МАСАНШЫДАҒЫ ОҚИҒА…. САБАҚ БОЛАР ТАЛАЙҒА….

0
141

«Qazaqstan dauiri» газеті сол ауылдарға арнайы барып қайтты

Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылында болған дүрбелең қазақ даласын қойып, әлемді шарлап кетті. Сенсация қуған ақпарат желілері Қазақиядағы қақтығысты «Жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жазуда. «Ұлтаралық қақтығыс, билікке қарсы топтың әрекеті, дінаралық жанжал» деп «бал ашып» жатқандар қаншама! Кім не айтса да ар-ұятына тапсырдық. Бірақ жалған ақпараттың ушығуына да факті жетерлік. Масаншы – бейне қанды майдан даласы секілді отқа оранып тұр таратылған түнгі видеоларда. Ресми ақпарат 10 адамның өліп, 137 адамның медициналық мекемелерге көмек сұрап барғанын, 30 үй мен 15 дүкеннің, 23 автокөліктің талқаны шыққанын хабарлады. Адам шығынын айтсақ, дүнгеннен де, қазақтан да бар. Бірақ қанша жыл дүнген мен қазақтың арасында қандай салқындық болса да, мұншалықты көп құрбандық болмаған еді. Неге мұндай деңгейге дейін өршіді? Тәжіктермен, арабтармен, түріктермен, армияндармен де арада болған келіспеушіліктер неден басталып еді? Бәрінің түбірі бір арнада тоғысып жатқан жоқ па, осы?
Бір заманда Александр Затаевич: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрған секілді» деп тамсанса, қазір көзі тірі болса, «Маған бүкіл қазақ даласы теңіздей толқып тұр» деп жазарына шүбәм жоқ. Өйткені, соңғы жылдары қойдай қоңыр қазақтың мінезі жалына қол апартпайтын тарпаң жылқыға көбірек ұқсап барады. Оған себеп көп. Әлеуметтік теңсіздік, кең өріс алған парақорлық, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық арқылы қызмет сатысында өсу т.б. айта берсек жетіп жатыр. Мұның бәрі әбден қордаланған проблемалар. Екінші, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тау болып үйілген бұл түйткілдермен бетпе – бет келіп отыр. Бағы ма, соры ма?! Өте бір өлара шақта билік тізгінін алған Тоқаев мырза сын сағатында жүр. Анда барса арба сынады, мұнда келсе өгіз өледінің кебі баяғы… Сындарлы саясаттың «жілігін шағып, майын ішпесе» болашақта көңілге кірбің түсірер оқиғалар мұнымен бітпей ме деп қорқамын. Өйткені бүгінгі қазақ – бұрынғы рухы тапталған, намысы қақталған, жігері үзілуге шақ қалған жұрт емес, керісінше, рухы жаңғырған, намысы шыңдалған, жігері жаңарған ұлт!
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы келеңсіз оқиғаны ести сала, Осы өңірдің тумасы ретінде халыққа басу айту ниетімен жолға шықтық. Масаншы, тағы бірнеше ауылды аралап халықпен жүздестік. Жазар мақаламыз жұтаң, дерек-дәйексіз болмасын деген тілектен туды бәрі. Қазақпен де, дүнген ағайынмен де ой бөлістік. Ала қойды бөле қырықпай, қара қылды қақ жару – басты мақсатымыз болды. Сондықтан бұл мақалада бұра тартуға жол берілмеді. Сонымен, нені аңғардық, нені сездік ? Алауыздықтың өршуіне, қос халықтың бір-біріне ата жауындай қарауына не түрткі болды? Біздің пайым бойынша екі халықтың арасында көзге көрінбейтін, тамыры тереңге кеткен ашу мен ыза бар. Әсіресе дүнген ағайындардың «Жер сендердікі, билік біздікі, өйткені біз билікті сатып алғанбыз» деген өркөкірек сөздерін сол маңайдағы кез келген қазақ айтады. Жүрегің қалай шаншымайды? Оның арты – қираған үй, қашқан жұрт, өртенген техника, қыршынынан қиылған жастар өліміне әкеп соққанына бәріміз куәміз.

150 жыл бірге тұрған дүнгенді тілдеуге дүйім қазақ қарсы

Мемлекеттік тілдің өз деңгейінде тұғырына қона алмай жүргені де рухы биік қазақтың – бір әттеген-айы! «Оған тағы да көзіміз жетті. Тілімізді, қарапайым қазақтар ғана сыйлайды екен. Солар ғана қорғайды екен! Соларға ғана мемлекеттік тіл керек екен.. Біздің елдің нанын жеген қаншама диаспора тілді менсінбей, туды биікке көтермей жүр. Бұған кім кінәлі? Әрине ұлттық идеология! Қазақтың мерейі өсетін жерде, кежегенің кері тартып тұруы жақсылық нышаны бола алмайды ешқашан! Именшек заң мен кертартпа ресейшіл шенеуніктердің де кесірі көп. Бұл да бір қазақ халқы кешіп жатқан сынақтардың бір шоғыры шығар… Өйткені Масаншы ауылында жергілікті дүнген ағайындармен тілдескенімізде, қаншама жыл қазақ топырағынан нәр алған олардың қазақ тіліне деген құрметтерінің жоқ екенін көріп жағамызды ұстадық. Орысшаның өзін жарытпай тұрған дүнген бауырға, «неге қазақша сөйлемейсіз?» деп өз назымызды айтуымыз сол екен, «Өздеріңнің қазақтарың неге сөйлемейді?» деп қарсы соққымен бізді «шалқамыздан» түсірді. Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген осы. Қайран қазақ баласы егер осы қалпымызбен кете берсек, бұдан зорында еститінімізге шүбә жоқ…
Даңғарадай аты бар Ассамблея – осындай немкеттілікке неге жол бере береді? Оларды құрудағы мақсат елдегі ынтымақ пен бірлікке төрелік айту емес пе еді? Олар ол үдеден шыға алды ма? Әлеуметтік желіні «қақыратып» жатқан «Ассамблея тарасын!» деген әлеуметтің жанайқайына терең үңілген кім бар биліктен?! Ашу-ызының арты – көп жағдай да халықтың толқуына себеп болатыны біздің билікке қашан сабақ болар екен!
