ҚТЖ-ның жарқын болашағы – Stadler Kazakhstan

ҚТЖ-ның жарқын болашағы – Stadler Kazakhstan

Жақында Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанының қызметімен танысып шыққан болатын. Президент Stadler Kazakhstan зауытына, сэндвич-панель шығаратын KazPan кәсіпорнына, арнайы және коммерциялық техника өндіретін Orbis Heavy Machinery зауытына, респиратор мен газтұтқы өндіретін өндіріс орнына барып, олардың қызметімен танысып шықты. Бұдан бөлек медициналық мақсаттағы бұйымдар және т.б. шығаратын елордалық кәсіпорындардың көрмесін аралады.

Мемлекет басшысына Stadler Kazakhstan зауытында жасалған алғашқы жолаушылар вагоны таныстырылды. Кәсіпорын купе, плацкарт және қозғалысы қиын жолаушылар үшін арнаулы вагондар шығарады. Биыл 51 вагонды, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагонды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ұлттық тасымалдаушының вагон паркін толығымен жаңартуына мүмкіндік береді. Өндіріс локализациялауға қазақстандық кәсіпорындар тартылған.

Бұл кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа теміржол қатынасы жүйесін жаңғырту барысы жөнінде есеп берілді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Бүкіл ел бойынша 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, жолаушы тасымалдау жүйесіндегі қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер енгізіліп жатыр.

Атап айтқанда, отандық ІТ компаниялар жолаушыларға арналған бірыңғай цифрлы платформа әзірледі. Бұл билет сатып алудан бастап, туристік қызмет көрсетуге дейінгі көптеген функцияны біріктіреді. Сондай-ақ пойыздар спутниктік интернетке қосылады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында видеотіркеулер, мобильді терминалдар, жасанды интеллект технологиясы негізінде мәліметтерді талдауға қабілетті 4 мың камера пайдаланылады.

Stadler Kazakhstan зауыты Астанадағы танымал өндіріс ошақтарының бірі саналады. Ол бұрындары локомотив өндірумен айналысқан «Тұлпар» зауыты болатын. 2022 жылы «Қазақстан темір жолы» («Passenger Transportation» АҚ арқылы) мен Stadler арасында жалпы €2.3млрд (шамамен 2.5 млрд $) келісімшарт жасалды.

Келісім 537-557 вагонды қамтиды: купе, плацкарт, генераторлы және арнайы вагондар. Барлығы 2030 жылға дейін жеткізіледі. Осылайша «Тұлпар» зауыты өндіріс аумағында швейцариялық Stadler Rail компаниясының еншілес өндірістік кәсіпорны ретінде қалыптасты. Мұнда толық циклде жолаушылар вагондары шығарылып, Қазақстан теміржолын жаңғыртуға үлес қосып жатыр. Зауыт 31000 м² алаңда орналасқан, жылына 100-ден астам вагон шығаруға қабілетті деп жоспарланған. Жоғарыда айтылғандай, биылғы жоспар бойынша 51 вагон шығарғалы отыр екен. Дегенмен бұл көрсеткіштердің жыл сайын арта беретініне күмән жоқ. Қазіргі таңда 400-ге жуық адам еңбек етіп жатыр.

Біз қатысты ақпараттарды ақтарып отырып, біраз мәліметтерге қанық болдық. Аталмыш зауыттың шығаратын вагондары 1520 мм жол стандартына сай, жылдамдығы – 160км/сағ, қызмет ету мерзімі – 40 жыл шамасында болады екен. Оның тағы бір ерекшелігі климатқа төзімділігінде болса кеерк. Яғни:   - 50°C-тан + 45°C-қа дейін жұмыс істей алады. Бұл еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінің ерекше климатына өте-мөте сәйкес келеді. Жасалып жатқан вагондардың қауіпсіздік пен жайлылық шаралары да толық ойластырылған екен. Мұнда кондиционер, бейнебақылау, электр қыздырғыш, өртке қарсы жүйе, USB/сымсыз розеткалар қамтылған.

Кәсіпорындағы техникаларды дамытуға жалпы 57 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция салыныпты. Жоспар бойынша 600-ден астам жұмыс орындары ашылмақ.

Stadler Rail AG – швейцариялық ірі теміржол техникасын өндірушісі ретінде танылған әлемдік деңгейдегі кәсірпорын. Оны 942 жылы Ernst Stadler (Эрнст Штадлер) құрған. Бас штабы Швейцарияның Bussnang қаласында орналасқан. Қазір бұл компания электр/дизель/батарея/сутегі бойынша модульді пойыздар мен әртүрлі санаттағы вагондар шығарумен айналысады. Транзиттік трамвай-пойыз, локомотивтер: электрлік, дизель/батареялық, гибридтік Euro Dual, Eurolight, Euro 9000 серияларын өндіреді. Әлем бойынша 25 елде 16 зауыт, 5 инженерлік орталық және 80-нен астам қызмет көрсету орталықтары бар. Оларда шамамен 13900-15000 адам жұмыс істейді екен.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
04.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15118
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15023
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30158
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28776
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32345