Алдымызда Алатаудай асқақтап, дүниенің дидарында тектілікті ту етіп, адалдық пен ізгіліктің үздік үлгісімен, туған елінің тұтқасы болуға жарарлық қасиетімен дүйім жұртының көз алдында дара ғұмыр кешкен өз тұлғалары болады. Әулиеата топырағында талай дүлдүлдер дүниеге келіп, талай дарабоздар дараланып шықты. Талай марқасқалар құнарлы топырақтан түлеп ұшып, осы киелі де қасиетті өңірді жалпақ жұртқа әйгіледі. Солардың бірі және бірегейі рухани дүниемізге ілімнің сәулесін түсірген жарқын тұлға Баттал Жаңабайұлы болатын.
Балалық шақ, жігіттікке жол
Баттал ағаның бақытты балалық шағы болған жоқ. Талас ауданының Көшек деген ауылында сопы Жаңабайдың отбасында дүниеге келді. Отбасындағы сегізінші ұлдың келер күндеріне балауса талпынысы бес-алты жасында Қызыләуіт ауылында жалғасты. Бесінші сыныптан бастап аудан орталығындағы Ақкөл орталау мектебінде оқуын жалғады. Соғыс басталып, ер-азаматтар әскер қатарына шақырылды. Солармен бірге бес бірдей ағасы – Әйтбек, Атамқұл, Мәмеш, Бәйімбет, Сүлеймен де майданға аттанды. Төрт ағасы елге аман оралғанда тек Сүлеймен ұрыс даласында мерт болды.
Сұм соғыстың зардабы бала Батталға оңай тимеді. Өзі жатып оқитын үйі де жайсыз болды. Қиындықтан қабырғасы қайысып, таусылмайтын ауыр жұмыстан мазасы кетіп, кетіп қалуға да бел байлаған. Бірақ әкесі бетін қайтарып тастаған. Ақкөлдегі сұрықсыз өмірді артқа тастаған ұлды үлкен армандары алға жетеледі. Жетінші сыныпты тамамдаған соң, 1943 жылы Жамбыл қаласына ауысты. Әйтбектің үлкен ұлы Әбдәлі екеуі ағасы Атамқұлдың үйінде жатып, Жамбыл атындағы орта мектепте оқуларын жалғастырды.
Қаламға және жазуға икемі бар бозбала орта мектепті тамамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Бірден Алматыға аттанды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін таңдады. Таңдаудан қателескен жоқ. Сынақтан ойдағыдай өтіп, студент атанды.
Студенттік күндерге дағдыланып, бойын үйретіп өткен сол бір шақтарды естен шығарған емес. Әбілмәжін Жұмабаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қалиев, Төлеубай Ыдырысов, Пернебек Бейсенов, Орақ Смағұлов сияқты азаматтармен білім сапарында қатарласып, келешек күндеріне бірге қадам басқан болатын.
Болашақ журналистердің өндірістік практикадан өту үрдісі ол кезде де бар болатын. Бәкеңнің Семей облыстық «Екпінді» газетіне бүйрегі бұрып тұруының да өзіндік себебі бар тұғын. Ол кезде Атамқұл ағасы Семей облыстық сотының төрағасы болып істейтін. Жататын үйі бар, қатар жүрген достары бар, көз салып жүрген болашақ жары да осы өңірде болатын. Бұл практика университетті бітіріп, қызметке келумен жалғасты. Курстас достары Қалиғаппас, Ғазиз және Баттал үшеуі бірден жұмысқа алынды. Осында жүріп Фарида есімді қызбен танысып, үйленді. Ол Абай атындағы педагогикалық училищеге оқытушы болып орналасты.
Редакцияда алғашқы күннен алғыр журналист атанып, алдыңғы толқынмен тең дәрежеде еңбек етті. Әдеби қызметкер болып істеген бес айдан кейін жауапты хатшының орынбасары, бір жарым жылдан кейін жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Одан кейін партия тұрмысы, үгіт және насихат бөлімдерін басқарды.