Масаншы ауылындағы қантөгіске байланысты құрылған комиссия төрағасы Б.Сапарбаевты теледидардан тыңдадым. Қақтығыс ошағында болып, дүнген жұртымен кездесті. Дүнгендердердің сөзіне қарағанда 150 жыл қазақтармен тату-тәтті тұрып жатыр екен. Қазақтарды құрметтеп, сыйлайды екен. Алайда жоғарыда жазғанымызды нақтылағандай біреуі де қазақша сөйлеген жоқ. 150 жыл қазақ мемлекетінде тұрып жатыр! Әлі күнге қазақшалары – нөл! Осының өзі көп нәрсені аңғартатынын комиссия мүшелері ескеруі керек. Ал қақтығыс орын алған күні сөйлеген дүнген ақсақалы да орысша шатып-бұтты. Демек, қариясы «бас имеген» тілге жастары «табынады» деген артық болар. Қайтейік, парадокс деген осы шығар. Бұл сөз арасында кетіп жатқан қазақы өкпе ғана. Әйтпесе жаман адам болғанымен жаман ұлт ешқашан болмайтыны шындық! Бір-екі тентекке бола, барша дүнген халқын тілдеуге, запа шектіруге дүйім қазақ қарсы.
Анау дейміз, мынау дейміз, ең ақыры, өзгенің тыныштығы үшін, жергілікті жұртпен санаспау, оларды екінші орынға ығыстыру да кеңестік жүйеден келе жатқан үрдіс. Заң алдында барша халық тең. Біздің қауіп, бұған дейін «ауылдағының аузы сасық» деп келген құзырлы органдар тағы да «Өзін өзектен теуіп, өзгені төріне» шығармаса екен деген ой ғана. Осы секілді қатып қалған стеоротиптерді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұза ала ма? Тыңнан түрен сала ала ма? Онда халықтың ықыласы мен ниеті де Ақордаға біржолата бұрылар еді! Мазамызды қашырған Масаншыдағы жағдайдың шуы мен дуы да басылар. Бірақ… Аспан ашық, жер қарада тағы да қан төгілді, жан қиылып, үй-жай өртенді. Не үшін?

ТЕНТЕГІН ТЕЗГЕ САЛҒАН ҚАЙРАН ҚАРТТАРДЫ САҒЫНА БАСТАДЫҚ….

Алақандай ғана ауыл ғой, оқиғаның неден, кімнен болғаны ұзамай анықталары анық. Мемлекет басшысының өзі бақылауға алып, ахуалды реттеуге пәрмен бергені мәлім. Ақорданың тапсырмасымен Премьер-министр Сапарбаев бастаған, депутаттар қостаған комиссия да Қордайдағы мән-жайды анықтауға күш салуда. Қай жерде шетін мәселе шықса сол жерден табылатын, көл-көсір тәжірибесі бар, қазақы мінезі мен турашыл принциптің адамы Бердібек Мәшпекұлының Асқар Мырзахметовтың өз еркімен жұмыстан кету өтінішін Президент Тоқаев қабыл еткесін Жамбыл өңіріне келуі де жақсылық нышаны. Бердібек мырзаның тәуелсіз ел тарихында ұлты үшін жасаған қызметі бір төбе! Бұрынғы басшы Асқар Исабекұлының игі бастамасын қолдап, жаңаша тұрпатта қорғап шығарына имандай сенеміз.. .
