Тоқаев нәзік жандыларды 8 наурыз мерекесімен құттықтады

0
108

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларға деген өзінің жылы лебізін білдірді деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Төменде ел президентінің құттықтауын назарыңызға ұсынамыз:

Ардақты аналар!

Аяулы арулар!

Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына сіздер мол үлес қосып келесіздер.

Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады.

Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы.

Сіздердің шығармашылық және кәсіби біліктіліктеріңізді арттыру үшін барлық жағдай жасалуда. Алдағы уақытта талантты да талапты әйелдер қоғамдық-саяси өмірдің түрлі саласында зор жетістікке жететініне сенемін.

Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы, әлемде коронавирустың кең таралуына байланысты қауіпсіздік шарасы үшін Халықаралық әйелдер күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында жоспарланған салтанатты жиын мен мерекелік концерттің өтпейтінін мәлімдеген еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.