Күлкім келеді (фельетон)

0
219

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, кімнің қалай секіретінін, кейбірінің секіре алмай өкіргенін қызықтап көргендер түрлі-түсті күлкіге берілетін шығар. «Секіру деген түрлі ғой, бірақ миға кірді ғой», – деп орынтағын ардақтап өскісі келсе, жортақтап жүретіндерге таңғалмай-ақ қойыңыз. Бірақ солар иегінің астындағы төтенше жағдайларды біліп жатпайды, жұртпен араласып, ізгілікті істі таппайды. Өйткені тұрғындар арасында барлық жағдайды зерделеп, өзекті шаруаны оңтайлы шешуге қадам баспайды. Орынтағынан қозғалып кетсе, біреу отыра қалатындай тырп етпестен отыра береді. Таяуда ғана Орал қаласының шетіндегі қуыста мектеп оқушысын автокөлік қағып өлтіріп кетті. Сол бойда төтеншелер мектептің маңына жарық шамын орнатып, жолаушы жүретін жолға белгілерді орналастырып, жанталасты, неткен сорақылық!
Билік иелері адам өлсе өздерін жазықсыздай көріп, қыбырлап, жыбырлап жатады. Мұндай оқиғалар талайдан бері жалғасып келеді. Билік иесі су ұрттағандай ұртын томпайтып, «бізде кінә жоқ» деген бейім. Бұл күйіктің күлкісі қайғыны сезбейтіндерге мысқыл күлкі, оқтай өткір мазақ күлкі, оған да орынтақтарында тапжылмай отыратындардың қабырғасы қайыса қоймайды.
Бір қызығы, бізде қауіп-қатердің алдын алып, түрлі кесапаттан сақтандырудың орнына, қанжылататын қайғылы оқиғалар болғаннан кейін қимылдай бастаймыз. Барынша іс атқарып тастаймыз. Сосын «Әттеген-ай» деп өкініп қалатындар да болады. Кейбірі тісін ақситып, күліп, жыларын ұмытып, санын соғып тұрып, пәле қайдан дерің бар ма?, – деп шырт түкіріп, сырт айналып кете барады. Қайғы-қасіретті тартатын әлсіздер бетсіз екенсің деп іштей тыжырынады. Масқара күлкілер бірінен бірі жалғасып жатады. Тіршіліктің толып тұрған шатағы, Атыраудың перзентханасында шыр етіп дүниеге келген нәрестені тоңазытқышқа салып, тұншықтыра салған оқиғаны бұрын-соңды кім естіген! Дәрігердің бұл бір оқиғасы ма, талайды өлі туды деп актіледі ме, кім білсін. Аналарымыз төсін бала тартпаған әйел нағыз зұлым, жауыз болады деуші еді. Перзентханаға сондай әйелдің бірі тап болды ма, басқа да қандай төзгісіз жағдайлар кездесті, ол да белгісіздікпен тынып жатыр. Біреудің қайғысына ондар, жүздер қайғыра алмайтын оқиғаға қан жылап тұрып күрсіне күлесің. Облыста денсаулық бөлімінің басшысы қарауындағы аурухана, емханадағы дәрігерлердің жағдайын жиі-жиі біліп, тексеріп тұрмаса, адам жанын арашалау емес, араша талау болып кететініне өкінішпен күлесің.
Нұр-Сұлтан қаласының перзентханасында әйелдің қарнын жарып, нәрестесін алу оташыға миллиондаған олжа түсіреді екен. Оташы ұлт тағдырын, ананың болашақта перзент сүю тағдырын ойлап жатпайды. Сонда деймін-ау, перзентханада әйелдің толғағын жиілететін дәрі таусылып қалды ма? Дәрі бар, оташы олжа табуы керек, министр Біртановтың құлағына алтын сырға, елдің болашағы ұрпақ десек, адамның өсіміне, қиянат жасаушыларға кісі өлтіру жазасы мен жазалауды ойластырмаса болмайды. Ақ халатты кигендерге арлары ақ қардай таза шығар деп жайдары күлетініміз кейде масқара күлкіге ұласып жатады.
Айта берсек, масқара күлкінің түрі де көп, оның жымы да көп, Жамбыл облысында даладағы әжетханаға барған оқушы қызды зорлағанын ақпараттан естіп, жағамызды ұстадық. Қыршың қылмыстың алдын алмаған түрлі бақылаудың салақсып кетуінен бір қыздың тағдыры ойрандалса, бұл елдің қайғысы емес пе еді? Қарғыс атқырды қарғыс атпайды ма, заң орындары, биліктегілер осындай қылмысты болдырмаудың алдын алып, сақтанып жатпай ма?! Республикамызда 2200-ден астам мектептің әжетханасы далада екенін білім министрлігі осы қайғылы оқиғадан кейін не бетімен жа-риялап отыр. Билік сақтануды білмесе, сорлап қалғаны емес пе, ондайға күлмегенде. Бірақ қай жетіскеннен күлесің. Ашынғанда күлетін ащы күлкі ғой бұл! Қазақтың досқа күлкі, дұшпанға таба дегені осындайларға айтылған ғой.
Бабаларымыз «ілгері басқанның иті оттайды, кері кеткеннің келіні ұры қылады»- деп кемсеңдеп күліп отырушы еді. Бүгінде алаяқ әйелдер де көбейе бастады. Ұрлық-жемқорлыққа да араласқандарды да естіп, есіміз шығады. Ақпаратты қарап отырсаң, не түрлі жаға ұстайтын жалмауыздарға күйіне күліп отырасың. Ал өткен жылы тыржалаңаш шешінетін қыздарымыз көбейді. Мұндайда отырып алып жылағың келеді.
Ертеде аналарымыз одағай мінезді, теріс пиғылды бір әйел кездессе, бәрі жаппай қарғап, екі қолың етегіңе жетпесін деп жазалап жататын еді. Екі қол етегіне жетпесін дегені – «өліп қал» деген сөз ғой, одан артық адамға жаза бар ма? Сол оқиғаларды өзгелер қайталамасын деп, ақылды әйелдер күліп отыратын.
Бүгінде сол күлкінің мағынасы өзгеріп, тәртіп-тәрбие әлсіреп, ұят жұтылып, ар-намыс әлсіреп, тығырыққа тіреліп қалғандай сезінгенде, қабырғаң қайыса өксіп күліп, омалып отыра қалады екенсің. Біз бір өлсек күлкімен өлетін шығармыз.
Өтірікке қуанасың, ұятыңды жоғалтасың.
Жоғарыға сенетін халық сенделіп тұр,
Алдау-арбауды көбейтіп,
жұртты әуреге салып тұр
Бір пәледен мың пәлелер туындап,
Әлсіздердің жағасынан алып тұр.
Мал өсірген ауыл жұтап,
Жайлауларда қой құмалағы ғана қалып тұр.
Елдің халқы босқындыққа ұшырап,
Қалаға кетіп, қаңғып жүр.
Қымбатшылық кеуде қысып,
ажал-пәле алып тұр.
Байлар өсімі өркендеп, шетелдерге
қашып тұр.
Қаңырап қалған жұрттарда 1500
елді-мекенде бабалар рухы қашып тұр.
Әлсіреген адамдар тасқа соғып маңдайын,
өлімші болып қалып тұр.
Биліктегі жемқорлар уәдесінен тайып тұр,
Байлыққа қолын малғандар, әлемге
қанат жайып тұр.
Жемқорларымыз жетіліп тұр, ұятсыздығы
етімізден өтіп,
Сүйегімізге жетіп тұр.
Жүдеп қалған ауылдың мазасы осылай
кетіп тұр!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.