«Көрпе Fest» – ұлттық өнерді ұлықтайды

0
93

Бағзыдан бергі бояуын бұзбай, жаңа заман ағымына икемделіп, бүгінгі нәзік жандылардың бұлжымас қызығушылығына айналған ата кәсіп – тігіншілік. Таразда осы ежелгі кәсіпті жанына жолдас еткен арулар үшін «Көрпе Fest» мегафестивалі өтіп, онда қолөнершілер үш күн бойы әйгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың тегін шеберлік сыныбына қатысты.

Фестивальға 200-дей ана
қатысты

Мегажоба Жамбыл өңірінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асқан шараның тараздық ісмерлер үшін тосын сыйлары аз болған жоқ. Үш күн бойы 200-ге жуық ата өнерді өміріне азық еткен ақжаулықты аналар мен жас қолөнершілер арнайы шеберлік сабағынан өтіп, фестиваль соңында өздерінің осыған дейінгі жасаған бұйымдарын әулиеаталық ұлттық өнерді бағалайтын жұртшылыққа сатуға мүмкіндік алды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде көпшілік әйгілі этнодизайнер, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Аманат» сыйлығының құрметті елшісі, республикалық ақпараттық ағарту үгіт-насихат штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзаданың шәкірттері мен ізбасарларының туындыларымен танысты. Фестивальдың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп,ұлттық қолданбалы өнерді дамытудың, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін насихаттаудың маңыздылығына назар аударды.
– Көктемнің алғашқы күндері Халықаралық әйелдер күні мерекесін тойлаймыз.  Бұл мерекеде барлығымыз өмір сыйлаған аналарымызға құрмет білдіреміз. Барлық жылылық мен мейірімділік сіздерге тән. Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз. Қазақта «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен – бүкіл әлемді тербетеді» деген дана сөз бар. Сіздер тек үй шаруасымен ғана емес, сонымен қатар ұлттық салт – дәстүрлерді насихаттай отырып, осы секілді сүйікті істеріңізбен де айналыса аласыздар, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ұлттық нақыштағы көрпе жабдықтарын дайындау өнерін дамыта отырып, оны еліміздің түкпір-түкпірін аралап, барынша насихаттап жүрген Ырза Тұрсынзаданың зор еңбегін тілге тиек етті. Сонымен қатар, бұл өнер түрімен біздің аналар мен әжелер соғыс пен ашаршылықтың ең ауыр жылдарында да айналысқандығына тоқталды.Бұл игі жоба көп балалы және аз қамтылған әйелдерге өз кәсіптерін ашуға,  олардың бойларындағы бейімдерін дамытуға, сондай-ақ ұлттық қолөнер саласын кеңінен насихаттауға ықпал етері сөзсіз. Бұл ретте этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың еңбегі орасан.
– Фестивальдің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында халықтық қолданбалы өнерді дамыту. Жоба өткен жылы бастау алды. Өз ұсынымызды айтқанда алғаш болып қолдаған Бердібек Сапарбаев еді. Ол кезде Бердібек мырза ҚР вице-премьері болатын. Фестиваль сондай-ақ Нұрсұлтан, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент қалаларында өтті. Дайын өнімдерді сату көрмесін өңірлердегі кәсіпкерлер барынша қолдап жатыр. Бұл шараны және тегін шеберлік сыныбын ұйымдастырудағы көздегеніміз ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын кеңінен тарату, сондай-ақ көп балалы аналар мен жұмыссыз әйелдерді отбасылық бизнеске жұмылдыру болып табылады. Мен біздің әйелдер өздерінің қажырлы еңбегі мен шығармашылық шабыты үшін лайықты ақы алғанын қалаймын, – деді Ырза Тұрсынзада.
«Аналар аманаты» атты тегін семинар-тренингтен басқа жоба аясында үш кезеңнен тұратын байқау ұйымдастырылды. Бірінші кезең – этникалық инсталляция бойынша сайыс. Екінші кезең – Ырза Тұрсынзаданың YouTube арнасындағы шеберлік сыныптарына қарап дайындалған бұйымдар бойынша, үшінші кезең – заманауи стильге сәйкестендірілген ұлттық киімдер бойынша жүргізілді. Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласының екі жүздей ісмер арулары осы шеберлік сыныбы мен сайысқа қатысып, өз өнерлерін үш күн бойы жалықпай жұртшылық назарына ұсынды.
Абдуллаева Гүлнар ісмерлік кәсіппен 30 жылдан аса уақыт айналысып келеді. Киіз үй жабдықтары мен қыз жасауын әзірлеуді машық еткен аяулы ана бұл жоба туралы сыныптас құрбысынан естіп, бірден қатысуды ұйғарғанын айтады.
Гүлнар Абдуллаева пікірлесу барысында қолөнерден табатын табысын да жасырған жоқ. Тігіншінің арнайы сауда нүктесі де бар екен. Айына кем дегенде 750 мың – 800 мың көлеміндегі қаржыны ине мен жіптің және асқан төзімділіктің көмегімен табатын ол, бұл кіріс той маусымдарында 1 миллионға дейін жететінін де жасырмады.

