Ерлікке толы қос тағдыр

Ерлікке толы қос тағдыр

Сағидолла Мергенбаев – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңа Тұрмыс ауылының тұрғыны. Қоғам белсендісі, желтоқсаншы.

   Әскерден келіп, Алматыға оқуға түсіп, ел қатарлы сабағымды оқып жүргенмін. 16   желтоқсан күні сабақтан шығып автобусқа отырып, пәтерге келе жаттым. Автобус іші күндегідей емес, абыр-сабыр. Ешкім нақты ештеңе білмейді. Әйтеуір, халық орталық алаңға жиналып жатыр, «ҚазССР бірінші хатшысы Қонаевты орнынан алып, Мәскеуден бір орыс басшы әкеліп тағайындапты. Бүкіл Қазақстаннан басқа басшылыққа адам жоқтай» деген сарында әңгіме тарап жатты. Жолдан пәтерге келіп, кітаптарды тастай салып, алаң қайдасың деп тартып тұрдық. Жанымда бірге оқитын екі жігіт бар. Жарты жолға дейін автобуспен келдік, алаңға қарай көлік жүрмейді, жаяу бардық. Біз келгенде алаңда шамамен 100-150 адам жиналыпты. Сол жерде ақылдаса келе қаладағы барлық оқу орындарына, зауыт, фабрикаларға, жатақханаларға барып, жастарды алаңға келуге шақырайық деп шештік. 5-6 жігіт бөліп алған жерлерге барып, біраз жұмыс бітірдік. Келесі күні алаңда адам қарасы едәуір көбейіпті. Алаңда ауылдың жігіттерін көрдім, солар айтты Үкімет тегін автобустар шығарыпты, қаладан кетем дегендер ауылға кетіп жатыр деді. Жүгіріп «Саяхат» автобекетіне бардық, оларды райынан қайтарып, осындай сын сағатта халықпен бірге болуға үндедік. Бірақ, көздеріне қорқыныш ұялағандарды қайтара алмадық. Күніне 3 рет қатынайтын автобус лезде толып, қаладан кетіп жатты. Қайтадан алаңға келдік, халық селдей толқып тұр, адам ығы-жығы. Содан қақтығыс басталды. Әр жерде жанған милиция көлігі. Ара-тұра әскерилермен ұстасып қаламыз. Қара суық. Кешкі апақ-сапақта екі өрт сөндіретін көлік келіп халыққа су шаша бастады, алаң көктайғақ. Бір кезде араларыңнан келіссөзге топ құрыңдар, Үкімет үйінде келіссөз жүргізіледі деді. Бірақ ешкім келіспеді, біздің бір ғана тілегіміз бар, «қазақты қазақ қана басқарсын» дедік. Жастар алаңда «Менің Қазақстанымды» әндетіп, ұрандатып тұрды. Содан көп ұзамай алаңға мұздай қаруланған әскер келе бастады. Нағыз қақтығыс басталды. Бойлары 2 метр, қарындары тоқ, шаш ал десе, бас алатын жендеттер сапер күрегімен алдарындағы халықты шөптей жапырып келеді. Бір көргенім алдымдағы жендеттің күрегін көтеріп сермегені, басым зырқ еткендей болды, бетім жып-жылы болып кетті, қалай құлағанымды да білмеймін. Қатты тепкіден есімді жиғандай болдым, сөйтсем, автобусқа сүйреп әкеліп тастапты, жерде жатырмын, қасымда ыңырсыған адамдар. Автобусқа тиеп алып келеді, ортада жендеттер жүр «бастарыңды көтеріңдер» деп ақырады. Ары-бері жүріп шоқпармен оңды-солды ұрады. Мойныма тиген соққыдан құлап бара жатқаным есімде, ары қарай білмеймін.

