Қажымұқанның біз білмейтін ұрпақтары

0
87

Белгілі журналист Төреғали Тәшен: «Күш атасы – Қажымұқан атамыздың өмірінде төрт рет үйленгені белгілі. Соңғы кездері оның бесінші әйелі де болған екен деген сыбыстар естіліп қалып жүр. Оны айтып жүргендер Қажекеңнің Францияда француз әйелінен туған ұрпақтары бар екендігін алға тартады. Бұл қауесеттің анық-қанығын тап басып айту мүмкін емес десек, те, осындай дақпырттың таралуының өзі қызығушылықты арттыра түседі екен. Баршамызға белгілі жайт Қажекеңнің төрт рет үйленгендігі болса, оның бірінші әйелі – Бәтима есімді әйел болатын.

Атамыз 16 жастағы Бәтимаға 1909 жылы үйленген болатын. Бәтиманың шын есімі – Надежда Николаевна Чепковская. Циркте аттың құлағында ойнайтын биші болған екен. Некелері Омбы мешітінде қиылып, мұсылманша есім алған. 1966 жылы қайтыс болған. Бәтимадан 1910 жылы Қажекеңнің Халиоллла деген ұлы туады. Одан жеті немересі тарайды. Екінші әйелі – Ырысты Тынымбайқызы. Ырыстыға 1925 жылы үйленген. Одан үш қызы бар. Үшінші әйелі – Мүнәйім. Оған 1938 жылы үйленген. Мүнәйімнен 1939 жылы Айдархан деген баласы туады. Төртінші әйелі – Айшагүлден 1948 жылы елге белгілі жаттықтырушы болған Жанәбіл деген баласы туады. Қажымұқан ол кезде 77 жаста болған. Жанәбілдің баласы – белгілі композитор, әнші Бақытжан Қажымұқанов», – деген мәліметтерді алға тартады. Ал, бүгіндері марқұм болған, белгілі қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржанов: «Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағымызбен естігенімізді несіне жасырамыз? 1960 жылы Қызылордаға Москва циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күндей цирктің алдын бермепті. Бұл қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовқа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын. 2005 жылы маусым айында Омбыдағы цирктің директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрьевичпен кездестім. Ол: «Ұмытпасам, 1960 жылдары болу керек. Бізге бір айдай жыл сайын келіп-кетіп білек күшімен (силовик) ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар дегені бар. Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын. Бұл әңгімені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: «Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан деп әдейі іздеп келдім дегеннен кейін, ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік», – деген еді. Ал енді «Караван» газетінің 2009 жылғы №15, 10 сәуірдегі санында Қажымұқанның Айдарханнан туған немересі Шаттық:
«1996 жылы мені қатты таңдандырып, Франциядан шақырту алдық. Онда француз әйелден қалған Қажымұқанның балалары бар делінген еді. Бірақ, әкем Айдархан партия мүшесі болғандықтан, «буржуйларға» барудан үзілді-кесілді бас тартты. Содан кейін біз олармен байланысымызды жалғастырған жоқпыз», – деп жазған-ды. Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ Қажымұқан деген атының өзі жалғыз қазақ халқының мақтанышы емес, басқа да ұлттардың өкілдері бұл есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланып жүрген болуы ғажап емес қой деген де ой келеді кейде басқа. «Онда тұрған не бар?» – дерсіздер, бірақ, Француз императоры Наполеонның неменелері, Ресейдегі II Николайдың, Кеңес Одағын басқарған Сталиннің шөберелері Еуропа, Азияда еміс-еміс табылып жатқан жоқ па? Ендеше біздің күш атасы – Қажымұқандай батырымыздың олардан кем болмағанын түйсінудің өзі көңілге қуаныш, бойға мақтаныш сезімін ұялататынын несіне жасырамыз? Лайым, бұл деректер «жалған» болмай, шынайы шындық болсын деп тілейік.

Дайындаған —
Ермек Сахариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.