Дүкеніміз «келімсек» кітаптарға сіресіп тұр…

0
168

Қазақстаннан өзге ешбір елдің кітап дүкендерінің сөресін өзге тілдегі кітаптар қайыстыра сірестіріп қаптап тұрмайды. Түркияда түрікше, Ресейде орысша, Моңғолияда моңғолша, Жапонияда жапонша кітап қана табасың. Ал, біздің елде кез келген қаладағы кітап дүкеніне бас сұғып көріңіз. Әлем әдебиетінің інжу-маржандары тек орыс тілінде ғана көздің жауын алып тұр. Қазақша кітаптар бір сөренің жартысын да толтыра алмай жетімсіреп жұтап, жүдеп-жадап тұрғаны. Оның өзінде кеңес жазушыларының ғана туындыларын кездестіресіз. Баяғыда оқыла-оқыла жауыр болған кітаптар. Жаңа авторлардың бірен-саран кітаптары кездесуі мүмкін. Бірақ, әлгі авторлардың есім-сойларын көргенде езуге еріксіз күлкі үйіріледі. Интернетте орысша жазылып, оқылып жауыр болған психологиялық кеңестердің қазақша көшірмелері (плагиат), қалай тез баюға болатын жолдарды үйретемін деп даурыққан бір желөкпелердің жасандылау, шикі жазбалары және әлде актриса, әлде, продюсер ме, бір әйелдің шимай-шатпақ жинақтары… Негізі күлгеннен гөрі жылаған дұрыс секілді. Кітап дүкендеріне осылайша өзге елдің тілдік-ақпараттық, әдеби экспансиясына жол ашып қойып, кітап сөресінің болмашы бөлігін күлдібадам бірдемелермен жамап-жасқап алып, «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деп жатып кеп көсемсиміз, ренжиміз. Әрине, оқымайды. Несін оқиды? Кітап дүкеніңде өзінің ана тілінде тұщынып оқитындай түгің болмаса.

Қуандық
Шамахайұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.