Атажұртын аңсап келіп, ағайын деп өткен ғұмыр…

0
192

Шаяхмет Бұрқанұлы 1953 жылы Монғолияның Баян-Өлгей аймағында өмірге келген. Шаяхметтің атасы Төлекенұлы Тұрды мемлекет және қоғам қайраткері. Моңғолия Ұлы Құрылтайының мүшесі, 1932-1936 Шеруші хошуун / әкімшілік бөлік/ -ның әкімі болған кісі. Ол еңбегі бағаланып МХР-ның «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Өкініштісі жалған жала жабылып «Халық жауы» атанып 1938 жылы атылып кетеді.
Әкесі Тұрдыұлы Бұрқан Монғолия қазақтарының ішіндегі көзі ашық, зиялы қауым өкілдерінің бірі,мемлекеттік және әскери қызмет атқарған запастағы офицер. Ол Моңғолияның құрылыс министрлігінде, Баян- Өлгей аймағында жауапты қызметтер атқарған, еліне сыйлы, көптің адамы болған адам.
Б. Шаяхмет 1972 жыл орта мектеп, 1976 жылы Кеңес Одағының Ленинград қаласындағы Жоғарғы әскери командалық училищесін бітіреді. Алайда әке-шешесі ерте өмірден өткендіктен, жастай жетім қалған іні, қарындастарын қарауға әскери қызметтің тәртібі мүмкіндік бермегендіктен, бұл қызметтен бас тартып, жай қызметке кетеді. Әскери командалық білім жай өмірге сай келмегендіктен Моңғолия Мемлекеттік Университенің Тау-кен геология факультетінің, инженер-гидрогеолог мамандығын 1981 жылы, саяси білімін жетілдіру үшін, марксизм-ленинизм кешкі университетін тәмәмдап, заңгер-экономист мамандығын 1988 жылы алады.
Б.Шаяхмет Ұланбатыр қаласындағы Монғолияның Сәулет және құрылысты жобалау және ғылыми зертеу бас институтында инженер, бөлім бастығы қызметін атқарып тұрып, арнайы жолдамамен 1987-1990 жылдары Дархан қалалық құрылыс және өндірісті техникалық бақылау басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарады. Б.Шаяхметтің бастамашыл, атқарған ісіне адал, белсенділігі, орыс тіліне жетіктігін бағалаған Тау-кен гео-логия министрлігі, оны 1990 жылы Кеңес Одағымен-Монғолияның бірлескен өндірісі Эрдэнэт қаласындағы «Медмолибденстрой» комбинаты директорының орынбасары, материал-техникалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметіне тағайындайды. Бұл қызметті абыроймен атқарып жүргенде 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздік алғанын естіп, қуаныштан, бөркін аспанға атқандардың бірі осы Шаяхмет досымыз еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанмен-Монғолия арасында жұмыс күшін алмасу, Қазақ еліне жұмысшы жіберу еңбек шартының негізінде Монғолия Еңбек министрлігінің қарауында Эрдэнэт қаласында жұмысшылар дайындайтын бөлім ашып, Қазақстанға көшетін алғашқы 85 отбасының құжаттарын дайындап, алғашқы көшті, ата- жұртына әкелген ұлтшыл азаматтардың бірі еді. Құжат дайындады деп айтуға жеңіл. Бірақ қыруар адамның құжатын дайындау, шетел паспортын рәсімдеу, қаншалықты қиын болғанын, Шәкең марқұм бірде осы жолдарды жазып отырған маған айтқаны бар еді. Атажұрты Шәкеңдерді арқа-жарқа, думандатып қарсы алып, келгендерді жаппай малға жібереді. Желпініп келген жұрт жаңа орта, жаңа адамдар, жаңа жұмыс, дәстүр басқа, салт-сана бөлек жерде қиналады. Шәкеңді Қостанай облысының «Карл Маркс» атындағы совхозға шошқа өсіру жөніндегі бас маманы етіп тағайындайды. Үнсіз, көндіге жүріп, біліп пе, білмей ме ағат тағайындау жасағандарды, бір жиында облыс әкімінің алдында сойып салады. Әкім жұмысын ауыстырып береді. Қостанай облыстық еңбекпен қамту орталығының бас маманы болады… Бірақ шындық айтам деп билікке жақпай қалған Шәкең Қостанайдан Көкшетау облысына ауысады. Ол 1992 жылы Көкшетау облысы Айыртау ауданының «Қазақстан РСХО»- сы совхозы директорының орынбасарына тағайындалып, оны 1996 жылға дейін атқарады. Совхоздар тарап, өтпелі кезең басталғанда Көкшетау қаласына келіп 1996-2000 жылға дейін Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетінде оқытушы, Республикалық «Алаш» партиясының жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметін қоса атқарды.
Осы жылдары еліміздің барлық өңірлерін аралап «Алаш» қайраткерлерін, Алаш идеясын насихаттаған Шәкең саяси аренада өзін белсенді азамат ретінде танытты, қызметін абыроймен атқарды, елге танылды. Шәкеңнің іскерлігін таныған облыстық ішкі істер депертаментінің басшылары Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасында оралмандарды құжаттандыру бөлімінде маман, аудармашы қызметіне шақырады. Бұл 2000-2003 жылдары болатын. Шәкеңнің бұл еңбегін көкшетаулықтар, ішкі істер органы, көші-қон ұйымы жоғары бағалағанын айтумен қатар алғашқы 60 мың шеттегі қазақтардың азаматтық алуына себепкер, көмекші болғандардың бірі Шәкең десем артық айтқан емес…
Жалпы Шәкең Көкшетауда қызметінде абыройлы, елге сыйлы болды. Атқарып жатқан жұмысын, оралман ағайындардың қамқоршысы, жоғын жоқтаушысы болып жүргеннін естіп-біліп отырдық. Жұбайы Халхағанқызы Ғазизаны да Ұланбатырда тұрғанда білуші едім. Жоғары білімді, білікті дәрігер. Қазақстанға көшкеннен кейін кезіге алмадық. Өкініштісі дәл кемел шағы 41 жасында 1997 жылы ауыр науқастан мезгілсіз қайтыс болады.
Шәкең біреуге жағыну, жағымпаздану, көлгірсу, қорқу, үрку, ығу дегенді мүлде білмейтін. Шындықты бетіңе тура айтатын. Ол қазақ тілінің жанашыры, мемлекеттік тіл үшін күрескен азамат. Қазақтың тілі, салт-дәстүрі, қазақша атаулар, қазақ есімдерін қалай жазу туралы баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде тыңғылықты жазып, мәселеле көтеріп, биліктіде түйреді. Шәкең сұрағаннан барын аямайтын жомарт. Ағайындарға көмектесіп жүрмін, сөйттім, бүйттім деп, ешкімнің алдында еңбегін бұлдап, абырой-атаққа құмарланбаған, дүние қуып, дүние жинамаған, күйкі тірлікте қиналса да, дегдарлықтан таймай жалған дүниеден кетті.
Шаяхмет Бұрханұлы Хэнтэй, Хангай тауының етегі, Хэрлэн, Туул өзеннің сағасынан қалың қазақты атажұртына жеткізген, ата- жұртында тоғышарлармен айтысып, тартысса да, ақылмен келісе жүріп, мыңдаған қандасының тарихи отанына тұрақты қоныстанып, Қазақстанның толыққанды азаматы болып, қалуына себепші бірден бір тұлға ретінде есте қалатын болады.
Елдің абзал азаматы, ардақты дос Шәкең саған Жаратушы Алла иманның байлығын, жәннаттың бағын, жұмақтың төрін нәсіп етсін! Әмин!

Дос-жарандарының атынан жазбаны орындаған
Дахан Шөкшірұлы

Жасымыздан бірге жүріп, бір мектепте оқыған досым Шаяхмет Бұрханұлының ауыр қазасын естіп, бірге жүрген күндер, сырласқан сырлар, еске түсіп көңілді қобалжытты, жүректі құлазытты. Алланың бұйрығы, тағдырдың жазуына не шара? Еріксіз сабыр етесің. Досым Шаяхметтің артында қалған отбасы, ағайын-туыстарына қайғыра отырып көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқап, мінгені пырақ, барар жері жұмақ болсын. Әмин!
Моңғолияның ұлы құрылтайының мүшесі, Құрылыс, қала құрылым министрі Х. Баделхан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.