Наурыз –ұлттық мереке, этнография емес!

0
217

Наурыз мейрамын жаңаша өткізу тұжырымдамасы

Жаңа жылымыз 9 күн мерекеленеді

— Сәлеметсіз бе, Серік аға! Редакциямызға қош келдіңіз!
— Иә, амансыздар ма?

— Сіз өзіңіздің әңгімелеріңізде кеңес үкіметі тұсында, 1989 жылы ұлттық жаңару дәуірі басталған кезде Наурызды мерекелеу этнографиялық тұрғыда, экспонат тамашалау деңгейінде ғана өтті дейсіз. Осыны тарқатып айтсаңыз?
— Иә, жалпы, Қазақстанда мемлекеттік мерекелерді мерекелейтін дәстүр қалыптасқан жоқ. Елімізде он шақты мемлекеттік мереке бар. Ешқайсысының келбеті, мемлекеттік сипаты жоқ. Бірде-бірі өзіне сай мерекеленбейді. Соның бірі – Наурыз мерекесі. Сол 1989 жылдан бастап өзінің этнографиясына шөлдеген қазақ бәрін көшеге алып шықты. Ол мереке емес. Мереке, ол – азаматтық сипатта болады. Мереке этнографияға негізделмейді. Оны сахнаға шығаруға болмайды. Мереке әркімнің үйінде, төрінде, көшеде, жүрегінде, сыныпта, орынжайларда жүру керек. Этнография ол басқа. Киіз үйлерді қар еріп жатқанда елді әбіржітіп, тіккізіп, қайта жығып керегі жоқ. Этнография мен мерекені ажырату керек. Наурыз өткіземіз деп өтірік тұсау кесіп көрсетуге, келін келді деп кішкентай қыз баланың бетін ашуға болмайды. Осылай етеміз деп шынайы салттан аттап, ұлттық дәстүрден кереғар кетіп қалдық. Наурыз ұлтына қарамай мемлекеттік сипатта өтуі қажет. Иә, наурызды тоғыз күн мерекелеу керек. Сосын той мен мерекені шатастырмау керек. Той бір жанұяға, отбасына, әулетке ғана тиесілі. Мереке халыққа, мемлекетке, елге тиесілі. Той мен мерекенің арасы жер мен көктей. Тойда ішіп-жейсің, билейсің. Ал, мерекеде бүкіл халықтық, ұлттық құндылықты дәріптейсің. Міне, осы себепті, екеуі екі басқа. 14-22 наурыз арасында мерекелеу керек.
Еске сала кетейін, 1989 жылы үкімет ресми мерекелеу туралы шешім шығарғанда, Наурызды 21 мен 22-не, яғни күн мен түннің теңелуіне ығыстырып жіберді. Біздің ата-бабамыз күн мен түннің теңелуі деген әңгімені ешқашан айтқан емес. Бұрын мерекелеп келген дәстүрін, сол 14 наурызда қалдырып қойды. Ол қандай дәстүр болатын? Мысалы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің жиырма томдық шығармасының сегізінші томында, өзінің әкесімен еріп Бұқараға барғаны туралы жазған. Ол заманда Бұқараны билеп тұрған қазақ ханы Абдолла тұсы ғой, сол кезде 1-8 арасында ресми түрде мерекелеген екен. 1-8 деген юлианша күнтізбе. Григориянға келтірсек, 14-21-нің арасына келеді. Сондықтан тоғыз күн мерекелеуді мен ойлап шығарған жоқпын. Тарихтан тамыр тартқан.
Жалпы, Наурызды мерекелеу кеңес үкіметі тұсында болмағанмен, халықтың арасында тоқтаған емес. Мысалы, мен өмір сүрген Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында 14 наурыздан бастайтын. 14 наурыз күні таңертеңнен әке-шешеміз төсектен тұрғызатын. Сосын, жуынып-киініп, әуелі көршілерге, үлкен ақсақалдарға сәлем беріп шығатынбыз.

Жылды қарсы алудың
3 дәстүрі

— Неге сәлем беруден бастаған?
— Себебі, наурыз мүшелдік жыл басы. Мысалы, биылғы тышқан жылы мүшелдік жыл басы боп саналады. Ол 14 наурыздан бастап кіреді. Жылды қарсы алғанда, үш нәрсесі болатын. Біріншісі – көрісетін. Көрісу деген уақыттың жаңаруын білдіреді. Жаңа уақытта адамдардың кездесуін білдіреді. Екіншісі, жасың құтты болсын деп бір-бірін құттықтайды. Қазақ халқы ертеде туған күнін тойламаған. Жыл басы мүшелдік кіргенде, бәрін жиып бірақ тойлаған. Сол, 14 наурыз еді. Үшінші, дәстүр, үйге келген қонаққа, бала-шағаға жолдық деген сыйлығын берген. Бұл мүшелдік жыл басының дәстүрі. Енді осы соңғы жылдары айтып жүрген наурыздың 14-ін көрісу күні деу дұрыс емес! 13 наурыз күні тоқсан күн қыс шығады. 14-не наурыз кіреді. Біздің қазақ танымында әр мезгіл тоқсан күннен, жыл төрт мезгілге бөлінеді. 14 наурыз мүшелдік жылдың, көктемнің басы. Наурыздың күнтізбесін өзгертіп жіберді, қайта қалпына келтіру керек деп жүргенім осы. Ол үшін 23 наурыздағы өтірік демалысты 14-не қайтару керек. Мүшелдік жыл басы деп атау керек. Ал, айтып жүрген көрісу күні деген, ол наурыз мерекесін қарсы алудың жоралғысы, ритуалы ғана. Мысалы, қазіргі кезде жаңа жыл шыршасының шамын 25-не жаққаны сияқты, ол бір жоралғы ғана. Шоқан Уәлиханов қазақтың астрономиялық күнтізбесін қолымен сызған. Сол жерде, ол жыл басын март деп үш тілде көрсеткен Енді, «амал» деп жүрген әңгімеге келейік. Амал деген мереке жоқ! Ол этнографияда да жоқ. Жетпіс жыл бойы қалыптасқан кеңес үкіметінің этнографиясында амал, көрісу мерекесі деген болмаған.Ал, наурыз бар.

— Сонда амал мереке деп жүрген қайдан шыққан сөз?
— 14-не қарай, астрономияда, аспанда құбылыс болады. Күн жыл бойына он екі шоқ жұлдызды айналып шығады. Тура наурыз айының қарсаңында Тоқты шоқ жұлдызына қарай тақайды. Тоқты шоқ жұлдызының маңдайында амал, немесе қамал деген жұлдыз бар. Оны парсылар гамал, хамал дейді. Араб дерек көздерінде һамале деп жазылған. Біздің қазақтар оны қамал деп келген. Ресей жақтағы қазақтар қамал деп келсе, бер жағы амал ғып өзгертіп жіберді. Мен бұл сөздің этнолингвистикасын зерттедім. Бұл екі сөз тіркесінен шығады екен. Қа және мал деген. Бұның екеуі де прототүркілік сөз. Неге десеңіз, қа деген казір ешқандай қазақтың тілінде сөз жоқ. Бірақ, ол жасырын, астыртын болып кеткен. Қа деген маңдайды білдіреді. Мысалы, қас деген сөз бар. Мынау қас. Қа және ыс (күйе) сөздері қосылып кеткендіктен қас болған. Қас маңдайдағы күйе дегенді білдіретін еді. Қабақ деген бар. Көздің үстіндегі қыратты қабақ дейді. Маңдайды бағушы дегенді білдіреді. Енді, түркілерде «қаһан» деген сөз бар. Бұл хандардың ханы, төбе хан дегенді білдіреді. Қаһан – маңдайдағы хан деген сөз. Енді, мал деген сөзге келейік. Қазақтар мал деп ұсақ қой-ешкіні атаған. Ескі қыпшақ дәуірінде орыстарға бұл –малый болып кірді. Бұл кішкентай, маленький дегенді білдіреді. Қазақта оның түбірі малта деген сөзде жатыр. Тоқты – ұсақ мал. Аспандағы тоқты шоқ жұлдызы – мал. Соның маңдайы: қа мал. Жұлдыздың аты қамал болып тұрғаны сол. Тоқты шоқ жұлдыздың маңдайы, төбесі дегенді білдіреді. Жерден қарағанда ежелгі астрономдар Күн мен Қамалдың екеуінің 14-не қарай беттесіп кететінін байқаған. Сол кезде, жер бетіне көктем орнап, жыл ауысып, қар еріп, аласапыран болады. Қамал келді деген осы.

Аңырақайда Наурыздың төлқұжаты бар

— Қарап тұрсақ қазақ халқы наурыз туғанда табиғат, жаратылыс мерекесін өткізген сияқты. Қазақ танымындағы наурыз туралы әңгімелесеңіз?
— Қазақ танымында жыл мезгілі төрт тоқсанға бөлінген. Төрт тоқсаннан 360 күн құралады, яғни бір жыл. Бірінші тоқсан жазғытұры, көктем. Бұл наурыздың 14-нен басталады. Оған тоқсан күн қосасыз. Ол маусым айының 14-не дейін барады. Маусым айынан бастап, жазтоқсан, оттоқсан басталады. Содан кейін күзтоқсан келеді. Одан қыста желтоқсан басталады. Қазақ танымында, бұл тоқсандар жылдың жасауы, есеюі кезеңін білдіреді. Ең балалық кезеңі көктем. Алматыдан солтүстік-батыс жақта 170 шақырым жерде Аңырақай жотасында таңбалы тас бар. Сол таңбалы таста наурыздың паспорты, төлқұжаты бар. Сонда күндидарлы тәңір мен айдидарлы іңір бар. Екеуі алақандарын жайып, көрісіп құшақтасайын деп тұр. Екеуінің арасында сиыр жылының төрт мезгілі тұр. Жаңа туған бұзау. Ол көктем. Көктемде төлдеу кезі басталады. Сосын жайылып жүрген баспақ. Ол жаз. Отығып жатыр. Оттоқсан дегенді білдіреді. Содан кейін, әбден піскен, мүйізі қарағайдай, тәңірге қарап, мен құрбандығың болуға дайынмын деп қасқайып тұрған өгіз тұр. Содан кейін әбден қартайған, тәлтіректеген өлім халіндегі сиыр бейнеленген.
Аңырақайдағы таңбалы тастағы көрісіп тұрған іңір мен тәңірді есептейтін болсақ, оларға кемінде 5000-7000 мың жыл болған. Бұны қазақтардың арғы ата-бабаларының бабалары шығарған. Бұл – қола дәуірі кезі.
Көрісу – тек батыс қазақстанда ғана емес, басқа өңірдің бәрінде болған. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың тең жартысын қырып тастады. Аштық болды. Бас көтерерлердің бәрі шетелге қашты. Кеңес үкіметінде өртеңге шыққан өлең шөп болып, қазақ халқы бала-шағадан қайта өрбіді. Кілең большевиктерден шықтық. Ата-баба қалыптастырған ұлттық салт, тарихтың бәрін ұмытып қалдық. Тек, қашып-пысып, үстіртте жүргендер сақтап қалды. Абай атамыздың «Жазғытұры» деген өлеңін алыңыз.
«Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып,
Қуанысып, көрісіп, құшақтасып» дейді. Көрісіп деп Абай Құнанбаев жазып отыр. Ол өлең жазарда Ақтөбеге барып көріп келмеген болар! Не, біреу келіп осылай жаз демеген болар. Абай өзі жазып отыр. Демек, шығыста да көрісу болған. Мынау, орталық Қазақстанда әптиек деген құстың келуімен наурызды бастайды. Әптиек құсы, ол наурызек, кәдімгі жыл құсы. Бозторғай ғой. Күннің жылына бастағанын, аспан денесіндегі өзгерістерді құстар бірінші сезіп, сайрай бастайды. Сондықтан наурызды бұрмалап керегі жоқ. Наурыздың бәрі өзінде тұр.