Дегенмен кіндік қаны тамған, балалық сайраны қалған туған жерге деген бір күш тартатын да тұратын. Сол жерге жетсем, туған топырағымда табан тіреп, еңбек етсем деген тәтті сағыныш маза бермейтін. Осы ойын мың толғанып, редакторға айтып көргенімен бетін қайтарып тастаған. Енді не істемек? Ойлана келе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Оспановқа жағдайын айтып, хат жазудан басқа амалы қалмаған. Ол кісі рұқсатын берген соң, 1957 жылы елге оралады. Семейге жалғыз барып үйленіп, отау құрып, Света мен Жүсіп есімді перзенттері өмірге келеді.
Жамбыл облыстық газетіндегі жұмысы үгіт-насихат бөлімін басқарудан басталды. Облыстағы беделді басылымның бір қанатында қаламының қайратын танытып, лезде мұндағылардың көзіне ілікті. Редакцияның жұмысы күйдіретін ыстығы да, тоңдыратын суығы да жеткілікті. Қаламы шабанға қиын, төселген қаламы ұшқыр журналиске қызық тірлік екендігі айдан анық. Міне, осы тірліктің тізгінін мықтап ұстаған қаламгер ағамыз қамшы салдырмай тер төкті. Бел ортада елеусіз қалып қойған жоқ, еңбектің және өмірдің бәйгесінде жүйріктігімен танылды.
Биікке өрмелеу
1962 жылы Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кейінірек идеология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Үш жылдан кейін облыстық «Еңбек туы» газетінің редакторлық қызметін қабылдап алды.
Бұл қызметке келмес бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лауазымды тұлғаларының алдынан өтуі тиіс болатын. Осы тәртіппен болашақ редактор Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауына барады. Сол бір айтулы күнді Баттал аға былай еске алған еді.
– Кіріп келгенімде кереқарыс маңдайы жарқ ете қалған көкеміз орнынан тұрып келіп, қол алысып сәлемдесті де, орындықты нұсқады. Қандай кішіпейілділік десеңізші! Мен отырдым.
– Қалай, жақсы келдіңіз бе? Ел-жұртыңыз аман ба? – деді. Мен «ел-жұртыңыз аман ба?» деген сөзін «ағайындарым аман ба?» дегенге балап тұрдым. Өйткені менің ататегімді білмегенмен, туысқандарының біразы осы жақта екенін еске алып, айтып тұр ғой деген ойды түйіп қойдым. Менің құжаттарыммен түгел танысқаны, менің қайдан келгенімді біліп отырғаны белгілі сияқты. Көп әңгіме болған жоқ.
– Қарағым, редакторлық деген өте жауапты жұмыс. Жауапты қызметті үлкен жауапкершілікпен атқар. Тілектеспін, – деп тілегін білдірді. Димекеңнің оң батасын алғандай болып, қуана ауылға қайттым да, редакторлық қызметке кірістім.
Б.Жаңабайұлы бұл қызметті 20 жылдан астам уақыт дербес зейнеткерлікке шыққанша атқарды. Бір ұрпақтың өмір жасына татитын осы мерзімде Баттал ағамыз қандай қиындық көрмеді десеңізші. Басылымға бас болып, ауыртпалығы мен азабын қара нардай көтере білді. Коммунистік партияның қас-қабағына қарап, цензурасына көніп, айтқандарын тыңдап, бұйрықтары мен нұсқауларын амалсыз орындап, ескертпелерін есте ұстап, ұзақ сонар баяндамаларын таң атқанша баспаханада басып, үсті-басымыз қара май болып тер төккен кездерімізді қалай ұмытарсың? Екінің бірі тәуекел етіп бара бермейтін, барған күннің өзінде қабілет-қарымың жете бермейтін бұл мамандықты жүрек жұтқандар ғана таңдайтын шығар. Әйтпесе, бұл мамандықпен көгеріп-көктеудің өзі қиын сияқты. Міне, біздің Баттал ағамыз білек сыбанып, белін буып, тәуекел етіп, жазу өнерінің барлық мехнаты мен азабына көнді және көне білді. Қиындық атаулының баршасын жеңді және жеңе білді.
