Алматы метросы туристер тамашалайтын нысандар қатарына кіреді, ең алдымен бекеттері өзінің сән-салтанатымен көз тартады. Алматы метросындағы ең терең (78 метр) «Абай» бекетінің интерьері айрықша әрленген. Бекеттің қабырғалары мен едендері ашық сарғыш және қоңыр мәрмәрмен қапталған. Флоренциялық әдіспен төселген мозаикамен безендірілген қола панель Платформаға сән беріп тұр. Бұл панельде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың рельефі бейнеленген. Алматы метрополитені – әлемдегі ең жаңа, бұрынғы Кеңестер Одағындағы Қазан қаласынан кейінгі және Орта Азиядағы екінші, Азия құрлығындағы іске қосылған соңғы метро болып отыр. Егер Ташкент метросын бүкіл КСРО республикалары жабылып салса, Қазан метросын бүкіл Ресей Федерациясы асарлап салды. Ал Алматы метросы Тәуелсіздігіміздің алып ескерткіші ретінде және өз күшімізбен салған ғажайып құндылық болуымен де бізге аса қымбат.
1988 жылы Алматы қаласы метрополитенінің белсенді құрылысы басталды. Бірақ 1991 жылы КСРО-ның ыдырауы және содан кейінгі шаруашылық және экономикалық байланыстардың тоқтап қалуы Алматы қаласы метрополитені құрылысының толық жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Бірқатар министрліктер мен ведомстволардың таратылуына байланысты көптеген сұрақтар шешілмей қалды. Осының барлығы метроны салу мерзімінің едәуір артта қалуына себеп болды. 1990 жылдар метро салуда өзіндік материалдық-техникалық және ғылыми базаны құру кезеңі болды. Аз қаржыландыруға қарамастан, аралық және эскалаторлық бекеттердің өткіштігі, терең орналасқан бекеттердің қазба жұмыстары, ал ең бастысы инженерлер мен жұмысшылардың тәжірибелі кадрлары сақталып қалды. 7 қыркүйекте Фурманов көшесі мен Октябрьдің 50 жылдығы даңғылының қиылысында сағат 4-тен 25 минут кеткен кезде экскаваторшы Ромсан Топаев «Средазстроймеханизация» тресінің 59-мехколлоннасынан Алматы метрополитенінің «Октябрьская» бірінші бекетінің құрылысы үшін алғашқы шөміш топырақты қазып алды.
8 қыркүйекте В.А.Брежневтің қолы қойылған Көлік құрылыс министрінің № 156-ОР бұйрығымен Алматы қаласындағы метрополитеннің құрылысы 01.01.1989 жылдан бастап «Бамтоннельстрой» СУС-тің жүзеге асыруына тапсырылады. 1989 жылы Алмалы бекетінде № 17 желдетпе ұңғысы, № 14-бис жұмыс ұңғысы, № 15-бис жұмыс ұңғысы, еңісті жол салу жұмыстары басталады. Алматы қаласындағы метрополитен құрылысы кезінде бірінші еңісті жолдың өтуі үшін СКТБ «Бамтоннельстрой» «Като» жапондық экскаватор базасында өткел кешені құрастырылған. 1990 жылы «Жібек Жолы» бекетіне еңісті жол салу жұмыстары басталды. «Алатау» бекеті жағынан КПЩ-12 механикаландырылмаған өткел кешені сол жақ аралық тоннель өткелінің құрылыс жұмысын бастады. 1991 жылы «Алатау» бекеті жағынан КПЩ-12 механикаландырылмаған өткел кешен оң жақ аралық тоннель өткелінің құрылыс жұмысын бастады.
