«Қазақы ет»: АС ПЕН АСАМЫҚ

0
170

Қазақы тағамдар да басқа этноқұндылық секілді бүгінде ерекше назарға ілігуде. Бұл аса қарбалас жүріп жатқан жаһандану дәуірінде таң қалдырмайтын үдеріс. Алайда, осындай қауырт та ұрымтал дәуірде әлемдік мәдени кеңістікте ұлттық құндылықты сақтау мен тарату мәселесі елдік ауқымдағы түйткілге айналып отырғандығы да рас. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «КазБренд» қоғамдық қоры Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ханшатырда» қазақы еттен жаппай дәм тату шарасын өткізіп қайран қалдырды. Бұл шара өзінің ауқымына қарай Гинестің рекордтар кітабына да тіркелді. Алайда, ұлттың ұлық асы «бешбармақ» атауымен жазылды.
Кең таралған көзқарас пен пікір мынадай: «бешбармак» түркі тілдерінен аударғанда «бес саусақ» ұғымын береді — көшпелі түркілер тамақ тұтынуға қолданатын саймандары болмағандықтан, етті де қолмен жеген. Бұл пайымда әбден таптаурын болған көшпелі мәдениетті кемсіту көзқарасы бар. Әрине, бұл аттылы мәдениетті кемсітуге бағытталған идеологияның ұшы болса да, көп жағдайда сіңісті тұжырымға айналуда. Алайда олар сонау Сібірден Үнді мұхитына дейінгі апайтөс кеңісті жайлаған бүкіл Азия халқы қою тамақты қолмен жейтінін ескере қояр ма екен? Ал сұйықты күміс ыдыспен ішіп, қоюды ағаш ыдысқа салған аттылы әлем неге мән берді екен? деген сауалға тереңірек көз жіберетін кез келді.
«Қазақы ет» тағам ретінде жуырда ғана түзіліп отыр, бұған дейін ол аталмыш жоралғылардың атрибуты ретінде басты маңызға ие болғандықтан, өз алдына арнайы атауы болмай келді. ХІХ ғасырда тарихта қалған Сағынайдың асы – ежелгі құрмалдық жоралғысының соңы мен қазақы этнологиялық құндылыққа айналуының басы болатын. Өйткені, бұл ас ежелгі ритуалдардан жұрдай болғанмен, мазмұны қазақы этнографияға толы сайрандық сипатта өткен шара еді.
Астың тарихи көрінісіне бірден бір дерек археологиялық мұралар. Ас беру рәсімі әубастан аттылар дәстүрінде мифологиялық «аспан еліне», Көкке құрбан шалу мен қастерлеу шарасымен мәнді болатын. Көктегі ел – Асман/Аспан аталды. Аспандық қорек те «ас»/«аш» аталды. Осыдан келіп құрбандық жоралғы «ас беру» делінді.
Қазақша ет тағамы халықтың этнологиялық қалыбының көрінісі ретінде «жетімүшелік» ұғымның ажырамас көрінісі болып қалыптасты. Астың жай ғана ет тағамы емес, толыққанды этнографиялық құндылық екендігін, оның мынадай жеті мүшеге жіктеліп, арнайы мазмұнмен жоралғылық мәнде тартылуы соның айқын айғағы:
1. ұсақ малдың басы немесе ірі малдың шекесі – тартылушыға бір бас биік болу тілегін білдіреді;
2. жамбас пен құйрық сыйлау – береке мен ырыстың,игілік пен байлықтың болу тілегі;
3. сүбелі қабырға – бірлік пен ынтымақ, бейбітшілік тілеу;
4. асық жілік – өмірдегі сәттілік пен саулықтың, жақсылықты тілегі;
5. беломыртқа немесе белдеме – өмірдің қиындығына төтеп беру мен төзім, күш-қайрат тілеу;
6. бауыр – туыстық, бауырластық пен достық тілегінің атрибуты;
7. жауырын – өмір мен жолдың кедергісіздігі мен сәттілігіне жолашар тілеу.
Аттылар мәдениет мал етінің мүшелері белгілі бір инфо-энергетикалық сүйемелі бар материал екендігін сіңірген. Бұл кванттық-психологиялық деңгейдегі астарлы танымнан сіңген сенім еді. Сол себепті де осы саланың қасиетті 7 санына сәйкес жеті мүшеге бөліп табақ тарту этнографиялық киелі дәстүрге айналды. Жетіліктің өзектілігі адам бойындағы 7 чакрамен бірге қарастырылатын тақырып болса керек.
Міне осы киелік танымды тәрк етпеу мақсатымен асқа қару жолатпаған, яғни қосалқы сайманмен емес, қолмен жеу ғана ас қуатын арттырады, киесін бұзбайды, қуаты мен құтын қашырмайды деген сенім жатыр. Тіпті күні кешеге дейін қазақ нанды қолмен үзіп жеген, пышақпен тілмеген.
(Жалғасы бар)

С.ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.