Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

0
117

Наурыз әлемдегі ең көне мерекелердің бірі болып саналады. Кейбір деректерге қарағанда, Наурыз мейрамы 5000 жылдан астам уақыт бойы тойланып келеді. Мерекелік дастарқан бай болса, жыл жемісті болады деген түсінік бар. Наурыздық дастарқан қандай болуы тиіс? Киіз үйлерде тұрған ата-бабаларымыз келген қонақтарына қандай тағамдар ұсынған? Бабаларымыздың үйіне жәй кіріп шықса да, үй иесі оған шай кесесін ұсынған. Шай кесесі сый-аяқ деп аталған. Сонымен бірге, үстелге шелпектер, қаймақ, кептірілген жемістер, май, жаңғақтар қойылады. Үйге келген қонақты тамақтандыру – көшпенділердің ежелгі дәстүрі. Көшпенділерге тән абзал қасиеттердің бірі – ежелден бері келе жатқан қонақжайлылық. Наурыз мерекесіндегі ең басты тағам – Наурыз көже. Халықтық дәстүр бойынша оған ет, май, құрт, ірімшік, бидай, пияз, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі дәм міндетті түрде қосылуы тиіс.

Наурыз дастарханы

Қазақтың қонақ күту дәстүрі қытайлық шай ішу рәсіміне өте ұқсас болады: бәрі рет-ретімен жасалады, әр тағамды қойғанда ерекше дәстүрлер сақталады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының еттен дайындалатын ұлтық тағамдары «ет» деп аталған. Ет – қазақ халқының ең басты тағамдарының бірі. Әдетте бешбармақ қой етінен әзірленеді, бірақ мәртебелі қонақтар үшін құлын етін пайдаланады.
Қазақтар қонақтарға табақ-табақ ет тартқан. Табақ тарту да үлкен өнер. Табақ тарту өнерін білетін адам ет тураушы (етті турайтын адам) деп аталған.
Қуырдақ – қазақ отбасында жиі әзірленетін тағамдардың бірі. Қуырдақты сойылған малдың өкпе-бауырынан, жүрек-бүйрегінен ұсақтап әзірлейді. Сонымен бірге, қуырдақ құрамына пияз кіреді.
Негізгі тағамға – қазақша етке сорпа беріледі. Сорпаның көп түрі мен атауы бар. Олар еттің түрін, құнарлығын анықтайды, дәмнің түрін көрсетеді. Мысалы, жас сорпа (жаңа сойылған мал етінің сорпасы) мен бақыр сорпасы бар екен. Бақыр сорпасы – түзде жүрген егінші, малшы, аңшылардың бақыр, шелекте істеп ішетін сорпасы. Осылай, түзде пісірілетін сорпа – бақыр сорпасы, ал үйде пісірілгені сорпа деп аталған.
Дәстүрлі қазақтың наны – таба нан. Бұл табаға пісірілген нан. Бауырсақ пісіру үшін қамырдың тілімдері майға қуырылады. Шелпек – майға қуырылып пісіріледі. Тандыр нан – құм тандырға жапсырып пісірілген нан.. Шек-шек тағамы десерт ретінде берілген. Шертпек (бал және аттың майынан тұратын тағам) көбінесе бай адамдардың дастарқанынан қойылған.
Қымыз танымалдылығы жағынан екінші орында тұр, ал үшінші орында – шұбат. Қымыз және шұбат негізінен жылқы терісінен, емен, арша сияқты ағаштан жасалған ыдыста сақталған.
Барлық қазақ тағамдары оңай және тез пісірілетін. Олардың құнарлығы да мол болған, өйткені қазақ халқы көшпелі өмір салтын ұстаған. Қазақ халқы ырымшыл болған, сол себепті әртүрлі тағамдарды жасап, молшылық болсын, береке мен бақыт болсын деп ниет еткен.