«Райымбек» бекеті жағынан оң жақ аралық тоннель құрылыс жұмыстары басталды. 1994 жылы 31 наурызда Алматы қалалық аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қаулысының негізінде «Алматыметрокұрылыс» ААҚ құрылды. 1996 жылы шілдеде «Абай» бекетінің еңіс жолын салу жұмысы басталды. ТНУ-4 өткел кешені пайдаланылды. 2001 жылы 22 қарашада сол аралық тоннельдің «Тұлпар» бекеті батыс кіре-берісімен біріктірілді. «Алатау» бекетінен «Тұлпар» бекетіне дейінгі ұзындығы 1130 метрлік тоннель 11 жыл қазылды. 2004 жылы 4 тамызда «Жібек жолы» мен «Алмалы» екі бекетінің арасында сол аралық тоннель біріктірілді. 2005 жылы 19 ақпанда «Бетон унд Мониербау» австралиялық компанияның мамандарымен бірлесе отырып, «Жібек жолы» бекетінің сол жақ бекеттік тоннелін салу жұмысын бастады. 2006 жылы 1 қаңтарда «Тұлпар» бекеті мен «Байқоңыр» бекетінің сол аралық тоннель өткелі аяқталды. КПЩ-12 өткел кешені »Байқоңыр» бекетінің көлденең камерасының құрылысын бастады. 2007 жылы ЖАТӘ әдісімен «Тұлпар» бекетінің сол жақ станциялық тоннелінің, «Алмалы» бекетінің сол жақ станциялық тоннелінің, «Жібек жолы» бекетінің оң жақ станциялық тоннелінің, «Байқоңыр» бекетінің сол жақ станциялық тоннелінің, «Алмалы» бекетінің орта станциялық тоннелінің құрылысы басталды, сондай-ақ «Байқоңыр» бекетінің еңіс жолы мен кіреберіс коридорының құрылысы басталды. 2008 жылы 16 қаңтарда «Алмалы» бекетінің орта станциялық тоннелінің негізгі құрылысы аяқталды.
2 наурызда ЖАТӘ әдісімен «Абай» бекетінің оң жақ станциялық тоннелінің құрылысы басталды. 10 наурызда ЖАТӘ әдісімен «Тұлпар» бекетінің оң жақ станциялық тоннелінің құрылысы басталды. 15 ақпанда «Абай» – «Байқоңыр» бекеттерінің оң жақ аралық тоннелі бөлшектелген камералармен қосылды. Камералар қосылған соң, «Райымбек» бекетінен «Алатау» бекетіне дейінгі оң жақ аралық тоннельдің өткелі аяқталды. 25 шілдеде «Абай» мен «Байқоңыр» бекеттерін қосудың соңғы қосылу жұмыстары жүргізілді. Бірінші кезектегі аралық тоннельдердің құрылысы аяқталды. 2011 жылы 1 желтоқсанда жалпы ұзындығы 8,6 км болатын метрополитеннің бірінші кезегі іске қосылды. Оның құрамына; «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Әуезов театры» және «Алатау» бекеттері кіреді.
2015 жылы 18 сәуірде метрополитеннің бірінші желісіндегі екінші кезектегі бірінші іске қосу кешенінің «Сайран» және «Мәскеу» бекеттері пайдалануға берілді. Метро тоннелінің ұзындығы 2,74 км-ге дейін созылды.
«Сайран» бекеті Абай даңғылының бойымен Брусиловский және Тілендиев көшелерінің арасында орналасқан.
«Мәскеу» бекеті Абай даңғылының бойымен Өтеген батыр көшесі мен Алтынсарин даңғылының арасында орналасқан.
Алматы метрополитені – көше қозғалысынан тыс жүрдек теміржол көлігі жүйесі. Қазақстандағы әзірге жалғыз метро. Орта Азияда Ташкент қаласынан кейін екінші, бұрынғы КСРО мемлекеттері аумағында 2016 жылдың бірінші желтоқсанында 16-шы болып ашылды.
Метро ашылған алғашқы күннің өзінде 6 сағаттың ішінде (18:00 мен 00:00 дейін) 11 мың адам метрополитенді қолданып үлгерді. Әуелгі 3-5 күнде 130 мыңға жуық адам метромен жүрді.
Алғашқы жылы метромен 6 млн жолаушы тасымалданды. 2013 жылдың 9 шілдесінде (ашылғаннан 1 жыл 8 ай өткен соң) Алматы метропоитені 10 миллион жолаушыға жетті.
2014 жылдың 18 желтоқсанында 20 миллионыншы метрополитен жолаушысын марапаттады.
2016 жылы 12,4 млн адам метрополитен қызметін қолданса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 14 миллион жолаушымен толысты. Жұмыс уақыты таңғы 6:20-ден бастап, 00:00-ге дейін жалғасады.
2022 жылдың 30 мамырына дейін 9 метростанция жұмыс істеп келсе, осы күннен бастап «Сарыарқа» және «Б.Момышұлы» станциялары іске қосылды. Бас-аяғы 13,4 км құрайды және 25 минутта А нүктесінен Б нүктесіне дейін жүріп өтеді.
Алматыдағы бұл метроның жоспары сонау Кеңес заманынан бастау алған.
1978 жылы Алматы қаласының бас жоспары бекітіліп, онда бірінші метро маршруты көрсетілді.
