Қазақстанның зейнетақы жүйесін өзгертетін уақыт жетті!

Қазақстанның зейнетақы  жүйесін өзгертетін уақыт жетті!

Елімізде зейнет жасы мен зейнетақы мәселесіне байланысты түрлі талқылаулар мен пікірлердің айтылып жүргені белгілі. Бірақ құзырлы орын өкілдері бұл жағдай тек бекітілген ережелер бойынша ғана өзгеретіндігін және жақын арада ауқымды түзетулер болмайтынын көлденең тартып келе жатқалы қашан.

Халықтың көкейіндегі түйткілді мәселенің түйініне үңілген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері мен депутаттары мәселені заң жүзінде реттеу керектігін айтып, Үкіметке арнайы заң жобасын ұсынған болатын. Талқылауға партия депутаттары, сарапшылар, еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, Ұлттық банк, БЖЗҚ және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері мен заңгерлер де қатысты. Қоғам мен құзырлы орын өкілдерін біріктірген ауқымды дөңгелек үстел жай ғана пікір алмасу емес, еліміздегі миллиондаған азаматтардың өмір сапасын айқындайтын тәсілдерді түбегейлі қайта қарау болды.

Сарапшылар мен заңгерлердің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның зейнетақы жүйесі солқылдап, ел мүддесіне толық жауап бере алмай отырғаны байқалады. Мәселені егжей-тегжейлі қарастыру мақсатында бір үстел басына жиналғандар өз пікірлерін ортаға салды.

 

Зейнетақы жүйесі заңмен реттелуі қажет

Отырысты бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев өз сөзінде халық арасында зейнетақы жүйесінде олқылықтардың бары жиі айтылатынын жеткізді.

«Біз әр өңірге барып сайлаушылармен кездескенде, халықтың басым көпшілігі зейнетақы жүйесіне байланысты өз ойларын айтып, салаға өзгеріс енгізу қажет деп есептейді. Талай адам зейнетке шыққанда өзінің зейнетақысының тым төмен болып қалғанына шағымданады. Енді біреулер қордағы қаражатының тым құрығанда 10-15 пайызын шешіп алып, тұрмысын оңалтуды сұрайды. Осы қарапайым жағдайларды саралай келе, біз зейнетақы жүйесін заң аясында реттеуді дұрыс деп тауып, Үкіметке өз жобамызды ұсындық», – деді депутат.

Депутаттың сөзін құптаған модератор, заңгер Әлия Илькенова осыған ұқсас бірнеше мәселені тізбектеді.

«Біздің елде қазір зейнетақы жинағынан азамат тек 3 млн теңгеге дейінгі қаражатын пайдалануға құқылы: 1) пәтер алуға, жөндеуге, 2) оқуға, 3) денсаулығын оңалтуға. Бірақ қазіргі қоғамда адамдар бұдан басқа да түрлі мәселелерге тап болып отыр. Мысалы, азамат оқыс жағдаймен бетпе-бет келуі мүмкін. Әлеуметтік желіде елден қаражат жинап жүрген талай жанды көріп жүрміз. Ал ол азаматтың зейнетақы жинағында денсаулығын оңалтуға немесе шығынның жартысын жабуға жететін қаражаты болуы мүмкін. Тіпті аяқ астынан мүгедектікке ұшыраған жағдайда, тұрмысты ыңғайластыру үшін де қаражат қажет. Мысалы, мүгедектер арбасы кіріп-шығатын есік жасаудың өзі аз шығын емес. Сондықтан біз мемлекеттік реттеумен қатар, зейнетақы жүйесін өмірлік жағдайларды ескере отырып арнайы заң жобасы арқылы жетілдіруді ұсынып отырмыз», – деді ол.