Ұзақ атқарған, аса жауапты бұл қызметтің ауыр-жеңілдігін, оңай-қиындығын өз балаларына қарата айтқан: «Журналист болсаң, мейлің бол, бөлімді басқар, орынбасар да бол, бірақ редактор болуды басыңа Алла жазбасын!» деген аманатын қайда қоярсың? Мұны айтқызатын жайлар сол уақыттарда көп болатын.
Басылымды басқарған жылдары не бітіріп, неге жетті? Жеткені көп, тындырғаны мол. 1972 жылы облыстық газеттің 50 жылдығы тойланды. Екі жылдан кейін оның 10 мыңдық нөмірі шықты. 1982 жылы газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы С.Ниязбеков арнайы келіп, тапсырды. Ол уақытта бұл басылымның абырой-беделі биік болатын. Баттал аға екі рет «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды. 1970 жылы Абай Құнанбаевтың 125 жылдығына, келесі жылы Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығына арналған облыстық жиында баяндама жасады.
Басшының беделі әр кезде сыналады, талай сынақтан өтеді. Олардан мүдірмей өту екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Оған бір ғана мысал. Қазіргі «Ақ жол» газетінің ғимаратында бұрын облыстық атқару комитеті орналасқан еді. Облыстық партия комитеті қазіргі облыстық әкімдік орналасқан үйге қоныс аударғанда атқару комитеті обкомның босаған үйіне көшті. Облыстық атқару комитетінің босаған үйіне түрлі мекемелер таласты. Облыстағы беделді басылым басшысының уәжі бәрінен басым түсіп, шетқақпай жүрген екі редакция мен облыстық телерадиокомитет орталық алаңдағы ғимаратқа келіп жайғасты. Бұл да Бәкеңнің аса салмақты іс-әрекетінің жемісі болатын. Редакция қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайын жақсартуға, пәтермен қамтамасыз етуге жәрдемін тигізіп, талай мәрте қол ұшын берді.
Жүректерге жол тапқан ұстаз
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде тілші боп еңбек жолымды бастадым. Ұжымда көбіне жасы үлкен ағалар қызмет ететін. Ішіндегі ең жасы мен ғанамын. Облыстағы бірден-бір ақпарат құралында мүйізі қарағайдай мықты журналистермен бір сапта жүргенімді мақтан етіп, сол ағаларымдай болуға барынша тырыстым.
Газеттің бас редакторы Баттал Жаңабайұлы редакцияның барлық бөліміне отырғызып, қабілетімді сынап көрді. Ойдағыдай өткен сияқтымын. Ең соңында «Партия тұрмысы» бөліміне жіберді. Жүрексіндім, толқыдым. Өйткені бұл бөлім аса жауапты әрі редакциядағы жетекші бөлім саналатын. Саяси сауаттылығың, парасат-пайымың, өрең сыналатын бөлімде өзімді дәлелдеп, тұрақтап қалдым.
Кейінгі жылдары аға тілші, шолушы, жауапты хатшының орынбасары секілді қызмет баспалдақтарынан өттім. Осы кезеңдердің бәрінде Баттал ағамның ініге деген қамқорлығын, тәлім-тәрбиесін сезіндім. Ақылман ағаның кіршіксіз аппақ пейіліне, таза жүрегі мен мейірім шуағына бөлендім.