— Сонда, сіздіңше, біз ата-бабаларымыз қарсы алған наурыз мерекесіне оралуымыз керек қой! Наурызды скиф, сақтар қалай қарсы алған екен?
— Олар ұйықтамай таңды қарсы алған. Қазақтар да сөйткен. Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» деген кітабы мен ежелгі грек ғалымы Руф Квинтидің жазбасы бар. Сонда, скифтер мен сақтар таңды таңертең шығысқа қарап 360 жас бозбалаларды қызыл мауытыға киіндіріп, қарсы алған екен. 360 күн бір жыл ғой. Неге қызыл киінген? Әрбір күннің қуаты мол болсын, алдағы келе жатқан жыл қуатты, жарығы мол, ақ мол болсын деген ырым болған. Ал, Жағда Бабалықұлы атамыз Қытайда өмір сүрген, қытай жазбасымен танысқан кісі. Ол ғұндардың наурызды қарсы алғаны туралы жазған. Ғұндар 360 домбырашы-күйші тоғыз күй тартады дейді. Тоғыз күй толықтықты білдіреді. Бұл сан, құбылыстың, дүниенің, ғаламның, жаратқанның цифрлық коды. Және жаратқанды дәріптеу, соған құлшылық ету. Уақытты жаңартып жатыр, соған құтты болсын дегенді тілеу.
Ертеден келе жатқан Наурыздың үш тұрғысы бар. Ол өң-түс принципі. Біз осы принциптерді қайта жандандыруымыз керек. Онда құрақ көрпе түрлі-түсті білдіреді. Ақ пен қарадан басқа түстердің бәрі болуы керек. «Жайнау күні» деп аталатын бұл күн – жеті түстің салтанат кұратын күні. Дәм принципі. Дәм деп отырғанымыз наурыз көже. Уыз қағанақ деген бар. Басқа ұлттардың бәрінің дәмінен мейрамханаларда дәмге арналған мереке жасау керек. Сосын, шаттық күні. Шаттық күні үн, өнер мерекесі болады. Ал, 21-нен 22-не қараған түні Қыдыр түнін өткізіп, сосын, наурыз шеру жасау керек. Әркім өз туған жылының киімін киіп шығуға болады. Кім не қалайды, сол киіммен шеруге шығып мерекелеуі керек. Ол қазақтың тұрмыстық сипаты. Одан басқа «Жолтерек» деген атрибутты мереке негізіне енгізу дұрыс болады.

— «Жолтеректі» оқырманға кеңінен түсіндіріп өтсеңіз?
— Қазақтың танымында көк пен жерді байланыстырып тұратын бізде бәйтерек деген ұғым бар ғой, бәйтерек сол жолтерек. Шаңырағы көк, етегі жер. Ортасында киіз үйде бақан болған. Бақан сол жер мен көкті байланыстырушы. Былай кезде, бақанды көлденеңнен қояды. Оны адалбақан деп атайды. Той- томалақтан келген бүкіл матаның барлығын соның бойына тастайды. Үйге келген адамға содан сыйлық, жолдық береді. Осы салтты қалпына келтірерде, біз оны «Жолтерек» деп атадық. Соны, ертеде иол деп атаған. Иолдан ёлка шыққан. Жолтеректің бірнеше сипаты бар. Жолдың, жолтеректің бойымен адамның жаны туғанда түседі, өлгенде кетеді деген ұғым. Республикамызда «Жолтерек» жобасын қолданып жүр. Айтпақшы, Нұр-Сұлтан қаласында осы күні наурыз мерекесінде киіз үйлердің қасында «Жолтерек» тігіледі. Және, Наурыздың басты персонажы «Умай ана» деп есептеймін. «Умай ана» жердің киесі. Наурыз айында жер жаңадан туады, түрленеді. Жолдықты аластаудың барлығын Умай ана, аналық негіз атқаруы керек.