1980 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы А.Н.Косыгин № 1537-р жарлыққа қол қойды, онда Алматыда метрополитеннің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау және салуды бастау туралы бұйрық берілді.
1981 жылы 3 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Алматыда метро құрылысын дайындау жөніндегі шұғыл шаралар туралы» шешім қабылдады. Метроның қажеттіліктері үшін 137 ғимарат, оның ішінде 92 тұрғын үй сүрілді (снос).
Алматы метросының құрылысы 1988 жылы 7 қыркүйекте басталды. 1989 жылдың 1 қаңтарынан бастап КСРО Көлік министрінің В.А.Брежнев қол қойған № 156-ОР бұйрығымен метро құрылысын «Бамтоннельстрой» СКС жүргізу тапсырылды.
Құрылыстың аяқталу мерзімі 1997 жылға белгіленді. Құрылыс 1991 жылға дейін одақтық бюджет есебінен жүргізілді, Қазақ АКСР-і тек жанама шығындарды төледі.
Бірінші кезеңдегі 8 стансаның жобасын (қазір олардың саны 7-ге дейін қысқарды, Абай даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы «Площадь Республики» станциясы алынып тасталды) «Ленметрогипротранс» институтының қатысуымен Мәскеудің «Метрогипротранс» институты әзірледі.
КСРО ыдырағаннан кейін Алматы метросының құрылысы уақытша тоқтап қалды. 1991 жылғы құрылыс сметасы 457 миллион рубльді құрады.
1994 жылдан бастап қаржыландыру жылына 15-20%-ға төмендей бастады, бірінші кезеңді тапсыру мерзімі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. 1995 жылы кешенді сараптама жүргізіліп, оның барысында метрополитеннің бірінші кезегін салуға 101 миллиард теңге қажет екені белгілі болды. Осы кезеңде инвесторларды табуға бірнеше рет әрекет жасалды. 1992 жылы австриялық «Бетон-унд-Моибрау» компаниясы «Алматыметростроймен» туннельді қазу жұмыстарын жеңілдету үшін жаңа технологияларды енгізуге келісімшартқа отырды. Келісімшарт австриялық несие желісі аясында жүзеге асуы керек еді, бірақ бұл мәселе шешілмей қалды. Негізгі себеп 1993 жылғы елдегі «экономикалық жағдайдың өзгеруіне» байланысты еді. 2011 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет пайдалануға берілген Алматы метрополитені еліміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында халыққа жасалған ең үлкен тарту болды.
23 жылға созылған метро құрылысының аяқталуы тек Алматы қаласының тұрғындарын ғана емес, күллі қазақстандықтарды қуантып, мерейін асқақтатты. Себебі, метро сынды үлкен қомақты қаражатты талап ететін көлік қозғалысымен әлемнің 45 елі ғана қамтамасыз етілген.
Француздың «метрополитен» сөзімен қолданылатын ыңғайлы көлік рельсі ең алғаш 1863 жылы 10 қаңтарда Лондонда іске қосылған. Ең ұзын метролар Еуропа құрлығында да жеткілікті. Мысалы Будапешт қаласында 1896 жылы ашылса, Парижде 1900 жылы құрылысы біткен, Берлинде метро 1902 жылдан бастап жұмыс істеді. Ал Мәскеуде тұңғыш метро желісі 1935 жылы 15 мамырда ашылды. Алматы қаласының метрополитенінің тарихы сонау кеңестік дәуірдің 70 жылдарынан бастау алады. Негізінен қарқынды өсіп келе жатқан қала болса да, сейсмикалық жағынан қауіпті аймақ болғандықтан, Алматы метросының салынуына қарсылық білдірушілер де табылды. Сонымен қатар Кеңес Одағында метро миллион тұрғыны бар қалаларда ғана салынатын. Уақыт өткен сайын бір метроның Алматы қаласына қажет екендігі айқындалды. 1981 жылдың желтоқсанында ресми деректер бойынша Алматы қаласының миллионыншы тұрғыны дүниеге келген. Ұзақ пікірталастан кейін КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А.Косыгин арнайы үкімет қаулысына қол қойды.
Қазіргі таңда тұрғын саны көп, ірі қалаларда көлік қозғалысында қауіпсіздігі, ыңғайлылығы жағынан әлемде метромен теңесетін бірде-бір көлік түрі жоқ. Бұған 1 желтоқсаннан бастап Алматы қаласының тұрғындары көз жеткізді. Метро алғаш ашылған күні-ақ 11 мың адам метроға мінсе, 3 күннің ішінде жаңа көлік түрін пайдаланушылар саны 130 мыңға жеткен. Статистикаға сүйенер болсақ, негізінен күн сайын орта есеппен 3 мың адам метро қызметіне жүгінеді екен.
