«Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады».
Рақымжан Отарбаев
Қазақ поэзиясының классигі, атақты Жұбан Молдағалиев қылышынан қан тамып тұрған Қызыл империяның тұсында өткен ХХ ғасырдың 70-80 жылдарының өзінде-ақ «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған жоқ па еді? Ал «қырық неше мемлекетте қазақ бар» деп Қайрат ақын Алтайдың ақиық айтыскері Қайрат Құлмұхамедұлы жырға қосқан сол «мың өліп, мың тірілген» қазақтың біразы Алатау (Тянь-Шань) мен Алтайдың, Тарбағатай мен Еренқабырғаның арғы бетіне, Іле мен Ертістің арғы жағында қазіргі (яғни бүгінгіше әдіптесек) Қытай Халық Республикасының Шыңжаң автономиялық өлкесіне қарасты Іле Қазақ автономиялық облысының аймағына Іле, Алтай, Тарбағатай уәлаяттарына, Бұратала (Буратал) облысы мен Санжы облысында ШҰАР-дың шығысындағы Құмбыл аймағында, Ганьсу провинциясының Ақсай қазақ автономиялық ауданында өмір сүріп жатыр.
Бейресми деректерге жүгінсек, онда 2,5 миллионнан астам бауырларымыз бар екен. Демек, олар қазақтың демографиясына, ғылымы мен әдебиетіне, бір сөзбен айтқанда, руханиятына үлес қосып жатыр деген сөз. Сол Шыңжаңдағы қазақ интеллигенциясының белгілі өкілдерінің бірі – орта білім саласының көрнекті ұйымдастырушысы (инженері), педагог, ұстаз, қазақ прозасында өзіндік орны бар жазушы, көсемсөзші Әскер Тойғанбекұлы.
Алақандай ауылдан шыққан талантты ағаларымның бірі еді
Мен кейіпкерімді бала кезімнен білемін. Бұл кісілер біздің отбасымызбен, әке-шешемізбен өте бір жақын қарым-қатынаста болды. Әкеммен (Шыңжаңның Іле өңіріне белгілі халық ақыны Тоқтасын Байсаловпен) қызметтес (әріптес), іні-дос, үзеңгі жолдас болып еді. Әскер аға біздің үйге келген сайын әкем екеуі ұзақ таңға әңгіме айтатын да, айтар әңгімелерінің дені тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар, қазақтың ақын-жыраулары, батыр, би-шешендері, қазақтың айтыс өнер мен өнері болатын.
«Менің әкем қазақтың айтыстары мен лиро-эпостық жырларын таңды-таңға атырып жатқа айтатын зердесі ғажап адам еді. Әсіресе, Абайды, Әсетті, Қасым мен Мұқағалиды, Таңжарық ақын өлеңдерін, Таңжарықтың дастандарын, Таңжарық пен Қойдымның айтысын, Таңжарық пен Нұриланың айтысын, Әсет пен Кемпірбайдың айтысын ерекше бір сүйіспеншілікпен айтатын еді. Өзі де жанынан жазбаша айтыстар шығарды. Біз ол кезде жас бала едік, әкемнің жанында отырып алып, үлкендердің әңгімелеріне құлақ түретін едік. «Апырай, осы бала сөз аңдайды да отырады», – деуші еді әкем.
Әлі есімде, бірде Әскер аға біздің ауылға Тілеужан Сақаловты ертіп келді. Ол кезде мен алтыншы-жетінші сыныпта оқимын. Бұл кішкене ғана ауыл үшін үлкен оқиға болды. 1985 әлде 1986 жылдың соңын ала, Кеңес Одағы мен Қытай империясының арасындағы қырғи-қабақтық жұмсарып, сең бұзыла бастаған кезде, сол кездегі Кеңестік Қазақстаннан Қытайдың Шыңжаң автономиялық аймағына Тілеужан Сақалов сапарлай барды.
Осы сапарында Тілеужан Сақалов Шыңжаң қазақ интеллигенциясының Құрманәлі Оспанов, Тәліпбай Қабаев, Нығмет Мыңжани, Әлімжан Қатпаев, Рахметолла Әпшеұлы, Оразанбай Егеубаев, Ұлантай Досжан, Шәкен Оңалбай, Жақып Мырзақан секілді беделді өкілдерімен кездесіп, ел мен жердің әдебиет пен мәдениеттің жайын сөз етеді.
Ел мен жерді аралаған өзі өнерпаз, өзі әдебиетші Тілеужан Сақалов елге, бауырға деген сағынышын Тілендиев пен Мақатаевтың атақты «Саржайлауымен», Мұқағали Мақатаевтың отты жырларымен жеткізеді. Қазақтың Қарасазын, Шалкөдесімен Ілебасын, Алатаудың баурайын, Жетісудай жер жаннатын Мұқағалидай ақынды жырға қосады. Қазақта, Алматыда Мұқағали Мақатаевтай ұлы ақынның шеңберге сымай өткенін, Мұқағали жырының, Қазақтың қара өлеңінің құдіретін көсіле отырып әңгіме еткен Сақаловтың айтуындағы әңгіме еткен. Сақаловтың айтуындағы Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін, сонымен бірге Таңжарық пен Қойдымның айтысын, Таңжарық пен Нұриланың айтысында қазақ айтысының ғажайып үлгілерін Тілеужан Сақаловтың аузынан үнтаспаға жазып алады. Бұл бізге сол кезде үлкен рухани қазына болып еді, иә.
Өткен ғасырдың 80-жылдарында біздің ауылда үлкен шаһарда оқитындар мен онда қызмет істейтіндер тым аз еді. Кейін ғой қалада оқыған қазақтың баласының көбейгені, қала жағалап қызмет еткені.
Кейін ес біле бастағанда, орталауда оқып жүрген кезде әдебиетке әуестене бастаған, сөз өнеріне аңсарымыз ауа бастаған кезде қолына қалам ұстаған, оқыған ағаларымызды жағаладық. Сол ағаларымыз қазіргі заман тілімен айтқанда біздің кумирімізге айналды.
Сол мен өнеге тұтқан ағаларым Тәліпбай Қабаев, Қадырбек Бертөреұлы, Ынтымақ Болатбайұлы, Бек Тойекеұлы, Серік Нұғман, Думан Аман секілді толқыны жағаны ұрған Текес өзенінің жағасында орналасқан атақты Қаракерей Қабанбай ат шалдырған Аттың тауының етегіндегі кішкентай ғана Ақдала деп аталатын ауылдан шыққан осы ағаларыма қарап бой түзедік. Осы ағаларымның әрқайсысынан өзімізше өнеге алуға тырыстық.
Өлке орталығы Үрімшіден мың шақырым шалғайдағы Қазақстанның Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқолымен шектесетін кішкентай ғана қазақ ауылының ауданының мектеп оқушысы үшін өлке орталығында оқу қол жетпес арман болғаны рас еді.
Енді ғана ауыл ауданындағы 11 жылдық мектепті (Мыңғылкүре аудандық №і 1 қазақ орта мектебін) бітіріп, ес білген шағымызда өмір дейтін асау өзеннің ағысы мені өмірдің басқа бір арнасына салды да жіберді.
Сөйтіп, өлке орталығындағы өзіміз армандаған университетте оқу бақыты біздің пешенемізге бұйырмады. Тек содан көп кейін ғана Құлжадағы Іле педагогикалық институтының филология бөлімін әлеуметтік байланыс және менеджер мамандығы бойынша оқып бітірген соң ғана» (онда да ақылы бөлімде) Шыңжаң университетінің сырттай оқу бөлімінде оқығанымыз болмаса ...
Бұл университетте сонау 1950 жылдардың басында біздің ауылдан шыққан көрнекті әдебиетші ғалымдар Төлеужан Сақалов пен Тәліпбай Қабаев (1952-1954 жылдар).
Содан бірнеше жыл кейін Іле өңірінен шыққан алғашқы әйел мұғалімдердің бірі педагог-ұстаз менің анам Бедемхан мұғалім де (Көжекбайқызы).
Бізге орталау сыныптарда қазақ тілінен дәріс оқыған мұғаліміміз (Мүтән Нұрсейітұлы) профессор Ахметбек Кірішевтің курсынан оқыған екен. (1956-1959 жылдар). Кейін 1970-жылдары біздің ауданда философ Жұмәлі деп аталған өте бір талантты кісі болды. Математик ұстазымыз Жұмәлі Нұғманұлы өлкелік газетте («Шыңжаң» газеті) редактор-аудармашы Қадырбек Бөртөреұлы сол ағаларынан кейін 1980-жылдардың басында көрнекті биология ғалымы Ынтымақ Болатбайұлы (бұл кісі көп жылдар бойы Жапонияда ғылыми зерттеумен айналысқан қазақ ғалымы) оқыған екен.
