Қадірлі жамиғат, рухани тазару мен сабыр мектебі – Рамазан айы құтты болсын!
Ислам дінінде Рамазан айы – айырықша қасиетті, берекелі әрі рухани маңызы терең уақыт. Бұл айда мұсылман баласы Алла Тағалаға жақындап, нәпсісін тәрбиелеп, жүрегін тазартуға мүмкіндік алады. Рамазан тек ішіп-жеуден тыйылу емес, ол – иман мен адамгершілікті нығайтатын үлкен рухани мектеп. Ораза ұстаудың бас тартуға болмайтын басты ұстанымы – ол Алланың бұйрығы, мойнымызға жүктелген парыз. Сондықтан оны талқылауға болмайды, атқарамыз. Ол құдіретті Құдай Тағаланың әмірі. Оны бұлжытпай орындауға міндеттіміз. Осылай екенін білген соң, отыз күн бойы атқарып шығамыз. Тек қана шариғат жол қойған бірнеше жағдайдағы адамдар ғана оны орындамаса болады. Айталық, балағат жасына толмаған жасөспірімдер. Туа бітті кемістігі бар ауру адамдар. Әр айдағы әдетіне тура келіп қалған әйелдер. Олар қалпына келген соң толықтап ұстайды. Қысқасы, ес-ақылы дұрыс, денсаулығы қалыпты, жоғарыдағы жағдайдан бөлек мұсылман үшін бұлтармас қағида. Оразаның біздің рухани өміріміз бен күнделікті пенделік өмірімізге жасайтын ықпалы мен әкелетін пайдасын санап тауыса алмаймыз. Мұсылман ретінде ораза ұстаған адамның Алла алдында жүзі жарық, мәртебесі биік болады. Өйткені ол өзінің құлшылық пен парызын өтеп, бағынышты құл екенін дәлелдеді. Сол үшін де өзінің қожасы алдында қалтқысыздығын көрсетті.
Алланың алдындағы ең сүйкімсіздер мен ең жексұрындар – тәкаппарлар. Ал ораза болса, тәкаппарлықпен күресудегі нағыз майдан. Бұл жерде екі нәрсе сынға түседі. Біріншіден, Алланың парыз еткен бұйрығын орындаймын ба, жоқ па деген белдесу. Бұдан келіп шығатын салдар – Жаратушыға бойсұну мен қарсы келудің көрінісі.
Екіншіден, өзімнің менменшіл нәпсімді жеңе алам ба, жоқ па деген қақтығыс қылаң береді. Нәпсімен күрестің бірнеше көрінісі мыналар: таңғы ұйқыны қиып, жылы төсектен тұрып, дәрет алу. Ас-суыңды дайындап, қаласаң да, қаламасаң да, сәресі ішу. Екінші кездесетін кедергі – түс мезгілі болғанда үйреніп қалған әдет бойынша қарының аша бастайды. Әне сол кезде басын көтеріп сумаңдаған сұр жылан нәпсіңді басып, асқазанға «мен оразамын» деген бұйрықты беріп, қаталдық таныту. Одан кейін күн еңкейіп, ауызашар жақындаған кездегі тағатсыздық пен шыдамсыздыққа иілмей, мөлшерлі мезгілін күту. Осы баспалдақтардан өтсең, ауызашарға аман жетіп, Алланың бұйыртқан ризығынан дәм татып, Құдайдың парызын орындап, қуанышқа қол жеткізесің. Бұл енді мұсылмандық рухани өміріңдегі жеңісің.
Осы нәтижелеріңмен бірге өз тәніңде үлкен өзгерістер болып жатады. Күнделікті қалыптасып кеткен әдеттерді бұзып, асқазанға демалыс жасап, ішкі әлеміңді таң қалдырасың. Ас қорыту, зат алмасу, қан айналысы – барлық он екі мүшеңде жаңалық пайда болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Асқазанның үштен бірінде тамақ, тағы үштен бірінде су, келесі үштен бірінде ауа болсын» деген хадистің өлшеміне жақындаймыз. Өйткені біздер бүгінгі тоқшылық пен молшылық заманында кептеп тамақтанып, кекіре ішіп, асқазанды әбден тұншықтырып, «есін аударып» біткенбіз. Асқазан байқұс дұрыстап тыныс ала алмай, артық келген азықты өз орындарына ретімен жіберіп, үйлестіруге үлгере алмай шаршаған болатын. Әне, біз сол қарбаластықты бәсеңдетіп, бірқалыпты жағдайға жақындаймыз. Осының нәтижесінде біз білетін, білмейтін көптеген жақсарулар мен шипа басталады. Осылайша денсаулығымыз реттеліп, жеңілдеп қаламыз.
