Юсуф Қонақбайұлы: Ұстаздың қателесуге хақысы жоқ!

Юсуф Қонақбайұлы:  Ұстаздың қателесуге хақысы жоқ!

«Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі» КМҚК директорының орынбасары, «Басшы-көшбасшы» санатты педагог Юсуф Кисбаев – 2023 жылғы халықаралық «Жыл волонтері» және облыс әкімінің «Жас Тұлпар» сыйлықтарының иегері. Ол – жастарды жігерлендіріп, қоғам өміріне белсенді араласуға үндеп жүрген жаңа буын көшбасшыларының бірі. Юсуф Қонақбайұлымен оның ұстаздық ұстанымы мен бүгінгі жастардың әлеуеті туралы сұхбаттасқан едік.

 

– Юсуф Қонақбайұлы, сіз білім беру саласында біраз жылдан бері еңбек етіп келесіз. Осы жолды таңдауыңызға не себеп болды?

– Педагогика саласында он жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келемін. Бұл мамандықты таңдауыма балалармен жұмыс істеуге деген ерекше сүйіспеншілігім, олардың бойындағы қабілеттерді ашуға деген ықыласым түрткі болды. Студент кезімнен бастап балалар демалыс лагерінде вожатый болып жұмыс істегенім де осы шешіміме ықпал етті. Жалпы, бала тәрбиесі – ұлт болашағына қосқан ең үлкен үлес деп білемін. Сол себепті мен өз мамандығымды жай жұмыс емес, өмірлік миссиям деп қабылдаймын. Жетістікке жеткен әрбір шәкіртім үшін қатты қуанамын.

– Сіз «Басшы-көшбасшы» санатты педагогсыз. Сіздіңше, бүгінгі күні нағыз көшбасшы ұстаз қандай болуы керек?

– Қазіргі заманда көшбасшы ұстаз тек өз пәнін жетік меңгерген маман емес. Ол – шәкіртін де, әріптесін де шабыттандыра алатын тұлға. Нағыз көшбасшы ұстаз жаңашыл, ізденімпаз, қоғамдағы өзгерістерге сергек қарайтын, адамгершілігі жоғары жан болуы керек. Ол ақпарат тасқынында адаспай, студенттерге дұрыс бағыт көрсете алуы тиіс. Меніңше, көшбасшы ұстаздың басты қасиеттері – жаңашылдық, рухани байлық, жауапкершілік және адамға деген шынайы ықылас пен сыни ойлау қабілеті.

– Колледжде студенттердің кәсіби қабілетін арттыруға бағытталған жаңашыл жобалар бар ма?

– Колледжде директорымыз Сайлаухан Сатыбалдықызының бастамасымен студенттердің білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, WorldSkills & DigitalSkills Hub платформасы аясында түрлі семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. 2023 жылы біздің колледж эксперименттік алаң мәртебесіне ие болды. Бұл – аймақтағы пилоттық жоба. Қазір «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету және пайдалану», «Тігін өндірісі» мамандықтары бойынша 60 мектеп оқушысы біздің колледжде қосымша білім алуда. Бұл жобаның ерекшелігі – 9-сыныпты бітірген оқушы екі жыл ішінде колледжде кәсіби пәндерді оқиды, ал мектепте жалпы білім беретін сабақтарын жалғастырады. Нәтижесінде, 11-сыныпты аяқтағанда олар бір мезгілде мектеп аттестаты мен колледж дипломын алады. Бұл – уақыт үнемдеу мен нарық сұранысына бейімделудің нақты үлгісі.

– Цифрлық дәуір білім беру жүйесіне үлкен өзгерістер әкелді. Сіздіңше, бүгінгі оқытушылар алдында қандай жаңа міндеттер тұр?

– Иә, қазіргі білім беру жүйесі қарқынды цифрландыру кезеңінен өтуде. Бұрын ұстаз тек білім беруші болса, бүгінде ол – ақпарат ағынын басқарушы, цифрлық кеңістіктегі бағыттаушы. Цифрлық педагогика мен технологияларды игеру, гибридті форматта сабақ жүргізу, soft skills пен life skills бағыттарын дамыту сияқты жаңа міндеттер бар. Қиындықтар да жоқ емес. Мысалы, әр оқытушының цифрлық құзыреттілігі бірдей емес. Кейбірі жаңа платформалармен жұмыс істеуде қиындық көреді. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік мәселесін, ұстаз бен шәкірт арасындағы эмоциялық байланысты сақтауды басты назарда ұстаймыз. Технология қанша дамыса да, адами қасиеттер мен рухани байланыс ұстаздықтың өзегі болып қала беруі тиіс.

– Колледж түлектерінің еңбек нарығына бейімделуіне бағытталған қандай серіктестік байланыстар орнатылған?

– Біз студенттеріміздің кәсіби дағдысын тәжірибе жүзінде шыңдау үшін өңірдегі ірі кәсіпорындармен тығыз байланыстамыз. Мәселен, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «ӨзенЖылу», «ӨзенҚұрылысСервис», «Saat Group», «San-Build» сынды мекемелермен келісімшарт жасалған. Студенттер осы ұйымдарда тәжірибеден өтеді, кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Өзбекстан, Қытай және еліміздің өзге облыстарындағы кәсіби білім беру ұйымдарымен де әріптестік байланыстар орнатылған. Бұл аясында шетелдік тәжірибе алмасу, шеберлік сыныптар мен курстар ұйымдастырылып тұрады.

– Болашақта техникалық және қызмет көрсету саласындағы білім берудің даму бағытын қалай елестетесіз?

– Бүгінгі таңда техникалық және қызмет көрсету саласы – ел экономикасының тірегі. Бұл бағыттағы білім берудің болашағы – инновация, икемділік және адам капиталының сапасын арттыруға негізделеді. Болашақ маман тек техникалық біліммен шектелмеуі керек, ол креативті, сын тұрғысынан ойлайтын және жаңа жағдайға бейімделе алатын тұлға болуы тиіс.

Техникалық білімнің беделін арттыру – жастарды еңбекке баулудың ең тиімді жолы. Осы бағытта колледждер елдің өндірістік қуатын арттыратын басты орталыққа айналуы керек деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет, Юсуф Қонақбайұлы. Еңбегіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан – Голрох Жеменей,

Маңғыстау облысы

Жаңаөзен қаласы

07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 709

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19635
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19448
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34573
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33138
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36958