Сапарбаевтың да ұстанымы сабақтастық

0
165

Жамбыл облысының  әкімі Бердібек Сапарбаев алғашқы аппараттық кеңес отырысын өткізді. Әкімдікке қарасты барлық басқарма, орган, мекеме басшылары, аудан әкімдері қатысқан жиында облыс басшысы келешекте қандай бағытта жұмыс істеу керектігі, алда қандай жұмыстар тұрғаны туралы сөз қозғады.

Елбасының, Мемлекет басшысының, Үкімет басшысының берген тапсырмаларын осындағы барлық жауапты тұлғалар бірігіп қалай дер кезінде, сапалы орындауды ойластыру қажеттігін айтқан Бердібек Мәшбекұлы атқарылуы тиіс негізгі жұмыстарды саралап берді. «2019 жылы облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері 2018 жылмен салыстырғанда жоғары болды. Оның барлығы Асқар Исабекұлы бастаған Сіздердің еңбектеріңіз. Асқар Исабекұлының бастаған жұмыстары, жобалары, барлығы ары қарай өзінің жалғасын табады» деген ол өңірді дамытуда сабақтастық принципін сақтайтынын білдіріп, басталған жұмыстарды сапалы, дер кезінде атқарған азаматтардың жұмыс орындарында қалатынын, олай болмаған жағдайда жылы орындарымен қош айтысатынын ескертті.

– Облыстың экономикалық әлеуетін Сіздер жақсы білесіздер. Облыс негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған. Сондықтан, біз қазіргі кезден өндіріске, кәсіпкерлікке, жаңа технологияларға бағытталған жақсы инвестициялық жобаларды енгізуіміз керек» – деген ол жуық арада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім болғандай,  осы жылдағы қаңтар айының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда біршама төмендегенін, әсіресе өндіріс 11 процентке, өңдеу 15 процентке төмендеп кеткендігін айтты. Сондай-ақ, инвестиция тарту мәселесі де көңіл көншітпейді екен. Осыған орай жауапты тұлғалар тиісті шаралар қолдану керектігін, сөйтіп бірінші тоқсанның көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмен болмауын ескеріп, сондай-ақ, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан 66 инвестициялық жобаны орынбасарлары, тиісті басқарма басшылары, аудан әкімдері жіті қадағалауы қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ, Бердібек Мәшбекұлы өңір халқының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру үшін бірнеше бағыттағы жұмысты тиянақтауды ұсынды. Бірінші кезекте Тараз қаласы мен Меркі  ауданындағы қант зауыттарының жұмысын жанданырудың маңызы зор екендігі айтылды. «Сіздер білесіздер, Алматы мен Жамбыл облысы екеуі бірігіп Қазақстанды қантпен толық қамтамасыз етуі керек. Оған біздің мүмкіндігіміз де, жеріміз де жеткілікті. Жамбылдың әлеуеті зор. Сол үшін біз қант қызылшасын өсіретіндер мен өндірушілерді қолдауымыз қажет. Үкіметтен қандай қолдау қажет, облыстық әкімдік тарапынан ше, осыны екшемекпіз» деді әкім.

Екінші мәселе, ол – «Казфосфат». Аталған өндіріс орны ең үлкен кәсіпорын болғандықтан, өңірдің экономикасы бірден-бір осы кәсіпорынға байланысты. Сондықтан, облыс әкімі аталған зауыт басшысы Мұқаш Ескендіровпен жеке сөйлесіп, кәсіпорынды одан ары дамыту шараларын талқылайтынын айтты.

Үшінші – құны 1 миллиард доллар тұратын «Еурохим». Аталған өндіріс иелері болып табылатын ресейлік әріптестермен жұмысты жандандыру қажеттігін ескерткен Бердібек Мәшбекұлы бұл турасында Үкіметте сөз болғанын, енді әрмен қарай жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімі тілге тиек еткен төртінші жоба – сирек кедесетін металл өндіру. Бүгінгі таңда Жамбылдағы жер қойнауы толық зерттеліп, оның пайдасы мейлінше тиіп жатпағандықтан, бұл бастамаға да үлкен қолдау көрсетілмек.

Бесінші мәселе – елді мекендерді газдандыру мен газ өңдеу жұмыстары. «Біздің өңірден үш бірдей газ құбыры өтеді. Біз оларды тиімді пайдалануымыз керек. Неғұрлым елді мекендер газбен қамтамасыз етілетін болса, соғұрлым оның экономикасы жақсы дамиды. Өйткені оның шығаратын өнімдерінің құны азаятын болады. Біздегі «Амангелдінің» қанша газ қоры қалғанын екшеу керек. Біз бұл мәселеде геологтармен жұмыс істеуіміз қажет. Әлі де болса біздің жер қойнауындағы пайдалы қазбалар толығымен игерілмей жатыр. Оның үстіне қазір үкімет те геология жұмыстарын дамыту үшін үлкен жоспар құрып жатыр», деді облыс басшысы.

Алтыншы мәселе – ауыл шаруашылығы. «Ауыл шаруашылығындағы ең үлкен мәселе – жерді тиімді пайдалану. Біздің жердің жалпы құнарлығы жаман емес, су қоры да жеткілікті. Оларды, әсіресе су қоймаларын дұрыс пайдалану керек. Бүгінде Үкімет суармалы жерлерді көбейту үшін жақсы қолдау білдіріп жатыр. Ол үшін біз керекті құжаттарды дайындауымыз қажет. Жылда суармалы жерлер көбеюі керек, былтырғыдай азаймауы қажет» деген Бердібек Сапарбаев егістік көлемін арттыру мен егіс түрлерін көбейту қажеттігіне тоқталды. Қант қызылшасымен қатар, көкөністің кейбір түрлерін де арттыру қажеттігі туындаған. Аз ғана уақыттан кейін көктемгі егіс науқаны басталатындықтан, облыс әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары Мұратхан Шүкеев қазірден аудандарды аралап, осы мәселені жіті қадағалауы қажеттігін ескертті. Әсіресе, егістік тұқымына назар аудару аса маңызды. «Төртінші класты тұқым дегенді мүлде пайдаланбау керек. Үшінші класты тұқымды барынша азайтып, бірінші және екінші класты тұқымды ғана еккен жөн. Сол кезде ғана өнім болады» деген облыс әкімі жердің дайындығына да баса назар аудартты. Егіске икемді шаруалар қазірден жердің бетіне қарашірік тастап, жерді баптауға кірісіп кеткенін айтқан ол, осындай пейнеттенген адамдар ғана мол өнімге қол жеткізе алатынын айтады. Сондай-ақ, мал шаруашылығына да баса мән берілді.

«Ауыл тұрғындары егіспен ғана 6 ай емес, 12 ай жұмыс істеуі керек. Ол үшін егіспен де, мал шаруашлығымен де айналысуы қажет. Облыста мал ұстауға барлық мүмкіндік бар. Ол үшін әрине, бірінші кезекте малдың азығы болуы керек. Демек, егін еккеннің шаруасы шалқымақ» деген әкім мал өнімдерін өңдеу мәселесіне де назар аудартты.

Жетінші – облыс тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба. Аталған жақсы жобаны одан ары жалғастырып, дамыту қажеттігін айтқан Бердібек Мәшбекұлы бұл ретте өңір халқын өзімізде өсірілген арзан бағадағы көкөніспен  қамтуға ерекше мән берді.

Сегізінші – инвестиция тарту. Бұл жергілікті болсын, шетелдік болсын инвесторларды тарту арқылы түрлі жобаларды іске асыруға бағытталған үлкен іс. Сол үшін облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары мен аудан әкімдері біріге отырып, қандай тиімді тәсілдер бар екенін зерделеу қажеттігі айтылды.

Тоғызыншы – тұрғын үй мәселесі. Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында жаңа бағдарлама әзірлеп жатқанын айтқан әкім, «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде сол жобаға ену үшін жұмыстар жасалуы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, өңір басшысы салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына назар аударды. «Өкінішке қарай, соңғы кездері әлеуметтік желілерде Тараз қаласында салынған 13-ші, 15-ші ықшам аудандағы үйлердің сапасыздығы айтылуда. Тараз қаласының әкімімен сөйлесіп, оларды жөндеу үшін демеушілер тарту қажеттігі түсіндірілді» деген әкім әлеуметтік-мәдени нысандар салу жұмыстары да жалғаса беретінін жеткізді.

Сондай-ақ, сауда айналымы, баламалы энергия көздерін дамыту мен тиімді пайдалану, инфляция мәселесі төңірегінде көптеген күрмеулі түйіндерді атаған ол, пролбеманы шешу жолдарын да ұсынды.

Ал он үшінші мәселе ретінде жамбылдықтардың орташа айлық жалақысын арттыруды екшеп өтті. Елбасы тапсырмасына сай осыдан бір жарым жыл бұрын барлық кәсіпорындар мен шаруашылықтарда айлық жалақыны кемінде 10 процентке арттырып, ол әрбір жыл сайын өсіп отыруы қажет болса, сол тапсырманы орындамаған мекемелер еңбек инспекциясы мен кәсіподақтар арқылы тексерілмек.

Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатындағы бастамалар қолдауға ие болуы қажет. Ол үшін ең бірінші кезекте «Еңбек» бағдарламасымен жұмыс істеуді ұсынған облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды барынша пайдалану керектігін ескертті.

Бекнұр Сатыбалдиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.