Литва бақылаушысы: еркін дауыс беруге кедергі келтіретін жағдайды мүлде байқамадық

Литва бақылаушысы: еркін дауыс беруге кедергі келтіретін жағдайды мүлде байқамадық

Литва Республикасының Алматыдағы бас консулы Саруне Кубилюте Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс берудің жақсы ұйымдастырылғанын айтты. Ол әріптестерімен бірге бес сайлау учаскесіне барып, науқанның барынша тыныш, қолжетімді болғанын, азаматтардың еркін таңдау жасауына кедергі келтіретін ешқандай оқыс оқиға болмағанын мәлімдеді.

Дипломаттың айтуынша, барған учаскелерде сайлаушыларға барлық қажетті жағдай жасалған, дауыс беру барысы да ұйымдасқан түрде өткен.

«Әріптестеріммен бірге бес сайлау учаскесіне бардық. Жалпы, бәрі жақсы деп ауыз толтырып айтар едім. Маған ондағы атмосфера ұнады: адамдар  өз дауысын беріп жатыр, сайлауда оларға барлық мүмкіндіктер жасалған», – дейді Саруне Кубилюте.

Халықаралық бақылаушы сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың жай-күйі де ескерілгеніне назар аударды. Оның айтуынша, учаскелерде көру мен есту қабілеті нашар азаматтардың дауыс беруіне бар мүмкіндік жасалыпты. 

«Көрмейтін, естімейтін адамдардың дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалғанына таңғалдым, шынымен. Бұл өте құптарлық іс», – деп ой қосты ол.

Инклюзивті тәсілге қатысты журналистердің сұрағына жауап берген Бас консул дауыс беруге тең қолжетімділік халықаралық стандарттың маңызды талаптарының бірі екенін айтты.

«Инклюзивті қолжетімділік әрдайым дауыс берудің жоғары стандартының бірі саналады, өйткені барлық адамға бірдей жағдай жасалуы керек. Мен сіздерде мұның бәрі бар екенін көріп отырмын», – деді Саруне Кубилюте.

Сондай-ақ, ол учаскелерге барған кезде сайлаушыларға қандай да бір шектеу немесе кедергі келтірілгенін мүлде байқамағанын айтты. Азаматтардың барлығы дауыс беруге еркін келіп, әркім өз бетінше таңдау жасап жатқаны байқалған.

Дипломат бұған дейін де сайлауды халықаралық деңгейде бақылаған. Бұрын ол Молдова, Грузия мен Әзірбайжанда өткен сайлауға қатысқанын айтты.

«Мен сайлауды бірінші рет бақылап отырған жоқпын, халықаралық тәжірибем бар. Әзірге көргенім көңілімнен шығып, жақсы әсер алдым», – деді ол сөз соңында.

Саруне Кубилюте Қазақстанның демократиялық дамуы ел азаматтарына ғана ғана емес, халықаралық ынтымақтастық үшін де маңызды екенін жеткізді.

 

 

23.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27157
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26657
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43992
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39746
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44328