Анығында тыныштық қай-қайсымызға да қымбат. Бірақ сол тыныштығымыз неге бұзыла береді? Дабырмен емес, сабырмен шешетін өте нәзік мәселені түбегейлі заңмен реттеуге, бұдан былай мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін кешенді шаралар қабылдауға не кедергі?! Ештеңе де кедергі емес, меніңше. Бір кездері бір-бірімен еш қабыспайтын, тілі, діні, ділі бөлек сан ұлт пен ұлыс өкілін бауырына басқан дос пейіл, дархан көңіл халық өз ішіндегі мәселені сыртқа дабыра қылмай, ақылмен, парасатпен шешуі тиіс еді…
Жамбыл облысының кеше ғана 80 жылдығы өтті дүркіреп. Сол елдің қызы болғандықтан жетістіктерге шаттанып, табыстарға марқайып жүр едім. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың іскерлігіне сүйсініп, ұлты үшін, тарихы үшін отқа түсер ерен еңбегіне халық та тәнті болды… Әттең… Өз еркімен қызметтен кетіп жатқаны қимастық сезім туғызып отыр. Асқар Мырзахметов – мен білетін шенеуніктердің ішіндегі ең өрелі, сөзі мен ісі қабысқан, ұлтым деп ұрандамай-ақ ұлы істер атқаруға пейіл тұлғалардың бірі! Әріге бармай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылындағы жүріп өткен жолына көз тіккен адам, осы бір жүзінен иман төгілген азаматтың қажырлы да қайратты, парасат-пайымы жоғары, «міне, қазақ баласы» деп кез келген ұлтқа көрсетуге лайық болмысымен біте қайнаған кескін келбетіне, іскерлігіне, ұлтжандылығына әділдік сүйер Алаш баласының бәрі сүйсіне қарарына бек сенемін. Өйткені Асқар басшылық жасаған өлкенің өрге басып асқақтай беретіні көпке мәлім. Әрине, Исабекұлы да екі аяқты, жұмыр басты пенде. Қателік-кемшілік оған да тән болар. Мадақ, қателеспеу тек Аллаға ғана жарасқан ғой. Алайда адам деген киелі есімді – шен мен шекпенге айырбастап, халқына шекесінен қарап жүрген кейбір «қайраткерлерден» Мырзахметов бір пәс жоғары тұр. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Өзім Жамбыл өңірінің перзенті болғандықтан Асқар сынды азаматтың осы өлкеде небәрі екі-ақ жылда өнімді еңбек еткенін, зор іс тыңдырғанын көзім көрді. Әлі де қаншама келелі жоспарлар мен мақсаттар тұрды алдында. (Оны жаңа басшы Бердібек Сапарбаев мырзаның іліп әкетеріне дауым жоқ). Елдің қарғысына емес, алғысына бөленді. Сөздің емес, істің адам екенін дәлелдеді. Тарихты жаңғыртты, бабалар рухын асқақтатты. Дүркіретіп аймақты, күркіретіп тойлатты. «Өлі риза болмай тірі байымайтынын» көрсетті. Халық дән риза болысты. Күні кеше өз өтінішімен қызметінен кетуі де еркін ойлы азамат екенін көрсетіп берді.
Облыс әкімі қызметінен кеткенде оны қимай, батасын жаудырған елді көрдім. «Егер еліміздегі әр шенеунікке халық тап осылай құрмет көрсетсе, дамыған отыз елдің ортасына еш қиналмай-ақ қосылар едік-ау» деген ой да бүйірімді түртіп тұрды. «Халық айтса қалып айтпайды» екен ғой ешқашан.
Ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса сен сүй, Сүйінерге жарар ол» дегенін осы араға кіріктіріп жібергім келіп отыр. Асқар секілді білікті басшы жерде қалмас. Әлі де ел рухын көтерер. Ел дамуына өлшеусіз үлес қосар. Тек аналық ақ тілегім, «Тіл мен көзден» аман болса екен! Алла Тағала алдыңнан жарылқағай! Жортқанда жолың болсын, қарағым!
Біздің бала кезімізде киелі Әулие ата өңіріне ауып келген барлық ұлттар қазақша сөйлеп, қазақ мектептерінде бірге оқыдық, достасып та кеттік. Ол кездегі халықтың да ниеті мен пейілі керемет еді. Азға қанағат ететін, жоққа сабыр сақтайтын. Болдым-толдым деп тасымайтын. Біріне-бірі қарасатын. Әсіресе қазақ халқының қонақжайлылығына өзге ұлттардың ризалығы шексіз еді. Тар кезеңде бір тілім нанын баласының аузынан жырып, тарыққан, елінен безіп қамыққан жұрттың ауызына тосып, өзегі талғанды аман сақтап қалғаны аңыз емес, шындық еді. Оны сол замандағы өзге ұлттың қариялары үнемі айтып отыратын. Оны көрген, естіген баланың жүрегінде қазаққа деген құрмет, риясыз махаббат туы желбірейтін. Сөйткен ағайынның «аштықта жеген құйқаның дәмін» ұмытып кеткендері қалай деген ой көптің көкейінде жиі бой көтереді. Ол заманда да ауыл арасында келіспеушіліктер, төбелестер болып тұратын. Алайда екі жақтың ақсақалдары ел болып араласып, тентекті тезге салатын. Көненің көзі кеткесін, бәрі бетімен кеткені ме шынымен? «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген түсініктен жұрдай болғанымыз қалай?
Дүнгендердің дүңк мінезі намысқа тигенде, «осындайларға ерік беріп, құтыртып қойды ғой» деп, қынжылғанымыз да рас. Намысқа қызған қандастарымыз да қарап қалмады…
Бірақ бұл екеудің ерегесі емес, елдік мәселе болғандықтан, бұған сабырмен, ақылмен қараған дұрыс негізі! Себебі, заң ешкімнің ұлтына, нәсіліне, басқа да ерекшелігіне қарамайды ғой. Заң бәріне бірдей. Сондықтан, қызбалыққа салынып, қылмыскер болып қалудан қазақ баласы абай болғаны дұрыс! Елдегі тыныштықты сақтау – әр қазақстандықтың, соның ішінде, әр қазақтың міндеті. Өйткені, қазақ елінің заңды мұрагері де, ел иесі де – ҚАЗАҚ! Ал, басқалар шаңыраққа қарасын! Ол үшін қазақ баласы ынтымақта болуға тиіс. Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылында болған жаппай төбелес салдарынан полиция 47 адамды ұстады. Екі аңшы мылтығы тәркіленді.
«Кешегі ұсталған адамдардан 44 адам босатылды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Масаншы және Сортөбе ауылдарының ақсақалдарымен кездесуде. Сапарбаев сондай-ақ оларды бірлік пен бейбітшілікке шақырды. – Бүкіл Қазақстан мен бүкіл әлем Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе және Қаракемер ауылдарында қауіпті екенін айтуда. Бұл біз үшін ұят. Ел үшін, халық үшін, біз мұны тоқтатуымыз керек. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Біз өскелең ұрпаққа қандай үлгі көрсетеміз? Біз олардың алдында өз міндеттерімізді орындауымыз тиіс. Балалар бір-бірімен тату болуы керек, – деді ол ақсақалдарға.
Иә, Премьер-Министрдің орынбасары дұрыс айтады, ел болашағы үшін татулық ауадай қажет. Бірақ сол татулық жергілікті халыққа ғана емес, өмірдің түрлі қақтығысында, тағдырдың талайымен қазақ даласынан қоныс тепкен барша ағайынға қажет.

ПОЛИЦИЯМЕН ЖАҒАЛАСУ МЕМЛЕКЕТ ЖҮРЕГІНЕ ЖАРА
САЛУ ЕМЕС ПЕ?

Жамбыл өңірінің тумасы Әуеспайдың Қанаты дүрбелең басылғанда әлеуметтік желіге мынадай жазба қалдырды. «Қордай ауданындағы Қаракемер мен Масаншы ауылының арасын небәрі 500-ақ метрдің шамасы айырып тұр. Халықтық өлшеммен алғанда, шақырымға да жетпейтін әудем жер. Бейнелеп айтсам, 500 метр ғана ажыратып тұрған екі ауылдың арасында соғұрлым 500 айырмашылық бар деуге лайық. Екі ауылдың халық саны да әркелкі, ділі де, тілі де әрқилы. 3 мыңнан аз ғана асатын халық тұратын Қаракемер мен 13 мыңға жуық тұрғыны бар екі ауыл алайда екі әлемде өмір сүріп жатқан сыңайлы. Тіл дегеннен шығады. 13 мыңнан асатын халқы бар Масаншыда қазір 4 мектеп бар. Соның біреуі ғана мемлекеттік тілде оқытатын қазақ орта мектебі. Яғни, жалғыз қазақ мектебі бар мұнда. Оның өзі әупірімдеп жүріп ашылғанына 6-7 жыл болды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналады» деп биліктің биік дәлізінен талай айтты. Құлақ асу керек.
Мемлекет басшысына құлақ асатын біз соны жүзеге асырып, Масаншыда мемлекеттің идеологиясын жүргізіп, мемлекеттік тілде оқытатын мектепті көбейту керек. Жаңасын ашпасақ, барының өзін ұқсату керек. Бұл мемлекетімізде жүзеге асыратын зор мәселе. Себебі бір мектепте, бір тілде оқыған балалар өзара бауыр басады емес пе?
Тіл екі ауылдың арасындағы қатынас құралы ғой. Әйтпегенде, бір ауыл мемлекеттік тілде сөйлеп, екіншісі басқа тілде қатынасып, екі ауылдың аралас-құраластығына сына қағылғаны қағылған» деп отыр. Сол жердің азаматының сөзіне сенбеске шараң жоқ.
Енді бұл жанжал қалай орын алды, соған тоқталайық. Қордайдағы қақтығыста жапа шеккен 80-дегі ақсақалдың ұлы, Масаншы аулының тұрғыны Нұрлан Құдашбаев тәртіпсіздіктің қалай басталғанын айтып берді. Нұрлан Құдашбаевпен сұхбатты қоғам белсендісі Азамат Ерғали өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялаған. «Әкемді көз дәрігеріне апара жатқанбыз. Көлікте отырған мені белгісіз біреу тоқтатты. Не болды? деген сұраққа мені боқтап, ұра бастады», – дейді Нұрлан.
Көлікке жасалған шабуылды тоқтату мақсатында Нұрлан мән-жайды білмек болған.
«Мойнымнан қылқындырды», – дейді ол. Құдашбаевтың айтуынша, осы уақытта екі адам шабуылдап, бірі ұрып, бірі қылқындырған. Көмекке ағасы келмек болғанда, сыртта тағы екі адам жүгіріп келген.
«Қолында екі балғасы бар екеуі ағам екеумізді тепкілей бастады. Таяқпен жүретін 80-дегі әкем арашалаймын деп көліктен шыққанда, басқалары соған жабылды. Ішінен қатты соққы алған ол жерге құлады. Ақсақалды көтермек болған ағасының басынан таспен ұрды. «Жедел жәрдем» шақырдық, үйдегі туыстарды шақырдым», – дейді ол.
Жол полицейлерінің оқиға үстінен түсуі жанжалды тыныштандыруға септігін тигізген.
Нәтижесінде Нұрланның ағасы мен әкесі ауруханаға түскен. Жамбас сүйегі сынған әкесін Алматыға ауруханаға алып кеткен. Әлеуметтік желіде тараған тағы бір бейнежазбада дүнген ұлтының өкілдерінің полицияға бағынбай форма киген офицердің киімін жыртып, қол жұмсап жатқан көрінісін көзім шалып қалды. Әлде бір күдікті іс туындаған болса керек. Полицейдің қойған талабына бағынбай айғайға басып, дөрекілік танытып жатқан бір топ дүнгенге бірлі-жарым полицейдің әлі жетпей жүргенге ұқсайды. Дүнген азаматтары орыс тілінде полицейлерді сыбап жүр. Айылдарын жиятын емес. Тіпті біреуі «Прокурорды шақыр» деп қасындағыға бұйырып қояды. Өкінішке орай біздің елде өзге диаспора өкілдері тым өктемсіп кеткен секілді. Форма киген мемлекет өкіліне кез келген елде азаматтар дәл бұлай орынсыз қарсыласпайды. Жұдырық жұмсау, тілдеу, киімін жырту деген тіпті шектен шығу. Бұл әрі-беріден соң өзі өмір сүріп отырған мемлекетті, оның заңы мен тәртібін сыйламау. Ондайларға заң бойынша лайықты жазасын аяусыз беру керек. Полицейлердің қателігі, дандайсыған дүнген жастарын спецназды шақырып, аяқ-қолдарын матап алып кетуге дәрменсіздігінде жатыр. Егер біз айтқандай болғанда «Құда да тыныш, құдағи да тыныш», «Жабулы қазан жабуымен» қалар ма еді? Олай болмады. Іс насырға шапты. Ел дүрлікті. Жазықсыз жандар жапа шекті.
Бәлкім бұған дейін қаншама іс (ақшаның күшімен жабылып қалды екен). Өйткені дүнген жастарының «жер сендердікі, билік біздікі» деген өркөкірек сөздері желіде өріп жүр). Кез келген нәрсені ақшаның күшімен шешуге оларды кім дәніктірді екен, ә?
Қазақта «Шөлмек мың күнде сынбайды бір күнде сынады» деген тәмсіл бар. Алыс-жақыннан жеткен хабарларға қарасақ, «Масаншы» ауылы «жеке мемлекет» дәрежесінде болған-мыс. Өйткені 90 пайызға жуық дүнген халқы шоғырланған «ауылдың» өз «заңы», өз «ұстанымдары» болғанға ұқсайды. Және жастарының дені қытайдан білім алуы да көңілге кірбің, күдік ұялатады. Қазақтың ақшасы ғана адал болып, тілі мен діліне мүлде назар аудармаулары да жат пиғылды аңғартады. (Бізде әлі күнге тап осы дүнгендердей «өз қотырын өзі қасып жатқан қанша аймақ барын тез арада білу керек. Әйтпесе ертеңгі күні тағы бір кикілжіңнің «ошағы» тап сол жерде болмасына кім кепіл!).

ЭТНОСТАРДЫ ТОПТАСТЫРУДЫҢ
ЗАРДАБЫН ЕНДІ ТАРТА БАСТАДЫҚ ПА?

Ағайын арасында, көрші-көлем ортасында, ауыл-аймақ төңірегінде ұрыс-керіс, төбелес-жанжал болмай тұрмайды. Алайда дәл осы жолғы Қордай ауданындағыдай үй-өртеніп, ауыл тұрғындары үдере қашуы тәуелсіз ел тарихында алғаш болып тұр. Бұған не себеп? Сөйтсек, әлемдік тәжірибеде этникалық ұлттарды бір ауылға, бір аумаққа шоғырландырмайды екен. Оған алысқа бармай-ақ дамудан көш бастап тұрған Сингапурды алайық. Сингапур 1965 жылы Малайзия билігінің шешімімен дербестікке күшпен жіберілді. Себебі, жарты аралдағы қытайлардың саны 80 пайыздан асқан. Олар көбейіп қана қоймай, экономиканы да иелене бастаған. Егер сол беті тұрса Малайзияда қытайлар көбейіп әрі экономиканы иеленіп малай ұлтының болашағына қауіп әкеледі екен.
Сингапурды ел қылған басшының аты – Ли Куан Йау. Орыс тілді ақпарат оны «Ли Куан Ю» дейді. Бұның ғажайып кітабы бар. «Тәуелсіздіктің тауқыметті жолы немесе Ли Куан Йаудың естеліктері» дейтін. Сонда саны басым этностардан келетін қауіп жайлы астарлы ойлар айтылады. Кейбір елдер ежелден тәуелсіз. Кейбір елдер тәуелсіздік үшін күреседі. Сингапурдың тәуелсіздігі оның шекесіне зорлықпен таңылған. Сингапурдың тәуелсіздігі туралы айтқанда, 1965 жылдың 9 тамызы ешқандай да бір құттықтарлық күн емес. «Біз ешқашан тәуелсіздік үшін күрескен емеспіз. 100 миллиондаған Малай және Индонезия мұсылмандары тұратын отыз мың аралдың ортасында құрттай ғана қытайлар жасайтын аралдың дербес және тәуелсіз өмір сүруі адамның ақылына сыймайды» деп жазады Ли Куан Йау. Оның осы сөзін адамзат тарихындағы тасқа ойып жазатын сөздердің бірі деп бағалауға болады.
Менің ойымды белгілі блогер Өркен Кенжебек те нақтылай түсіпті өз парақшасында: – «Мен мықты этнологты білемін. Ұлыбританиядағы ирланд пен ағылшынның, Испаниядағы баск пен испанның, Малайзиядағы қытай мен малайдың арасындағы текетірестердің тарихын зерттеген. Шешу жолдарын қараған. Сол танысым шетелде оқып келген соң биліктен грант сұраған еді. Сайрамдағы өзбектерді зерттеп берейін, Ұйғыр ауданындағы жағдайды тәптіштеп жазайын деп. Ешкім бермеді. Шетелдік ұйымдар ақша ұсынды. Одан ақша алсам, журналистер «сатқынсың» деп жер-жебіріме жетер еді деген.. Осындай оқиғалар басымызға қашан таяқ болып тиеді? Фэйсбуктегі мен секілді пыш-пыш блогерден дым пайда жоқ. Пайда болса, сондай этнологтар бар кезде ақшасын беріп, этнокарта жасатып, оларды өзімізге сіңірудің, агрессиясын басудың жолын таптырту керек, тапты ғой Ливан, тапты ғой Малайзия, тапты ғой Еуропа шешімін!?
Сосын бәріміз заңмен өмір сүрмейінше мынадай бейбастықтық жалғаса береді. Бізде әлі күнге өз түсінігімізбен өмір сүріп жатқан ауылдар бар. Масаншы ауылы да сондай өз микроклиматында өмір сүріп жатқан ауыл сияқты. Ел басқа, өздері басқа ғасырда өмір сүріп жатқандай… Ол тек өзге ұлт емес, мысалы, браконьерлікке әуестенген, соны ата кәсібі қылып алған тұтас ауылдар бар. Полиция кірсе, атып тастайды. Сондықтан, өзге ұлт та, өзіміз де заңмен өмір сүріп үйренейік. Заңды үйретсін. Біз солай өмір сүрсек деп тамсанатын Еуропа да, Америкада да бәрін заңмен сындырған, заңның алдына жүрелеткен. Ал оған дейін бізге мұнда, ватсапта әрнені қоздыра бермей, сабырға шақырайық, ағайын! Тоқаев білді, комиссия құрылды, әскер сонда, кінәлі жазасын алады. «Біз тобыр емеспіз. Мемлекетпіз әлі де», – депті. Құптарлық жазба!
Ойдан-қырдан жиналған ақпараттарға шолу жасасақ, полицейлердың парақорлығы да себеп болған секілді бұл оқиғаға. Азаттық тілшісі Асылханның айтуынша: Сол жердегі халықтың (қазақтардың) көп әділетсіздікке ұшырауы, дүңгендердің паралап алатындары асқынып кеткендіктен, осында ел иесі болған қазақтарды басынуы келіп қосылған. Өз халқынан ақшаны жоғары көрген полицейлердың әрекеті, өмір кезек демекші, алдарынан айналып шықты. Солардың қолымен өздері таяқ жеді. Әрине, осыдан біздің басқада полицей мырзалар ащы сабақ алуы керек! Өйткені сол полицейлер үшін барлық қазақ қопарылды! Арты мынадай жағдайға әкеп соқтырды. Бұл жерде бұра тартып ақиқаттан ауытқығымыз келмейді. Қызбалыққа салынған қазақ азаматтарының дүнген бауырларға тиесілі дүкендер мен үйлерді, машиналарды өртеуін құптамаймыз. Жазықтылар жазасын аларына сенеміз. Өкпеге қисада өлімге қимайтын халықтың ұрпағының бұл істері нағыз – жабайылық! Жұқалап айтсақ – дарақылық!
Иә, қытайдан қауіптенбейтін мемлекет жоқ. Біздің билік алдағы уақытта қытаймен туыстығы бар, қатынасы бар этностарды, топтарды ерекше бақылауда ұстауы керек сияқты. Оларды бір сәтке болса да көзден таса қалдыруға болмайды. Мысалы: Масаншыдағы дүнген ағайын неге балаларын қытайдан оқытады, неге қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатып отыр. Сондай-ақ Қытайдан келгендер (қазақтар да соның ішінде) неге балаларын тегіс Қытайдан оқытып жатыр? Мақсаттары не? Бұл да ескерілуі керек жайттар.
Бұл аз десеңіздер, Қазақстандағы дүнгендер қауымдастығының жетекшісі Хусей Дауровтың халық шулап жатқасын Facebook-тегі жеке парағын қарап шықтым. Тек Қытайдың әңгімесі толып тұрған. Қып-қызыл Қытай ғой ол. Фб парақшасын қарасаңыз, ҚР емес, ҚХР азаматының парақшасына кіргендей боласыз… Бізде ұлттық ұйымдардың жетекшілерінің өзі есіргендер-ау деген ой миға бірден ұрады…
Қоғамдағы кез келген жағдайға ат-үсті қарамайтын жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) фб парақшасына былай жазды: «Қазақстан Конституциясының еш жерінен осы мемлекеттің қазақ халқыныкі екендігін таба алмайсыз. Мемлекет құраушы ұлттың мәртебесі оннан қашқан, мұннан қашқан түрлі ұлт диаспораларының мәртебесіне дейін төмендетіліп тасталған. Егер Ата заңымызда қазақ халқының осы мемлекеттің иесі екендігі, ол осындағы барша ұлт өкілдерінің, диаспоралардың азаматтық құқықтарының сақталуына жауапты екендігі көрсетілсе, әлгіндей кеудемсоқтықтықтарға құқықтық негіз тумас еді. Режимнің осындай соқыр саясаты еліміздің ұлтаралық қарым-қатынастарының болашағына о бастан баяу жарылатын «миналар» көміп кетіпті.
Екіншіден, режим Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі туралы 7 баптың бірінші тармағын көзге ілмей, ресми орындарда орыстілді орта қалыптастырғаны, қазақ тілін атқораға ысыруы түрлі ұлт диаспораларының қазақ тіліне деген менсінбеушілігін туғызды. Қордайда дүнгендер түгелдей балаларын орысша оқытуы, қазақтармен орысша сөйлесуі қазақтарға да, қазақ тіліне де шекеден қарайтындығын көрсетеді. Олар қазақтарға «Өз еліне, өз тіліне ие бола алмаған сорлылар» деп қарайды. Мінеки, режимнің қазақ халқын сүмірейткен ұстанымының, мемлекет құраушы ұлт пен диаспораны теңдестіріп қойған саясатының «жемісі». Осының салдарынан қазақ-түрік, қазақ-шешен, қазақ-ұйғыр, қазақ-армян, қазақ-тәжік, қақтығыстары туып жатыр. Қандастарымыз осы елдің, осы жердің иесі қазақтар екендігін білектің күшімен дәлелдеуге мәжбүр. Ал маңдайына тырманың сабы қанша тиіп жатса да билік мыңғырына дыңғыр етер емес.
