750 баланы бір өзі өсірген АНА

0
192

Үйдің берекесі отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді, әр бір отбасы ол шағын мемлекет. Тәуелсіз Отанымыздың макеті десек болғандай. 2014 жылы елімізде бірінші рет өткізілген Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауы жылма жыл жалғасын тауып келеді. Байқаудың негізгі мақсаты адамгершілік құндылықтар және неке мен отбасының үлгілі үрдісін қалыптастыру, жанұя мәртебесін көтеру. «Мерейлі отбасы» байқауына еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан отбасылар қатысады. Республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы алғаш өткізілген 2014 жылы Талғар қаласындағы «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйі бірінші орынға ие болған болатын. Елбасы Н.Назарбаев Тұяқ Қаскенқызының иығынан қағып, игі тілегін білдірді. Алтын жүректі ана 2013 жылы қайырымдылық ісі үшін ҚР Президентінің қолынан алтын медаль, қайырымдылық саласындағы бірден-бір қоғамдық сыйлық саналатын «Алтын жүрек» белгісін кеудесіне тақты. Есқожина Тұяқ пен Байсарин Әнуар 21 жылда 750 жетім баланы бауырына басып, біразын қанат қақтырды. «Мен 1998 жылы отбасылық балалар үйін ашу туралы шешім қабылдадым. Жолдасым да оған рұқсат берді. Дегенмен ондай мекеме ашатын біздің қаражатымыз болған жоқ, сол кезде күйеуіммен ақылдаса келе пәтерімізді сататын болып шештік», – дейді «Нұр» балалар үйінің негізін қалаушы, директоры Тұяқ Есқожина.
Айта кету керек, Тұяқ Қаскенқызы Талғар ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның іскер әйелдерінің «Даналық пен мейрімділік» бағыты бойынша республикалық байқау жеңімпазы, сонымен қатар патриоттардың республикалық форумындағы ҚР Мәдениет министрлігінің диплом иегері. Бүгінде бүлдіршіндердің болашаққа деген өз көзқарастары бар. Қайырымды, жаны жайсаң, əр сөзін салиқалы, салмақты жеткізетін Тұяқ Қаскенқызын Талғар қаласында отбасылық үлгідегі «Нұр» қайырымдылық балалар үйіндегі игі істері мен мейірім-шапағаты үшін ел құрметтеп отыр. «Нұр» қайырымдылық балалар үйі – мемлекеттің көмегінсіз өз беттерінше тіршілік жасап жатқан үлкен отбасылық ұжым. Олардың басты демеушілері: қарапайым адамдар, жеке тұлғалар мен кəсіпкерлер, шəкірттері мен студенттері де көмек қолын жиі созады. Перзенттің ата-ана алдындағы борышы зор. Ал тағдыр ата-ананың қамқорлығынан айырып, мейірім мен жанашырлыққа зар болып жүрген кезде қанатының астына алып, өз баласындай мəпелеп, ата-анасының жоқтығын сездірмеуге тырысып баққан адамның алдындағы борышы тіптен жоғары ма деймін. Өйткені ол басқаның атқара алмаған міндеттерін арқалап, сен үшін өз басын қиындыққа тікті. Үкіметтің көмегінсіз жанашыр адамдарға сүйеніп, барлық қиындықтарға төтеп беру, тіршіліктегі барлық ауыртпалықты еңсере отырып, көздеген мақсатқа жету – ерен еңбек. Бұл жерде жүріп, барлығы көлік жүргізуді, тамақ жасауды үйренеді. Күніге үй тірлігіне араластырамын. Менің принципім – олар 18 жасқа толғанда, өзін-өзі асырай алатын толыққанды адам болып шығуы керек. Осы уақытқа дейін 50 қызымның жасауын жасап, қолдан ұзаттым. «Жетім екен» демесін деп, газ плитасына дейін алып береміз. 30 ұлымнан 35 немере сүйіп отырмын»,- деп әр сұхбатында абзал ана бауырына басқан балалары туралы әңгімелеуден жалықпайды. Иә, ата-ананың аялы алақанынан ерте ажырап қалған ұл-қыздарға қамқорлық таныту, олардың өмірден өз орынын табуына жол көрсетіп, мейірім мен махаббаттан кенде қылмау – қайырымдылықтың төресі екені даусыз. Алаңсыз ойнап жүрген бүлдіршіндердің бүгінде тамақтары тоқ, киімдері бүтін. Олар Тұяқ Қаскенқызын анамыз деп біледі. Бұл отбасы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларды тәрбиелеуге өз өмірлерін арнап, қайырымдылық-отбасылық балалар үйін құрды. Қазір бұл отбасында 51 бала бар. Тұяқ Қаскенқызы өз кезегінде – «Отбасы құндылығы – жақындары үшін еңбек етіп, тірлігін жасайтын отағасы мен барды ұқсатып, жанұяның берекесін кіргізетін отанасы. Бір балам шылым тартып, бір балам арақ ішпейді, бір балам қашқан емес, бір балам өтірік айтқан емес. Мен бұнымен мақтанамын. Мен бақыттымын. Осындай балаларым бар, қыздарымды ұзатып, ұлдарымды үйлендіріп жатырмын. Баланың бөтені жоқ, пана іздеп келген бүлдіршінді жылатпай, қамқор болу арман мақсатым» –деп ағынан жарылды.
Дана халқымыз «Бірлігі мықтының, тірлігі мықты», «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп жайдан-жай айтпаса керек. Елімізде бірлігі мен тірлігі жарасқан отбасылар көп болса, болашағымыз жарқын болатындығы анық. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ.
Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.