Орта Азияда Ташкенттен кейін 2-орында, ТМД аумағында 16-шы болып іске қосылған метромыздың жалпы ұзындығы 8,56 шақырымды құрайды. Ал тереңдігі 40 метрді алып жатыр. Жерасты жолында 7 станса бар. Атап айтар болсақ, «Райымбек», «Жібек жолы», «Алмалы», «Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы драма театры» және «Алатау» мен «Абай». Әр станса өзіндік ерекшеліктерге толы. Мысалы «Байқоңыр» стансасының өзі ғарыш кеңістігін көз алдыңызға алып келеді. Метродағы стансалар ұзындығы – 140, биіктігі 6 метр. Барлығы әлемдік стандарт бойынша құрылған. Жеті вагоннан тұратын жолаушы тасымалдайтын көлік жылдамдығы сағатына 40 шақырымды құрайды. Пойыздардың уақыт арақашықтығы 15-20 минут. Бірақ бір қолайлысы халық жұмысқа және жұмыстан үйге қатынайтын уақытта 9 минут сайын келіп тұрады. Сыйымдылығы 940 жолаушыны құрайды. Алматы метросын салуда сейсмикалық қауіпсіздік шараларына айрықша көңіл бөлінді. Мамандар Алматы метрополитеніне 9 балдық жер сілкінісі ешқандай әсер етпейді дейді. 1988 жылы құрылысы басталғанмен, қаражаттың тапшылығынан метро ісі біраз тоқтап қалған. Ал бертін келе қайта қолға алынды. Мемлекет бюджетінен 165,9 миллиард теңге бөлініпті.
Десе де қаншалықты метро тиімді болады, кептелісті азайтты деп тұжырымдағанмен, автобустармен бәсекеге түсіп, жүргізушілердің табыс көзін кеміткен. Күндер айларға, айлар жылдарға жалғасып жатты. Алматы қаласының тыныс-тіршілігі өз ағысымен жүре берді. Әр келген басшылар метро жұмысының бітуіне бір кісідей атсалысып, өз қызметтерін жасады. Бүгінде метро жұмыстары толықтай бітіп, халық игілігіне берілді.
Биыл жобаға сәйкес, қолданыстағы «Бауыржан Момышұлы» станциясынан салынып жатқан «Қалқаман» станциясына дейінгі аралықтағы туннельдердің ұзындығы 1,98 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда сол жақ бағыттағы тоннель толық қазылып біткен, ал оң жақ бағытта 887 метр жер қазылған.
«BCN group» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Беловичтің мәліметінше, туннель қазу жұмыстарымен бір уақытта станцияның құрылысы да белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда желдету ұңғымасы салынды, қазу жұмыстары аяқталды, ал бетон құю жұмыстары 28 пайызға орындалды.
«Нысанды 2026 жылдың қаңтар айына дейін толық аяқтау үшін құрылыс қарқынын арттыру қажет. Осы мақсатта арнайы штаб құрылатын болады. Оның құрамына қала әкімінің сала бойынша орынбасары, тиісті басқарма басшылары, мердігер ұйым өкілдері, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау мамандары кіреді. Штаб отырыстарында жұмыстардың барысы апта сайын талқыланып, қатаң бақылауда болады», – деді Алматы қаласы әкімі Дархан Амангелдіұлы.
Құрылыс алаңында қала әкіміне метро желісін әрі қарай кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндалды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі аралықта тағы үш бекетті қамтитын жаңа бағыттың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Жобаны құрылыс басталған сәттен бастап үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Жібек жолы» станциясынан халықаралық әуежайға дейінгі екінші желінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Ал «Сайран» станциясынан Алатау қаласына дейінгі үшінші желінің ТЭН жобасын әзірлеуге байқау жарияланған.
«Біз «Барлық» базарына дейінгі желі құрылысын күтіп отырмай, метроның тағы екі желісінің құрылысын қатарынан бастауды қарастыруымыз керек. Яғни, үш жыл күтпей, барлық желі бойынша жұмыс қатар жүруі тиіс. Жалпы, метро – Алматы қаласының көлік жүйесінің маңызды элементі. Ол қала тұрғындарының қозғалысын жеңілдетіп, күн сайын қала жолдарымен жүретін көлік санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан метрополитенді дамытуға ерекше назар аударылатын болады», – деп атап өтті қала басшысы Дархан Сатыбалды.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА