3 млн. сүрбойдақтың арманы өмірдегі жалғыздық па, әлде…

0
167

«Өмір – базар». Ол жерден барлық қажетіңді табасың. Қалыңдықты да осы маңнан кездестіруге мүмкіндігің бар». Осы пікірдің авторы менің жақын досым. Өзі айтқан «базарында» көп уақыттан бері жүрсе де, әлі іздеген адамын, яғни қалыңдығын жолықтыра алмай жүрген жанға қарап, тұңғиық ойға берілетінім де рас. Ертерек қимылдаса ата, тіпті өз уақытымен әрекет жасаса, бірнеше баланың әкесі атанар – 40-тың қырқасына шықса да, «Асықпаған – арбамен қоян алады» дегеннің керіне сай, әлі ертеңгі күннен үміт күтіп жүрген азаматтың қазіргі өмірі республикамыздағы өзекті мәселенің шетін көрсеткені мәлім.

«Сүрбойдақ». Аталмыш ұғым – бүгінгі күннің басты тақырыбына айналғаны қашан. Пай-пай дегізген 25-тен жедел басып, орда бұзар 30-дан асып, қамал алар 40-қа келіп жетіп, енді бірі жарты ғасырлық белес – 50-ді бағындыруға таяп қалса да, әлі отбасын құрып үлгермей, сүрбойдақ атанғандардың саны қазіргі статистика тілімен сөйлесек, тұп-тура 3 000 000 адамға тең екен. Бұл көрсеткіш әлемде халқының саны жөнінен тиісінше 137-орын алатын Моңғолия (халқы 3 299 529 адам) мен 138-орындағы Армения (халқы 2 962 100 адам) тұрғындарының сан мөлшерімен деңгейлес. Дүние жүзінде жер көлемі жөнінен 9-шы орынды алатын, қойнауы қазынаға толы бай да қуатты елде тұрамыз деп кеуде керіп жүрген адамдарды алға тартқан мәселе бей-жай қалдырмаса керек-ті. Кең-байтақ даламызда тұрғындардың шаршы шақырымға орналасу тығыздығы бойынша да 6,82 нәтижені көрсетіп, әлемде 184-орынды місе тұтқан жетістік ұлтым деген жандарды ойландырмай қоймасына сенуді қалайтыны шын.
Жас мөлшері асып немесе тіпті біраз уақытқа жылжып кетсе де отбасы секілді шағын мемлекеттің іргетасын қалай алмай жүрген ерлер мен аруларымыздың бұл түйткілге қатысты айтар уәждері көп. Олардың пікіріне сүйенсек, «лайықты қыз жоқ», сол сияқты «лайықты жігіт тапшы». Сонда олардың – лайықтылардың бәрін басқалар теріп алып, лайықсыздарын қалдырып кеткен бе? Дәл осындай сауалдың тумасына кім кепіл? Енді бірі материалдық жағдайдың төмендігін айтып ақталады. Естіген сылтауларға қарасаң, бұл өмір кілең тұман басқан жеке бір өлкеден тұра ма деп қаласың?! «Біреудің қажетін басқа біреу әндетіп жүріп іздейді»,– дейтін сөз бар еді ғой. Қазіргі жағдайға қатысты айтсақ, біреудікін емес, өзінің жоғын да сол «әндетіп іздейтін» заманға аяқ басқан секілдіміз. Меніңше, сүрбойдақ мырзалар мен ханымдар жар іздеу ісінде өздеріне жоғары талап қойып алады. Аталған талап бойынша «ару – сұлу, сымбатты, ақылды, тәрбиелі, ибалы, күнәсіз, ісмер, дәулетті» т.с.с. болуы керек, өз кезегінде «ерлер де – тұлғалы, бай-қуатты, атақ-даңқы көк тіреген, білімді, лауазымды, тақуа» болғаны игі. Осынау жар іздеген кісілердің мақсатына бір сәт көз жүгіртсеңіз байқайтыныңыз мінсіз адамның сипаты. Ау, туғандарым-ау, мінсіздік, пәктік тек ғаламды жаратушы Хаққа ғана тән емес пе? Пенделердің одан алыстау екенін неге ескермейміз біз осы?
Біраз уақытты еңсеріп, жанұя деген бақыттың ауылынан алыстай бастағанын кеш түсінген сүрбойдақтар әлі де өздерін асыра «бағалайтын сыңайлы». Басы сопайып жалғыздықтың қасіретін шексе де, әлі күнге дейін бетін самал сипамаған бойжеткенді табудан үміт етіп, ал «оң жақта отырып қалса да», «ақбоз атты ханзаданы» – бүгінгі тілмен кескіндесек, бай-бағыландарды уысына әйтеуір бір түсіріп, «сәтті»(удачно) тұрмысқа шығатынына сенімді сүрбойдақтардың талабының – планкасының биіктігінің қаншалықты деңгейде екенін сіз бен біздің айтқызбай-ақ ұғынып отырғанымыз анық. Жылтырағанның бәрін алтын деп ойлап, өзіне керектісін таба алмай сарсаңға түскендердің әрекеті:мәселен, мына бір үзіндідегі жайтқа көп ұқсас. Ертеде бір жас жігіт әлемдегі ең әдемі гүлді мінсіз аруға тарту етіп, жар қыламын деп серт беріпті. Осы мақсатпен бір әйгілі баққа келген екен. Әлгі бақтың егесі қария жігітті гүлзарға жіберіп тұрып, «тек артыңа қайта бұрылушы болма!» деген талабын қояды. Сері хош иісті, тіпті күлтелеріне дейін ұқсас, сабағында тікені жоқ, түзу өскен әсем гүлді іздеп шаршайды. Бір гүлден бір гүл әдемі көрініп, сансыз гүлдер көмкерген бақтан шығып кеткенін өзі де аңғармай қалады.

3 млн. = 1,5 млн. отбасы

Халқымыз әлімсақтан бері қаншама қасіреттерді бастан кешірді. Санымыздың аз болуы сол келеңсіздіктермен көп байланысты. Ал бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда сол кеткен олқылықтың орнын қазір толтырмағанда енді қашан? Бір-бір үйдің тіреуі болар адамдар жауапкершіліктен қашып, түрлі себептерді алданыш қылып, жалғыздан-жалғыз тіршілік кешіп жатыр. Олардың бұл «әрекеті» тек өзіне ғана емес, мемлекетке де салқынын тигізуде. Жоғарыда айтқан 3 000 000 адам – 1 500 000 жанұя. Аталмыш 1 500 000 отбасыдан жылына кем дегенде 1 000 000 миллион бала дүние есігін ашса, көршіміз Өзбекстаннан баяғыда алға озып кетер едік. Ала шапанды өзекеңдер жағдайының «нашарлығын» тамызық қылмай-ақ біздерден екі есе қашыққа өрлеп кетті. Өзбекстан Республикасы халық саны бойынша әлемде 42 орында. Тілі мен мәдениетін биікке көтерген көршілеріміздің саны – 33 958 737. Осындай игі істерден неге үйренбеске!
Кешегі кеңестік дәуірде отбасылық өмірге немқұрайлы қарайтындарға бойдақ салығы салынушы еді. Сол дәстүрді қайта қалпына келтіру керек тәрізді. Жауапсыздыққа арналған уақыт шығынын осылай толтыру дұрыс па деймін. Қалталарынан қомақты қаражат ай сайын төлеп тұрса, бәлкім ойланар. Сөйтіп, нақты да нәтижелі әрекетке көшер…Мемлекет қоржынына қосалқы табыстың түсуі де еш артықтық етпесі айқын.
Баршамыз ислам дінінің шуағынан сәулеленіп, қазақи тәрбие бұлағынан сусындағанымыз аян. Ендеше жеке дара ғұмыр кешкен туысқандардың да мынадай ғибратқа назар аударғанының еш қайшылығы жоқ. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар 1001-хадисте: «Неке – менің сүннетім, кім менің сүннетімнен бет бұрса, ол – менің үмметім емес. Мүмкіндігі бола тұра үйленбегендер бізден емес», – деп айтады. Сондай-ақ жасы жеткенде шаңырақ көтерудің сауап екендігін мына бір хадис-шәрібінде толықтырып өткені рас. «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмметтің алдында мақтаныш етемін».
Басымдағы негізгі ізгі ойымды жасырмайын. Қолданыстағы сөздердің қатарынан «сүрбойдақ» сөзінің жоғалып, Қазақ ұлты санының 500 000 000, 5 000 000 000, 10 000 000 000 көрсеткішке жеткеніне куә болатын сәттердің қашық еместігіне мына көңілімнің сенгісі келеді… Бұл ойым – әлбетте дұрыс! «Жақсы сөз – жарым ырыс».

Мият ӘЗІМБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.