Өмір өрнектері

Өмір өрнектері

Бір оқиға екінші бір жәйтті еске түсіріп жатады. «Алматы ақшамы» газетінің 2013 жылғы сәуір айындағы №40 санында мен туралы «Өзбекстанда ізі қалған Қобланов» деген мақала жарияланған еді. Осы мақаланы оқыған ақтөбелік Өтеген ағам қоңырау шалып, менің әкем туралы біраз әңгіме айтты. 

...Әкем 1951 жылы Мойнақ аудандық партия комитетіне тағы бір мәрте сайлануы керек еді. Алайда ол конференцияға бара алмай қалды. Соған байланысты, тіпті, жиынды созып, екі-үш рет үзіліс жасап күтеді. Мәскеудегі Орталық Комитеттегілер «тек Қобланов сайлануы керек» деп, басқа кандидатураларды қабылдамай тұрған. Алайда, облыстың бірінші хатшысы «Қобланов кеше аң аулауға шығып кетіпті, конференция жайында ұмытып кеткен болу керек» деп, кешкі беске дейін күтіп, келмеген соң, басқа адамды сайлаған. 

Бұл оқиғаға көп жыл өтсе де, сол күн менің есімде қалған еді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Піржан Сейітов үйге қоңырау шалды. «Көптен бері көріспедік, аңға шығып демалайық» – деп, әкемді Порлатау деген ауылға шақырды. 

Таңертең әкем мені де ертіп алды, катермен Арал теңізінің жағасындағы Порлатау деген ауылға бардық. Сол жерде қой сойылып, дастарқан жайылып, жайбарақат отырыс болды. Әкем сыртқа шығып кеткенде, Сейітов аудандық параходтардың басшысына бірдеңелерді қайта-қайта айтып, тапсырды. Ешқайсысы аң аулауға шықпады. «Ертең жиналысқа баруым керек» деп, әкем қайтпақшы болып еді, Сейітов жібермеді. «Әңгімелесіп отырайық, ертең катермен жетесің, мен ұшақпен ұшып кетемін» деді. Солай болды да, бірақ...

Әкем екеуміз таңертең катерге отырып кеттік. Катер теңіздің ортасындағы бір қамыс өсіп кеткен аралға барып тоқтады. Плащпалатка киген параходшылардың бастығы бар, әкем және мен – бәріміз қамыс өсіп кеткен жерге түстік. Әкем арғы жағалауға барып теңізге қарап тамашалап тұрды. 

Әлгі параходтардың бастығы катер жүргізуші жігітке «Жарты сағатта қайтып келемін деп айт та, сағат беске дейін келуші болма. Тіпті, бестен кейін басқа катер жібер. Мен саған сұрап жүрген жаңа катеріңді беремін. Айтқанымды орындамасаң, сені құртамын. Сенің бастығың Қобланов емес, менмін» деді. Сөйтіп, кешкі бесте басқа катер келді.

Бұл жәйттің мән-жайын ақтөбелік Өтеген аға айтқан соң барып ұқтым. Әкемді Мойнақ аудандық партия комитетінің конференциясына қатыстырмауды ұйымдастырған сол кездегі Қарақалпақстанның бірінші хатшысы Піржан Сейітов екен...

Осы оқиғадан өрбитін тағы бір жағдай болған еді. Бұл кезде мен Нөкіс қаласындағы гидротехникумда оқып жүрген студент едім. Спортпен айналысамын. Піржан Сейітовтің баласы да боксқа баратын. Бір күні сол Еркін екеуміз соның үйіне бардық. Еркіннің шешесі: «Мына бала кім, кімнің баласы?» – деп сұрады. Еркін менің аты-жөнімді толық айтып беріп еді, шешесі: «Е-е, Мақсұт Қоблановтың баласы екен ғой. Бұл баланың әкесі жаман адам болған. Соғыс кезінде сенің нағашы ағаңды айып батальонға жіберді. Көп ұзамай содан нағашың қаза тапты», – деді. Кейін мен үйге келген соң, бұл әңгімені әкеме айтып бердім. 

Соғыс кезінде әкем Ходжейлі аудандық партия комитетінің хатшысы екен. Мал бордақылайтын базаға ревизия келіп, тексеріс болады. Көп мал жетіспейді. Базаның бастығы «Бұл малдың барлығын облыстық партия комитетінің хатшысы Піржан Сейітов сойдырып, үйіне алып кетті» деп түсініктеме жазып береді. Менің әкем бұл жағдайдан шығу үшін ревизорға: «Түсініктемені өртеңдер де,  өзін әскерге жіберіңдер» деген екен. Содан Сейітовтің балдызы көп ұзамай соғыста қаза табады. 

Спортзалда Еркінді көргенде, мен осы әңгімені айттым. «Әкеңнен сұрадың ба?» – деді. Мен: «Иә, әкем жаман адам емес», – дедім. 

Әкем 1982 жылдың 19 желтоқсанында қайтыс болды. Жерлеп болған соң, он шақты күннен кейін сол кезде зейнеттік демалыста жүрген Піржан Сейітов үйге молда ертіп келіп, Құран оқытты. Төрге шығып отырмады. Кірген бетте сол жерге екі орындық қойдырып отырды да, жаназа намазына келе алмаған себебін айтты. Ол дәл сол уақытта КСРО делегациясымен бірге Кубада болған екен. Құран оқылып болған соң, қабыл болсын айтып, тұрып шығып кетті. Дұшпаным деп жүрген адамы өзін ату жазасынан құтқарған нағыз жанашыр дос екенін біліп, іштей өкінді ме, кім білсін? Әркімнің жазасын таразыға салар бір Аллам ғой... Менің санамда көп оқиға осылай жаңғырып сала берген еді... 

Марат ҚОБЛАНОВ

 

08.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24278
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23942
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41402
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37316
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41643