Мен дүниеде үш нәрсеге қарыздармын. Біріншісі – Аллаға, екіншісі – ата-анама, үшіншісі – ұстаздарыма. Ұстаздардың ішінде әсіресе, Баттал ағамды бөле-жара айтқан болар едім. Тәлім бергендердің көрнектісі де, көркем ойлысы да, жүрегі нұрлысы да, байыпты да, байсалдысы да осы кісі екендігін айта аламын. Қазақ университетін бітіріп келген жас маманды жатсынбай жылы жүрекпен қабылдаған, сенім артқан, адам танитын қасиетіне тәнті болдым.
Неткен салмақты мінез, неткен сабырлы әдеп, ешкімде табылмас тамаша қасиет, қайталанбас ізгілікке толы кісілік өрнек, адамзатқа тән керемет келбет, көркем оймен сөз кестелеген білімі, қабілеті туралы айтар әңгіме бөлек. Мұндай тұлғаға сүйсіне қарап, жанымыз рахаттанатын. Мұндай ұстаздың алдында жаман шығарма жазуға ұялатын едік.
Ұстаздың әр сөзінен арқаланып күш алатын едік. Бүкіл қалам ұстағандардың компасы болып, алдымызда жол көрсетіп жүрді. Аға компасымен мұрат еткен биігімізге көтерілдік. Рухани дүниеміз кемелденіп, шабытты еңбек еткен күндерімді, дана басшының дәрістерін тыңдаған, журналистік жолдағы сан қилы қиындықтарды жеңіп, қаламың төселіп, шеберлік шыңына жеткен сәттерімді сағына еске аламын. «Еңбек туы» газетінде өткен жылдарым нағыз өмір мектебі болғандығына көз жеткіземін.
Қаламгер ағамыз шын мәнінде қасиет қонған текті адам. Әулиеата өңірінде қадірі бар қария болатын. Менің шығармашылық кешіме де қарттығына қарамай келіп қатысты. Жаңа кітабымның тұсауын кесіп, ақжарма тілегін жеткізді. Ұстазым шәкіртінің кешінде сөз сөйлеп, журналист інісінің жеткен жетістігіне ризалығын білдірді.
Абзал ағамен хабарласпай қалсам, өзі іздеп телефон шалатын. «Мақұлбек інім, неге хабарсыз кеттің, ауырып қалған жоқсың ба?» – деп хал-жағдайымды сұрайтын. Мен денсаулығымның жақсы екендігін айтып, інілік ізетпен жауап беріп, марқайып қалатын едім. Ұстазымның өз шәкіртін қаншалықты құрмет тұтатындығын, жүрегінің жомарттығын, ағалық ақ пейілін сезінуден артық қандай бақыт болуы мүмкін!
Сөз өнерін өрге сүйреген
Сөз өнерін өрге сүйреген бір адам болса, сөз жоқ ол Баттал ағамыз болатын. Қаламына шаң жуытпаған, ақ қағазын жайнамаз еткен де осы Бәкең болатын. Кемел шағына жеткенше қолынан қаламы түскен жоқ. Сөзді кие тұтып, оны қадірлеп, барынша құдіретін арттыруға күш жұмсады. Ұлт үшін, ұрпақ үшін әр тал шашын ағартты. Оқырман үшін тер төгіп, сөз маржандарын тізбектеді. Шәкірттерінің тәлімгер ұстазы болып, ұлылық танытты. Аға десе арқаланып қалатын, ата десе арыстандай айбаттанып шыға келетін ақмаңдайлы абыз ақсақалдық қасиетінен әсте айныған жоқ.
Қаламгерлік өнер – Алла Тағаладан жеткен сый ғана емес, адамзат баласына берілген аманат. Ол – жаратқанның жаққан шамын сөндірмеу, ізгіліктің отын өшірмеу, жұртына жақсылық жасау аманаты. Менің ұстазым осы аманат жолындағы нағыз жанкештінің өзі болғандығы даусыз. Кәрілік меңдеп, денсаулығы сыр бергенше өзінің сүйікті басылымы – «Ақ жолмен» қауышып отырды.