Үшіншіден, режим Қазақстанда демократиялық қоғам емес коррупциялық қоғам орнатты. «Бәрін сатып алуға болады!». Осы ұғым қазақтарға қарағанда әлдеқайда бақуатты тұратын өзге ұлт өкілдерінің санасына әбден сіңген. Олардың бәрінің құқық қорғау органдарында «крышалары» бар. Сатқын жүйе кез келген тұрмыстық дау-дамайда қазақтарды жығып бере салады. Ұлтаралық қақтығыстардың хронологиясына қарасаңыз бәрінде қазақтар «жазықты» болып, темір торға солар қамалады. Қордайда да полиция қызметкерлеріне бағынбай қол жұмсап жатқан видеода дүңгендер біріне бірі «Позови прокурора!» дейді. Сыбайлас болмаса бұлай айта ма? Дүңгендердің этникалық психологиясының өзгеруінің сыры осында!»

ҚАЗАҚТЫҢ АДАЛДЫҒЫНА ӨЗГЕ ҰЛТТАР ТӘНТІ БОЛЫП ЖҮР МЕ?

ТҮЙІН СӨЗ:
Еліміздің тыныштығы өзге емес, өзіміз үшін керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мұны айтудай-ақ айтуда. Бірақ жайбасарлық пен марғаулық аяқты матап отыр.
Тәртіп орнатуға қажетті заңның бәрі бар бізде, бірақ соның қадағалап орындалуы ақсап тұр! Елді шулатқан Қордайдағы оқиғаға кім кінәлі? Айта берсек, тілде сүйек жоқ, айыптауға дерек көп. «Қорыққан бірінші жұдырықтайды» дейді қазақ. Билік басындағы азаматтарға мына жайттарды ескерткім келеді:
Біріншіден, полиция кінәлі деуге негіз бар! Неге дейсіздер ғой, қария мен балаларын ұрған соң, бірден дабыл көтеріп істі насырға шаптырмай, дүнгендерді спецназ шақырып қолдарын қайырып алып кету керек еді. Яғни жедел жұмыс жасауды білмейді, біздің құзырлы органдар. Өздерін ұрғызып қойып, оны видеоға түсіртіп таратуға дейін жеткізу, бұл полиция қызметкерлерінің қателігі. Үлкен кемшілігі, білместігі біле білгенге.
Екіншіден, ақпарат таратудан артта қалып жатамыз. Мысалы күндізгі 4-те болған оқиға, түнгі 12-де елге әрең тарады. Бұл неткен жайбасарлық! Мемлекеттік телеарналар халықтың сенімінен шығу үшін мұндай сәттерде ештеңеге жалтақтамай нақты ақпаратты берсе, оқырмандарының да көңілінен шығары сөзсіз!
Үшіншіден, Ата заң баршаға ортақ. Билік басындағы азаматтар 130 ұлт бар деп ұрандатуды қоятын кез жетті. Қазақияда жалғыз-ақ ұлт бар. Ол – қазақтар. Қалғандары этностар. Сондықтан бір ғана қазақтың саясына өзге этностарды топтастыру кезек күттірмейтін шаруа! Абай айтпақшы, «Бас-басына би болған өңшен қиқымды» ауыздықтау да бірінші міндет болып қалмақ!
Төртіншіден, осындайда көрінуі тиіс Ассамблея қайда?! Халық оларды іздеп неге шулап жатыр. Бұл институт мұндай жағдайларды болдырмау үшін, елде ұлтаралық келісімді сақтау үшін құрылған жоқ па еді? Қанша рет осындай жағдай орын алды. Қорытынды шығарып жатқан Ассамблея жоқ. Демек, ұлтаралық қарым-қатынас пен келісім Ассамблеяға қарап тұрған жоқ дейміз. Ассамблея өз кезегінде қазақты сыйлата алған жоқ. Басты міндеті сол болуы тиіс еді! Өзге диаспораларды тәртіпке келтіре алған жоқ. Негізгі саясаты сол болуы керек еді. Жүктелген міндетті атқара алмаса, онда мұндай декоративті ұйым таратылуы тиіс. Жарайды, Қазақстан халықтары ассамблеясы қазақ мемлекетіне қызмет ету үшін қажет делік. Онда ол әртүрлі тағдырменен елімізге көшіп келіп, орныққан түрлі диаспора жастарына ең әуелі қазақ халқын, тілін сыйлатуға, халқымыздың оларға жасаған қамқорлығын, көрсеткен жақсылығы алдында қарыздар екендіктерін үйрету үшін жұмыс жасауы керек еді. Бірақ бұл жоқ. Неге?
Ассамблея мүмкін тоқсаныншы жылдары керек болған шығар. Мемлекет жас, аяғын тәй-тәй басып келе жатты. Ойдан-қырдан сұқтанған жат көздер, аяқтан шалуға ұмтылған қаскөйлер болды. Оралдағы казактар мен шовинист орыстардың да пиғылы жаман еді… Шүкір, қазір оның бәрі артта қалды. Сондықтан бұл ұйымның енді қажеті қанша «үй ішінен үй тіктіріп….».
