Елордада ТМД мен Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет конвенті Comic Con Astana – 2025 жалғасып жатыр. Фестивальдің алғашқы екі күнінде оған шамамен 29 мың адам жиналды.
Фестиваль Астанада 9-13 шілде аралығында өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, осы уақыт ішінде фестивальге 75 000-нан астам қонақ, оның ішінде 10 000-нан астам шетелдік турист жиналған.
Фестивальдің бас продюсері Наталина Абрашкинаның айтуынша, өткен жылы Comic Con билеттері іс-шара басталмай тұрып толық сатылып кеткен, сондықтан көп адам фестивальге кіре алмаған. Сол себепті 2025 жылы фестивальдің ұзақтығы мен өтетін орындар саны көбейтілді – бұл кез келген адамға қатысуға мүмкіндік беру үшін жасалыпты.
Биыл Comic Con фестиваліне алғаш рет бірден үш Голливуд жұлдызы келді:
• Энди Серкис – британ актері мен режиссері, motion capture технологиясының жаңашылы («Сақиналар әміршісі», «Маймылдар ғаламшары», «Жұлдызды соғыстар», «Бэтмен»);
• Эсай Моралес – Голливуд жұлдызы, 40 жылдық карьерасы бар («Озарка», «Титандар», «Мүмкін емес миссия», «Ла Бамба»);
• Скотт Эдкинс – актер және жекпе-жек шебері («Даусыз» фильмі, «Джон Уик 4», «Доктор Стрэндж», «Ип Ман 4»).
Хедлайнерлер автограф-сессиялар, сұрақ-жауап кездесулері және баспасөз конференцияларына қатысып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
«2019 жылы алғаш рет басталғанда, оңай болған жоқ, блогерлер мен индустрия өкілдері қатысқысы келген жоқ, күмәнданды. Ал қазір бәрі өзгергенін көріп отырмыз: шетелдік қонақтардың өздері қызығушылық танытып, Қазақстанға келгісі келеді», – дейді продюсер.
Наталина Абрашкинаның айтуынша, ұйымдастырушылар әрдайым қонақтардың байланыс орнатуына назар аударады, сондықтан биыл азиялық поп-мәдениетке көбірек көңіл бөлінген. Бұрын бұл Жапония, Корея мен Қытай елдеріне арналған шағын аймақ қана болса, енді келушілер арасында үлкен сұранысқа ие толыққанды тақырыптық павильонға айналды.
Сонымен қатар білім беру форматы да белсенді түрде дамып жатыр. Фестиваль аясында шеберлік сағаттары өтіпті. Бұл уақытты көңілді өткізіп қана қоймай, жаңа нәрселерді үйренуге де мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жалпы, фестивальде көптеген қызықты дүниелер ұсынылған: тақырыптық аймақтар, жарқын инсталляциялар, интерактивтер, дизайнерлер, иллюстраторлар мен суретшілердің түпнұсқа туындылары қойылған «Авторлар аллеясы» және косплей байқауы.
Биылғы байқауда жеңімпаз атанған Сергей Ершов «Аладдин» мультфильміндегі Жафардың костюмімен 150 мың теңге ұтып, әуесқойлар арасындағы бірінші орынды иеленді.
«Мен былтыр да Comic Con фестиваліне қатыстым – ол кезде де әуесқойлар арасында косплей байқауында бірінші орынды жеңіп алдым. Биыл дайындыққа шамамен бір ай кетті: ерекше бейне таңдап, бұрын пайдаланылмаған образды таңдауға тырыстым. Comic Con фестивалінде осыншама жастардың бас қосатыны ұнайды, бұл арқылы көпмәдениеттілік дамып жатқаны көрініп тұр», – деді Сергей.
Қатысушылардың бірі – Қазаннан келген Дария Раганина.
«Мен Қазаннан Қазақстанға Comic Con мен косплейді жақсы көргендіктен келдім. Бұл шығармашылық пен ойлауды дамытады. Бұл фестивальге екінші рет келіп тұрмын, бәрі қатты ұнайды. Астана – керемет қала, адамдар өте мейірімді. Биыл мен Stellar Blade ойынындағы Ева бейнесін жасау үшін жарты жыл дайындалдым. Фестивальдің ауқымы өзгергені бірден байқалады: енді ол бір күнге ұзартылды, көбірек іс-шаралар өтіп, екі сахна ашылды – ұйымдастырушылар бәрін ойластырған», – деп әсерімен бөлісті ресейлік қонақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль аудиториясының жасы да артып келеді. Бағдарлама балаларға да, ересектерге де қызықты болатындай етіп жасалған. Бас продюсердің айтуынша, биыл Астанаға Голливуд жұлдыздарының топ-менеджерлерінің бірі ұшып келген – оның мақсаты Қазақстанды әлемдік деңгейдегі әртістердің сахнасына айналдыру мүмкіндігін бағалау. Бұл фестиваль беделінің жоғары екенін көрсетеді.
«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының департамент директоры Базарбек Қамысбаев:
«Биыл фестиваль алғаш рет қатарынан бес күн өтті және бірден екі алаңда – «Астана Арена» мен «Барыс Аренада» ұйымдастырылып отыр. Бір таңқаларлығы – екі локацияда да халық көп жиналды. Бұл фестивальге деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Жыл сайын туристер мен жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныс жоғарылап келеді. Биылғы Comic Con-ға 75 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланса, олардың кемінде 10 мыңы – туристер. Фестивальге келген әрбір турист орта есеппен күніне 118 мың теңге жұмсайды. Бұл – қонақүй, тамақтану, көлік және басқа да шығындарды қамтиды. Comic Con фестивалі Астана қаласының экономикасына тікелей әсер етеді. Биылғы фестиваль аясында қала қазынасына 3,5 млрд теңге кіріс түседі деп күтілуде, – деді ол.