Тектілікті жалғаған, жақсылық жасаумен жүрегі нұрланған Жаңабайдың ұлы Батталдың толғана жазған дүниелері қандай десеңізші! Редакторлық қызметте жүрсе де, шығармашылығын тастаған жоқ. Жазу үстелін Алланың алдында отырғандай сезініп, қаламын қару етіп, өз оқырмандарына айтарын айтты. Қазыналы қария өзінің қазынасымен бөлісіп, «Сөз – құдірет», «Жақсылардың шуағы», «Адам өмірі – бір күндей ғана», «Мәуесі мол бәйтерек» атты төрт кітабын жарыққа шығарды. Жұбайы Фарида апай әр кезде рухани демеу беріп, сенімді серігіне айналды.
Мекендердің төресі – Мекке қаласы, сапарлардың төресі – қажылық сапары, кітаптардың төресі – Құран кәрім, сүрелердің төресі – «Фатиха» сүресі, айлардың төресі – Рамазан айы, батырлардың төресі Бауыржан ата болса, журналистердің төресі мен үшін Баттал аға деп айтқан болар едім. Ол кісі бұл атаққа әбден лайық. Сөз өнерінің саңлағы ретінде талай іні-қарындастарын қанатының астына алып тәрбиеледі. Мұса Рахманбердиев, Болат Мәуленов, Доқтырхан Тұрлыбеков, Мұрат Сыздық, Асқаржан Сәрсек секілді жас таланттардың қаулап шығуына ағалық әрі әкелік қамқорлығын аяған жоқ.
Баттал ағаны Әулиеата өңіріндегі зиялы адамдардың ең алдыңғылары болды десем, еш қателеспейтін шығармын. Өз ұлтының мұңы мен мұқтажын сезіне отырып, туған халқына кір жуытпай, қадір-қасиетін биік көтеріп, көркейіп көгере беруіне айрықша еңбек сіңірді. Дана басшының дара тірлігін, ісінің ірілігін көре алмайтындар да табылғаны жасырын емес. Өз атына арыз-шағымдар айтылғанымен, тойтарыс беріп, беттерін қайтарып отырды. Арызқойлар дымдары құрып, дағдарып, далбасалап қалғанда оларды шетке қақпай, жаулық емес, жанашырлық танытқан да осы Баттал ағамыз болатын. Күншілдерді өмірдің асау толқыны жағаға лақтырып тастағанда, қаламгер ағамыз қара нардай қайтпас қайсарлық танытып, еңсесін биік ұстап, 95 жыл абыройлы ғұмыр кешті. Мерейтойын ел-жұртымен бірге тойлап, жақсы өмір сүрудің үлгісін көрсетті.
Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей, тірілер,
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық.
Кетті олар,
Келмеске енді жол алды.
Қажымайтын солдаты еді қоғамның.
Қасиетін паш етейік олардың,
Қателігін кешірейік олардың.
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.
Өтейікші бірімізді-біріміз
Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей!
Осылай жырлаған Мұқағали Мақатаевтың асқақ үніне еріксіз иланасың. Тірілердің атынан қоғамның қажымайтын солдаты туралы толғанудың реті келген секілді.
Құдай беретінін мықты адамына береді. Сыйлығын жақсы адамға ғана бұйыртады, нығметтерін де аямайды. Сүйікті құлдарын ештеңеден кенде қылмайды. Алла қолдап, шын мәнінде жарылқаған бір адам болса, ол сөз жоқ Баттал қария деп айтар едім. Ұзақ өмір беріп, рухани дүниесін еселеп байытып, жанын жақсылықпен нұрландырып, туған елінің алдында абыройын асқақтатты. Абыз ата немере-шөберелерінің ортасында марқайып, жаратқанның берген аманаттарына адалдық танытып, тағдырына риза болып, ғұмырын әдемі аяқтады. Тектіліктен тамыр тартқан тұлғаның ғасырға бергісіз өмірі мен қаламгерлік қызметі біздерге мәңгілік үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі















