Халқына қамқор, ағайынға тірек болған тұлға еді…

0
289

«Елім деген ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» деген. Осы сөз Шаяхмет Бұрқанұлына арналғандай. Бала кезімізден санамызға сіңгені бұл азаматтың қатал тәрітібі еді. Тіпті төсектің астына кіріп тығылып, тезірек кетіп қалса екен деп жататын кезіміз де болған. Білмейтіні жоқ. Аузымызды ашып түрлі қызықты әңгімелерін тыңдайтынбыз.Әскери мектепті бітіргендіктен бе, есейгенде бізге қатардағы жауынгер сияқты қарады. Ержетіп, отбасылы болған соң ғана Шәкеңнің қадірін біле бастадық. Студент кезімізде де үйіне шақырып, азын-аулақ азық-түлігімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп жүрген ақкөңіл жанның арғы арманын түсіне алмай жүрдік. Осы кісі неге тыныш отырмайды екен? Елдің проблемасында не шаруасы бар десіп шуластық. Ал өзінің принципшілдігінен қайтпайтын қайсар мінезімен таң қалдыратын. Сонау бала кезінен өмірдің қиындығын көп көргендіктен бе, жетім, жесір көрсе жаны қиналып жүретін еді. Артындағы бірнеше інілеріне ағалық танытып ұрсып жүрсе де, олар қиналса бірге қиналып, олар күлсе бірге күліп жүрді. Ішкі сырын ешкімге білдірместен, менде жоқ еді деместен кетті. Бұл қасиет қазіргі жаңа заман технологиясы дамып, адамдардың бір-біріне деген сенімі мен аяушылық сезімінен ада болып бара жатқан заманда бұл қасиет екінің біріне берілмесі анық. Жоқшылықтың зардабын тартып жүрсе де, ешкімнен алақан жайып ештеңе сұрамаған бек қасиеті тағы бар еді. Көзінен мұң, жүрегінен қан жылап тұрса да білдірмей, бар да нар адамдай сөйлеп отыру ерге тән мінез екені сөзсіз. Шәкеңнің көмектеспеген, қол ұшын бермеген адамы кемде-кем. Әсіресе Павлодар, Ақсу, Қарағанды өңіріндегі қандастардың мұң-зары мен құжаттарын рәсімдеудегі бюрократтықтың кесіріне қатты ызаланды. Ашуланды. Бұлқынды. Әлеуметтік желіге жазды. Барлық министрліктің есігін қақты. Жазды. Жоғары биліктегілердің барлығы Шаяхмет Бұрқанұлын «арызқой» атады. Кейбірі ығысты, кейбірі тіресті. Бірі сыйлады, құрметтеді. Ол бала сияқты ақкөңіл, елгезек, қуанышын жасыра алмайтын еді. Өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүрген Шәкеңнің 16 жыл бойғы күресінің нәтижесінде мыңдаған қандас азаматтық алып, аты-жөндерін дұрыстап жазғызып, арыз-шағымдарын жоғарғы билікке жеткізе алды. Олардың қорғанышы, сөздерін сөйлейтін жанның барына арқаланды. Сол мыңдаған адамның бәрі еңбекке араласты, еліне, отанына үлесін тигізіп, отбасын құрып, отау тігіп демографиялық санын көбейтті. Тіпті соңғы минутына дейін елдің жағдайын, қандастардың қамын ойлаумен кетті. Өзге елде сұлтан бола жүріп, отаны шақырғанда бар жиғанын тастай салып, атамекенге ат басын бұрған аз қазақтың көш басында тұруының өзі тарихи ерлік емес пе? Бір қаланың құрылыс басқармасын басқарып, үш бірдей жоғары білім алып, орыс, қазақ, моңғол тілдеріне судай Шаяхмет Бұрқанұлының өмірінің соңы әділетсіздікпен күресумен өтті. Бәріне қара күйе жаға алмаймыз. Билікте де білімді азаматтар жетерлік. Алайда жоқтан бар жасап, қажетсіз құжаттарды жинатып, оралман атаулыны әбігерге салып қойғанды жақсы көретіндер жеткілікті. Осыған қиналды. Қынжылды. Оның еңбегін біреуі бағалады, біреуі бағаламады. Ат төбеліндей Ақсулық қандастардың қамын ойлап, басын тауға да, тасқа да ұрған бекзат азаматтың тағдыры кілт үзілді. Бір басшының алдына барып басына баспана, астына көлік сұрамады. Оны берейік, тек тыныш жүрші дегендер де болды. Бірақ сонау ел үшін жазықсыз жапа шегіп 1937 жылы «халық жауы» болып атылып кеткен, Шеруші аймағының (хошуун) әкімі болған Төлекенұлы Тұрдыдан тараған, батыр Барақ-Сүйіндіктің ұрпағы емес пе? Ата -бабасының қанымен келген бірбеткейлік, тікмінезділік пен қайтпас қайсарлық Шәкеңнің басты ұстанған туы болды. Әлі де тірі жүрсе талай жанға көмегін көрсетіп, қол ұшын созар еді. Әттеген-ай, тағдырдың ісіне амал жоқ. Ел аман болса, Шәкеңнің ісін жалғастыратын азаматтарда жетілер. Өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүрген тұлғамызға деген сағыныш пен жүректегі тілектер көп. Елге үлгі боларлық ғұмыр кешкен Шәкеңнің айтары да, жазары да көп еді. Алтай асып келіп ата -жұртының топырағын жамылды. Ұлылардың мекені Кереку жері Шаяхмет Бұрқанұлының мәңгі мекеніне айналды. Ағамыздың нар тұлға, жарқын бейнесін есімізге сақтап, игі істерін жалғастырып жүрейік, ардақты ағайын! Алла жәннатты нәсіп етсін! Әмин!

Асылбек Байжұмаұлы,
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.