Есімді ауруханада жинадым, басымды тікті. Басымды тіккен орыс әйелдің сөзі сүйегімнен өтіп кетті: «чурки, «колбиты» вас убить мало я еще буду защивать этих животных» дегені. Шыда, жаным, шыдамен амалсыз тырп ете алмадық. Бір бөлмеге апарып қамады. Адам көп, еден шылқыған қан. Жаңа кіргендерден сұрап жатыр, алаңда не болып жатыр деп. Кезек маған келгенде: «орыстың жендеттері ойларына келгенді істеп, халықты қырып жатыр» дедім. Осыны айтқаным сол еді, арт жағымнан саңқ еткен дауыс естілді, «вы скоты опозорили нашу власть на весь мир, я сейчас тебя убью»  деп мұнтаздай киінген қазақтың жас баласы қару кезеніп тұр. Қайта атқан жоқ, келді де басымнан бір-ақ тепті. Есімнен танып қалыппын. Қанша жатқаным белгісіз, есімді жисам, далада жатырмын. Әбден тепкілеп тастаған, қозғала алмаймын, қатты суықтан денем қалшылдайды. Қаланың шеті екен, екі жігіт елсіз үйге сүйреп әкеле жатқандарын еміс-еміс білемін. Басымды орап қойыпты, белім ісіп кеткен, бір қолым қозғалтпайды. Сол жерде бір апта жаттым. Есімде қалғаны, мені өлім аузынан арашалап қалған екі азаматтың бірі журналист екен, біреуі есімде жоқ. Содан таныс жігіттер арқылы ауылға хабар беріп, ағам түнделетіп жүк көлігімен алып кетті. Бұл саяси шеру бір күнде, бір мезетте болған жарылыс емес еді. Бұл орыс империясының ғасырлар бойы езіп жаншуына деген қарсылық еді. Ғасырлар бойы халықтың асыл арманы болатын, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Баян Әуелова, Талғар ауданы Кең дала ауылының тұрғыны, желтоқсаншы.

   1986 жылы 16 желтоқсаннан бастап өмірім астаң-кестең болып, Желтоқсан оқиғасына дейін және кейін болып екіге бөлінді. ҚазҰПУ-дың тарих факультетінің 4-курс студенті едім. Сол күні әдеттегідей сабаққа бардық, сол жерден Д.Қонаевты орынан алып тастап, Мәскеуден жаңа басшы келді деген қауесет тез тарады. Алматыдағы жоғары оқу орындары, зауыт, фабрикаларда істейтін жастар алаңға жиналып жатыр екен. Біздің де оқу корпусымыздың алдынан «қазақ еліне қазақ басшы керек» деп ұрандатқан бір топ студент өтіп бара жатты. Сол топқа біз де қосылдық.

Желтоқсанның он бесінде әскери кафедраны тамамдап, қолыма әскери билетті алдым. Сол билетті комиссариатқа тіркету үшін сөмкеме паспортым, әскери билетімді салып алғанмын, қысқы сессия жақындаған кез, конспект дәптерлерім де сол сөмкеде еді. Кешке дейін алаңда жүріп, қас қарая құрбыларыммен қайтуға бет бұрғанда танымайтын бір топ жігіттер алаңнан кетпейсіңдер деп иығымдағы сөмкені жұлып әкетті. Құрбыларыммен бөлініп сөмкемді іздеуге тура келді. Екі- үш сағаттан соң шыршада ілініп тұрған сөмкемді тауып алдық, ештеңе жоғалмапты. Кейін прокуратура, КНБ сұраққа алғанда осы оқиға мазаққа айналды. Миллиондаған адам жүрген алаңнан шыршаға ілінген сөмке табылды дегенге ешкім сенбеді. Содан қуанып жатақханаға қайттық. 17 желтоқсан күні сабақ болмайды, жастардың бәрі алаңда дегенді естіп, біз де қосылдық. Бізді алаңға жетелеген патриоттық сезім болар. Әскери адам қолыма мегофон беріп, мінбеге шығып: «Тоқтат жастарды!» –деді, мегофонды лақтырып жібердім, «онда апарып қамаңдар» деп біреуі үкім берді. «Таких застрелять надо!» – деп еді, жастар дүрлігіп кетті. Әскерилер жастардың айбатынан босатты деп ойладым. Кеш бата қарнымыз ашып, жатақханаға бет алдық, сол кезде әскерилер дубинкамен қыздарды қуалап ұрып, шаштарынан сүйреп жатқанын көрдік, ешкімді ешкім аямады, өзіміз әзер құтылдық. Жүрегімізді үрей билеген, ертеңгі күніміз бұлыңғыр, бөлмемізге келдік. Түнгі сағат 11 шамасында жатақхана шамы сөнді де, «Қазақпын десеңдер, алаңға шығыңдар!»  деген дауыс естілді. Ол дауыстың иесі декан Әділханов Шәбден ағайымыз еді. Киініп дереу алаңға барсақ, әскерилер қалың нөпірді су шашып қуып жатыр екен. Сол жерде митингіні сыртынан бақылап жүрген өзіміздің ағайларды көрдік, суретке түсіріп жүргенін де байқадық. Желтоқсанның ызғарына тоңған жастар, амалдың жоғынан көліктің  жанған дөңгелегіне айнала жылынатын.  Желтоқсанның 18-і сағат жеті шамасында шырт ұйқыда жатқанымызда, есігімізді біреулер қақты. «Кім бұл?» деген сұраққа «КНБ-дан, Ауелова Баян осында тұрады ма?» – деді. Мен шошып кеттім. Абай даңғылы мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы облыстық КНБ ғимаратына әкелді. Бір бума суретті алдыма лақтырды, мынаның ішінен өз суретіңді тап деді. Жүздеген суреттің 30 шақтысы менікі болып шықты, суреттерімді жеке қоя бастады. «Өзіңді танып тұрсың ба, бұл да сенің мойындағаныңның бір айғағы», – деп, қолыма «қаладан кетуге болмайды» деген қағаз берді.