Ислам құндылығы және оразаның мәні
Ислам – адамды көркем мінезге, әділетке, сабырға, мейірім мен жауапкершілікке шақыратын дін. Осы құндылықтардың барлығы Рамазан айында ерекше айқын көрініс табады. Ораза – исламның бес парызының бірі. Бұл парыз арқылы мұсылман адам Алланың бұйрығына бойсұна отырып, өз нәпсісін тыйып, рухын биіктетеді. Адам баласы ылғида сыртқы жаулармен күресуді, басқалармен алысып-жұлысуды ерлік санап үйренгендіктен, өзінің хал-күйіне қарамайды. Күрес жасау дегенде дұшпанды алыстан іздеп қарманады. Біздің басты жауымыз сыртта емес, ішімізде. Ішкі әлсіздігі мен ішкі кедергілерін жеңген адам ғана сыртқы әлемнің әрқандай тосалғысынан тоқтамай өтеді. Бұл туралы бізге дейінгі данышпандар мен ғұламалар жеріне жеткізіп айтып кеткен.
Қазақтың қара өлеңінде: «Жақсыменен өткізген жарты сағат, Жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген жолдар бар. Бір жақсымен бір сағат сұхбаттас болған уақытын бір жыл жасадым деп есептеп, мың жасаған Лұхман Хакімнен бір кісі «Сіз мың жасадыңыз, осы ұзақ өміріңізде не үйрендіңіз?» деп сұрапты. Сонда Лұхман Хакім: «Бірінші, намаз оқыған да жүрегіме ие болуды үйрендім. Екінші, дастарқанға отырғанда қолыма ие болуды үйрендім. Үшінші, топ ішінде отырғанда аузыма ие болуды үйрендім. Төртінші, Алланың құдіреті шексіз екенін үйрендім. Бесінші, өлімнің хақ екенін үйрендім» депті. Көрдіңіз бе, мұндада сыртқы жауды жеңдім, теңіз сапырып, тау қопардым... деп отырған жоқ. Нәпсімді басқара білдім, өзімді жеңдім деп тұр. Абай Хакім де «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» нәпсіге ерме, ақылға ер деп тұр. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
«Өзгенің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше!» – деп, нағыз ақиқатты айтып кеткен екен. Ендеше, біз айтып жүрген ораза міне осы даналардың даңқты сөзімен ұштасып, жалғасып жатыр. Оразаның құндылығы адам өз өмірін тәртіпке салады. Нәпсіңді иманыңа бағындырып, ақылмен алға басудың анық жолын көрсетеді.
Ораза адамға сабыр сақтауды, ашу мен жаман әдеттерден арылуды үйретеді. Аштық пен шөлді сезіну арқылы мұсылман кедей-кепшіктің халін түсінеді. Жүрегінде мейірім мен шүкіршілік сезімі күшейеді. Бұл – қоғамдағы өзара жанашырлық пен бауырмалдықты арттыратын үлкен тәрбие. Ораза ұстаған адамдар көбінде топтасып ауыз ашып, қоғамдасып, қауымдасып өмір сүреді. Бұл олардың байланысын арттырып, бауырмалдық сезімін күшейтеді. Өздерінің бір жолда, бір мақсатта өмір сүріп жатқандарына дәлел болады. Арманы мен аңсары ортақ болған соң оларда тұтастық пен ынтымақ басты орынға шығады. Осылайша Ислам бейбітшілік пен бірліктің діні екенін айғақтайды. Мұсылмандық қанына сіңген, жанына жолбасшы болып қалыптасқан адам үшін өмір нұрлы, дүние жарық болып құлпырады. Адамдар арасында көмек пен селбестік, жәрдем мен жақсы көру арта түседі.
Мұсылманның парызы – жауапкершілік пен тәртіп
Ораза ұстау – әрбір балиғатқа толған, дені сау мұсылманға парыз. Бұл парыз адамды тәртіпке, уақытты қадірлеуге баулиды. Сәресі мен ауызашар уақыты, бес уақыт намаз, Құран оқу – мұның бәрі мұсылманның күнделікті өмірін жүйелі әрі мағыналы етеді. Рамазан айында жасалған әрбір игі іс пен ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Сондықтан бұл айда мұсылмандар садақа беруге, жетім-жесірге көмектесуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге ерекше мән береді. Адамның басқа жаратылыстарға ұқсамайтын жері де саналы болғаны. Саналы болудың өлшемі – тәртіп пен дағдыда. Мұсылман бес парызын орындау үшін күнделікті өмірін жүйелі тәртіп пен ережеге бағындырады. Онда қалай болса солай, бейпіл тірлік, берекесіз өмір болмайды. Әр басқан қадамы өлшеулі, әр сөзі есеппен жалғасады. Даналар айтқан: «Алдымен ойланып ал, артынан сөйле» деген өлшем әр мұсылманның қасиеті. Мұсылмандағы дағды оның әдетіне айналады, әдеті мінезін қалыптастырады. Мінез – халыққа қызмет етудің басты көрсеткіші. Біз айтып жүретін көркем мінез деген ұғым – мұсылмандардың бойындағы мінезі. Оның көркем болатыны – өзіне де пайдалы, өзгеге де пайдалы. Отырса – отбасын, жүрсе – қоғамды, сөйлесе – ортаны, айтса – адамды гүлдендіреді, шуағын шашады.
Ас-судан тыйылудың адам өміріне пайдасы
Оразаның пайдасы тек рухани ғана емес, денсаулыққа да оң әсер ететінін мақаланың басында айттық. Белгілі бір уақыт бойы ішіп-жеуден тыйылу ағзаны тазалап, ас қорыту жүйесіне демалыс береді. Сонымен қатар, ораза адамның ерік-жігерін күшейтіп, өзін-өзі бақылау қабілетін арттырады. Ендігі жерде тәннің қажеті үшін емес, «меннің» қажеті үшін өмір сүресің. «Мен» – деген Алла саған аманат етіп берген жан. Оны баптау, күту, негізгі миссиясын соңына дейін алып шығу тағы да «Меннің» міндеті. Ал тән әуел баста жерден алынған топырақ болатын. Ол «менді» өлшеулі жылдар көтеріп жүріп, өзінің міндетін орындап болып, жан келген жағына қайтқанда, тән топыраққа қосылып «томпайып» қала береді. Жан – менмін, Аллаға қайтамыз. Тән – топырақ, жерге қосылады, оның аты – қабір. Ораза ғибадат болғандықтан осының бәрін түсінуге, үйлестіруге жасайтын қадам. Меннің жан екенін, тәннің жанның қабы, киімі екенін толық түсінген адам өзін жаратқан Алланы анық таниды. Алланы таныған адам – өмірдің мәнін табады.
Рухани тұрғыда ораза адамды сабырлы, кешірімді, төзімді етеді. Жаман сөзден, өсек-аяңнан, өтірік пен ғайбаттан сақтануға үйретеді. Бұл қасиеттер адамды ішкі тыныштыққа жеткізіп, өмірге деген көзқарасын оң бағытқа өзгертеді. Өмірден тек қана жамандықты көріп, жамандықты жарыса айтатын адамның тіршілігі бұлыңғыр тұман ішінде өте береді. Ол сол мінезімен өзгелерді де былғайды, өзінің өмірін де күл-талқан етеді. Ондай адамның қасында жарты сағат отырсаң, көңіл күйің шұбартып, өмірден түңіліп, тірлікке деген құлшынысың құлдырай бастайды. Еңсеңді зіл батпан салмақ басып, есеңгіреп қаласың. Ондай адаммен жолдас болсаң, рухың әлсіреп, жүйкең жүн болады. Сондықтан да ондай лас пенденің қасынан алыс кетіп, адамдығыңды қорғауыңа тура келеді. Ал сипаты мұсылман, қасиеті иман, жүрегі нұрлы, тілі сырлы адамға кездессең, кеңістігің ашылып, алдыңнан ақ нұр шашылып, жүрегің елжіреп, бойыңды мейірім билеп, жаның жайнап сала береді. Мұсылман деген – міне, осындай адам. Ислам деген – осындай көркем дін.
Қоғам үшін оразаның маңызы
Рамазан – қоғамды рухани біріктіретін ай. Ауызашар дастарқандары, қайырымдылық шаралары, көрші-қолаңның бір-біріне деген сыйластығы арта түседі. Мұқтаж жандарға көмек көрсету – қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтып, адамдар арасындағы сенім мен бірлікті нығайтады. Исламдағы ораза – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның рухани жаңаруына ықпал ететін құндылық. Ол адамдарды адалдыққа, әділдікке, жауапкершілікке тәрбиелейді. Бүгінгі күннің сөзімен айтсақ, қолыңдағы телефоныңды үздіксіз пайдалану үшін оның батареясында қуат болу керек. Қуатсыз телефон – әншейін көк темір ғана. Оның саған қызмет көрсетіп, функциялары істеп тұруы үшін ток көзі керек. Сол секілді адам деген жаратылыс – адам секілді өмір сүріп, адамдық борышын атқару үшін оған қуат болып саналатын ИМАН керек. Иманы бар адам – «қуатталған телефон». Өз мәнін табады. Иманы жоқ адам – 70 келі қапқа салынған ет!.. Ендеше сол иманды күшейтетін, жылдың ішінде старт алатын ай – Рамазан. Әр жылғы Рамазан бізді иман қуатымен толтырады. Ол әр таңдағы ғибадат пен құлшылық арқылы келесі жылғы Рамазанға жеткізеді. Алдағы Рамазан айы туғаннан біз кеткен кемшіліктер мен жасаған қателеріміз үшін тәубеге келіп, өзімізді қайтадан қолға алып, «күрделі жөндеуге» кіреміз!...
Қорытып айтар болсақ, Рамазан айы – Алланың пендесіне берген үлкен нығметі. Бұл ай – тәубе етіп, өткенге есеп беріп, болашаққа ізгі ниетпен қадам басатын мүмкіндік. Адамды рухани кемелдікке жеткізетін, жүрек пен қоршаған қоғамды тазартып, бірлік пен мейірімді арттыратын ұлы құндылық. Рамазан айы барша мұсылман жұртына береке, сабыр, иман күші мен рухани жаңару әкелсін!
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
«Мөлдір бұлақ» журналының
бас редакторы














