Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп барады. Жауласқан тараптар өзара зымыран шабуылынан бөлек, бір-біріне қарата дөрекі тілмен сес көрсетіп, азуын айға қарап білеп тұр. Сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иран тарапына қатаң ескерту жасады.
Соңғы бірер күнде таралған хабарлардың қарқыны тым қатты кетіп жатыр. АҚШ президенті Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында Иранға қатаң ескерту жасап, егер Иран сейсенбіге (7 сәуір) кешкі сағат 8-ге дейін АҚШ тарапының қойған шарттарын қабылдамаса, зардабы өте ауыр болатынын, тіпті «Иранның жер бетінен жойылып кетуі мүмкін» екенін ашық айтты. Дүйсенбі күні тілшілермен кездескенде: «Бүкіл ел бір түнде жойылып кетуі мүмкін, ал сол түн ертең түнде болуы мүмкін», – деді Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында.
Бұдан кейін сөз алған АҚШ қорғаныс министрі Хердсейс брифингте Иранға қарсы соғыс басталғаннан бергі ең ірі соққы дүйсенбіде болатынын айтып, сейсенбідегі соққылар одан да күшті болатынын ескертті.
Трамп бұл жолы Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі аға кеңесшісімен бірге Иран аумағында ұшағын апатқа ұшыратқан АҚШ ұшқышын құтқару бойынша демалыс күндері өткен операцияны егжей-тегжейлі баяндап, көсіле бір мақтанды. Ол өз сөзінде: «Шеберлік пен дәлдіктің, өлім мен өмірдің таңғажайып көрінісі ретінде АҚШ күштері нақты нысана аймағына кіріп, жаумен шайқасып, тұзаққа түскен офицерді құтқарып, барлық қауіптерді жойып, Иран аумағынан шығынсыз шегінді», – деді. Трамп сонымен қатар ұшқыштың құтқарылуын алғаш жариялаған журналистен ақпарат көзін ашпауды талап ететінін, егер олар бас тартса, түрмеге қамайтынын айтты.
Таралып жатқан хабарға сенсек, өткен жұма күні Иран әскерлері АҚШ-тың бір ұшағын атып түсірген. Апат кезінде ұшақтағы екі ұшқыш парашютпен секіріп кеткен. Иран тарапы оларды тірідей қолға түсіру үшін әрекет жасаған. Дегенмен АҚШ әскерилері көптеген әскери техника, адам күшін жұмылдыра отырып, оларды құтқарып алғандығын жариялаған еді.
Президент Трамп Иранға қарсы қоқан-лоққыларын күшейтіп, егер Иран сейсенбі күні кешке дейін атысты тоқтатуға келіспесе, АҚШ елдегі көпірлер мен электр станцияларын қирататынын айтты.
«Біз қабылдай алатын келісімге қол жеткізуіміз керек. Келісімнің бір бөлігі – біз мұнай мен басқа да барлық тауарлардың еркін ағынына қол жеткізуіміз керек». Трамп бұл кездесу барысында соғысты тоқтату бойынша келіссөздер туралы ешқандай мәлімет берген жоқ. Бірақ вице-президент Вэнстің қатысуын атап өтті. Ол баспасөз мәслихатын Еуропаға ескертумен аяқтады: «Біз Гренландияны қалаймыз, ал олар оны бізге бергілері келмейді», – деді.
Трамптың Иранның азаматтық инфрақұрылымына шабуыл жасау туралы қоқан-лоққылары барған сайын күшейе бастады. Ол сонымен қатар Иран басшылығымен келісімге келуге дайын екенін мәлімдеді.
«Ирандағы әрбір электр станциясы жабылады, өртеніп кетеді, жарылып, пайдалануға жарамсыз болады. Біз мұның болуын қаламаймыз. Тіпті оларға өз елін қалпына келтіруге көмектесуге де қатысуымыз мүмкін». Трамп Иранға сейсенбі күні Вашингтон уақыты бойынша сағат 20:00-ге дейін атысты тоқтатуға келісу мерзімін белгіледі. Ол Иранның «келісімге үміттенетінін» мәлімдеді, бірақ «мен бұдан артық айта алмаймын», – деп қосып қойды. Ол соғыс қылмыстары туралы айыптауларды елемеді. Сонымен қоса тағы да Байденді сынап өтті.