Содан әлгі адам магнитофонды қосты да: «Алаңға шығыңдар» деген ер адамның даусы кім екенін айт, сен ол адамды жақсы білесің» деп қыспаққа алды. Танып тұрсам да айтпадым, менде білмеймін деген бір ғана жауап болды. Күні бойы нәр татпастан сұраққа алады, «сотталасың», «сендейлердің көзін құрту керек» деп қорқытады. Құр сүлдерімді сүйретіп жатақханаға барамын, азапты күндерімнің басталғанын сеземін.  Маған «бұзықтық ұйымдастырушылардың бірі» деген айып тағылып, қылмыстық іс КНБ-дан Республикалық прокуратураға жіберді. Мәскеуден келген фамилиясы Цириульник, аты есімде жоқ, тергеуші тергеді. Сұрақ-жауап орыс тілінде өтеді, мен қазақ мектебін бітірген, ауылда өскен қызбын, кей сөздерін түсінбей қалатынмын. Таңертең тергеуге шақырады да, мазақ қылғандай келмей қояды, кейде түстен кейін келеді керіліп, күні бойы аштан аш күтіп отыратынмын. Тергеуші бір күні «огная ставка» болады деді, не екенін түсінбеймін. Бөлмеге мен қатарлы прокуратурада істейтін екі қызды жаныма отырғызды, жылай беріп көзім ісіп кеткен, ана қыздар жарқылдап күліп отырады. Есіктен милиция формасын киген адам кіреді да «мына қыз бетіме түкірді», «погонымды жұлды» деп мені көрсетеді, «мен сізді танымаймын, бірінші рет көріп тұрмын деп шыр-пыр боламын», одан курсанттарды кіргізеді, олар да мені айыптайды, өтірік жала жабады. «Огная ставканың» не екенін жиырма жасымда осылай білген едім. Содан істі қалалық прокуратураға жіберді, тағы да сұрақ-жауап, тағы да «огная ставка», ақыры аудандық прокуратураға жіберді, ол жерде Ысқақов Қанат деген тергеуші болды. Күндіз сабақтамын, кешке сұрақтың астына алады. «Бүлікші, ұйымдастырушы екеніңді мойындамасаң да, бәрібір 91-ші студент болып сотталасың, кем дегенде бес жылға кетесің» деп күнде миыма құя берді.   Сол аудандық прокуратура оқу орныма «бүлікті ұйымдастырушы» деген атпен қылмыстық іс қозғалған соң, неге жаза қолданбайды, оқу орнынан немесе комсомол ұйымынан шығарылсын деген хат жазыпты. Ол кезде оқудан шығарылу түгілі комсомолдан шығарудың өзі студент жастар үшін үлкен айып еді. Комсомол жиналысын ашып, мені комсомолдан шығарды. Сол күндердегі көрген қорлығым мен жала жабудың құрбанына айналған өмірім осы дүниеде көрген тозағым еді.

Деканымыз менен не сұрап  жатқанын елден біліп тұрды, өзі жақындамайды,  мен  «сол кісінің дауысын танисың, айт деп жатыр, мен айтпадым» деймін. Ол кісі де сол кездері қорыққан болуы керек, оқудан қалмасын деп рақметін айтып жібереді. Өзімнің бірге оқыған курстас құрбыларым ғана жанашырлық танытты, себебі олар менің жазықсыз екенімді білетін.

