Әйел заты ер адамның алдын кеспеген

0
241

немесе «маркер» деген сөзден
неге қорықтық?

“Әлеуметтік желі біткен толып тұрған «маркер мен құйымшақ» жайлы жазба. Табалау, масқаралау, тіл тигізу үдеп барады. «Маркердің» иесі Омар Жәлелұлы. «Құйымшақтың» авторы артына «шала байланған» Мұхаметжан Тазабеков. Екеуі де білімді, діннен хабары мол азаматтар. Сөйте тұра екеуі де өрт-сөзге «оранып», шоқ-шоқ деген күңкіл мен өсектен, түрлі ғайбат пен айыптаудан арылмай тұр! Неге?

Осыншалықты ашу-ыза туғызардай не болып қалды? Олар кімнің жолын кесіп кетті? Ата-бабасы ислам жолын ұстанып, салт-дәстүрін дінмен өрген халықтың бүгінгі ұрпағы неге ашушаң? Сөзге неге тоқтамайды? Әліптің артына бағу деген қайда? Дінге шошына қарау неге белең алып тұр қоғамда?
«Құйымшаққа» тоқталмаймын. Өйткені ол оқиға ескірді. Қоламтаны қотарғым келмейді. Ал «Маркер» жаңа тұтанған тамызық секілді. Үстіне «ірі көмір» тастасаң болды шатырлап ала жөнеледі. Сонымен «Маркер» оқиғасы қалай өрбіді? Бірден айтайын, Омар мырзамен аралас-құраластығым жоқ. Сыртынан білемін. Ата-баба дәстүрін ардақтайтын қалыбына риза жанның бірімін. Оқыған, тоқығаны мол деп білемін. Сонымен Омар Жәлелді түтіп жеуге даяр ағайынның бір шоғырының ұстанымы, «ол өзінің қызы болмағандықтан қыз қадірін білмейді. Сондықтан қыздарды «маркерге» теңеді» дегенге саяды әлеуметтік желідегі жазбаларда. Сөйтсек, Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен кездесуде айтқан сөзі өзіне бәле болып жабысқан секілді. Бұл кездесуде Омар Жәлел «қыздар академик болмауы керек, сол академиктерді туу керек» деп мәлімдеген. Артынша маркерді теңеуге қосамын деп көпшіліктің қарсылығына тап болыпты. «…Кез келген нәрсенің аты бар, заты бар. Сол нәрсе атына заты сай болмаса, оны қолданбай, лақтырып тастаймыз. Мысалға қолымда тұрған маркерді келтіріп, оның аты маркер екенін айттым, заты – жазуы керек. Жазбай қалса, лақтырып жібереміз. Өйткені атына заты сай болмай тұр. Сол сияқты қыз бала да дүниеге келгеннен кейін ол атына заты сай болуы керек. Яғни жаратылыс мақсаты сол, тұрмысқа шығуы керек, ана болып, бала сүюі керек дедім. Бірақ қыздар «Омар аға қыздарды маркер деді», «қолданып, лақтырып тастау керек деді» деп шу шығарып жатыр», – деп түсіндірді Омар Жәлел. Кейінірек ғалым болса қыз балаларды қорлау ойында болмағанын жеткізді. Бірақ оған құлақ асқан пенде аз. Сонымен әлеуметтік желі Омар мырзаның «маркеріне» шүйіліп, оқ-сөздерді төпелеп жатыр. Көз жүгіртсеңіз, бәзбіреулер қыз баланы оқытпау, ерте күйеуге беру «Орта ғасырлық» тағылық деп бағалауда. Тіпті қызды-қыздымен ислам өркениетін, қасиетті құранды жоққа шығаруға ниеттілер де төбе көрсетуде. Тереңнен толғағандар Пайғамбарымызды педофил деп, Айша анамызды бүлдіршін кезінде қатындыққа алды деп соғып жатыр.
Алла өзі сақтасын, біз қайда кетіп барамыз, ағайын? Бұлай жалғаса берсе арты жақсылыққа апармайды ешқашан!