Бұл – жалпы
адамзаттық мереке

Ғаламдағы ежелгі мейрамның тарихын зерттеп жүрген ғалымдар бұл күннің парсылар мен ирандықтардан да бұрын прото түркілер, дей түркілердің тойлағаны жайында жиі айтып жүр. «Наурыз» парсы сөзi болғанымен, ол өте ерте заманда-ақ қазақ тұрмысына кіріп, сiңiсіп кеткен. Соңғы кездері басылымдарда мәдениеттанушы, тарихшы Серік Ерғалидің «Нау» мен «ырыс» деген нұсқасы жиі айтылып жүр. Ғалымның айтуынша Наурыз – жалпы адамзаттық мереке, бірақ түркілер мен парсыларда бұл мейрамның басты рәсімдері мен ғұрыптары, атрибуттары сақталған көрінеді. «Біздің Аңырақай тауындағы Таңбалытаста бұдан 4 мың жыл бұрынғы Сиыр жылының салтанаты бейнеленген сурет қашалған. Онда Тәңір мен Іңір құдіреттер бейнеленген. Бұл бедер сурет түркілердің, соның ішінде қазақтың танымын әйгілеп-ақ тұр», – дейді зерттеуші.
Әлемге мәшһүр ғұлама Омар Һайам Шығыс әлемiнде алғашқылардың бiрi болып «Наурызнама» рисаласын (трактат) жазып шыққан. Бұл аса құнды еңбектiң ең кемiнде 1000 жылдық ғұмыры бар. Оқырман бұл кiтаптан өзiмiз жыл сайын мерекелеп жүрген Наурыз мейрамының көне ғұрыптарына қатысты көптеген тың деректерге (Наурыздың шығуы, тойлануы, тарихы, т.б.), аңыздар мен хикаяттарға қанығады. Ол үш жүз алпыс бес күннің (күндіз-түнінен) ширегінен тұратын ұлы дәуірді «ұлы жыл» деп атады да оны төрт бөлікке бөлді. Үлкен жылдың төрт бөлігі өткенде үлкен наурыз болады. Бұл кезде дүние жаңаланады. Патшалардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап, әрі жыл есебін белгілеп алу үшін, тыныштық өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері лазым. Кімде-кім наурызды мейрамдап шаттыққа толып жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді деген екен. Омар Һайамның жазып алған аңызы бойынша, Аптаптың екi айналуына орай, олардың бiрi төмендегiше – Аптап әр үш жүз алпыс бес күн iшiндегi күндiз-түннiң төрттен бiрiнде Амал айының бiрiншi минутына шығып кеткен кезiнiң өзiнде тағы да қайтып келедi және жыл сайын бұл кезең кеми бередi. Міне, сондықтан Жәмшид патша бұл күннің сырын түсiнгеннен кейiн оны «Наурыз» деп атады да, мерекеге айналдырды. Жәмшидтен соң мұны өзге патшалар да және барша жұрт мейрам ретiнде қабылдайтын болған.
Қалай дегенмен де, Наурыз қазақ үшін қасиет дарыған мереке. Қасиеті де қадірі де сол ата-баба рухын қастерлеуден туса керек. Бабалар аманат еткен ұлы тойдың пәлсапалық та ғылыми нақтылық тұрғысынан да үйлесімді екені хақ. Атадан балаға ауызба ауыз, көзбе көз және терең пәлсапасымен аңыздар арқылы жеткен Наурыз турасында әлі де адамзат барда зерттеулер жасалып, тың деректер туыла беретіні белгілі. Наурызға байланысты халық ауызынан бүгінге мирас болған аңыздарға мән берейікші. Аңыз әңгімелер сол байырғы халық дүниетанымының айнасы екені мәлім ғой.

Наурыз атауын
Жәмшид патша
берген

Парсы елінің ерте дәуірлердегі тәңірі Изид күнді жаратарда оған ерекше ықылас-мейір төккен, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған. Күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді… Он екі жұлдыздың бірі амалға күннің бірінші кірген күні, күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептеледі. Бұл күні дүние дидары өзгереді және жарық дүние жасанған, жасарған қалыпта жаңа нәрселер пайда болды. Ажам (парсы) патшалары дәл осы күнді айрықша атап өту үшін әрі екінің бірі бұл күнді оңайлықпен таба алмасын біліп, оны белгілеп, айдарлап қойды. Мұны баршаға мәлімдеп мейрам деп жариялады. Осы аңыз желісі бойынша парсы әлемінің бірінші патшасы Каюмарс таққа отырғаннан кейін жылдың әр айы мен күніне ат қоюға, адамдар біліп отырсын деп жылнама жасауға жарлық берген. Жылдың басы фарвардин айы атанды. Каюмарс жыл есебін жасаған соң қырық жыл өмір кешкен, одан соң таққа Хұшаң (970 жыл патша болған), одан кейін Тахмұрас (30 жыл патша болған), одан кейін Жәмшид отырған (бұл аралықта тарихтан 1040 жыл уақыт өткен дейді). Жылдың басы – мейрам күніне «наурыз» деген атты осы Жәмшид патша берген.

