Парсы шығанағындағы соғыстың төңіректі шарпу қаупі ұлғайған сайын Қазақстан билігінің бұған дейін жүргізген сыртқы саясатының дұрыс болғанына көз жетеді. Мысалы, Иран мәселесін алайық. Қазақстанның ұстанымы соғысқа қатысып жатқан елдердің ешқайсысын айыптамауға бағытталды. Тек бейбіт адамдар мен азаматтық нысандардың зардап шеккеніне қынжылдық. Ал аймақ елдерінің ішінде ашық кеткендер болды. АҚШ пен Израильге әуе кеңістігін босатып берді, риторикада Иранды айыптау байқалып қалды. Ал Тегеран да қарап жатпады, біраз елді зымыранмен атқылады. Олардың арасында тікелей әскери қимылдарға қатыспаған елдер де зардап шегу қаупі ұлғайды. Әзербайжанға дрон шабуылы болды. Түркияға қарай баллистикалық зымыран атылды.
Әлбетте, «бәрін израилдіктер ұйымдастырғанын» алға тартып, дәлесіз болса да қарсы уәж айтуда. Дегенмен Иран президенті Масуд Пезешкиан үндеу жасап, көрші елдерден кешірім сұрады. Ол сөзінде шабуыл жасаушыларға әуе кеңістігін босатқан немесе құрлықтағы базаларын қолдануға бергендерге ғана жауап қайтаратынын мәлімдеді. Сөйтіп Әзербайжан, Түркия бағытында әскери әрекет болғанын астыртын мойындағандай болды. Әлбетте, бұл – басқа тақырып.
Ал өзімізге оралсақ, Қазақстанның сыртқы саясатындағы ұтымды тұстар Парсы шығанағындағы соғыс кезінде көзге көрініп тұр. Біз әуе кеңістігімізді ешкімге бермедік. Жүк тасымалдау үшін де ұсынбадық. Қандай да бір елді жақтамадық. Бірақ бейбіт нысандарға шабуылды айыптадық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс басталғаннан бері Парсы шығанағындағы араб елдері басшыларының барлығымен дерлік сөйлесіп шықты. Сонымен бірге арнайы тапсырма берген соң, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Иран елшілігіне барып, көңіл айтты. Ирандағы бір мектепке бомба түсуіне байланысты министріміз Жұлдыз Сүлейменова да көңіл айтқан постын жариялады. Әзербайжан жеріне дрондар кіріп кеткенде Бакуді қолдадық. Осылайша барлық жағдайда кез келген кикілжіңді дипломатиялық жолмен шешуді алға тартып келеміз.
Біраз уақыт бұрын Дональд Трапм құрған Бейбітшілік кеңесінің алғашқы ресми отырысына оның құрылтайшы мүшелерінің бірі ретінде қатысқанбыз. Сөйтіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мен беделі біршама көтеріліп қалған-ды. Ірі ұйымды құрушылар тобына кіргенбіз. Ал Бейбітшілік кеңесі Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған халықаралық жоспармен байланысты құрылған. Кеңес жұмысын бастаған кездегі саммитте Тоқаев Қазақстанның Газаны қалпына келтіру жұмыстарына қосылатынын айтқан. Кейін әскери-медициналық бөлімше ғана жіберуді қарастырғанымыз белгілі болды. Қысқасы, Қазақстан халықаралық бастамаларға белсенді қатысып келе жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та әлемдік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдап, жаһандық мәселелерді шешуде сындарлы ұстаным танытып келеді. Ал өз басым бұл қадамдардың – сырттан дос пен серіктес табу ғана емес, ел қауіпсіздігі үшін де қызмет етіп жатқанын аңғарамын.
Айтпақшы, Президент Тоқаев Иранның көрші елдерге шабуылдамау туралы шешімін құптапты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Уақытша басқарушы кеңестің көрші елдерге шабуылдан бас тартқаны туралы шешімін жеткізген Иран Президенті Масуд Пезешкианның мәлімдемесін құптайды. Қазақстан Президенті мұны Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған маңызды қадам деп санайды», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров 7 наурыз күні.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ,
журналист, әскери сарапшы
