Тілшінің Иран бұғазы арқылы өтетін кемелер үшін әлі де ақы алатынына қарамастан, қақтығысты тоқтатуға дайын ба деген сұрағына Трамп: «Олар АҚШ-қа Парсы шығанағындағы осы маңызды кеме қатынасы жолын бақылауға берулері керек», – деді. Ол бұғазды басқармайтындықтан, бұған қалай қол жеткізілетінін түсіндірмеді. Бірақ: «Біз болашақта ақы алатын боламыз деген ойымыз бар», – деді. Ол «Олжа жеңімпаздарға тиесілі» дей келіп, Иранның мұнай ресурстарын тартып алуды көздейтіндігін де білдіріп қойды.
Осы дүйсенбі күні Иранның АҚШ пен Парсы шығанағы делдалдары ұсынған соңғы атысты тоқтату ұсынысын қабылдамағаны туралы хабар тарады. Олар Ормуз бұғазында кеме қатынасын ашу үшін 45 күндік атысты тоқтатуды ұсынған еді. Алайда Иран соғысты біржола тоқтатуды талап етіп, өзінің атысты тоқтату жоспарын ортаға салды. Қытайдың Синьхуа агенттігі ирандық БАҚ-тарға сүйене отырып хабарлауынша, Иран 10 тармақтан тұратын келісім ұсынған. Олардың негізгісі: Иранның алаңдаушылығына негізделген соғысты біржола тоқтату қажеттілігін атап өту; және аймақтық қақтығысты тоқтату, Ормуз бұғазы үшін қауіпсіз өту туралы келісім жасау, соғыстан кейінгі қалпына келтіру және санкцияларды алып тастау сияқты бірқатар талаптар бар.
Синьхуа жаңалықтар агенттігі дүйсенбіде АҚШ БАҚ-қа сілтеме жасап, Ақ үй шенеунігінің АҚШ пен Иран арасындағы 45 күндік атысты тоқтату жоспары қазіргі уақытта талқыланып жатқан «көптеген нұсқалардың бірі» екенін айтқанын хабарлады. Шенеунік Трамптың бұл жоспарды әлі мақұлдамағанын және АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттері жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Трамптың Иранға қаратылған қатаң ескертулері осымен 3-рет кейінге шегеріліп отырғандығын еске түсірген жөн. Ол бұған дейін екі мәрте «соңғы шек» белгілеген еді. Естеріңізде болса, 21 наурызда Трамп егер Иран Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кеме қатынасын тез арада қайта ашпаса, АҚШ Иран электр станцияларына шабуыл жасайтынын айтып, 48 сағаттық мерзім белгілеген болатын.
23 наурызда, жоғарыда аталған мерзімнен бірнеше сағат бұрын, Трамп АҚШ пен Иран арасындағы «өнімді диалогтар жүріп жатқанын» айтып, соққыны бес күнге кейінге қалдыратынын жариялады және оны жұмаға дейін ұзартты. Ал 26 наурызда Трамп әлеуметтік желілерде Иранның энергетикалық нысандарына соққы тағы он күнге, 6 сәуірде шығыс уақыты бойынша кешкі сағат 8-ге дейін кейінге қалдырылатынын жариялады. Ал дүйсенбіде Иран қақтығысына қатысты өткен баспасөз мәслихатында Трамп «Пасха мерекесінен кейінгі бірінші күні мұны істеу орынсыз» деп санағандықтан, мерзімді сейсенбіге ауыстырғанын мәлімдеді.