Иә, Әскер ағамызды бала кезімізден білсек, ол кісінің шығармашылығымен студент кезімізден таныстық. Алғаш Облыстық «Іле» газетінде, «Іле ағарту» журналында, өлкелік «Шынжаң» газетінде, «Шынжаң оқу ағарту» журналында психология мен педагогикаға, бала тәрбиесіне, орта білім саласын басқаруға байланысты мақалаларын, Шыңжаңнан шығатын әдеби журналдар «Шұғыла», «Іле айдыны» секілді басылымдардан алғаш әңгіме-очерктерін оқып жүрдік. Бұл біздің 10 жылдықты бітіріп, жігіт бола бастаған шағымыз. Ағамен осы кезден бастап кешегі әкемнің әріптес інісі, үзеңгілес жолдасы, бізге аға, біз ол кісіге іні болып араласа бастадық.
Сол Әскер ағамыздың да бабалар салған жолмен мәңгілік мекеніне аттанып кеткеніне біраз жылдар болыпты. Көзі тірі болғанда ортамызда жүргенде өзі келіп жатқан сексеннің белесіндегі мерейтойын ел-жұртымен бірге өткізер еді. Әттең, ұлы Шерағаң, классик Шерхан Мұртаза айтпақшы, бір кем дүние. Иә, бабаларымыз жазмыштан озмыш жоқ деген.
Әскер Тойғанбекұлы 1946 жылдың күзінде, 6 қыркүйек күні Қытай Халық Республикасының Шыңжаң автономиялық өлкесіне қарасты Іле Қазақ автономиясының Моңғолкүре ауданында (Өр Текесте) Текес өзенінің жағасындағы күзеулікте дүниеге келді.
Әкесі де, шешесі де қарапайым еңбек адамдары еді. Өмір бойы ата кәсіппен, мал шаруашылығымен айналысқан әулет болатын. Балалық шағы осы Текес даласында өтті, жастайынан әкесі еңбекке баулып өсірді, қай-қай шаруаға болсын табанды, ұқыпты болды. Бастауыш сыныпты ауылдағы мектептен оқып, аудан орталығындағы №1 қазақ орта мектебінен 10 жылдықты кезінде, Гоминьдан үкіметінің мүшесі болған, сол өлкеден шыққан алғашқы зиялылардың бірі Абай мұғалімнің класынан бітіріп, шығып Құлжадағы Ахметжан Қасыми атындағы мұғалімдерді жетілдіретін білім ордасына (Іле гимназиясында) оқуға түсіп, оны 1965 жылы бітіріп, өзінің туған ауылына оқытушылық қызметке бөлінеді.
Өкініштісі, жазушының жастық шағы Қытайдағы 10 жылға созылған мәдениет революциясына дөп келді.
Тарихи тақырыпқа құлаш ұрған жазушы
Бұл кезең бүкіл Қытай бойынша экономикада, өндірісте, ғылым мен білімде, руханиятта тоқыраған жылдар болатын. Мектептерде сабақ тоқтаған, елдің бәрі жаппай оңшылдарды ұстау, стиль дұрыстаумен айналысып кетеді де, енді ғана оқу бітіріп келген жас мұғалім ауданның іргесіндегі Мәйек фермасына қайта тәрбиеленуге түседі.
Бала жастан кітапқа құмар талантты жігіт қолына түскен кітаптарды жасырып оқып, күнделіктер жазып отырады. Осылайша өздігінен үйрену арқылы білімін жетілдіріп, өзін рухани жақтан жетілдіре түседі. 1970 жылдардың соңында Қытайдың саяси сахнасына ұлы реформатор Дэн Сяопиннің келуімен бірге Қытай қоғамында демократияның жылы лебі соғып, ғылым мен білімнің, руханияттың көктемі келді. Осы кезде қытай зиялылары қоғамның алдыңғы легіне шыға бастайды.
Әскер Тойғанбекұлы осы кезде аудандық мұғалімдерді дайындайтын педагогика техникумына (колледж) мұғалімдікке шақырылады. Содан қашан зейнеттік демалысқа шыққанға дейін (2000 жылы) осы оқу орнында лектор, директордың оқу және тәрбие жөніндегі орынбасары, директор, аудандық оқу бөлімінің басшысы, ауданның оқу-ағарту бас инспекторы болып қызмет атқарады.