Бесіншіден, біз көпұлтты және көп дінді елміз» дейтін даңғаза-дауырықпа сөзді бұдан былай ауызға алмау керек! Мұндай жалған ұран мен негізсіз әңгіме еліміздің Конституциясына қайшы келеді. Ата заңымызды сыйлайық! Біртұтас ұлттан тұратын унитарлы елміз. Дүнген жастарының полицияға бағынбай қол жұмсап, тілдеп айғайға басып жүргендері кешегі бейнежазба арқылы дүйім жұртқа белгілі болды. Бұл масқара, ұят! Ішкі істер ішінде жаңаша реформа жасау керек. Бұл өздері мекендеп отырған ел мен жерді сыйламауы, мемлекетті менсінбей тым шектен шығып басынғандығы екендігін тағы да қайталауға тура келеді. Біздің полицейлердің оларды тəртіпке шақыра алмай əлдері жетпей таяқ жеп жүргендері өзге ұлттың алдында дəрменсіздік танытулары да, өзге ұлттарға деген жалпақшешейліктен, ішкі үрейден туып отырмасына кім кепіл! Осының кесірінен өзге де кеткен кектің қайтарымы – қазақтың басына шоқпар болып тиетіні ешкімге жасырын емес.
Алтыншыдан, мемлекеттік тіл мәселесі шарықтау шегіне жетіп тұр. Бақандай 30 жылда, біз әспеттеген Ассамблея 30 ауыз сөз үйренбеген ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Әлі күнге қасиетті қазақ тілінің төрдегі басын есікке сүйреп отырмыз. Бұл билік басындағы қазақ азаматтарына үлкен сын! Әлі күнге этностардың өз мектебі салтанат құруда. Талаптың жоқтығынан әрі кетсе, баласын орысша оқытуға мәжбүр халық көп. Себебі қазақ тіліне сенімнің жоқтығы, өзге ұлттардың баласын қазақша білім алдыруға ынталандырмай отыр. Бір ғана кешегі Масаншыдағы оқиғаның өзі-ақ көп нәрсеге қазақтың көзін ашты. 13 мыңнан асатын халқы бар Масаншыда 4 мектеп бар болып шықты. Соның біреуі ғана мемлекеттік тілде оқытатын қазақ орта мектебі. Қалғандары өзге тілде білім береді. Бұдан асқан сорақылық бар ма? Осындай жағдайда қазақ тілінің көсегесі көгеруі мүмкін бе, өзі?!
Жетіншіден, бұл айтпағым, тек дүңгендерге қатысты кеп емес. Мысалы, Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында да осындай оқиға тууылуы әбден мүмкін. Себебі елімізде, азербайжан, түрік, грузин, күрд тіпті орыс аудандары жоқ. Алайда ұйғыр ауданының аты асқақтап тұр. Неге? Ол аудандағы кей ауылдардың әбден «ұйғырланып» кеткені де ешкімге жасырын емес. Күні ертең қауіптің дауылы сол жақтан соқпасына кім кепіл?
Соңғы жылдары ұйғырдың әуесқой тарихшыларының шатпақ-кітаптары жиі шығып жүр баспалардан. Ол кітаптар бүкіл түркілерге ортақ тұлғаларды тек ұйғырға теліп, өздерінің ұлы ұлт екенін айтудан жалықпайды. Ұйғыр диаспора өкілдерінің дені, жазушы, жазғыш болып кетті. Ол жазбалардың артында «мемлекет, автономия құру» идеясы жатқаны анық.
Өздері кішкене ғана ауданда тұрады. Сөйте тұра бұл диаспора өз арасында мемлекеттік деңгейдегі идеология жүргізіп жатыр. Бұл идеологияның соңы қантөгіспен тәмамдалмасына ешкім кепілдік бере алмайды қазір. Сондай – ақ өзбек акалар мен тәжік және күрд ағайындардың да топтасып тіршілік кешуі, аузы күйген қазаққа сабақ болса игі еді… Сақтансаң ғана сақтаймын деген құдай. Осыны да билік жіті назарда ұстаса дегім келеді.
Сегізінші, билік басындағы азаматтардан Ата заңымыздағы 7-баптағы
«1 Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дегеннен кейінгі,
«2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркемені алып тастауға шақырамын. Бұл ел ішіндегі алақұйын мінездерге тоқтам, тілге немқұрайлы қарайтындарға «ноқта» болар шешім деп ойлаймын.
Бүгінгі нөмірімізде жарияланып отырған Парламенттің мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұловтің пікірлеріне қосыламын. Ол пікірлерді мектепте, басқа орындағы кездесулерде халық айтты. Оларды қайталағым келмеді.
Бір заманда татулықтың, сыйластықтың белгісі ретінде Шәмші мен Сабырхан ағаларымыз қосылып бір заманда «Дүнген қызы» әнін жазды. Сол әннің қайырмасында:
Қиял қанша ертеді елес
Дүнген қызы, арманым.
Кез боп келсе ертелі-кеш,
Сенен көзді алмадым.
Өзгені емес,
өзіңді ойлап жүдедім,
Түсінер деп бір қазақтың жүрегін, сырғалым» деген жолдар бар еді.
Бірақ дүнген қызы түгілі, дүнген халқы қазақтың жүрегін түсіне алды ма? Өзге этностар да қазақтың адал ниеті мен ақ көңіліне, кіршіксіз пейіліне тәнті болып жүр ме? Әй, қайдам!
Айтатын, жазатын мәселелер жетіп артылады. Мақаламның қорытынды әлқиссасында сонау Шыңжаң өлкесінен дүңген туысқанның жүрекжарды өткір сөзі (бүгін беріп отырмыз) жүрегіме жетті. Енді осындағы әлі де аспандап жүрген дүңген туысқандардың жүректеріне осы сөз, осы пікір жетсе деймін. Әрине, бұл айтылғандармен әңгіме бітпес. Үлкен де, арналы әңгіме әлі де алда деп білемін. Ең бастысы, бір-бірімізге түсіністікпен қарайық, ынтымақты болайық, ағайын!

Сәуле Мешітбайқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.