Трамптың белгілеген мерзімі Вашингтон уақыты бойынша 7 сәуір кешкі 20:00-де еді. Ол Орталық Азия аймағында 8 сәуір таңғы 06:00-ге сәйкес келетін. Сәрсенбінің таңын көптеген адамдардың алаңдаумен атырғаны белгілі. Дегенмен осы «соңғы мерзімге» таяған шақта «Fox News» арнасы АҚШ президентінің жазбасын жариялады. Трамп мұнда Пәкістан басшыларымен келіссөздерден кейін Иранға жасалатын әскери соққыларды екі аптаға тоқтата тұратынын мәлімдеді. Бұл шешім Иранның Ормуз бұғазын дереу қайта ашуына байланысты жүзеге асырылмақ екен. Осылайша «Иранның жер бетінен жойылу қаупі» тағы екі аптаға кейінге қалғандай болды...
PS: Бұл қақтығыс жайлы болжам жасаушылардың пікірі екіге жарылып тұр. Біреулері Иран бәрібір жеңіледі де, соғысты тоқтату келісіміне амалсыз қол қояды. АҚШ – Ормуз бұғазына бақылау орнатып, мұнай кеніштерін текке иеленіп алуы мүмкін десе, екінші бір көзқарастағылар Қытай мен Ресейдің жасырын көмегінің үлкен рөл ойнайтындығын алға тартып отыр. Олардың уәжіне сенсек, қазір Иран тарапы Израиль мен АҚШ базаларына аса дәлдікпен соққы жасап жатыр. Бұл жерде Қытайдың көмегі үлкен рөл ойнап отыр. Алдағы уақытта Трамп бір сылтау айтып, Таяу Шығыстан әскерін кері алып кетуі мүмкін дейді.
Таяу Шығыста жаңа одақ құрыла ма?
Украина президенті Владимир Зеленский наурыз айының соңынан бастап Сауд Арабиясына, Катарға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Түркияға сапар шекті. Зеленский жексенбі күні Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен бірге Дамаскіге жетті. 5 сәуірде Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында Сирия астанасы Дамаск қаласында Сирияның уақытша президенті Ахмед әл-Шарамен кездескенін жариялады. «Алда маңызды келіссөздер күтіп тұр. Әрбір ұлт пен әрбір аймақ бейбіт өмірге лайықты», – деп жазды Украина басшысы.
Иранның дрон шабуылдарының Парсы шығанағы мемлекеттеріне келтірген залалын ескере отырып, Зеленский өз елінің әскери тәжірибесіне сүйене отырып, дрондарды ұстап алу сияқты салаларда көмек көрсетуге ниетті екендігін білдірді. Сарапшылар Зеленский бұл байланыстар арқылы Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттары саласындағы тәжірибесін әуе қорғаныс зымырандарына айырбастауды және жаңа қауіпсіздік келісімдеріне қол қоюды көздеп отырғандығына назар аударып жатыр. Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында уақытша президент Ахмед әл-Шарамен бірге Таяу Шығыстағы жағдайды және онымен байланысты Ресейдің Украинаға басып кіруін, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелерін және Украинаның сенімді азық-түлік жеткізушісі ретіндегі рөлін талқылағанын мәлімдеді.
Зеленскийдің бұл қадамы Таяу Шығыс елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға және Ресеймен бейбіт келіссөздерде Украинаға қолдау көрсетуге бағытталған дипломатиялық қадамдарының бірі деп саналды. Сонымен қатар, Зеленский Ресей қолдаған Асад режимі құлағаннан кейін Сирияның уақытша үкіметімен байланыстарды нығайтуға кіріскендігін білдіріп отыр.
Бұл сапарда Зеленский Түркия ұшағымен сапар шекті. Кездесулер жайлы хабар таратқан Түркия БАҚ-тары: «Ресейдің күн сайынғы ҰҰА және зымыран шабуылдарымен күресіп жатқан Украина АҚШ-та жасалған «Patriot» әуе қорғаныс оқ-дәрілеріне шұғыл мұқтаж. Алайда Киев Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты жеткізілімдердің азаюынан қауіптенеді. Осы себепті Украина Ресейдің Иран дрондарына ұқсас аппараттарына қарсы жинақтаған қорғаныс тәжірибесін дипломатиялық «көзір» ретінде пайдалануға тырысуда», – деп жазды.
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ















