Қонаев берген құтты баспана

Қонаев берген құтты баспана

Қазақ халқын бодандықтан құтқарып, елдікке, бірлікке жеткізу үшін билер мен хандарымыз өз өмірлерін сарп еткені белгілі. Туған халқының болашағы үшін күрескен сол бабаларымыздың арманын орындау үшін Алла Тағала ХХ ғасырда бізге Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты берді дер едім.  Шын мәнінде, адамгершілігі жоғары, ерекше қасиетті жан еді.

Менің елу жыл отасқан жұбайым – қарапайым жұмысшыдан бригадирге дейін көтерілген еңбекқор азамат Қырқынбек Өмірқұлов – Димекең жақсылық жасаған мыңдаған адамдардың бірі ғана, – деп бастады әңгімесін Мейірхан апа. – Бәрін басынан бастап айтайын. Қырқынбек Райымұлы Өмірқұлов  1946 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданы (қазіргі Құлан) Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Әскерден оралған 1968 жылы Алматыға соғып, жолдастарымен қаланы аралағанда әсем Алматы оған бірден ұнайды. Қалада қаламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар, бірақ тағдыр айдап сол күндері жұмысшыға зәру болып жатқан «Алматыотделстрой» тресіне қарасты «СМУ-19» мекемесіне жұмысқа орналасады. 

Астанамыз Алматыда небір құрылыстар салынып, әсем ғимараттар бой көтеріп жатқан кез. Еліміздің символына айналған ең биік те сәулетті «Қазақстан» қонақүйі,  12 метрлік алып күмбезі мен мұндалаған Оқушылар сарайы, Ә.Қастеев мұражайы сынды көрнекті ғимараттардың құрылысында менің жолдасымның қолтаңбасы барын мақтаныш тұтам.

Қоғам және мемлекет қайраткері, көп жылдар Димекеңмен қызметтес болған Кеңес Аухадиев  бір естелігінде былай деп жазғаны бар: «Димекең әсем Алматыны айрықша жақсы көрді. Күнделікті өз жұмысын тікелей астананың шаруашылығынан бастайтын. Алматының сейсмикалық жағдайында да көпқабатты үй салуға болатынын біліп, жиырма бес қабатты ғимаратты тұңғыш рет біз салайық деп тәуекел етті. Алматы қаласының бірде-бір ірі құрылысы Димекеңнің араласуынсыз шешілмеді.  Барлық жаңа құрылысты ол кісі жеке-жеке қарайтын. Димекеңнің ерекше қасиеті – адамдардың аты-жөнін толық білетін, ұмытпайтын. Зауыттардың цех бастықтарын да, ұжымшар, кеңшар басшыларының да аты-жөндерін толық білетін. Оларға ерекше ілтипатпен, жылылықпен қарайтын. Өзі салмақпен түсіндіріп, өзгені де ыждағатпен тыңдайды. Үй-жаймен қамтамасыз етіп, жағдайларын біліп, үнемі қамқорлық жасап отыратын».

Осы сөздің растығына біздің өмірімізге үлкен өзгеріс әкелген сол күн айқын дәлел десем болады. Әлі есімде, жолдасым жаңадан бой көтеріп жатқан Оқушылар сарайына паркет төсейтін бригадаға жетекшілік ететін, сол күні кешкісін жұмыстан шабыттана оралды.

«Мира, сенесің бе, мен бүгін Қонаев жолдаспен кездестім ғой! Қасында бір кісі бар, сағат 10-дар шамасында құрылысқа кіріп келді. Бойы биік, маңдайы жарқыраған кісі екен. Жоғары қабатта жұмыс істеп жатқан жігіттердің бәрін төменге түсірді. Димаш аға әрқайсысымыздың қолымызды алып амандасуға оқталған соң, жігіттер қолғаптарын шешіп, бойларын түзеп, бір жасап қалдық. Димекеңнің бізге жымия қарап, мейірлене сөйлегенін ешқашан ұмыта алмайтын шығармыз, сірә! Бастығымыз соның алдын ғана сыртқа шығып кеткен болатын, амал жоқ, құрылыстағы бар тіршілікті мен таныстыруға мәжбүр болдым. Димаш аға жұмыс қалай жүріп жатқанын, не жетіспейтінін бүге-шігесіне дейін  ыждағаттылықпен сұрады, мен де бар білгенімді айтуға тырысып бақтым. Содан екі сағат  аузым тынбады-ау, қатты шаршадым. Ал Димаш ағада шаршау жоқ. Төменге түсіп, кетуге оқталғанда әңгімені маған қарай бұрды. «Бауырым, өте жақсы түсіндірдің, ризамын. Алматыға қашан келіп едің? Қайда тұрасың? Баспанаң бар ма?» – деп сұрады. Мен анаммен, үш баламмен пәтер жалдап өмір сүріп жатқанымды, үй кезегінде тұрғанымды жасырмай айттым. «Аты-жөнін жазып алшы», – деді Димаш аға қасындағы қызметкер жігітке.  Менің жүрегім бір қуанышты сезгендей дүрсілдеп кетті», – деп екі көзі бал-бұл жанған еді.

Расында, арада үш ай өтпестен біз қаланың орталығындағы Төлебаев пен Қарасай көшелерінің қиылысындағы, Д.Қонаевтың үйіне іргелес жердегі бес қабатты кең үйге көшіп келдік. Үкіметтік үлкен қызметтер атқаратын атақты жазушылар Ғабит Мүсірепов, Дмитрий Снегин, көрнекті  қоғам қайраткерлері Михаил Исиналиев, Атымтай Қисанов, Қазақ КСР монтаждау мен арнайы құрылыс министрі болған Борис Ержанов, т.б. мүйізі қарағайдай зиялы жандарға көрші болып қасиетті шаңыраққа топ етіп түстік. Байқасақ, бұл төрт бөлмелі пәтерде Димаш ағаның туған інісі Асқар Қонаевтың отбасы тұрған  екен. Асқар аға сәл жоғарыдағы Құрманғазы көшесіндегі жаңадан салынған үйге көшіп, мен біразға дейін поштамен келген хаттарын апарып беріп жүретінмін. Міне, осылай! Үш қайнасақ сорпамыз қосылмайтын жандармыз, не досы, не кластасының баласы емеспіз, айдаладағы қаймана қазақтың қарапайым жұмысшыға мұндай құрметті ғайыптан бақ дарытып Жаратушының өзі бермесе, жұмыр басты пендеден күту мүмкін бе, айтыңыздаршы?! Талай басшыны көріп жүрміз ғой, жақсылығы өз басынан артылмайды. Тіпті, Қырқынбектің басшылары сол пәтерді бізден қызғанып, басқа жақтан баспана ұсынып, «ауыстырайық» деп неше түрлі айла-шарғыларын жасап бақты емес пе... Сондықтан Дінмұхамед Қонаев жасаған мұндай адамгершілікті қалай ұмытарсың?! Және ол туралы неге айтпасқа?! «Жақсыдан – шарапат» деген осы болар. Ондай мейірбан адам, мейірімді басшы туа да бермейтін шығар. Еңбегімен, адамдық қасиетімен үлкен елді басқарып абыройға жетті.

Мұнымен біткен жоқ, көп ұзамай еңбегі еленген жолдасыма Болгарияда демалуға жолдама берілгені көрген  түстей болды десем, артық айтқаным емес. Сол сапарында отағасы ұлдарымызға таңсық аяқ киім – кроссовки алып келіп, балаларды қатты қуантқан. Қырқынбек озат жұмыскер ретінде бес жыл сайын социалистік жарыстардың жеңімпазы болып,  орден-медальдармен марапатталып жататын. 1986 жылы 19 сәуірде республикалық «Ленинская смена», «Лениншіл жас» газеттеріне бірдей суретімен шыққаны бар. Жас журналист Ертай Айғалиевтің Қырқынбекпен бірер минут сұхбаттасып жазған «Хатпен жеткен бозжусан» очеркін әлі күнге тебіренбей оқу мүмкін емес. 

Айтпақшы, мен 1984 жылы, Димаш ата берген осы құтты үйде, кенжемді босандым ғой. Бүгінде үйі әдеби-мемориалдық мұражайға айналған көршім Ғабит Мүсіреповтың кейінгі жұбайы Ғазиза апамен күнде бірге шәй ішіп, жақсы араластық. Дана кісі еді, ақылын үнемі айтып отыратын. Перзентханадан шығып келгенімде сол кеңпейіл Ғазиза апай менің кішкентайыма 40 мың сомның  манежін сыйлаған болатын. Жақсылармен аралас-құралас, дастарқандас болып сыйласқан сол күндерге не жетеді, шіркін?!

Жүрегімде мәңгі жатталып қалатыны – балаларды қыдыртып аулада жүргенімде балконға шыққан Димаш атаны көретінім. «Димаш ата, көп рақмет үй бергеніңізге! Өсіп жатырмыз!» – деп қол бұлғаушы едім. Ата да қолын бұлғап, жымиып қала беретін, жарықтық. Әркез сергек жүретін, ширақ қимылдайтын, бірақ сабырмен, ақылмен, кішіпейілділікпен ел басқарған Қонаев жанында жүрген басшыларға қандай жағдайда да адал адам болудың, елге адал қызмет жасаудың үлгісін көрсетіп кеткендей.    

Бүгінде үйімнің іргесіндегі Димаш атаның мұражайына күніне бір барып, Құран оқып шықпасам көңілім көншімейді. Жыл сайын кемеңгер туған 12 қаңтарда Кеңсайдағы басына барып, тағзым ету – бұлжымас әдетім, – дейді Мейірхан Рахманқұлқызы.

Ұстаздық қызметтен зейнетке шығып,  бүгінде төрт баладан немере-шөбере сүйіп отырған Мира апа қара шалы «түйе іздеп» кеткелі елегізіп, сарғайған суреттер мен газеттерге жиі үңілетін болған. «Қонаев ата жайлы, ол бақытқа бөлеген отбасым туралы кітап жаздырам саған, қызым», – деп, мені де шабыттандырып қойды. Сол күндерге аман-есен жетейік енді.

Гүлжанат Шонабай
09.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 42
ТӨЛЕБИДЕ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 25
ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 34

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1338
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7383
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11251
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7434
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7590