейіпкер емес, ол әлемнің кез келген жерінде бар жиынтық образ. Ысмайыл Сейденің бойындағы екінші жан да болуы мүмкін. Өйткені Сейденің ылайдан беті көрінбей кеткен Ысмайылмен бетпе-бет келуі, өзінің ішкі һәм сыртқы мінезінің арпалысы деуге саяды.

Ш.Айтматов «Ветры, омывающие землю» атты 1973 ж. жарияланған мақаласында: «Қазіргі әдебиеттегі реализм оның кемелденуінің бір белгісі», – дей отыра, асқақ, әдемі, аңғал романтизм арқылы өмірді асыра сілтеп, шынайы өмірден тым ажырауға болмайтынын жазады. Айтматовтың шығармалары дат философы С. Кьеркегордың «Немесе-немесе» экзистенциализм теориясына ұқсас. Жазушы болашақта қазіргі адам кешіп жатқан бостыққа айналған еркіндіктің келетінін түйсігімен болжай білген адам. Адамның эстетикалық күйі мен этикалық әрекетін мағынасыз, мәнсіздікке айналған дәуірді суреттейді. Ойшыл-жазушы М. Горький зәттес әркімнің табанында иленіп жатқан қарапайым еңбек адамының ешқашан өнбейтін миының қозғалысын бипаздап жазады. Айтматовтың әдебиеті бәрі түсінікті, бірақ ештеңе түсініксіз.

Мысалы, «Жәмилә» повесінде Данияр мен Жәмиләнің Адам мен Ева жұмақтан қуылғаны секілді суреттегі рамкадан шығып бара жатқан ізі ғана қалады, «Алғашқы ұстаз» шығармасында Алтынай мен Дүйсеннің кіршіксіз махаббатынан екі терек қана сорайып қалады, «Құс жолы» туындысында Толғанайдың жары мен үш бірдей баласы соғыста қаза тауып, келіні Алиманның соңғы рет Құдайдың тыйым салған ағашынан Евадай жеміс үзіп жегені мәнзелдес, алманы бір тістеп, артынан әкесі белгісіз ұл бала қалады. Шығармадағы кейіпкерлер болмысы буалдырланып жоқ болып (небытие), белгісіздік ауруына ұшыраған.

 

Қасқыр – Тасшайнар, Аққұртқа, жылқы – 

Гүлсары, бура – Қаранар, мүйізді Ана бұғы

Жазушының 1982 ж. жазған «Адамның келбеті» («Лицо человека») атты мақаласында: «Ойлану – ол деміңді ішке тартып, толық демалу әм қозғалу. Қозғалыстағы адам – шығармашылықтағы тірі үдеріс», – деп айтуы оның «Ақ кеме», «Жан пида», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Тавро Кассандра» т.б. кемелденген кезінде жазған шығармалары соцреализм бағытындағы желімделіп, көнтеген түсініктерді бұзғанын аңғартады. Жоғарыда аталып кеткен жазушының шығармалары баяндау, айқындау, суреттеу жағынан басқа шығармаларынан қияпатты көркем.

Оған дейінгі жазылған повестерінде соғыс кезіндегі қаймыжықтай ғана ауылдағы кішкентай адамдардың тірмізік өмірін суреттесе, бұл роман-повестерінде адаммен бірге қасқыр – Тасшайнар, Аққұртқа, жылқы – Гүлсары, бура – Қаранар, Мүйізді Ана бұғы т.б. жануарлар мен пайғамбар Авдий, Найман Ана рәуіштес аңыз-эпикалық кейіпкерлер қосылған. Ата мен бала, жылқы мен адам, түйе мен адам, Құдайдың образына жақын пайғамбар мен адам, яғни бір-біріне қарама-қарсы кейіпкерлердің қайғыға, мұңға толы өмірі баяндалады. Бұл шығармаларды біріктіретін басты идея – Ф. Достоевскийдің реалистік шығармаларындағы кейіпкерлері секілді басқа адамның өлімін жоқтау, адамның қайғысына ортақтасу (сострадание) арқылы әуелгі болмысқа оралу және түрлі технологияның ашылуы адамның табиғаттан ажырауына себепші болғандығын меңзеу.

