ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ АШЫҚ ҚАРСЫЛЫҚ

0
232

«Қырымдағы сияқты Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу туралы референдум болса қайтер едің?» деген сұраққа бір орыс жігітінің «Мен қолдаймын» деген бейнетаспасы тарап кетті. (Рас болса ол Злотницкий Вячеслав Сергеевич деген 1988 жылы туған теміртаулық орыс көрінеді). Оның жауабын әйтеуір біреудің кездейсоқ айта салған сандалбай сөзі деуге әсте боламайды. Бұл қазақстандық орыстардың басым бөлігінің арманы деуге болады. Осы арман іштей пісіп-жетіліп келеді. 32 жастағы орыстың ашық айтуы соны білдіреді.
Байқаусыз аузынан шығып кеткен сөз емес. Ол өзі КСРО-ны білмейтін, сол дәуірдің тәрбиесін алмаған адам. Көзін ашқалы Тәуелсіз Қазақстанның суын ішіп, Тәуелсіз Қазақстанның нанын жеген. Осындай адамдардың өзі Ресейге қосылуды көксесе, оны жалғыз адамның қиялы деуге бола ма? Жоқ, бұл көпшілік орыстың көксеген арманы, мынау сол арманның қылтиып көрінуі. Ертең арам шөптей қаулап кетуі әбден мүмкін. Бұл қауіп бекер емес, бекер десеңіз орыс ішінен бір ересегі шығып «әй, қойсаңшы» деп неге айтпайды? Өйткені, бәрінің ойы сол. Жарайды, жеке адамды былай қоя тұралық, мемлекеттің ресми мекемесі Ассамблея неге үнсіз?
Әлгі орысты, жұмсартып айтқанда, ұлтараздықты қоздырушы деп тануымыз керек. Кезінде Гитлер КСРО-ға қандай қатер төндірсе, Мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне ол да дәл сондай қатер төндіріп отыр. Оның көкейінде Гитлердің «Тайфун» операциясы сияқты бір сойқан операция бұғып жатпасын. Сондықтан оған әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрата салумен іс бітпеу керек. Оны заң жүзінде жазалау керек!
Енді мұндай пиғылды дүңгендер де таныта бастады. Кешелі-бүгінді емес, үш жыл бұрын солай деп сұңқылдаған. Әрі ол ойы одан да бұрын отбасында, дүңгендер жиылған жерде талай мәрте айтылып, талай мәрте талқыланған сыңайлы. Паншар Фадиев деген 1953 жылы Қазақстанда туған, осы жерде өсіп-өнген, алты баласы бар дүңгеннің арманы Қазақстанның Ресейге қосылуы екен. Бұл өзімның ғана арманым еді демейді, бүкіл туған-туысқанымның, дос-жарандарымның, жақын-жуығымның, таныс-тамырларымның арманы сол дейді. Оны «YobTub»-тың «Руский мир» арнасы арқылы 2017 жылы өзі айтқан.
Оны мына https://www.youtube.com/watch?v=-zCD4PUlRz0 сілтемеден көруге болады.
Ең бір алаңдайтын жай, қазақты ұлт ретінде мойындамау, басыну күннен күнге көбейіп барады.
Қызыл шашты, бет-аузына жазу жазып алған славяндық жігіттің те (мүмкін ол да орыс шығар) қазақтың қасиетті домбырасын жерге ұрып сындырып, киелі бұйымын қорлаған бейнетаспасын бүкіл қазақ көрді. Ол да қазақты адам санамайтынын анық аңғартты. Бұл деген қазақ үшін қорлық қой. Ал өзіңді біреу қорлап тұрса, ондайда не істеу керек? Оны заң арқылы ендігәрі аузын аша алмайтындай ету керек емес пе? Тілін заң жүзінде кесу керек емес пе? Кешірім сұрап, қазақты алдай салам деп ойламасын. Бұндайлардың әлеуметтік желіде кешірім сұрауы, құтылудың ең оңай жолы болып барады. Кешірім сұрап тұрып «маған не істей аласың» деп ішінен мысқылдайтыны айдан анық.
Пиғылы қандай болса, тіл солай сөйлейді, қол соны істейді. Кейбір ақпараттарға қарағанда, ұлты өзге адамдардың көпшілігінің мылтығы, тапаншасы бар. Ұрыны қорқыту үшін емес, өздерін жергілікті біреулер жат санап өлтіріп кетпесін деген оймен ұстайтын сияқты. Тіпті үйін қару-жарақ қоймасына айналдырып жібергендер де болғанын естіп жүрміз. Баласына дейін атуды үйретеді екен. Аңшылық үшін емес.
Сондықтан Үкімет олардың Ресейге қосылғысы келетін арманын ескеріп, өздері аңсаған мемлекетке көшіп кетуіне жағдай жасағаны жөн. Қалай да бір шара қолдану керек қой. Осы сөздері үшін Қазақстандағы диаспора өкілдеріне мылтық пен наган ұстауына заң жүзінде тыйым салынса, ең дұрысы сол болар еді.
Қолдағы мылтық әйтеуір бір күні атылмай қоймайтынын ұмытпайық!

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.