Шындығында, заңгердің пікірі орынды. Ұсынылған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жобада төмендегідей нақты ұсыныстар көрсетілген:

Зейнетақы жинақтарын пайдаланудың ең төменгі жеткіліктілік шегін алып тастау;

Азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге (тұрғын үй, медициналық көмек, білім беру және әлеуметтік қолдау) пайдалану құқығын бекіту;

Зейнетақы жинақтарымен төлеуге болатын медициналық қызметтердің тізімін кеңейту (оның ішінде шетелде медициналық көмек алу);

БЖЗҚ-мен өзара іс-қимылдың ашық тетіктерін құру және зейнетақы активтерін басқаруға қоғамдық бақылауды күшейту;

Мүгедектік, ауыр сырқаттану немесе тұрғын үйді арнайы қажеттіліктерге бейімдеу қажеттілігі туындаған жағдайда жинақтарды пайдалану мүмкіндігі.

ЖСДП өкілдерінің пікірінше, бұл өзгерістер азаматтардың өмір сүру сапасы мен алға ұмтылуға деген құлшынысын арттырады.

 

Мемлекеттік органдар да түсініп отыр

Шараға арнайы келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай өз сөзінде жүйенің кейбір тұстарын реттеу қажет екенін мойындағандай болды. 

«Біз зейнетақы шотындағы қаражатты шешіп алу туралы айтып отырмыз. Әрине, келтірілген мысалдарға байланысты біраз дүниелерді ойлану қажет. Бірақ азаматтарымыз шоттағы қаржыны шешіп алғаннан кейінгі жағдайды болжай алмаймыз. Өзімнің де ата-анам бар. Болашақта менің де зейнетке шығатыным белгілі, бірақ жағдай қалай өзгереді ол белгісіз. Ал Үкіметтің басты мақсаты – азаматтардың зейнетақы жинағындағы қаражатының босқа шашылып кетпеуіне кепіл болу», – деді ол.

Вице-министр сөзін нақты деректермен жалғады. «Қазақстанда 10 млн еңбекке қабілетті азаматтың тек 7 миллионы зейнетақы жүйесіне толық қатысып отыр. Көпшілігінің жинағы 500 мың теңгеден аспайды. Бұл қаражат зейнетке шыққан жағдайда 1-2 жылға ғана жетуі мүмкін. Одан кейін не болмақ? Халық қазір қордағы 4 трлн теңгені жеке мақсатқа шешіп алды – бұл әлеуметтік сұраныстың қаншалықты ауқымды деңгейде екенін көрсетіп отыр. Зейнеткерлік қаражаттың ең төменгі жеткіліктілік шегі қартайған кезде кедейлікке әкелуі де ғажап емес. Дегенмен, қазақстандықтар алдағы өмірін,  20-30 жылдан кейін не болатынын ойлап отырған жоқ. Баспана алу мақсатында қаржы шешу арқылы  азаматтар бүгінгі шығындарын азайтуы мүмкін. Олар енді пәтерақы төлеуден үнемдеген қаржыны қыдыруға, тамақтану мен өзге де  қажеттіліктерін өтеуі ықтимал. Ол дұрыс та болар. Бірақ біз осылай қаражат шешу арқылы өзіміздің зейнеткерлік жастағы жақсы өмірімізді ұрлап жатырмыз», – деді вице-министр.

Шегайдың сөзіне сүйенсек, жинақты шектен тыс пайдалану болашақта қарттардың дәрі-дәрмек пен жүріп-тұру шығындарын өтеуге мүмкіндігі болмай қалуына әкелуі ықтимал. Алайда бұл пікірмен ардагер зейнеткерлер келіспейміз деп отыр. 

 

Қаржы институттары не дейді?

 ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаменті басқарма басшысы Александр Пасюгин статистикалық мәліметтер келтіргенімен, «неге азаматтар өз ақшасын басқара алмайды?» деген сұраққа жауап бермеді.

Оның айтуынша; «Қазақстандағы активтер көлемі – 25,1 трлн теңге. 2024 жылғы кірістілік – 17,8%, инфляция – 8,6% болған. Бұған дейін 4 трлн теңгені азаматтардың қажеттіліктеріне инвестицияладық. Үкіметтен қандай ұсыныс келсе де қолдауға дайынбыз», – деді ол.

ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов:

«Өзіңіз айтқан 4 трлн теңге банк жүйесіне қандай да бір әсерін тигізді ме?» – деп сұрағанда, Пасюгин: «Айтарлықтай ауыртпалық сезілген жоқ», – деп жауап берді. Бұл Ұлттық банктің жағдайды басқаруға қауқарлы екенін көрсетеді.

«БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шарипов та өзінің баяндамасында жастардың жинақты ерте пайдалану болашағына кері әсерін тигізетінін атап өтті. «Қазір зейнеттегі азаматтардың өмір сүру жасы ұлғайып келеді. Сондықтан жас кезінде зейнеткерлік қорлардан қаражат шешіп алғандардың жағдайы болжам бойынша болашақта ауыр болады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде елдің әлеуметтік тұрмыстық статистикасын төмендетеді. Осы мақсатта жастарға қазіргі кезде зейнетақы қорына мүмкіндігінше мол қаражат жинау мәселесін насихаттап жатырмыз. Түрлі өндіріс пен өнеркәсіптерге барып жағдайды жан-жақты түсіндіру үстіндеміз. Болашақ қашан да кімге болсын маңызды болуы керек. Біз осыны ұғынуымыз қажет. Атап айтқанда, Сингапур сынды дамыған елдерде бұл мәселе жақсы жолға қойылған. Дамыған елдерде деп отырмыз ғой, сол елдерде зейнетақы қорларына аударылатын ең төменгі көрсеткіш табыстың 15 %-30 % дейін. Бізде 10 %-дан аспайды. Әрине, біздегі табысты ескерсек, бұл шынымен де өте төмен қаражат.  Ал оны шешіп алу  болашаққа балта шапқанмен бірдей», – деді «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шарипов. 

 

Халықта қаржылық сауаттылық төмен

Дөңгелек үстелге арнайы келіп қатысқан еңбек ардагері Сабыр Құсайынов құзырлы орындардың алдына 3 түрлі мәселені көлденең тартты. 

«1. 5 баладан көп баласы бар аналарға мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы тағайындау. (Олар зейнетақы қорына аз болса да қаражат жинауы қажет). 2. «БЖЗҚ» жүйеге енгізілген 1998 жылдары көп азаматтың еңбек өтілі дұрыс есепке алынбады. Салдарынан бүгінгі таңда ол азаматтар еңбек өтілі болмағандықтан,  базалық зейнетақы алуға мәжбүр. 

3. Зейнетақының бүгінде 60 %-ы тек дәрі-дәрмекке жұмсалады. Бұл мәселені реттеп, заңды негізде шешім шығару керек», – деді. 

Шындығында, кезінде жіберілген қате есептің зардабын зейнет жасына келгенде тартуы қаншалықты заңды болмақ. Бұл да шешімін табатын дүние сыңайлы. 

Депутат Ажар Сағандықова, ең алдымен, азаматтарымызды қаржылық сауаттылықтың жоқтығы көп жағдайда кері әсер етіп жатқанын да алға тартты. Азаматтарымыздың жаппай зейнетақыларын шешіп алуға ниетті болып отырғанының өзі де осы қаржылық сауаттылықтың төмендігі салдарынан шыққан мәселе екені анық. Ал келесі мәселеге басқа қырынан келер болсақ, қазіргі таңда елдегі әлеуметтік жағдай да жұртты тығырыққа тіреп тұрған сыңайлы. Әсіресе шамадан тыс несиеге тәуелділік.

Не дегенмен де сауаттылық қажет. Ал бұл жолғы ЖСДП ұйымдастырған дөңгелек үстел көп жағдайдың бетін ашып бергені айқын. Бұл мәселе алдағы уақытта тағы да талқыланып, сауал төңірегінде талқылау тағы да  болу қажеттігі анықталды. Жиналғандар да мұны құптады. 

Бердібек Қабай 

 

20.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20090
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19918
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35047
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33619
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37440