Аудандық прокуратураның тергеушісі «жерден жеті қоян тапқандай, мазақтап, ал ісіңді үш томға толтырдық, енді адвокат жалда, сотта қорғаушы керек болады» деді. Еш ойланбастан адвокаттар кеңсесіне бардым, егделеу қазақ кісіге барып жағдайымды айтқан едім, ұрсып берді: «Сендейлерді қалай қорғаймыз, сотталасың, саған адвокат не керек?» – деп өзімді сөгіп шығарып салды. Салым суға кетіп, бар үмітім көкке ұшқандай, не болса да сотталғанша өлгенім жақсы деген қорытындыға келдім. Әке-шешеме айтуға бата алмадым, қорықтым. Бәрінен қажыған жаным мен тәнімді өлім құтқарар деп, жанымдағы құрбыларыма айттым. Бірақ, олар ата-анама айтуды жөн санап, қақаған қыста Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылына жолға шығады, автобустан түсіп қалып қақаған аязда жеті шақырым жаяу жол  жүріп, әрең жетеді. Аязда айдалада үсіп қала жаздап әзер жеткен құрбыларымды көріп, әкем есеңгіреп бір бәленің болғанын сезіп күйзеліске түседі. Өзі «Құрмет белгісі» ордені, бірнеше медальдардың иегері, еліне адал еңбек етіп жүрген адамға бұдан өткен жаза бар ма, сол күннен бастап әкем жүрек ауруына шалдықты.

Әкем Қалнұр партия мен халыққа еткен адал еңбегінің арқасында алған бар марапатын жиып-теріп, Колбинге кіруге бел байлайды. Әпкем екеуі Орталық комитеттің есігін күзетіп, табандарын тоздырып кезек күтумен бірнеше күн өткізіп, әрең дегенде бас хатшыға кіреді-ау, әйтеуір. Партияға адал екенін айтып, ағыл-тегіл жылаған әкем, қызына араша сұрап, істі басқалай шешуін сұрайды. Колбин істі басқалай шешіңдер деген бір жапырақ қағаз береді, әкем сол қағазды тергеушіге әкеліп беріп, жауабын күтеді. Міне, осылайша бесінші ай дегенде барып, іс қайта қаралып, мойнымдағы жала түгел алынып, үш томдық іс жабылады. Сонда Колбиннің жазған бірауыз сөзіне жандары қалмаған жарамсақтар алдымда құрдай жорғалады ғой, «погонымды жұлды», «бетіме түкірді» деп жала жауып келгендер енді маған балмұздақ пен бір қорап кәмпит әкеліп, көз алдымда көстеңдегендерін көрсеңіз ғой... өте жиіркенішті еді. Қоғамдағы биліктің қолшоқпарға айналғанын, мансап үшін өтірік сөйлеп, Отанын сатуға дейін баратын қуыс кеуде сатқындарды жиырма жасымда осылай басымнан өткердім.  Сол кездегі жастардың патриоттық сезімі ешкімді сатып кетпейтінін, қазақ  үшін өз жанын құрбан етуге дайын екенін ұқтым. Тәуелсіздік екен ғой жастардың бар ниеттері, сол үшін алаңға шықты, сол үшін жандарын да қиды. Бес айдың ішіндегі тергеу мен жерлеуден тозған жүйкем педагогтық қызметтің жүгін арқалап жүруге жарамады. Денсаулығым бала оқытуға жарамады. Осы күнге дейін жастық арманым, сол екі күнгі алаңдағы  айқастың отында өртеніп кеткендей.

Баян апайымыздың осы суреттерін пайдаланып қаншама желтоқсаншы ақталған екен. Әуелі десеңіз, шығыстағы бір ауылда Желтоқсан көтерілісінде шаһид болған Сәбира Мұхамеджановамен шатастырып, өзінің суреттерін іліп қойған кейбір білмейтін кісілерге Баян апай ренжулі. Бәрін зерттеп, зерделеп барып пайдаланса екен дейді.

Салтанат Бакеева
09.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 34
ТӨЛЕБИДЕ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 17
ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 27

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1334
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7378
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11246
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7430
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7585