Мерекелеуде кеткен ағаттықтар мен ауытқулар

— Серік аға, өзіңіз білесіз, соңғы жылдары наурызды мерекелеу дәстүрі қазақ қоғамында бұрмаланып, жасанды атрибуттар ойлап тауып, түпнұсқасынан ажырап барады. Оған, сіз бей-жай қарамай, байырғы наурыздың шығу тарихын зерттеп, өзіңіз жоба құрып ұсынып келесіз. Осы тұрғыдан не айтар едіңіз?
— Тоғыз күнге атау беріп, эмблемасын қойып шаралардың бәрін таратып жаздым. Ал, мына үкіметіміздің қарастырып жатқан жобасында ақылға қонымсыз тұстары бар. 14-ін көрісу күні дейді. Оның қандай күн екенін жаңа айттым. Содан кейін, шежіре күні дейді. Шежіренің, жеті атаның наурыз мерекесіне қандай қатысы бар? Жайлау күні бар екен. Сонда, жайлау күні бәріміз жайлауға шығып кетеміз бе? Бізге наурызды ашатын, әр күні ұлтымыздың құндылықтарын паш ету керек. Менің жобамда наурыздың құндылықтарын таратып келтіргенмін. Ал, мына жерде, мүлдем басқа. Игі істер күні деген күн бар екен. Ол қандай игі істер? Мен жасаған жобада «Өркендеу» күні бар. Сол күні тал, гүл егеді.Өркендеу күнінде солтүстік жақтарда үйде болса да ыдысқа тал, гүл отырғызу ырымын жасайды. Ал, күн жылы жақтар далаға тал отырғызумен айналысатын болады. Сосын, шымырлық пен шеберлік күні дегенді қосып қойған. Қолөнер ме? Неғылған күн ол? Қолөнердің наурызға қатысы қанша? Наурыз тікелей табиғат, жаратылыс мерекесі деп айттық қой. Мысалы, мен былай жасадым. Күн мен түн теңелген 21 наурызды үйлесім күні дедім. Осы күні адамдар таңертеңнен бастап, кешке дейін спорт, өнер барлығын көрсету керек. Оны шымырлық деп атап керегі жоқ, бұл мереке ғой. Зияткерлік деген де күн кіргізіп қойыпты. Ол неғылған зияткерлік? Жоралғы күні, бұқара, ұлттық тағамдар күні бар екен. 20-сын бұқара күні депті. Бұл да түсініксіз! Бұл жасаған жобадан еш мән көріп тұрған жоқпын. Ал, мен барлық атрибуттарды наурыздың өзінен алып жасадым.
Мысалы, менің жобамда «Тағзым» күні бар. Ол күнді жұма күнге қою керек. Жұма күні ата-баба бейітін тазалап, аруағына құран бағыштап, шелпек пісіру керек. Қайырымдылық жасап, ренжіскен адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайырыммен айналысып, Жаратқанға тағзым ететін күн. Ол күні мешіттермен бірігу керек. Әдетте, ислам дінінде наурыз мерекеленбейді. Бірақ, мен мұсылмандар керегін өтеу үшін осы тағзым күнін алдым. Одан 22 наурызды, яғни, күн мен түннің теңесетін түні «Бас таң күні» деп алдым. Қазіргі кездегі, қазақтардың «Бастаңғы» деп жүргені, ол байырғы «Бас таң» күні. Оны этнографтар бұрмалап, қыз-келіншектер оңаша бас қосатын күн деп жіберді. Қазақтар ешқашан қашып-пысып, жеке-дара ешнәрсе жасамаған. Олар салт пен дәстүр аясында үлкендерден рұқсат ала отырып, іс жасаған. Қазақ халқында наурызды қарсы алуға үлкен кісілерге арнап «Белкөтерер» деген дастарқан жаятын ырым болған. Онда түні бойы әңгіме құрып, ән айтып, жыр тыңдап таңды қарсы алған. Жігіт жағы селт еткізерін дайындайды. Қыз-келіншектер ұйқыашар дастарқанын жасайды. Сөйтіп таң атқанша бірігіп тойлаған. Содан, Бас таңды қарсы алған. Бас таңның басқа отырысқа еш қатысы жоқ. Барлығы наурызды қарсы алудан шыққан. Наурызды уыз мереке деп те айтқан.Сосын Ұлы іс дегенді кейінде Ұлыс деп бұрмалап жіберді. Неге Ұлы іс, себебі, наурызда аспанда Ұлы іс жүреді. Уақыт жаңарады. Ғаламшарлар шеру тартады. Қазақ жердегі істерді ұлыға теңемеген, тек аспандағы істерді Ұлы деген! Сол Ұлы іс деген сөзді Ұлысқа айналдырып жіберген. Ақселеу Сейдімбекте «Ұлыс таңы» деген сөз бар. Ұлыстың таңы болмайды. Ұлы істің таңы болады. Ұлы іс жүрді, таңы атты. Ұлыс оң болсын дейді. Мемлекеттің оң-терісі болмайды. Істің оң-терісі болады. Сондықтан наурызда ісің оң болсын деп тілек айтады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Зүбайра Тілегенқызы

Мәдениеттанушы Серік Ерғалидың Наурыз мерекесін жаңаша өткізу тұжырымының жалғасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.