«Осы жылдар өңірдің білім саласын көтеруге бар ынтасын арнап айтулы үлес қосты. Психология, педагогика пәндерінен арнайы оқу құралдарын құрастырып жазды. Облыс көлеміндегі ғылыми-практикалық конференцияларда лекциялар оқыды. Орта білім саласына арналған менеджменттік (басқару) оқулықтар әзірледі. Сансыз жас мұғалімдерді орта білім саласын басқару бойынша жас кадрларды тәрбиеледі. Өңірдің білім саласына қосқан осынау үлестері үшін облыстың ғылым мен білім саласына арналған ғылым-техника мамандарына арналған арнайы үкіметтік стипендиядан игілігін көрді.
2000 жылы зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін атамекенге, Қазақстанға біржола қоныс аударып, арнайы шығармашылықпен айналысып, өмірінің соңғы жылдарын тәуелсіз Отанында өткізді. 2019 жылы Қытайға емделуге барған қаламгер сол жылдың 15 қарашасының соңында дүниеден өтті. «Туған жер өлген мола жібермейді» (Шәкәрім) демекші, сол өзінің кіндік қаны тамған қасиетті топырақта «торқадай топырағын жамылып ап, жатармын өз жерімде бір төмпешік» деп дауылпаз Қасым ақын жырға қосқан сол туған жердің топырағында Өр Текесте өзінің ата-бабаларының қорымына жерленіп, мәңгілікке тыныс тапты.
Әскер Тойғанбекұлы әдебиетке 1970 жылдардың соңында келген толқынның өкілі. Әдебиетке келген көп қаламгерлер секілді, әдебиетке алғаш өлеңмен келген қаламгер 1980 жылдардың басынан проза жанрына бет бұра бастады. Қаламгердің сол 1980 жылдары «Дәме», «Өкініш», «Кәсіпкер», «Таразы», «Ақ халатты кәсіпкер», «Жауынгер» секілді әңгіме, повестері, очерктері өлкедегі әдеби журналдар мен газеттерде жарияланып тұрды.
Жас кезінен әңгімеге құштар, (өзі де әңгімешіл), сөзге ұғымтал, тарихқа зерек, қолына қалам алғанға дейін қаншама тарихи әңгімелерді жадына тоқып қанығып өскен жазушының 1990 жылдардан бастап тарихи тақырыптарға бет бұруы тегіннен-тегін емес болатын. Ағаның ұқыптылығы сондай, ел ішіндегі шежіреші әңгімешіл абыз қариялармен әңгімелескенде, әңгіме барысында тосын, тың жаңа деректерге жолыққанда, естіген әңгімесін, ондағы тарихи оқиғаның барысын, болған жылын, өткен жерін, ондағы кісі аттарын аса бір ұқыптылықпен қағаз бетіне түсіріп отырған.
Алтын діңгекке айналған шығармалар
Жазушының мұндай қасиеттері туралы әріптес қаламдас інісі, Қазақтың белгілі ақыны Дәулетбек Байтырсынұлы Әскер ағасы туралы жазған естелігінде былай деп келтіреді: «Жәнібек ауылындағы (Әскер аға Албан ішінде Жәнібек деген рудан) Рысқұл, Рыспай, Тойғанбек қария ағалар, Оразәлі, Оразбек қариялардың құлақ құрышын қандыратын әңгімелерін үздіксіз тыңдап келгенін айтып отырушы еді.
Анау бір жылдары Тойғанбек, Оразәлі ақсақалдардың айтқан әңгімелерін бірге отырып тыңдаған сәттеріміз де көп болды. 2000 жылы Қазақстанға келген сапарында Жылсайға, одан Кегенге бірге бардық. 1916 жылғы Қарқара көтерілісі туралы роман жазып жүрген, сол романына материал жинап жүрген кезі болатын. Ол жақтарда жүргенде байырғы әдетімен көнекөздермен әңгімелесіп, өзін елең еткізген деректерін қойын дәптеріне түртіп отырды. Оқыған кітаптарынан бөлек, әне сондай шөңгелдігімен мұқияттығының арқасында көп ізденістері өз нәтижесін беріп, том-том кітап болып оқырмандармен қауышты».
Байтұрсынұлының естелігінен бұл үзінділерді бекер алып отырғанымыз жоқ. Осы бір детальдардың өзі жаңа біз айтқан жазушының біз айтқан қасиеттерін айшықтай түседі.
