Киев пен Мәскеу арасындағы текетірес

0
110

Украина прензиденті Владимир Зеленский Донбас пен Ресеймен екі арадағы шекараға бақылау жасауды Киевке қайтарып беру туралы талап қою мәселесін қарау үшін жұмыс тобын құруға ниет білдіріп отыр. Бұл белсенділік «Норманд төрттігі» келіссөздері кезінде алға тартылмақ сынды. Киев мұндай ойы бар екенін бұрын да айтқан. Мәскеу болса, бұл мәселені Донецк пен Луганск биліктерімен тікелей бірге отырып талқылауды ұсынуда.

РФ СІМ Сергей Лавров норманд форматындағы келіссөздер Киев өткен жылдың желтоқсанында өткен саммитте өз мойнына алған міндеттемелерін орындамайынша болуы мүмкін еместігін ашып айтты. Сарапшылар Украина тарапының талабы «Минск-2»шарттарына қайшы келеді, сондықтан бұл мәселені бейбіт жолмен реттеуге емес, Донбасс республикасын оқшаулауға бағытталған әрекет деп бағалайды. «Минск–2» деген атаумен белгілі бұл шарттар жоспарына осыдан бес жыл бұрын Донбастағы шиеленісті реттеуге байланысты өткен келіссөздер барысында қол қойылған болатын. Әлгі норманд төрттігі келіссөздерінде жеті түрлі мәселе талқыланбақ, бірақ солардың арасында шекараға қатысты мәселеге орын табылмаған. В.Зеленский сол кездесуде осы проблеманы күн тәртібіне енгізуге тырыспақшы. Украинаның СІМ Вадим Пристайко: «Аталған мәселені оң шешудің болуы мүмкін нұсқалардың бірі – Ресей мен Донбасс арасындағы шекарада ЕҚЫҰ (ОБСЕ) бақылауында қауіпсіздік дәлізін құру бола алады. Бұл – ғажап нұсқа, онымен үкімет те, президент те, қалғандары да айналысуда. Дегенмен, Украина жағынан Украина шекарасын украиндық шекарашылар бақылауында ұстауы тиіс. Киевте осы жоспар аясында 2014 жылы қол қойылған бірінші Минск келісіміне оралу қарастырылуда, аталған құжатта Украина мен Ресейдің шекаралас аудандарында қауіпсіздік аймағын құру мүмкіндігі туралы сөз болған. Өкінішке орай, көпшілік жұрт келісімге қол жеткізілгендігін ұмытып кетті, соның салдарынан біздің келіссөздеріміз іске аспай, сөз жүзінде ғана қалып отыр. Бұл аз десеңіз, Донбасс маңындағы Киевке бағынышты емес барлық территорияға ЕҚЫҰ мен Украинаның ұлттық полициясы және жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерімен бірлесіп бақылау мүмкіндігінің қаншалықты өміршеңдігі де беймәлім күйінде қалып отыр», – дейді.
Естеріңізде болса, бірінші Минск келісіміне 2014 жылдың күзінде қол қойылған болатын.Құжатқа Донбасстағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеу туралы жоспарлар енген. Киев сонда Донбассқа айырықша мәртебе беру туралы заңды қабылдау жолымен билікті орталықтандырмауды қамтамасыз етіп, аймақта кезектен тыс жергілікті сайлау өткізуді міндетіне алған. Дегенмен, құжатқа қол қою шиеленісті ушықтырмауға әкелмегендіктен, тараптар 2015 жылы жаңа келісім жасап, оған «Минск–2» атауын берген-ді. Құжатқа сәйкес, шекараға бақылау жасау құқығы Киевке тек Донбасста сайлау өткеннен кейін және Украинада конституциялық реформа өткізілген жағдайда ғана өтуі тиіс болатын. 2016 жылы күзде сол кезде ФРГ-нің СІМ лауазымын иеленіп отырған Франк-Вальтер Штайнмайер шиеленісті Минск келісімдеріне сай реттеу туралы формуланы ұсынған-тын. Жоспар сайлауларды өткізгенше өздерін өздері жариялаған республикалар уақытша айырықша мәртебе алып, ол дауыс бергеннен кейін тұрақты болуын қарастырған. Жоспарды барлық мүдделі тараптар мақұлдағанмен (Украина, Ресей, «норманд форматына» қатысушы еуропалық мемлекеттер өкілдері және өзін-өзі жариялаған Донбасс басшылығы), Украина жағы оны іске асыруға асығар емес. Осылайша, Киев «Минск-2» келісімінде қарастырылған конституциялық реформаны әлі күнге дейін өткізген жоқ, соған қарамастан өздерінің талаптарын Ресей жағына белсенді түрде тықпалап әлек.
Биылғы жылдың 15-і ақпанында қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы аясында журналистер алдында Украина президенті Владимир Зеленский: «Сайлаулар кезінде шекараны ЕҚЫҰ өкілдері, Киев, «Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандары» бірлесіп бақылай алады. Донбасстағы шекараға бақылауды өз қолына алмай, Украина жергілікті сайлауларды өткізбейді», – деп мәлімдеді. Ресей жағы бұл идеяны ДХР және ЛХР-мен бірлесіп талқылау керек дегеннен танбай отыр. Сарапшылар Киевтің Донецк және Луганскпен тікелей келіссөздерге бармай отыруын Украина тарапының Минск келісімін орындауға ниетті еместігімен және аталған өңірдегі бейбіт процесті болдырмай тастауға ұмтылысымен байланыстырады. Білікті сарапшылар Украина жиі-жиі «әсіребелсенділік» танытуға барып, бұл мәселені шешуде Батыстың қолдауына сүйенетінін ашып айтты. Ресми Киев пен Мәскеу текетіресі ушыққан сайын, Донбасстағы бейбіт процесс одан әрі ушығып, атыс-шабыс толастамай, қос тарап та Донбасс шиеленісін тұйықтан шығара алмай отыр. Норманд форматындағы жаңа саммит өтуі үшін қос тарап 2019 жылдың желтоқсан айында Парижде өткен саммиттің шешімдерін орындауы қажет. Аталған саммитте тараптар қол қойған мәлімдеме үш пункттен тұрады. Онда «Минск–2» келісімінің саяси бөлігін орындау қажеттігі, Украинаның Донбассқа айырықша мәртебе беруді іске асыруы тиістігі айтылған. Шын мәнінде Киев ойлары іске аспаса, Донбасстың қарсылығын күш қолдану арқылы басу сценарийінен де бас тартпайтындықтарын білдіріп отыр. Аймақтағы жағдайды саяси реттеуге дейін шекара Украинаның күштік құрылымдарының қолына өтсе, Минск келісімін іске асыру мүмкін болмай қалады. Украина билігі Ресейден шекараға бақылауды өздеріне беруді нақ сол үшін талап етіп отыр. Сол үшін де Киев сайлауларды өткізуді кейінге шегерумен келеді. Ол жоспар өте оңай, Хорватиядағы сценарийге ұқсас. Территорияны қоршап алғаннан кейін онда бітімгерлер ретінде шетелдік әскери контингенттер ергізілетін болады. Ал, Киевке шекара ДХР мен ЛХР-ді экономика жағынан тұншықтыру үшін қажет. Қазіргі таңда қалыптасып отырған жағдай, міне, осындай.

Ермек Сахариев

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.