Иә, Омар мырзаның айтып отырғаны қыз баланың негізгі міндеті – отбасын құру, отағасына қарау, ата – енеге жағу, бала бағу деген ежелден қазақ санасына сіңіп қалған қағидаттар болатын. (Бұл жерде қыз баланы оқытпаңдар, мектеп бітіре сала күйеуге беріңдер деген сөз мүлде жоқ).
Баяғыда осы ережеге бағынған халықта ажырасу атымен болмайтын. Ажырасу болмағасын тірі жетім, тірі жесір жайлы сөз қозғамай-ақ қоялық.
Одан алшақтап едік, қазір әр жанұяда жоқ дегенде бір адам ажырасу «құрбаны». Кешегі кеңестік жүйенің озбыр саясаты «Раушан коммунистерді» дүниеге әкелді. Олар өздерін еркекпен тең дәрежеде санағандықтан, қоғамдағы тепе-теңдік бұзылды. (Әрине елдің бәрі бірдей емес қой. Ер азаматқа тіке қарамай өткен қаншама асыл аналар бар). Соның зардабын біз әлі тартып келеміз. Бүгінгі тәуелсіз елімізде де гендерлік саясат тұғырда нық тұр.
Соның жемісі болар, жасы жетпістен асса да бұтына шалбар киіп, шашын бояп, қасын керген әжелер бар. Қызы үйіне күйеуімен, бәлкім, енесімен ренжісіп келсе, татуластырудың орнына «Ішіме сиған бала, сыртыма да сияды» деп кергитіндер қайдан шықты?
Қасиетті құранда ер мен әйелдің орны нақты көрсетілген. Әсірелеп айтсақ, еркек – бас, әйел – мойын. Болды. «Жұмақ ананың аяғының астында» деп дәріптеген де ислам. Бұдан артық не керек?
Мен көрген әжелер мен апалар ер азаматтарға құрмет көрсетіп өтті. Бала кезімде бірде әжеммен келе жатып, шуылдаған ойын баласынан бөлініп шыққан Қабен атайдың немересінің жолын кеспей әжемнің сілейіп тұрып қалғаны есімде. Бұған түсінбеген мен «Әже, не істеп тұрмыз, жүрейік те» деймін ғой баяғы. Сонда әжем, «Қайнағамның немересінің жолын қалай кесемін? Еркек кіндік қой!» дегені көкейімде сақталып қалды.
Ал, Омар мырзаның сөз арасында әсірелеп қыз баланы «маркер» дегеніне «тулап» жатқан қыз-келіншектерге айтарым, сабыр сақтаңыздар. «Маркер» қаламсаптан гөрі қою жазылады. Анық та, айқын түседі. Жақсы таңбаланады. Сосын қағаздан өшуі де қиын. Онда неге шошынасыздар? Әдемі теңеу ғой. Ер азамат жүрегінде маркер сиясындай баттиып тұрғанның несі жаман? Егер қара қарандашқа теңесе бөлек әңгіме ғой…. Онда ренжісеңіздер орынды…
Абай мен Мәшһүр-Жүсіптен цитата келтіріп, «қыз баланың қадірін асқақтатып» жатқандар мынаған көңіл аударса деймін. Өйткені Омар Жәлел «қос абызды» көбімізден жақсы білетінге ұқсайды терең пайымдасақ… Сөз соңында айтарым, қыздар, оқыңыздар, көңілге тоқыңыздар. Алайда «оқу өтіп кетіп, ер жігітке» төбеден қараудан абай болыңыздар!
Үйіне келгенде асын дайындап, баласын аялап отырған әйелден еркек ешқашан қашпайды. Соның құлы болуға дайын. Ал күйеуімен жағаласып, карьера қуып үйінен безінген әйел – ұлты түгілі, күйеуін ұшпаққа шығарады дегенге сену қиын.Нағыз трагедия сол ғой…

Нағашыбай Қабылбек

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.