Әскер Тойғанбековтың шығармашылығының арқауы – негізгі тақырыбы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке жету жолындағы ұлт-азаттық көтерілісінің үлкен бір бөлігі 1916 жылғы Қарқара көтерілісі. (Бұл көтеріліс «Албан көтерілісі» деп те айтылады. Негізгі әрі ауқымды көтеріліс болатын).
Жазушы осы бір өзекті де ауқымды тақырыпты өз шығармашылығының алтын діңгегі етіп алды. Осы тақырыпты жазу үшін 30 жылдан астам өмірін сарп етті. Осы жолда қаншама рет Жетісу өңірін аралап, осы тарихи оқиғаның шет жағасында болған адамдармен (шығарма кейіпкерлерінің көзін көрген қаншама ақсақалдармен) кездесіп, қаншама дәптер, күнделіктер жазды. Сол жазған күнделіктер кейін жазылған 3 томнан тұратын «Қайран елім» трилогиясының («Қос арыс», «Арманда кеткен арыстар», «Қайран елім») жазылуына негіз болды.
Жаңа біз естелігінен цитата келтірген Байтұрсынұлы «жазушы Жақсылық Сәмитұлының атамекенге келу миссиясы Оспан батырды жазу болса, Әскер Тойғанбекұлының жазушылық миссиясы Әлмерек батыр бастаған Жетісу жерінен шыққан би батырларымызды жарқырата көрсетіп, олардың ерлігін соңғы ұрпаққа жеткізу». Дәукеңнің бұл пікірімен келісуге болады. Жазушының «Қайран елім» трилогиясы ол кісі азат Отанға келмегенде толық жазылып бітпес еді. Онда мұндай тарихи тақырыпты көтеруге, ауқымды шығарманы жазып бітіруге мүмкіндігі де болмас еді.
Тарих қатпарларына тереңдеп барған қаламгер Әлмерек абыздан басталған ұрпақ жалғастығын, сабақтастықты жалғастыра отырып, Қытай мен Орыс сынды екі империяның арасындағы тарихи оқиғалардың, қақтығыстардың куәсі болған, Қытайдың да, Орыстың да назарына ілігіп, ұлт-азаттық көтерілісінің үлкен бір бөлігі, әрі көтерілістің, әрі негізгі көтерілістердің бірі Жетісудағы әйгілі 1916 жылғы Албан көтерілісінің (Қарқара көтерілісі) көріп, қуғын-сүргіннен ұрпақты сақтап қалу үшін жанталасқан ауған елдің жан арпалысын, күйзелісін, үміткерлігін, күрескерлігін, азаттыққа деген ұмтылысын арқау еткен шығарма, Қытай мен Орыстың ортасында жазықсыз отқа күйген Жақыпберді батырдың ерліктеріне жалғап, албан, суан, қызай руларының есінде ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өшпестей із қалдырған Алашшыл ақын Көдек Байшаұлы (Маралбай, Жетісу күй мектебінің аса ірі өкілі, дәулескер күйші, күйші Қожеке Назарұлы өмір сүрген дәуірге дейінгі Жетісу жеріндегі тарихи оқиғаларды толық қамтылған шығарма).
Жазушының шығармашылық зертханасына зер салсақ, ұлы Әуезовтен басталған қазақ көркем сөзіндегі дәстүрлі әңгімешілдікті, қаймағы бұзылмаған қазақтың көркем тіл кестесін, салт-дәстүрді, мәдениетті терең меңгергенін байқаймыз.
Әрбір шығармасында жазушы қазақ тілінің көркем сипаттарын, (синоним сөздерді ғана емес) барынша, яғни еркін қолданумен бірге, жергілікті халықтың тіл қолданысындағы сөздерін де орны-орнымен қолданып отырған.
Албан тайпасының арғы-бергі шежіресіндегі шешендік сөз саптаулар, өзіндік мақамы (әуезі), тіл қолданыстары, боямасыз (яғни тіл қолданыстарын боямасыз беруде) жазушының суреткерлік шеберлігі деген сөз.
Біздің тағы бір қосарымыз, жазушының жан түкпіріндегі көркем ой, қиялы өзі көркем бейнесін жасаған әрбір кейіпкердің әр сөзінен, әрбір қимыл-әрекетінен көрініс тауып отырады.