Ә.Кекілбаевтың 1966 ж. жазған «Күй» повесінде: «Жеңілген елдің талай батырының басына жеңген елдің иті сарыды», – деп түркімендерге тұтқынға түскен алты қазақ баласының шашын қылышпен сыпырып алынған тақыр басына жаңа сойылған ақ тайлақтың терісін кигізген тұсын жазушы қызыл кеңестің қазақ халқына төпелеп отырған оспадар саясатын ғажап бейнелейді. Тұқым тозып, ағайын азған заманда қазақ жазушысының осы мәңгүрттік түсінігін Ш. Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» романында жалғайды. Ерекшелігі – қазақ жазушысының шығармасында жол бойында белуардан жоғары жерге көміп, қылтиып мойыны қалған тұтқын күйшіні суреттесе, қырғыз жазушысы ақылынан адасқан екі есті ұлын іздеген Найман Ана эпикалық кейіпкер арқылы тереңінен қаузайды.

Орыс ақыны Борис Пастернактың «Весеннею порою...» деген өлеңінде: «Уходит с Запада душа, / Ей нечего там делать», – тармағы бар. Батыстағы мігірсіз қозғалыстан моральдық құндылықтардың құлдырауын Ш. Айтматов әжептәуір дауыстардан мысықтабандап, шығыс жанының селкеуленіп бара жатқанын жазып қалдырды.

Норвегияның Ресейдегі елшісі Ойвинд Нордслеттеннің: «Жазушылар – елдің ең үздік дипломаты», – дегені Шыңғыс Айтматовтай қаламымен адам көңілін тербеп қана қоймай, ең бірінші елшілік қызметін 1989-91 ж.ж. КСРО-ның соңғы төтенше және өкілетті елшісі, 1992-1993 ж.ж. РФ-ның Люксембургтегі елшісі, 1994-2008 ж. Қырғызстанның Бельгия корольдігіндегі, Нидерланд, Люксембург еліндегі елшісі болып қызмет атқарған жазушыға қарата айтылған сөз. Бішкек қаласындағы 16.07.1997 ж. «Ыстық-көл форумы – 97» форумында «Мәдениеттегі ұлттық және жаһандық. Мәдениеттің бірлігі мен айырмашылығы» атты жазушы шығыс пен батыстың мозайка тәрізді аса бай ұлттық мәдениетіне арналған баяндама оқиды. Ш. Айтматовтың баяндамасында неміс ойшылы И.В. Гётенің «адамзат – халықтан асқақ» деген сөзінен үзінді келтіріп, сол дәуірде белең алған «көпшіл» мәдениет туғызған национализм, расизм, сепаратизм, жалған патриотизм секілді көзсіз саяси идеологияға ермей, кейбір дүниелерге жаңа гуманистік көзқараспен қарау керектігін мінберден бүкіл адамзаттың атынан сөз сөйлейді. «Қазақтың табанына қадалған шөңге қырғыздың маңдайына кіреді», – деп Кремльде КОКП-ның кезекті съезінде 1986 ж. «Желтоқсан» оқиғасында қыршыннан кеткен жастарды қорғап, қазақ халқына деген ақ адал ниетін көрсетті. Айтматов сырдесте екі елдің пейілін кеңейтіп қана қоймай, жарадар болған адамзаттың әлемге деген махаббатын оятып, болашаққа саржалқын үміт жағып, әлем халықтарын рухани бауырлас болуға үлкен еңбек еткен кемеңгер жазушы.

 

Перизат САРИЕВА,

студент

 

19.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Екі достың арасын не бүлдірді?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 19.02.2026 74
Қариясын сыйлайтын ел едік
Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен ондаған медаль иегері, мемлекеттік қызмет ардагері - 19.02.2026 43

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23526
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23184
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39552
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36671
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40825