Бердібек
Сапарбаев
10 көрпе сатып алды

Тоқтала кететін жәйт этнодизайнер Ырза Тұрсынзадың қолынан шыққан бұйымдардың нарықтағы орташа бағасы – 65 мың теңге. Тараздағы көрме-жәрмеңкеде шараның қорытынды күнінде Жамбыл шеберлері дайындаған бұйымдар әлдеқайда төмен бағамен – жастыққа 5 мың, көрпелер 25 мың теңгеден саудаланды.
«Көрпе fest» жобасының жабылу салтанатына да аймақ басшысы арнайы қатысып, нәзік жандыларды ұлттық өнерді дәріптеумен қатар аналар мәселесі қызып тұрған шақта ата кәсіп табыс көзіне айналдыруға анық мысал болға алғандары үшін алғыс айтты.
Бердібек Сапарбаев фестивальдің жабылу салтанатында ұлттық өнерді дамытуға және қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін кәсіпкер Туғанай Жолақоваға және «Дәмді себет» ЖШС-нің құрылтайшысы Алмас Төлтаевқа «Аманат» қоғамдық сыйлығын тапсырды.Облыс әкімінің Алғыс хаттарына Ырза Тұрсынзада, Майрагүл Махмұтқызы және Бақыт Қайратқызы ие болды. Үш күн бойғы тапжылмай тіккен көрпелер мен жастықтарды жәрмеңкеге шығарған ісмерлердің бұйымдары шара барысында кәсіпкерлердің үлкен қызығушылығын тудырды. Аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлының өзі алғашқы болып 10 құрақ көрпе сатып алды. Ізінше облыстың қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов пен бірқатар азаматтар қолөнер шеберлерінің туындыларын арзан бағада алып, өзгелерге үлгі көрсетті.
Айта кету керек аталмыш фестиваль аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жобаның нәтижесі ретінде, өңірдегі барлық колөнер шеберлерін бір жерде тоғыстыру мақсатында Ырза Тұрсынзаданың жобасына қатысқан ісмер арулар үшін жаңадан ашылған қолөнер орталығынан ақысыз алаң ұсынды. Жоба авторы аймақ басшысының бұл қолдауын зор ықыласпен қабыл алып, тігіншілердің басын біріктіріп дәл осы күні ашылу салтанатын ұйымдастырды. «Көрпе Fest» фестивальі соңында үш күндік шеберлік сыныбына қатысып, байқауда бақ сынап, ерекше көзге түскен 30 тігіншіге «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің ұлттық қолөнер технологиялары бойынша алғашқы курсын тәмәмдағаны үшін арнайы сертификат табысталды. Ал 30 қолөнер шеберіне тігін машинасы тарту етілді.
– Бұл шара еліміздің түкпір-түкпірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында белсенді түрде ұйымдастырылып келеді. Күні кеше Түркістан облысында өтіп, онда кәсіпкерлер 3 миллион теңгеге сауда жасады. Бүгін жамбылдық кәсіпкерлер 2 миллионның саудасын жасап мырзалық танытты. Бұл үлкен нәтиже. Тегін жарнама, тегін алаң, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру шаралары үшін мен осы фестивальдың ұйымдастырылуына мұрындық болған Бердібек Мәшбекұлына, белсенділік танытқан барша әулиеаталықтарға алғыс білдірімен, – деді жобаның авторы Ырза Тұрсынзада.
Өңір басшысы мен әулиеаталық қолөнер шеберлерінің лайықты бағасына ие болған жоба келесі жылы да Жамбыл топырағында жалғасын таппақ. Ол уақытқ
а дейін қыз-келіншектер өз бұйымдарын жаңадан ашылған ақысыз алаң арқылы кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік алды. Нәтижесінде барлық ісмер, тігіншілердің жұмыстары бір алаңнан табылып, тараздықтарға бұрынғыдан да қолжетімді бола түспек.

Бекнұр Сатыбалдиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.