Ол өзінің тарихи романдары арқылы қазақ әдебиетіне Жәмеңке, Ұзақ, Тазабек, Жақыпберді, Көдек, Қожеке секілді тарихи кейіпкерлер, (тарихи тұлғалар) галереясын жасады. Бұл кейіпкерлердің образы қазақ халқының бір ғасырдан бір ғасырға қадам басқан аласапыран замандағы қиын-қыстау тағдырынан хабар беріп, сол кезеңдердегі оқиғалардың тереңіне үңілуге жетелейді. Әскер Тойғанбекұлының шығармаларын оқығанда тарих толқынындағы саяси дүрбелеңдердің куәсі болған, соның салдарынан туған топырақтан жырақта ғұмыр кешкен қазақтың талайлы тағдыры көз алдыңа келеді.
Әскер Тойғанбекұлы – қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған жазушы, қаламгердің «Арманда кеткен арыстар» («Шынжаң Жастар» баспасы 2000 жылы), «Тазабек батыр» («Ұлттар» баспасы 2007 жылы Бейжің), «Қожеке күйші», «Ұлттар» баспасы, 2012 жыл, Бейжің, «Қайран елім» роман-трилогия (Алматы, 2008-2012 жылдар), («Үйсінтаудың шыңы»), («Өлең құшақтап туған ақын») сынды кітаптары жарық көрді.
«Кіндігімді байлаған қазығым-ай, сен болмасаң бұл жерге келмес едім». Қазақтың ақиық ақыны ұлы Мұқағали Мақатаев осылай жырға қосқан, сол Аспантаудың арғы бетіндегі туған жер, туған топырақ естіген сайын жүрегімді шымырлатып, көңіл толқытар, сол бір сәттер еске түседі. Қазақтың классик қаламгері, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» депті. Онда менің балалық шағым, жастық көктемім қалған. Сол туған топырақта атам мен әкемнің, жаны жайсаң, үлкен жүректі ағаларымның рухы қалды. Солар еске түскенде қазақтың тағы бір шоң ақыны, менің Нұрлан ағамның, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Шекараның ар жағы да біздің жер, шекараның бер жағы да біздің жер» деп басталатын атақты «Шекара» өлеңі санамда жаңғырады.
Шекара
Шекараның ар жағы да – біздің жер,
шекараның бер жағы да – біздің жер.
Алтай менен Тәңіртауды бойлатып,
Батыс! Шығыс! Қалай қиып, үздіңдер?!
Шекараның ар жағы да – елік-қыр,
шекараның бер жағы да – елік-қыр.
Ой жеткенмен, тіл жетпейді айтуға,
бәрін, бәрін көз-көкірек көріп тұр.
Шекараның ар жағы да сол бір ән,
шекараның бер жағы да сол бір ән.
Көдек пенен Таңжарықтың сол
мұңы көкті кезіп,
безілдейді домбырам...
Мың-мың тұяқ солқылдатып
шапқандай,
қыран-сезім көкке қанат қаққандай;
бабалардың ұлы көші беймәлім
ғарыш жаққа ұзап бара жатқандай...
Шекараның ар жағы да – шырғанақ,
шекараның бер жағы да – шырғанақ.
Екі белдің төбесінен екі қарт
етектегі көк өзенге тұр қарап...
Шекараның ар жағы да – қара орман,
шекараның бер жағы да – қара орман.
Үйсінтаудың қараяды шоқысы,
кешкі ертегі – көшкен дәурен,
бәрі арман.
Шекараның ар жағы да – от, құрақ,
шекараның бер жағы да – от, құрақ.
Аспантаумен барады ұшып қаз, тырна...
Ал, дүние-ай! Қу көңілде жоқ тұрақ...
Шекараның ар жағы да – біздің ел,
шекараның бер жағы да – біздің ел.
Сайрам көл мен қайран белдің арасын
аңыратып соғады бір күзгі жел...
Ақынның жан толқытар, көңіл тербетер бұл өлеңін толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Өлеңді сіз де оқып көріңіз, мәртебелі оқырман.
Біздің бұл жүрекжарды жазбамыз, Әскер аға, сіздің рухыңызға арналған біздің оқыған дұғамыз, қабіріңізге салған бір уыс топырағымыз болсын! Бұл, аға, сізге деген інілік ілтипат пен құрметтің көрінісі еді. Пейіште нұрыңыз шалқысын!
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ,
Рақымжан Отарбаев атындағы
әдеби сыйлықтың лауреаты