Ұлыстың ұлы күні

Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп жариялайды.

Әз болмай,
мәз болмайды

Әз – халық аңызында күн мен түннің дәлме дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деген сөз бар. Осы гуілді наурыздың 22-сіне дейінгі үш күннің ішінде өтеді деп есептеген халқымыз: «Әз болмай, мәз болмайды», деген тәсіл қалдырған. Сол үш күннің ішінде тырнақ пен шаш алуға болмайды. Әз өткенде өсімдік әлемінен бастап, күллі тіршіліктің тұла бойына, бір тал түгіне дейін жан жүгіреді. Сол жан байқаусызда тырнақ, шашпен бірге қиылып кетсе, адамның қолы мен басы селкілдейтін болады мыс.

Наурыздың күйлері

Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш, қызыққа ұласқан» (Квинт Курций Руф. Поход Александра. VII-VIII тараулар. Хрестоматия по истории древней Греции. В.В.Струвенің сарабымен шыққан.М.,1951).

Көк өгіз

Қазақ есепшілерінің тәжірибесіне сүйенсек, Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, ал көктем басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлдем батып кетеді. «Үркердің жерге түсуі» делінетін осы кезеңге 40 күн жазғы шілде сәйкес келеді. Бұл кезеңде Үркердің көкжиектен көрінбеу себебі – Күн жолы наурыз айында дәл соның үстінен өтеді. Қазақстанның кейбір жерлерінде ғана, мәселен, Орталық өңірлерде осы кезде Үркердің кос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан көгіндегі дәл осы көріністі Қазақстан жартастарына шимайланған петроглифтерден – мүйізімен Күн Көкөгіз – көруге болады. Міне осы себепті, Ұлыстың ұлы күні мал атаулыдан өгіз ғана сойылатын болған.

Қыдыр баба

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті осы түн – «Қыдыр түні» деп аталады. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қыдыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Қыдыр бабадан тілек тілеген. Наурызда түнгі даланы адамдарға бақ-дәулет дарытатын Қыдыр баба аралайды деген наным бар. Сондықтан ертең Наурыз деген түні әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қыдыр баба түнін күзетіп, тілек тілеген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұрған үйге Қыдыр бабаның мейірі түседі, көз қырын салады, назарынан тыс қалмай, сол үйге құт-береке қонады деп сенім білдірген.

Самарқанның
көк тасы

XIV-XV ғасырларда Ұлықбек патша дулаттарға қарсы жорыққа шыққанда Тянь-Шань жақтан осы көк тасты олжалаған. Қазiргi кезде Самарқанда Бибi ханымның мешiтi бар. Көк тас осы мешiттiң ауласына орнатылған. Бұл мешiттi тарихшылар Бибi ханым мешiтi деп атап жүр, оны – жұма мешiтi деп те атайды. Мұхаммед Шайбани хан билiк еткен тұста патшалардың барлығы ақ киiзге көтерiлiп, таққа отырмас бұрын әскербасылар патшаны көк тастың үстiне отырғызған. Бұл патшаның таққа отыру салтанатының негiзгi бөлiмi деп саналған. Бұл бертiн келгенше жалғасты. Егер мұны қазақ мәдениетiмен байланыстырсақ, халықымыздың түсiнiгiнде көк тас орнатылған жер киелi деп саналып, осы жерге зиярат жасалатын. Халық күн мен түннiң теңелген күнi самарқанның көк тасы еридi деп, Алладан рақым тiлеген. Ал этнограф-ғалым Сейт Кенжахметовтың зерттеулерiне сүйенсек, аңызға әйгiлi астроном Ұлықбек обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күнi күн сәулесi түсетiн болған. Сол сәуледен бөлiнген жылу тасты жiбiтедi-мыс… Бiреудi кешiре алмай жүрген жанға қазақ халқы 22 наурыз күнi «Самарқанның көк тасы да жiбидi, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Бір аңызда былай дейді: Самарқанда Әмір Темірдің лағылдан, яғни көк тастан жасалған тағы бар, яғни «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз Наурыз күні «ханның да қаһары қайтып, көңілі жібиді» дегенді білдіреді дейді.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.