Тұрақты экономикалық өсу ұлттық жобаларға серпін бермек

Тұрақты экономикалық  өсу ұлттық жобаларға  серпін бермек

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – Үкіметтің басты назарында. Елдің әл-ауқаты артқан сайын экономикалық өсім де күшейе бермек. Кәсіпкерлікті дамыту да жеңілдей түспек. Адам еңбекқор болып, өз кəсібін жақсы меңгергенде жəне лайықты жалақы алуға немесе жеке кəсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысы артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. 

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-ге: «Біз ұлттық экономиканың ашықтығына, келісім шарттарға қол сұғылмайтынына, зияткерлік меншік құқығы сақталатынына және жемқорлықпен аяусыз күрес жалғаса беретініне кепілдік береміз», – деп жазды. Сондай-ақ  Мемлекет басшысы жаңа Қазақстан құрудың мақсатын айтты. «Жаңа Қазақстанның мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу. Біздің барлық күш-жігеріміз миллиондаған қазақстандықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайының сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан экономикасы орнықтылығын көрсетті. Үкімет отандық, шетелдік инвесторлар мен сауда жөніндегі серіктестеріміздің сенімін арттыру үшін барлық қажетті шараны қабылдайды», – деді.

2021 жылы елімізде «Қазақстандықтардың әл- ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілді. ҚР Үкіметінің 12 қазандағы №730 қаулысымен қабылданған ұлттық жобаның негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру. Сөйтіп, халықтың табысын арттырып, тұрмысын түзеу. Әрине, зымыран уақыт атқан оқтай, бұлаңдап шапқан аттай ұстатпайды. Әне-міне дегенше бұл ұлттық жобаның қабылданғанына да төрт жылға жуықтады. 2025 жылға дейін алға қойылған жоспарды түгел орындау үшін ұлттық жоба аясында түрлі кешенді жұмыстар атқарылуда.

Еске сала кетейік, Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған, 15,5 трлн теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.

Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша былтыр «AMANAT» партиясының арнайы жобасы басталды. Жоба аясында ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғыны оқытылады.

Бұл бастама халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Екіжақты тиісті Меморандумға партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев және банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қол қойды. Елнұр Бейсенбаев жоба аясында несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, сондай-ақ мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер оқудан өте алатынын атап өтті. «Біз ауылдың әл-ауқатын арттыру және аграрлық секторды қолдау мемлекеттің стратегиялық басымдығының бірі екеніне сенімдіміз. Біздің басты міндетіміз – елді азық-түлікпен қамтып отырған шаруаларға жағымды жағдай жасау. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары несиеге қол жеткізе алуы тиіс. Дәл осы ретте, қаржылық сауаттылық деңгейін сапалы арттыру мәселесі туындайды. Бұл жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, шамадан тыс қарызданып қалуды болдырмауға және ауыл тұрғындарының қаржылық мәдениетін жақсартуға негізделген», – деді Елнұр Бейсенбаев. Өз кезегінде Halyk Bank-тың Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мұндай жобаның әсіресе шалғай ауылдарға пайдасы зор болатынын атап өтті. «Halyk елдегі жетекші банк ретінде мұндай маңызды бастамадан тыс қала алмайды. Елімізде халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру жұмысы басталады. Бұл әсіресе шалғай аудандардың тұрғындары үшін аса маңызды. Біз тек жобаны қаржыландырып қана қоймай, оқыту бағдарламасына тәжірибелік білім мен кейстерді интеграциялауды көздей отырып, сарапшы ретінде қатысуға дайын екенімізді айрықша атап өткім келеді», – деп атап өтті Halyk Bank-тың Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мемлекет үшін қашанда басты бағыт болып қала беретінін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Басты мақсат – адамдардың  әл-ауқатын жақсарту. Осыған орай жергілікті билік алдына бірқатар тапсырма жүктеп, халық алдындағы уәделерін бұлжытпай орындауға міндетті. Ең басты құндылығымыз – татулық, бірлік, тыныштық. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, еліміз орнықты дамудың жаңа деңгейіне шыға алуы үшін жаңа қадамдар мен жаңа шешімдер қажет. Бүгінгідей жедел өзгерістер, жылдам технологиялар уақытында сын-қатерлерді еңсере отырып, өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысу, аса мұқтаждарға көмек көрсету, табыс көлемін көбейту, кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін көтеру мәселелері өте өзекті екені даусыз. Егер халықтың көңілі тоқ болса, еліміздің де экономикалық көрсеткіші оң қарқынмен алға жылжитыны анық. Президент белгілеп берген төртінші бағыт бойынша кешенді шаралар түзіліп, барлық азаматтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға, тұрмысы төмен отбасыларға жағдай жасауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықты лайықты жалақымен қамту жайына баса назар аударылып отыр.

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
28.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1049
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7097
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10948
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7163
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7307